Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Қараша, 2014

ТІЛ – ұлттың ең жанды жері

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының  корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫМЕН сұхбат

– Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Банк бірлесіп «Қаржы, банк жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданысы және терминологиядағы бірізділік мәселелері» деген тақырыпта кең ауқымда жиын өткізгені белгілі. Бұл өзі маңызды тақырып. Егер қаржы саласында мемлекеттік тіліміз өз деңгейінде болса – бұл үлкен жетістік. Осы басқосуға байланысты қандай ой түйдіңіз? Жетістіктеріміз бар ма екен, әттеген-айымыз қандай? – Біз осы жиынды өткізгенге дейін де қаржы саласындағы, банк жүйесіндегі мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу,  мамандардың өзара ауызша қарым-қатынасы кезіндегі тілді қолдану жайына мониторинг жасап көрдік. Ол мәліметтерді біз өз баяндамамызда айттық. Қайталай берудің қажеті болмас. Жиында сөз сөйлеген мамандардың пікірлерін де тыңдадық. Бұл салада жетістіктер де, біршама алға жылжу да бар. Көптеген ісқағаздарының қазақ тіліндегі үлгілері жасалғаны, оларды пайдаланып, қазақша іс жүргізіп жүрген мамандардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Осы жиынға қатысып сөз сөйлеген өзіңіз де оны өз көзіңізбен көрдіңіз. Тәуелсіздік жылдарында қаржыгер, борышқор, мөлшерлеме, салым, салымшы, кепілзат, кепілгер, сый­лықақы, төлем, төлемақы сияқты қан­шама терминдер жасалып, қолданысқа енді. Терминқорымыз толықты. Алайда мұ­ның бәрі бұл салада атқарылуға тиісті жұмыстардың бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда еліміздің қаржы саласы әлі толық қазақша сөйлеген жоқ. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы шектеліп, бауырын жаза алмай, кібіртіктеп тұрған саланың бірі осы. Елімізде шағын фирманың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бухгалтериясынан бастап, қаржы министрлігі мен Ұлттық Банктің аппаратына дейін  қазақша сөйлейтін, жазатын күнге жету үшін алда қыруар жұмыстар атқарылуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен көптеген ұлттық компаниялардағы сияқты ісқағаздарын жүргізу қаржы саласында да аудармаға сүйеніп алған. Мамандардың басым көпшілігі орысша мен ағылшыншаға ағып тұр да, қазақшаға шорқақ. Көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де сол – қаржы саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысын шындап қолға алмаса, қаржыгерлердің қазақшасын жетілдірмесе болмайды. – Сізді көпшілік терминология сала­сындағы білікті маман ретінде жақсы біледі. Бұл жөнінде көптеген еңбектер жаздыңыз. Айтпақшы, Ұлытау баурайындағы сұхбатында Елбасы да термин жайын тілге тиек ете кетті. Демек, бұл ұсақ-түйек нәрсе емес. Осы орайда бір сауал – елімізде терминдерді біріздендіру қалай жүріп жатыр? – Дұрыс айтасыз. Термин мәселесі ешқашан ұсақ-түйек мәселе болған емес, болмайды да. Егер ол ұсақ мәселе бол­са, өткен ғасыр басында қазақтың ірілері Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұ­хамед­ұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұ­мабайұлы оған ерекше мән беріп, термин жасаумен айналысар ма еді? Одан беріректе қазақтың марқасқалары, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев пен аса көрнекті қаламгер, классигіміз Мұхтар Әуезов термин сөздігін түзу мәселесін көтеріп, термин жайын тереңнен қозғар ма еді? Алаш арыстары, ұлтымыздың көрнекті тұлғалары ұсақ-түйекпен айналысатын жандар емес қой. Тіліміздің сан алуан салада қолданылуы мен сөздік қорының толығуы терминмен тығыз байланысты. Сондықтан қай уақытта да термин мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бірақ ол термин, терминология мәселесімен кім болса сол айналысуға тиіс деген сөз емес. Бұл аса жауапты, кәсіби дайындықты, тәжірибені қажет ететін тірлік. Мәселен, сіз сұрап отырған біріздендіруді алалық. Бұл жөнінде біз осыған дейін де талай айттық та, жаздық та. Сіз сұраған соң тағы қайталап айталық. Терминдерді біріздендіру – бірнеше сатыдан тұратын, кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асыруды қажет ететін өте күрделі терминологиялық жұмыстардың бірі. Біріздендіру ең алдымен, бір тар саланың ішінде, одан соң – сол тар саланың өзі кіретін арнаулы сала шеңберінде, одан кейін – салааралық деңгейде, келесі кезекте – тұтастай ұлт тілінің ауқымында, одан әрі – тіларалық деңгейде (мысалы, түркі тілдері арасында), ең соңынан – халықаралық дәрежеде жүзеге асуға тиіс. Өкінішке қарай, терминология мәселесіне, терминдерді біріздендіруге ара­ласып жүргендердің көпшілігі осы істің мән-жайын жетік біледі деп мен айта алмаймын. Терминдердің жасалуы мен қолданысындағы көптеген олқылықтардың орын алып жатуы соның салдары. Ғылым­­ның әр саласында өзінің салалық термино­логиясын жасауға, жетілдіруге және терминдер сөздігін түзуге үлкен жауапкершілікпен қарап, соған атсалысып жүрген, өз ісіне шын берілген жекелеген мамандар, ғалымдар бар. Терминқорымыздың толығуы, көптеген сәтті терминдердің жасалуы мен қолданысқа енуі солардың еңбегі. Алайда олардың көпшілігі өз саласында, белгілі бір университетте, ғылыми-зерттеу институтында немесе зертханалар мен өзге де шағын ұжымда еңбек ететіндіктен, сала мамандарының бәрі бірдей терминдерді республикалық көлемде біріздендіруге тікелей араласып, ықпал етуге мүмкіндіктері жете бермейді. Терминдерді біріздендіру мәселесімен біздің елде негізінен ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы айналысып келеді. Бұл комиссия – консультациялық-кеңесші орган. Оның отырыстары тоқсанына бір рет өтеді. Айлап, жылдап өтпей қалған кездері де болды. Оның үстіне төрағасы, құрамы жиі өзгеріп отырады. Сондықтан да дәстүрі орнығып, тәжірибесі қалыптасуы қиын. Айтпағымыз – терминдерді біріздендірумен кәсіби дайындығы бар, тәжірибелі мамандар шоғырланған тұрақты құрылым айналысқанда ғана іс нәтижелі болады. Олай етпесек, терминдер қолданысындағы жа­рыс­палылық пен сәтсіз жасалған терминдердің қолданысқа еніп кетуінен жуық арада арыла алмаймыз. – Елімізде соңғы қабылданған «Тіл туралы» Заңға да он жеті жыл болған екен. Кейбір баптар бойынша өзгерістердің, түзетулердің қажет екендігі байқалады. Қоғамда «Мемлекеттік тіл туралы» жеке Заң керек деген де пікір бар. Бұл туралы ойыңыз қандай? – Алғашқы заң қабылданғаннан бері елеулі уақыт өтті. Қоғамдық сана өзгерді. Тілдік ахуал да 90-жылдармен салыстырғанда көп өзгеріске ұшырады. Заң да заман талабына, қоғамның сұранысына қарай жетілдіріліп отыруға тиіс. «Мемлекеттік тіл туралы» жеке Заң қабылдап, онда қазір екіұшты түсіндіріліп, әр тарап өз мүддесіне қарай пайдаланып жүрген  белгілі баптарды тайға таңба басқандай айқын да анық жазсақ, тілдік заңнамамыз жақсарар еді. Мемлекеттік тілді, өзінің ана тілін заңмен мәжбүрлемесе, үйренгісі келмейтіндердің бетін бері қарату үшін де мұндай заң қажет-ақ. Ал екінші жағынан қарасаңыз, бәрі заңға тіреліп тұр дегенге де сену қиын. Ісқағаздарын қазақша жүргіземін, жиналыстарды қазақ тілінде өткіземін, заңдар мен нормативтік құқықтық құжаттарды қазақ тілінде дайындаймын деген адамдарға бүгінгі қолданыстағы заңнама тыйым салып отырған жоқ. Тіпті ертеңнен бастап бүкіл қазақ қазақша сөйлеп, қазақша жазуға көшіп кетсе, оған қай заң кедергі келтіріп, кім аузымызға қақпақ болып, қолымызды байлап отыр. Ниет болса, бүгінгі заңнамамен де көп іс тындыруға болатындығына күмән жоқ. Бірақ бізде нақты істен гөрі, жалаң немесе жалынды сөзге құмарлар, тілі үшін жаны ауырмайтындардың үйреншікті әдеті мен мың сылтау айтуы көп пе деген де ой келеді. – Өзіңіз жақсы білесіз, біздің елімізде Мемлекет басшысы болуға ниет еткен адам мемлекеттік тілден сынақ тапсырады. Осы талап Парламент депутаттығынан үміткерге, Министр лауазымына тағайындалмақшы қызметкерге де қойылса қалай болар еді? Еш өрескелдігі жоқ секілді... – Министрлер, әкімдер олардың орынбасарлары – мемлекеттік қызметшілер. Депутаттар – осы мемлекеттің азаматтары ең жоғарғы заң шығарушы билікке тікелей немесе жанама сайлайтын көпшіліктің өкілдері, халықтың қалаулылары. Сондық­тан оларға да мұндай талап қоюдың еш өрескелдігі жоқ. Қайта бұл ел мүддесін ойлағандық, оларды халыққа жақындата түсуге бағытталған орынды талап, оң қадам болары анық. – Күнделікті өмірде көзіміз жетіп жүр­геніндей мемлекеттік қызметшілердің барлығы мемлекеттік тілді біле бермейді. Бұл жақсылық емес. Осыған қарапайым халықтың өкпесі қара қазандай. «Мемлекеттік тілді білмесе мемлекеттік қызметте не жұмысы бар?» дейді ғой. Құлақ асуға болатын ре­ніш. Олай болса «Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуге тиіс» дегенді неге заңдастырмасқа? – «Мемлекеттік қызметшілердің мемле­кеттік тілді білмеуі жақсылық емес» дегеніңіз жұмсартып айтқандық. Бұл  – парадокс, үлкен қайшылық. Халықтың өкпесі орынды. Олар өзі қызмет етіп отырған елінің мемлекеттік тілін білуге, елге мемлекеттік тілде қызмет етуге міндетті ғой. Ел ішінде, тілдің төңірегінде жүргендіктен, қарапайым жұртшылық тарапынан айтылып жататын ондай өкпе-назды, ренішті, ащы мысқылдарды біз де естіп жатамыз. «Тіл туралы» Заңның 23-бабында «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi»  делінген. Өкінішке қарай, бүгінге дейін осы тізбені заңмен белгілей алмай-ақ келеміз. Мемлекеттік қызметке кіру үшін тест тапсырушылар мемлекеттік тілден де сынақ тапсырады. Алайда оның нәтижесі есептелмейді. Яғни әзірге мемлекеттік тілден «екі» алсаң да мемлекеттік қызметші бола аласың. 23-бапқа сәйкес тізбені заңмен белгілеп, мемлекеттік қызметке кірем деушілерге тиісті лауазымына қарай талап қою қажет. Онсыз мемлекеттік тілді меңгермей-ақ мемлекеттік қызмет етуге қымсынбайтындар азаймайтын шығар. Тәуелсіздігімізге 23 жыл, ал «Тіл туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына 1989  жылдан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде халықтан ұялмай-ақ, оның өкпе-ренішін құлағына қыстырмай-ақ мемлекеттік қызметте сатылап өсіп, мем­лекеттік тілсіз де мерейі үстем болып жүр­гендер аз ба?  Сондықтан «Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген талапты заңдастыру қажет дегеніңіз өте орынды. Жалпы, бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома ғой. – Ономастика мәселесі де Сізге таңсық емес. Әлі де болса еліміздің бірқатар өңір­лерінде тарихи атауларымызды қалпына келтіре алмай отырмыз. Мәселен, Павлодар, Петропавл... деген сияқты. Осы мәселеге орай пікіріңізді білсек... – Бұл өзі көп айтылып, сан мәрте көте­ріліп жүрген мәселе. Тәуелсіздік жылдарында біз ондаған қала, елді мекен, көше атауларын ел мүддесіне сай өзгерттік. Көптеген тарихи атауларымыз қайтарылды. Көшелеріміз бен білім, мәдениет нысандарына ұлт қайраткерлерінің, Алаш арыстарының, ел қорғаған батырлардың, көрнекті ғалымдардың, ақын-жыраулар мен жазушылардың есімдері берілді.  4-5 жылдық мораторийден кейін бұл жұмыс тағы жалғасып жатыр. «Тіл ­туралы» Заңға ономастика мәселелері бойынша бірқатар өзгерістер енгізілді. Егер жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар дұрыс жұмыс жүргізетін болса, еліміздің ономастикалық кеңістігін ұлттық сипатқа келтіруге, отарлау саясатының белгілерінен арылуға жеткілікті негіз бар. Тарихи атауларымызды қалпына келтіру – отарсызданудың басты белгілерінің бірі. Еліміздің, жер-суымыздың атаулары халқымыздың тарихынан хабар беріп, ұлттық ерекшеліктеріміз бен дүниетанымымызды көрсетіп тұрса, бұл  – елдіктің белгісі. – Мемлекеттік тілдің тұғырын бұдан әрі нығайтуда, ең алдымен, қандай мәселелерге көңіл бөлгенді жөн деп санайсыз? – Мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту – мемлекеттік деңгейде жүргізілетін ке­шенді жұмыстар арқылы жүзеге асырылады. Олар кезең-кезеңмен, рет-ретімен жоспарлы түрде жүргізілуге тиіс. Алдымен мемлекет құрған халық мақсат-мұратын, қай тілге және не үшін мемлекеттік мәр­тебе беретінін анықтайды. Одан кейін сол мақсатқа жету жолында басшылыққа алатын тілдік заңнамасы мен тілдік жоспарлауын жасайды. Олар – «Тіл туралы» Заң мен Мемлекеттік бағдарлама. Одан кейінгі үшінші кезең – жоспарды жүзеге асыру, жүйелі жұмыстар жүргізу кезеңі. Мемлекеттік тілді ел азаматтарының меңгеруін, кәсіби қызметінде, күнделікті өмірлерінде жаппай қолданылуын мем­лекеттік билік осындай тәртіппен сол елдің тіл саясатын жүргізу арқылы қамтамасыз етеді. Кез келген мемлекеттегі тілдік ахуал, мемлекеттік тіл қолданысының жай-күйі – сол елдегі тіл саясатының нә­тижесі. Егер тіл саясаты, сауатты, жүйе­лі әрі табанды түрде жүргізілсе, онда мем­лекеттік тіл қоғам өмірінің барлық саласында мәртебесіне сай қызмет етеді, оның мерейі үстем болады. Бұл – мемлекеттің, мемлекеттік биліктің, тіл саясатын жүргізуге құзыретті органдар жұмысының нәтижелі болғандығының көрінісі. Ал елдегі тілдік ахуал  күрделі болып, тілдік қақтығыстар орын алса немесе мемлекеттік тіл қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолда­нылмаса, онда мемлекет өзі мәртебе берген тілінің ел аумағындағы қолданысын тиісті дәрежеде қамтамасыз ете алмай отырғаны.  Өзімізге келсек, «бізде бәрі керемет» деп те, «бізде түк істелмеді» деп те айтуға болмас. Тәуелсіздік жылдарында тіліміздің тұғырын нығайту бағытында атқарылған істер аз емес. Бүгінгі жетістіктеріміз соның нәтижесі. Сондай-ақ кемшіліктер де бар. Басы жақсы басталғанымен аяғына дейін жеткізілмеген, шала атқарылған немесе заң жүзінде, сөз жүзінде болғанымен іс жүзінде жүзеге аспай жатқан тірліктеріміз де жетерлік. Ел-жұрт соның бәрін көріп-біліп, күнделікті өмірде шешімін таппаған түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп, елдің тілдік ахуалын жан-тәнімен сезініп отыр. Егер тілдік ахуал мемлекеттік тілдің мүддесіне қарай жақсарып, бұл бағыттағы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істер пәрменді, нәтижелі бола бастаса, тілінің төрге шыққанын қалайтын соған мүдделі миллиондардың өз еліне, халқының болашағына деген сенімі мен құрметі артады. Ал жоспарланған межелерге қол жетпей,  сөзбұйдалық, құрғақ уәде берушілік орын алып, тілдің шешімін таппаған мәселелері қордаланып, сөз көп те, атқарылған іс аз болуына жол берілетін болса, онда тілдің иесі, тұтынушысы, сол тілдің өркен жаюына мүдделі қауымның бастапқыда өкпе-реніші туындайды. Мұндай әрекетсіздік,  жалғаса берсе, онда реніш – қыжылға, қыжыл – ішкі қарсылыққа ұласады. Ал жұртшылықтың ішкі қарсылығы – бұл тілдік қақтығыстарға апаратын қауіпті құбылыс. Тілдік қақтығыстар қоғамның ішкі бірлігінің, елдің тұрақтылығының бұзылуына апарып соғуы ықтимал. Бұл ешкімге де қажет емес. Тіл мәселесі – өте нәзік мәселе. Оған қашанда аса сергек, үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Онымен ойнауға да, оған немқұрайды қарауға да болмайды. Тіл – ұлттың ең жанды жері. Нақтырақ айтқанда, «Тіл – ұлттың жаны». Тілінен айырылу ұлт үшін жанын қиюмен бірдей. Тұтас бір ұлтты, халықты айтпағанда кез келген тіршілік иесінің жанын қиюы оңай емес. Адам түгілі, кішкентай жәндіктер де жанын сақтап қалу үшін, өзінен он есе ірі жыртқыштармен жан алысып, жан берісіп кескілескен шайқасқа түседі. Міне, сондықтан да мемлекеттің тіл саясатын мүдделер қақтығысын туғызбай, сауатты әрі ел мұратына сәйкес табанды да жүйелі түрде жүргізудің маңызы аса зор. – Сіз үнемі қазақ балаларын қазақша оқыту мәселесін көтеріп жүрсіз. Бұл өте маңызды мәселе ғой. Осы жөніндегі ойы­ңыздың түйінін айтсаңыз? –  Менің пікірімше, жалпы тіл маманы ретінде айтарым, бұл ұлтымыздың, тіліміздің болашағы үшін ең маңызды, ең басты мәселе. Біз бәрін осыдан бастауымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жүздеген тіл оқыту орталықтары ашылды. Қыруар  қаржы жұмсалды. Осы орталықтарда қаншама ересек адам оқыды.  Бірақ біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық. Тіл курстарын бітіргендердің мардымсыз бөлігі ғана тілді мең­геріп, кәсіби қызметінде пайдалана алады. Қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің, сұраныстың толық туындамауы, әдістеме мен жақсы оқулықтардың жеткіліксіздігі, оқы­тушылардың кәсіби деңгейінің төмендігі деген факторлардың бұған әсері болғаны да рас. Алайда орталықтың бәрі нашар, оқулықтың бәрі жарамсыз, оқытушылардың бәрінің дайындығы төмен дей алмаймыз ғой. Олай деу қиянат болады. Бұлардың арасында озықтары да, жақсылары да, орташалары мен нашарлары да бар. Бұл да табиғи нәрсе. Мәселенің мәнісі мынада: Біз ересек адамдардан гөрі балабақша мен мектепке баса мән беруіміз керек. Ересек адамға қарағанда балалардың, жастардың тілді тез меңгеретіндігі баяғыдан белгілі. Жас шыбық тез иіледі. Сүйегі қатып кеткен, орысша оқып, өмір бойы орысша сөйлеп жүрген ересек адамды қазақша сөйлетуден гөрі еліміздің болашағы жас буынды қазақша тәрбиелеп, қазақша оқытсақ ұтарымыз анық. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жуық мерзімінде мыңдаған қазақ балаларының әлі де орысша тілі шығып, орысша оқып жүргенін көргенде жаның ауырады. Өткен 2013-2014 оқу жылында қазақ баласының 1 630 452-сі қазақша оқығанымен, 247 686-сы орысша, 1037-сі ағылшынша, 223-і этникалық топтар тілінде оқыған екен.  Биылғы оқу жылында бұл үрдіс тағы жалғасты. Қашанға дейін бұлай бола бермек? Ұл-қызын ұлтының тілінен бездіретін бұл теріс үрдістен арылмасақ болмайды. Ана тілі адам санасында әлемнің ұлттық тілдік бейнесін қалыптастыратын аса маңызды таным құралы екендігін қазіргі лингвистика ғылымы жан-жақты дәлелдеп отыр. Тіл – ұлттың ділін, дүниетанымын қалыптастыратын басты белгіміз. Одан айырылсақ, әр тілдің жетегінде жүрсек, ұлттық тұтастыққа қалай жетпекпіз? Бұл біздің кезек күттірмей шешуге, бірінші кезекте қолға алуға тиіс үлкен мәселеміз. Өзің балаңды оқытпайтын, өзің сөйлемейтін, өзің құрметтей алмай жүрген тіліңді өзгелерге «оқы», «біл» деп қалай айтасың?   –  Өз балаларыңыз қазақша оқи ма? – Өзім осы әңгімені айтып отырып, қазақ тілінің нанын жеп жүріп балаларымды орысша оқытып-тәрбиелесем, бұл екіжүзділіктің шектен шыққан үлгісі болмай ма? Үлкен ұлым мен одан кейінгі қызым қазақ мектебін бітірді. Қазақ ақын-жазушыларын оқып өсті. Олар Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаев шығармаларынан мысал келтіріп сөйлесе, ішім жылып қалады. Бүгінде бірі инженер, екіншісі музыка саласына маманданып жатса да, бос уақыттарында қазақша кітап оқиды. Ұлым оқуға кетіп бара жатқанда, сөмкесіне Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың кітаптарын салып бердім. Елді сағынғанда күй шертіп отырам деп домбырасын арқалап кетті. Абайдың қара сөздерін сан мәрте қайталап оқып: «Абайдай ақылшыны, қазақ жанының ұңғыл-шұңғылын осынша терең білетін адамды жер бетінен таппассың» деген пікірге келіпті. Оған қалайша қосылмассың? Өзара тек қазақша сөйлесеміз. Олар ағылшын, неміс, түрік, орыс тілдерін білетіндігіне қарамастан, қазақтармен қазақша сөйлесуге тырысады. Бірақ ол үнемі мүмкін бола бермейді. Ана тілінде жақ ашпайтын қазақтар да, өз тілінде сөйлегісі келмейтіндер де бар ғой. Соларға қарап жаның күйеді. Үшінші балам да К.Байсейітова атындағы қазақ мектебінде оқиды. Кенже ұлымды да Құдай қаласа, қазақ мектебіне береміз. Басқаша жасауға хақымыз жоқ деп ойлаймын. Қанша тілді білсе де, қандай мамандық иесі болса да ұрпағымыз ана тілін жетік біліп, қазақжанды болмаса, қайтіп ұлт боламыз?! Әке баласын, қазақтың жанын қазақ қалай түсінеді?!      –  Әңгімеңізге рахмет, Шәке!

Нұрперзент ДОМБАЙ

1579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз