«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтіледі
Осы аптада шырайлы Шымкент қаласында Ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай ауқымды іс- шаралар өткізіледі. Оның аясында «Ақ жол» және «Алаш ардақтылары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға облыс басшысы А.Мырзахметов қатысады. Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Құрманғали Берік Уәлиұлы жүргізеді. «Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамында газет-журнал шығару дәстүрі» тақырыбында бас баяндаманы тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді жасайды. Еліміздегі байырғы басылымдардың бірі - «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тоқсан жылдан да астам тарихы бар. Дәлірегі, басылым тарихы 1920 жылдың 7 желтоқсанында Түркістан республикасының басқарма комитеті атынан Ташкентте аптасына 3 реттен жарық көрген «Ақ жол» газетінен бастау алады. Тұрар Рысқұлов «Қазаққа газет керек» деген ұсыныс тастаған. Газеттің тұңғыш бас редакторы Сұлтанбек Қожанов, жауапты хатшысы қызметіне Міржақып Дулатов тағайындалған. Сол замандарда газет жұмысына Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ілияс Жансүгіров сияқты алаш зиялылары белсенді араласқан. Төңкеріс жылдарында әрі-сәрі күй кешкен қазақтың көшбастаушысына айналған газеттің бағыты кеңес өкіметіне ұнамады. Саяси қудалаудың салқынан «Ақ жол» газеті жабылып, 1924 жылы қайта шыға бастайды. 1932 жылдан бастап «Оңтүстік Қазақстан» деп аталады. Мерейтойлық іс-шаралар кезінде өлкенің шынайы шежіресіне айналған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихындағы небір танымдық оқиғалар, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар тағылымды жайттар кеңінен сөз болары сөзсіз.Негізін алаш арыстары қалаған, ата басылым «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымын біздің «Қазақ газеттеріне» қарасты басылымдар ұжымдарының атынан Серіктестіктің Бас директоры, Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин құрметті қонақтар қатарында ғылыми-теориялық конференцияға қатысып, мерейтоймен құттықтап қайтады.