Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 15 Қазан, 2014

Қазақ жырының «қара жорғасы»

Тәуелсіздік туын желбіреткен елімізде асылды құрметтеу, ұлы есімдерді ұлағаттау, өткенге тағзым ету - ел тізгінін ұстаған азаматтардың абзал борышы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тарихи тұлғаларымызды құрметтеп, мәдени құндылықтарымызды дәріптеу шаралары назардан тыс қалған емес.

Биылғы жыл Жамбыл ауданы үшін мәдени-тарихи жыл деп есептейміз. Алдаспан жырдың алыптары Сүйінбай мен Жамбылдың ізін басып, өлеңнің «қара жорғасы» атанған халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толды.

Өлең-жырды, ән мен күйді жан азығы ретінде айрықша бағалап, құрмет тұтқан Сүйінбай мен Жамбылдың ақындық дәстүрін жалғас-тырушылардың бірі -Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Шолаққарғалы ауылында дүниге келген. Ақын-ның шығармашылығына көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, алғаш рет 1912 жылы қырғыздың Шәбден манабының асында  Жамбыл тобында болып жыр төгеді.

Үмбетәлінің ақындық өнері айтыс-тан басталады да, Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Нұрила тағы басқа да от ауызды, орақ тілді ақындармен қағысып, өлең өлкесінде шындықтың шылбырын қолынан түсірмей, ұрымтал тұсты дөп басқан ақындығымен танылып, тарих бетінен өзіндік орын алады. Жас кезінде «Мың бір түн», «Тотынама» ертегілерін өлеңмен жырлауға машықтанған ақын Шығыс ауыз әдебиетінің мазмұнына сай «Үш өнерпаз», «Патша мен ұрылар», тарихи тақырыпта «Кемпірбай мен Қисық батыр», «Тезек төре мен Бақтыбай» дастандарын шығарады.

Үмбетәлі 1916 жылы Жетісудағы дүрбелеңде Бекболат батырдың қасына еріп, халықты азаттық күреске шақырған жыршы - жаршысы болды. Уақыт талабына үн қосып, үгіт, арнау, сықақ, нақыл өлеңдер шығарды. 1937 жылы СССР Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. 1961 жылы ақынға «Қазақстанның халық ақыны» атағы берілді. Таңдамалы шығармаларының жинағы бес дүркін жеке кітап болып шықты. Нұриламен айтысы күйтабаққа жазылып, жарияланды.

Жасынан Жамбыл жырларын сүйіп өсіп, жатқа білген Үмбетәлі ұстазы Жамбыл ақынның шығармашылығын халық арасына таратты, өзі де ақындық өнерде соған еліктеді. Жамбылдың дастандары мен айтыстарын, жырларын бүгінгі заманға жеткізді. Жамбыл да Жетісудың көп ақындарының ішінен Үмбетәлінің үздік талантын бірден  таныды,   оны  шәкірт  етіп қасына ертті, ақындық үлкен жолға баулыды. Ағалы-інілі екі жүйрік жиын-тойларға бірге қатысып, ән-жырдың думанын қыздырды. Бұл кезде ақындар ағасына айналған Жамбыл көбінесе топқа Үмбетәліні қосып, өзі ақындар додасына төрелік ететін. Үмбетәлі осындай сындардан сүрінбей өтіп, Жамбылдың үмітін ақтап, өзінің зор талантын мойындатты. Сөйтіп, Жетісу ақын-дарының ішінде Жамбылдан кейінгі орын мен құрметке ие болды.

Жыл басынан бері бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданымыздағы барлық мәдениет, білім мекемелерінде ақын шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби-танымдық кештер, ақын ұрпақтарымен кездесу жиындары, жас ақындардың айтысы мен жыр мүшәйралары өткізілді. Ақынның мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында мәдени шаралар мен ұйымдастыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 25 млн. теңге қаржы қарастырылды. Аталған қаржыға ақынның 3 томдық кітабы жарыққа шықты. Үмбетәлінің 30-ға жуық термелері мен жырлары таспаға түсірілді. Ақынның өмірі мен шығармашылығына негізделген деректі фильм көрермен қауымға жол тартты. Сонымен қоса, қонақтарға арналған кәдесыйлар, шақыру билеттері, билбордтар мен мерейтой өтетін орынды безендіру жұмыстарына тапсырыс берілді. Мерейтой қарсаңында Үмбетәлі ауылын абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде атқарылды. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен бөлінген 50 млн. теңгеге Үмбетәлі Кәрібаев музейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үмбетәлі орта мектебі 231 млн. теңгеге, Шолаққарғалы орталау мектебі 118 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Шолаққарғалы селолық округі әкімшілігінің ғимаратына 30 млн. теңге қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ақын мерейтойына тарту ретінде Үмбетәлі ауылының орталығына облыстық бюджеттен бөлінген 16 млн. 600 мың теңгеге ақынның бюсті орнатылып, айналасына абаттандыру жұмыстары жасалды.

Сонымен қатар, мерейтой күні ауыл ажарына көрік берер «Үмбетәлі саябағының» лентасы қиыл-ды. Аталмыш саябақты салу жұмыстарына 150 млн. теңге қаржы бөлінсе, ауылдың су құбырларын қайта жаңғырту және құрылыс жүргізу жұмыстарына 25 млн. теңге, Шолаққарғалы       селолық округінің үш көшесін күрделі жөндеуден өткізу үшін барлығы 50 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Құрметті қауым! Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды біртуар ақындар ғажайып жыр туғызып, талантын ұштаған қасиетті өлкеде дүниеге келгеніміз үшін біз бақыттымыз. «Ұлы таулар аласармайды, ұлы есімдер ұмытылмайды» демекші, абыз ақындар мен батыр бабалар есімі ұрпақ санасында мәңгілік жаңғыра бермек. Бұл игілікті іс бүгінгі ұрпақтарының ақын рухына деген тағзымы деп білеміз. Әрдайым өркениетті заманға лайық ұлт екенімізді    ұмытпай, ұлттық құндылықтарымыз бен ұлы есімдерімізді қастерлей білейік. Жүз жыл өтсе де маңызын жоймаған Үмбетәлі жырлары, мың жылда да ұрпақ мүддесіне қызмет ете бермек. «Өткеннің өнегесі - бүгіннің баға жетпес байлығы» демекші, Үмбетәлі есімін ұлықтап, халық санасында мәңгі қалдыру мақсатында ұйымдастырылған барлық игілікті шараны өткізуге ұйытқы болып атсалысқан барша азаматтарға аудан тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Әрдайым еңбектеріңіз жемісті болып, бабалар рухы қолдай берсін!

Жандарбек ДАЛАБАЕВ, аудан әкімі.

3486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз