- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 24 Қазан, 2014
Штутгартта Қазақстанның Экономика күні өтті

Баден-Вюртемберг Федералдық жерінің астанасы Штутгарт қаласында «Қазақстанның даму стратегиясы-2050: Қазақстандық экономиканың индустрализациясы шеңберінде шикізат, өнеркәсіп және технологиялық серіктестіктің жайы мен даму болашағы» тақырыбында Қазақстан Республикасының Экономика күні өтті. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстанның Германиядағы Елшілігі және Баден-Вюртемберг Федералдық жерінің Үкіметі мен Германияның экономикасының шығыс комитетінің қолдауымен Қазақстанның Штутгарттағы Құрметті Консулдығы болды деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
«Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында өткен іс-шараға Германияның 100-ден астам ресми, экономикалық, іскер және сараптамалық тобының өкілдері қатысты. Қазақстан жағындағы делегацияны Қазақстанның инвестиция және даму Министрлігінің жауапты хатшысы Бейбіт Атамқұлов бастады.
Іс-шараға қатысушыларды құттықтап Баден-Вюртемберг жерінің Қаржы және экономика министрінің орынбасары Хартмут Райхль мен Германияның экономикасы Шығыс комитетінің атқару директоры Райнер Линднер сөз сөйледі. Қазақстан инвестициясының елеулі өсуін германдық компаниялар ерекше бағалап, елдің дүниежүзілік экономикаға кең ықпалдастығына көңіл аударды.
Қазақстандық тарапы өз кезегінде іс-шараға қатысушыларды Елбасының Қазақстан халқына қаңтар айында жасаған Жолдауының негізгі мәселелерімен таныстырып, 2012 жылғы қол қойылған келісім негізінде екі жақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына тоқталды. Аталған құжат негізінде екі елдің арасында өндірістің барлық салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту үшін эксклюзивтік шарттар жасалғаны айтылды.
Подиумдық дискуссияда алқалы жиын форум шеңберінде айтылған келісім негізінде көрсетілген нақты жобаларды талқылады және өткізілген геологиялық зерттеулер негізінде осы бағытта келешекте де ынтымақтастықты одан әрі дамытып, алдағы қадамдарын айқындай түсті.
10,6 млн халқы бар Баден-Вюртемберг Федералдық жері ЕО-ғында жаңа технология мен инновация шеңберіндегі ең экономикасы күшті дамыған аймақ болып саналады. 407 млдр. евроға тең өзінің ішкі өніміне қарай, бұл Федералдық жер Европаның көптеген елдерінен әлдеқайда алда тұр. Баден-Вюртемберг экономикасының құрылымында ерекше өндірістік бағыттылық бар. Өнеркәсіптің басты салалары – автокөлікжасау, машинажасау, электротехника/ нақты механика және оптика болса, ол бүтіндей алғанда тауар айналымының 60 % құрайды. Баден-Вюртембергте DaimlerChrysler, Robert Bosch, Hugo Boss, Porsche, SAP, Wurth Fischer, Knauf, Trumpf т.б. бүкіл әлемге белгілі фирмалар орналасқан.
baq.kz
759 рет
көрсетілді0
пікір