- ҮРКЕР
- 14 Қараша, 2014
Үркердей топтан үміт мол

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
1989 жылы Ташкентте туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі (2011 ж.). «Ислам және дәстүр» республикалық шығарма бәйгесінің бас жүлдегері. 2012 жылдан бері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері. 
2013 жылдың соңына таяу «Дала дарыны» жобасымен жас ақындардың жинақтары жарық көрді. Тәуелсіздік мейрамына жасалған тартудай-ақ. 16 кітап – 16 жыр-шашу. Еліміздің барлық облыстарымен қоса Алматы мен Астана қалалары ақындарының өлеңдері еніпті. Аталмыш жоба 150 тағдыр-талантты танытып, бірнеше бастаудың көзін ашқан сәтті еңбек болды, сөз өнерінің қоржынын толықтырып, әдеби үдерістің көшіне қосылған қазына болды. Көз сүзгісінен өткізіп, ой сарабына салдық. Қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйін толыққанды ашып-тануға жол ашпаса да, аталмыш жинақтардың өзі оның бүгінгі беталысын, әсіресе жас толқынның өлең әлеміндегі өзіндік қолтаңба-бейнесін тануға мол мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Біздің назарымызды бір тақырып ерекше өзіне тартқан болса, ол – мәңгілік тақырып – махаббат тақырыбы. Ол заңды да. Жас талаптардың өлең әлемінің табалдырығын көбіне осы бағыттағы шығарма жазумен аттап, кейіннен ақындық жолдың бұралаң-белдеріне түсіп кететіні кездейсоқтық емес. Жүрек түкпіріндегі сезім сиқырын лирикалық шеберлікпен жеткізу, замана алға шығарған ұғымдар арқылы ғашықтық өлшемінің тым биік екенін білдіру, ұтымды тіркес, ойнақы диалогтар арқылы махаббаттың нәзік иірімдерін таныту – қазіргі жас ақындар шығармашылығына тән дүниелер. Ақын Гүлсара Шалқар өзінің «Өтініш» атты өлеңінде махаббатты жырлаудың өзінше бір бөлектеу формасын таба білген. Жалған да жауыр күйдім-сүйдім жоқ. Көп нәрсенің шешімі мағына-астарында жасырулы жатыр. Сонысымен құнды, сонысымен қымбат. Жүрекке жол тартып, бір деммен оқылады екен. Ақын қыздың формалық ізденістерге батыл бара білуі қуантты.
Жақсыбек Кемалдың «Ғашықтық өлшемі» атты өлеңін оқыған оқырманның елең етпей қалмасы анық. Үзінді келтірейік:
Көңілдегі естеліктер өлшенбес
Мегабайттық көлеммен.
Замана ырқымен поэзияда да жаңаша тіркестердің тууы қалыпты құбылыс. Аға буын үшін бұл жолдар соншалықты әсерлі болмауы да мүмкін. Алайда, ақынның замандастары үшін, шынында да, мұның әсері алабөтен. Жалғасын оқиық:
«Ұстап тұр-ау жер-әлемнің балансын
45 келі салмағың» немесе
«...Джомалунгма қарап тұрар төменнен
160 см бойыңа!» – деген жолдар ешкімді де бейжай қалдырмақ емес. Махаббат лирикасының оқырман қауымға жақындығы, ерекшелігі өз алдына, оның ішінде әйел қауымының қаламынан туған сезім жырларының да жөні бөлектеу болатыны бар. Нәзік жандылардың нәзіктікті жырлауы өзгеге ұқсай бермейді. Дәл осы жинақтағы Индира Керееваның «Қалааралық қоңырауы» дәстүр мен жаңашылдықтың жарқын үлгісі деуге негіз бар. Бірге оқиық:
– Алло, Жаным? Бұл мен ғой...
– Біліп тұрмын.
– Қалай екен жағдайы Қылықтымның?!
– Жаман емес... Өзің ше?
– Сағындың ба?
– Сенсіз, сенсең... Сабағы сынық Гүлмін...
– Қойшы, сәулем... Жүрегім сыздап тағы,
– Мені де күз қақтады...
– Кеш қоңырау шалдым ба?.. ренжімеші,
Кеш жүреді сағаттар біз жақтағы...
– Сені қашан көремін?!
– Күйік Түннің
Құшағында беймәлім күй ұқтырдың...
Алло?! Жаным, қайдасың? Неге үнсізсің?
– Мен сенің... Дауысыңды сүйіп тұрмын...
Әдемі өлең, әсерлі өлең. Таныс түр, ерекше үлгі. Мұқағалидың «Ғашықтар диалогы» жадымызда жаңғырды. Бейімбеттің «Мырқымбайы» да санада қайта оянып кеткені. Классикалық дүниелермен таныс қаламгердің қаламынан таныс-бейтаныс өлең туыпты. Бейтаныс дейтініміз, жаңашылдығы бар. Сондай-ақ, өлеңде қазақ қызына тән ұяңдық бар. Ұяңдығы жарасымдылығын арттырыпты. Кірпіштей қаланған әр сөздің экспрессивті салмағы ауыр.
Алтын балық та емессің аулап алатын,
Сен бір сиқыр күшсің ғой баурап алатын.
Шыңғысхан боп тумаппын... жарты әлем емес,
Жүрегіңнің жартысын жаулап алатын...
Қарапайым, қарапайым болса да, қара үзіп шығар өлең. Төлие-авторы – Талғат Мықи. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, жұртшылыққа жазба ақындығымен қоса айтыскерлігімен де танылып үлгерген талант. Ақын ағынан ақтарылып:
Мейлі сен мені менсінбе, елеп-ескерме,
Сен мен үшін биіксің Эверестен де, - дейді. Ақын үшін сүйіктісі биік болса, өлеңі оқырман үшін биік.
Біз жас ақындар шығармашылығына шолу жасағанымызда осындай тың ізденістерге куә болдық. «Махаббатпен жаратылған адамзат» (Абай) қашанда сүйіспеншілікті биік санаған. Жырына арқау, өлеңіне өрнек еткен. Жалпыадамдық құндылықтың қатарында сезімді қастерлеу, махаббатқа адал болу сынды қасиеттердің болуы заңды да. Әйтсе де, жалпыадамға ортақ қырларымен қоса, әр халықтың діл-дүниетанымына байланысты сұлулыққа деген өре-өлшемнің айырма-өзгешеліктің болатыны да бар. Аталмыш жинаққа енген өлеңдер ішінен біз осы екі қасиетін ұштастыра білген озық шығармаларды да кездестірдік.
Бірер жыл бұрын ақын апамыз А.Бақтыгереева «Он сегіздегі жас ақынның мола жайлы жырлауынан қорқамын» деп баспасөз бетінде сұхбат берген-ді. Расында да, қазіргі қазақ әдебиетінің жас буын өкілдерінің көбі мұңмен серік, уайыммен жолдас. Белгілі ақын Алтыншапақ Қаутайқызының:
Өмірім әлдилеп түнгі әнін
Өшкенде жанардан жарық тым.
Басымда оқылса жырларым
Жымиям ішінде табыттың! – деп жырлайтыны бар-ды.
Біз «Дала дарыны» жобасы аясында жарыққа шыққан аталмыш топтама-жинақтардың ішінен де мұң-қайғыға салыну сарынын байқадық. Бұл тек ақындар ауылында ғана емес, жазушы жастардың шығармашылығында да аз кездеспейтін, жиі ұшырасатын жағдай. Жә, біздің нысанамыз – поэзия. «Мұңмен дос боп» жүретін Сәруар Қасымның көркемдігі жоғары өлеңдері кез келген оқырман жүрегін елжіретіп, айрықша әсер ететінін айту – парыз. Сәруардың «Сағыныш ауылын» оқиық:
Бұл мекенде сағыныш жоқ, күз де жоқ,
Жаз дейсіз бе? Ондай мезгіл бізде жоқ.
Біз үнемі сырласамыз айменен,
Ай нұрымен – көл бетінде жүзген от.
Жауын емес, біздің елде мұң жауған,
Гүлдер емес, шоқ тереміз гүлзардан.
Біз бәрібір көз алмаймыз биіктен
Құлап бара жатсақ-тағы құздардан...
Міне, ақынның ашық сыры. Әйтсе де оларда «тәтті күрсініс бар». Әйтсе де «жанның бәрі құсалы». «Сіздер жақта көктем дейді, жаз дейді, - Біздің жақта қыс әлі...» - деп ағынан жарылады ақын. Бүгінгі жас ақындар психологиясын танытып тұр. Сағыныш мұңға өріле өрнектеліпті. Тараздық Табиғат Абаилдаев бауырымыз да – «күйікке көмілген көңілдің досы». Бірде ақынға «Өмірдің реңі түнеріп, шаужайына өлім жармасып» жатады. Қызырлы Қызылжардың ұланы Саян Есжан: «Досым – өлең, білерім... серігім – мұң», - дейді. Сыр елінің ақын қызы Назгүл Бердіқожақызы өз өмірін мұңнан тұрғызылған мұнараға теңейді. Ботагөз Бексары қарындасымыз «Мендегі ғұмыр» өлеңінде:
Сорым ба, бағым ба – өзіме жетерлік,
Бәрінен кенде емен.
Бояуын өмірдің өңінен бөтен ғып,
Өзінше өңдегем.
Жалғанның жүзіне
жанымның бір тамшы жасымен жыр жазып,
Ығына жазмыштың иіліп,
Ырқына көнбегем.
Тігісі сетіней бастаған Жүректің жамауын,
Жанына ертті Мұң.
... естиміз екеуміз көргісіз ауаның
Белгісіз өртті үнін.
Жегідей жеп барад жанымды...
Жаныштай бір уайым,
Сол үшін дерттімін! – деп жырлайды. Иә, Ботагөзде мұң болғанымен, үміт те жоқ емес. Қайсарлық тар бар. Осындай шумақтар Бауыржан Әліқожада да кездеседі. Үзінді келтірейік:
Шебері мезгіл тәнді үгітудің,
Нең қалар жамай берсе күні-түн мұң.
Күдіктің әуресінен тоңғаныммен,
Жылынам сәулесімен үмітімнің, – дейді Бауыржан ақын. Батыс Қазақстан облысының жыр жүйрігі Шерхан Талапта мынадай шумақ бар:
Өмір қазір мағынасыз мазақ пен
Маңдайдағы соры қалың нала-мұң.
Өлгім келсе алыспаймын азаппен,
Сөнгім келсе ағып кете саламын...
Өте ауыр өлең... Жастар болашаққа берік сеніммен, өмірге тек құштарлықпен қарайды деген түсінік-стереотипті бұзатын өлең. Осы төрт тармаққа жастар зарының бәрі сыйып кеткендей.
Сүйек баққан ит – өмір жердің беті
Тарлау екен анамның жатырынан, - деп жырлайды батыстық Жансая Мусина.
Жас қаламгерлер шығармашылығында мұң теңізіне батып, пессимистік сарынға салыну басым. Зарлы поэзия алға шығуда. Алайда, жүз жылды қамтитын зар заман поэзиясының өкілдеріндегі мұңға ұқсамайды. Шортанбай сияқты дінисламның халық өмірінен алшақтап бара жатқандығына күйінбейді, Мұрат сияқты жерден айырылудың қасіретін тізбектемейді. Тәуба, Тәуелсіз елміз. Атадін мен атақоныстың мұңын мұңдайтын кез емес. Бірақ біздің ақындар Шортанбай мен Мұрат зарынан кем түспес ауыр мұң арқалаған. Қызығы, сол қайғы бұлағы ашық аталынбайды. Не үшін тарығу мен торығу торына түскенін біле алмай дал боласыз. Әдебиет тарихындағы зар заман поэзиясының өкілдерінен айырып тұрған басты белгісінің өзі осы болса керек. Кейбір ақындар бұл өмірдің шырғалаңдарынан шаршап, өзге бір әлемге кетуді аңсайды. Ақтөбелік Жанар Нұрғалидың: «Келмеске мүлде кеткім келеді – Жетінші қатқа», - деп жазатыны бар. Бір қиыны, 1995 жылғы уыз қыз-қарындасымыз:
Түңіліп жүрмін,
Құбыжық құрылым
Адамнан», – дейді.
Шынында да, Ақұштап ақын сияқты, біздің де көңілге қорқыныш ұялады. Өндірдей оқушы қыздың өмірден түңіліп өлең жазуы бізді ойландыруы керек. Бұл үлкен қауіп болуы да мүмкін. Әйтсе де, жастарда ауыр ой-қайғымен қоса үміт те жоқ емес. Болмашы үміт оларды алға жетелейді. Осыған қуандық. Құлазыған көңіл мен жаралы жүректің сиясауытына зарлы тілдің қаламұшын батырып ап жыр жазатын ақындар бұл тығырықтан бір Аллаға деген иман-сенім арқылы ғана шығуға болады деп есептейтін сияқты. Жаратушыға жалбарыну – пессимизм кешуінен өтудің төте жолы. Мысалы, Бауыржан Әліқожа:
Имани таң атқанда,
Жоғалар кемсеңдей мұң.
Ғашықпын Жаратқанға,
Дидарын көрсем деймін! – деп жырлайды.
Имани-исламдық сарындағы шығарма-лардың тууы қазақтың төл әдебиеті үшін жаңалық емес, бұрыннан бар үрдіс. Мұндай ізденістердің түп-тамыры орта ғасырлардағы Қарахан мемлекетінің билік құрған кезеңіне барып тірелсе, бертінгі ХІХ-ХХ ғасырлардағы сөз өнерінде діни-ағартушылық ағым өкілдерінің ірі-ірі мектептерінің қалыптасқаны белгілі. Олар Ислам дінін ағартушылықтың ең қуатты қайнарына балады. Советтік қатаң саясаттың ызғар-кесірінен ғасырлар бойы жалғасын тауып келген үлгі-үрдіс үзілді. Соңғы ширек ғасырда өшкені жанып, өлгені тіріле бастаған ұлтымыздың ұпайы түгелденді. Діни бағытта қалам тербейтін сөз зергерлері әдебиет сахнасына қайта көтерілді. Біз жоғарыда аталған жинақтарды шолып шыққанымызда, жастардың денінің атадініне деген ықыласының зор екеніне көз жеткіздік. Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі басты сарындардың бірі – осы. Сөзімізді мысалдармен сабақтайық. Оңтүстік ақыны Абай Қалшабек өз жырларына Алла дінін арқау етеді. Ол:
Жаратқанға сенсең ғана тірісің,
Құмарлықты жеңсең ғана ірісің.
Ақиқатқа ерсең ғана ұлысың, - деп түйіндей жыр жазса, павлодарлық Қуаныш Шарманов өзінің «Адаспай таниық Алланы» деген өлеңінде былайша үн қатады:
... бір-бірін талайды,
Тар санап дүниенің кеңдігін,
Ұмытып көрінің тарлығын.
Не деген ұғымсыз!
Шетінен білімсіз Абайдың дәуірі емес қой дәл бүгін.
Оқыған заманда,
Дамыған ғасырда Алланы танымау..., - деп жан-жүрегі езіледі. Ғылымы шарықтап дамыды деген бүгінгінің білімді һәм мәдениетті адамының өзін жаратқан Құдайын танымай жүруі ақылға сыйымсыз деген ой айтады. Иә, Қуаныш өлеңдерінде көркемдікпен бірге күйіну бар. Абай да, Қуаныш та – жүрегіне жауапкершілік жүгін артқан азамат ақындар. Онысы өлеңі – өмірбаянынан айқын білінеді.
Жастар әдебиетінде тек осы бағыттағы жырлар жазылып жатыр деуге келмейді, әрине. Біз бастыларын ғана тілге тиек етіп, талдау нысанына алдық. Сондай-ақ, қазіргі жас ақындар шығармашылығында негізінен қала тұрмысын жатсыну, дінге бет бұру, өмірден түңілу, ежелгі түркілік тұрмыс пен көшпелі өркениетті аңсау белгілері анық көрініп тұрады. Әрине, осы тақырыптармен шектеледі деген пікір айтудан аулақпыз. Мысалы, Шерхан Талап өзінің «Алматыдағы алғашқы өлеңінде» ару шаһарға назымен қоса өтінішін де айтқандай болып: «Ұсақта-ұсақ тиынды тергізіп қойма,
Құшақта-құшақ арманды арқалап келдім», - дей отырып, онысын былайша түйіндейді:
Ақынның жолы бұралаң, соқпақ келеді,
Кетпеймін енді қусаң да, боқтап та мені.
Арман қалам-ай, жағамнан жармаса берме,
Ақ Жайық маған: «Қадырды жоқтатпа», - деді...
Ақын айтарын айғайламай-ақ анық айтады. Ақыл айтпайды, алайда әсерлі айтады. Тағы бірде Шерханның «Жанарында жалғыз тамшы зарығып, бетон үйлі, тас қаланы аңсайтыны» бар. Сирек кездесетін құбылыс. Бас қала жайлы жазылған жырлардың жөні бөлек, ақындарымыз көбіне тас қаладан тарығып, дарқан далаға деген сағыныш-мауқын поэзия құдіретімен басып жататын. Ал бүгінгі ақын қаланы аңсайды. Қазір сәл тосындау көрінгенімен, кейіннен мұндай өлеңдердің көбеюі әбден мүмкін. Өйткені, қазақ қалалық мәдениетке жаппай бейімделіп жатыр...
«Дала дарыны» жобасы аясында шыққан жинақтарға өлеңдері енген жүз елудей ақын қазақ әдебиетінің жүз елу тамыры іспетті. Шолу жасау арқылы тамырын басуға талаптандық. Тамыршыдай тап баспаспыз, біздікі – талпыныс қана. Теңіздің сыры тамшысынан белгілі. Қазіргі жас ақындардың бағыт-бағдарын байқап-бағамдауға осы жинақтардың да себі тиеді. Көлем көтермейді, әйтпесе, шығармашылығын жеке-дара қарастырып, арнайы зерттеу-мақала жазуға жарайтын ақындар бар. Көп.

1454 рет
көрсетілді0
пікір