- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 26 Тамыз, 2014
«Мектепке жол» аясында батысқазақстандық сақшылар 5,5 млн. теңгенің көмегін көрсетті
«Мектепке жол» республикалық шарасы аясында батысқазақстандық полицейлер бір күндік жалақылары есебінен мүмкіндігі шектеулі, жетім, тұрмысы төмен балалардың керек-жарақтары үшін 5,5 млн. теңге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 тамыз күні БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №15 облыстық көмекші мектеп-интернаты, Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі, облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-кешені, облыстық балалар үйі, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты директорларына сертификаттар табыс етті. Атап айтқанда, Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне 1,5 млн. теңге, қалған төртеуінің әрқайсысына 1 млн. теңгеден ақша аударылды.
Бұл арнаулы мекемелерде барлығы 721 оқушы болса, соның 178-і - жетім балалар.
Облыстық ішкі істер департаменті мұндай көмекті өткен оқу жылы қарсаңында да осындай бес білім ордасына берген болатын. Бұдан басқа, аудандық ішкі істер бөлімдері де жергілікті жерлерде осындай шараларды ұйымдастыруда.

743 рет
көрсетілді0
пікір