- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 24 Қазан, 2014
Еуропа сәулеті мен дизайнының озық үлгілері Талдықорғанда қолданылмақ

Талдықорған қаласын абаттандыру кезінде заманауи сәулет және дизайнның ең үздік үлгілері қолданылатын болады. Бұл туралы қаланы көркейту туралы жиында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Германияның Дюссельдорф қаласында өткен «Германияның тұрғын үй қатынасы және коммуналдық шаруашылық кешені. Озық тәжірибе. Инновация» атты халықаралық семинарға қатысып қайтқан Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов жиын барысында презентация жасады.
Семинарға қатысқан талдықорғандық делегация Дюссельдорф, Бонн, Бохум, Кёльн, Амстердам қалаларында болып қайтқан еді. Сол сапарларында олар германиялық Тұрғын үй коммуналдық қызмет кешені жүйесінің жұмыс ерекшеліктерімен танысты, қоқыс өңдеу зауыттарында болып, отбасылық сүт фермаларын аралап көрді. Делегация мүшелері Солтүстік Рейн-Вестафилия федералды жерінің Христиан-демократиялық одағы басқармасының басшысы Гюнтер Дюссельмен, Эргеленц қаласы мэриясының өкілімен, сондай-ақ «VBW GmbH» және «Мастерринд» компанияларының өкілдерімен жүздескен еді.
Презентация барысында қала әкімі Е.Алпысов немістердің тұрғын үй қатынастары қызметіндегі жұмыс жүйесінің кейбір элементтерін қолдана отырып, облыс орталығында инвестиция салу негізінде қоқыс өңдейтін шағын зауыт тұрғызуды қанатқақты жоба шеңберінде қарастыруды ұсынды.
«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық», - деген. Европаны араласаң көп нәрсені көріп, көңілге түюге болады. Бұл сапар бәріміз үшін пайдалы болды деп ойлаймын. Дегенмен біздің халқымыздың мәдениеті мен менталитетіндегі ерекшеліктерді де ұмытпауымыз керек. Европаның бізге үлгі бола алатын жақтары бар, бізге керек емес тұстары да бар. Сондықтан біз ең үздік деген, біздің қалаға келеді деген үлгілерді ғана алып, қолдануымыз керек» , - деді өңір басшысы Амандық Баталов.
Кездесу соңында қала сәулетшілері облыс әкіміне облыс орталығын көркейтуге қатысты европалық сәулет пен дизайн элементтері бар жобаларды таныстырды.

559 рет
көрсетілді0
пікір