Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 14 Қараша, 2014

Кемпір (әңгіме)

Иван БУНИН  
Уездік бұл ақылсыз кемпір ас үйдегі сәкіде көз жасы көл болып жылап отыр.
Қар басқан шатырлар мен көшелерде құйындатқан святкидің  бораны бұлыңғырлана көгеріп, іңір қоюлана келе, үй ішін де қараңғылық жайлай бастады.
Онда, залда, барқыт дастархан жабылған үстелді айнала креслолар маңғаз тізіліп, диванның жоғарғы жағындағы  картина солғын ғана жалтылдайды – бұлт ішіндегі жасылдау домалақ ай, литваның қалың орманы, жегілген үш ат шана, оның үстінде қызғылтым сәуле шашырата оқ атқан аңшылар, ал шана соңында қасқырлар тоңқалаң асып қалып жатыр; бір бұрыштағы ыдыста жапырақтары өліп, қураған тропикалық өсімдік төбеге жете тіреледі, екіншісінде,  ішінен біреудің жасанды дауысы торыға: «Аһ, мырзалар, қандай қиын, қандай қиын, бір ғана әйеліңмен өмір сүру әрқашан!» деп   қырылдай айқайлайтын, тек қонақтар келетін кешқұрымда ғана жан бітетін, пілтұмсық граммафон үңірейеді.
Ас ішетін бөлмеде терезе алдының тақтайында жатқан дымқыл шүберектерден су тамшылайды, клеенка жабылған торда, басын қанатының астына тығып, ауырып қалған тропикалық құс ұйықтап жатыр, – ұйқысы жеңіл-желпі ғана және   біздің Святкиге үйренбегендіктен көңілсіз болғанда көңілсіз. Ас ішетін  бөлменің қатарындағы ұзынша бөлмеде, егде жастағы сүрбойдақ, прогимназияның   мұғалімі, класта балаларды шашынан жұлқылайтыны бар, ал үйде үлкен, көпжылғы «Бұғаудағы Прометейдің әлем әдебиетіндегі бейнесі» шығармасын іждағатпен жазып, айналысатын пәтержалдаушы терең ұйықтап, қорылдайды.
 Жатын бөлмеде, үй иелері де түскі ас кезіндегі сұмдық жанжалдан соң зіл батпан ауыр әрі ызалы ұйқыда. Ал қараңғы ас үйдегі сәкіде, көз жасына етегі толардай еңіреп кемпір отыр.
Түскі ас кезіндегі жанжал тағы да мұның кесірінен басталды емес пе? Үй иесі әйел  қызғану дегеннен ұялатын жасқа баяғыда жетсе де, қызғаныштан ес-ақылынан адасып, ақырында өз дегеніне жетіп тынды – ас пісірушілікке кемпірді жалдап алды. Ағарған шаштарын бояп жүретініне не заман болған, бірақ сонда да бар ниеті тек әйел затына ауып тұратын қожайын, бұл кемпірдің көзін құртып тынуға бел буды. Ұзын бойлы, еңкіш, иығы сөлбірейген, құлағы мүкіс, көзі де нашар көретін, төменшектігінен дүлейлеу  көрінетін, қанша тырысқанына қарамастан асты  ауызға алғысыз етіп пісіретін кемпір – шынымен де сұрықсыздың сұрықсызы еді.
Ол өзінің әр басқан қадамы үшін қалтырап, жағынамын деп әл-дәрменінен айырылатын. Оның өткен өмірі  кісі қызығарлық емес еді: күйеуі, әрине,  қарақшы әрі маскүнем болатын, ол өлген соң, көрінген бөтен біреулердің табалдырығы мен терезелерінің түбінде алақан жайып, аш-жалаңаш, жоқшылықта өмір сүрді…   Енді, міне, тамағы тоқ, жылы жерде, аяқ-басы бүтін, қайта адам қатарына қосылып –  шенеуніктің үйінде қызмет еткеніне кемпір бақытты еді  ғой!
Ол ұйықтар алдында, ас үйде тізерлеп тұрып,   күтпеген рақымшылығың мен осы бір мейір-шапағатыңнан айыра көрме деп бар жан-тәнімен  құдайға  жалбарынатын! Алайда, қожайын жер-жебіріне жетіп, күн көрсетер түрі жоқ: бүгін түскі ас кезінде ол бұған ақырғаны сондай, қорқыныштан бұл қол-аяғына ие бола алмай қалып, щи құйылған тегеш еденге ұшып түсті. Ал мұнан соң үй иелерінің арасында не ғана болмады! Тіпті, түскі ас бойы Прометейді ойлап отырған мұғалім де шыдамай кетіп, қабан көздерінің қырымен қарап, былай деді:
– Мырзалар, аса салтанатты мейрам үшін ұрсыспасаңыздар екен!
Міне, үй тынышталып, шу басылды. Далада түтеген боран көгіс тартып, шатырдан асыра күртік қарды үйіп тастап, қақпа мен ергенекті де басып қалды… Үй иесі әйелдің жиені, пима киген, құлағы қалқиған, жетім, жүдеу бала, ас үйдің жанындағы дүңгіршек бөлмеде, терезе алдының дымқыл тақтайына ептейлене отырып, ұзақ уақыт сабағын оқыды. Ол ынталы жас болғандықтан, рождестволық каникулға оқуға берілген тапсырманың бәрін жақсылап пысықтап, жаттап алмақшы. Ол өзінің тәрбиешілері мен жарылқаушыларын кейіткісі келмейтін, ол олардың көңілін көншітіп, Отанына пайда келтіретіндей, өзі өмірі ұмытпайтындай етіп, мыналарды: екі жарым мың жыл бұрын гректер (жалпы, өздері бейбіт халық, таңертеңнен кешке дейін театрда трагедиялық қойылымдарға қатысады, құрбандық шалады, ал бос уақыттарында абыздардың болжамын тыңдайды)   бір жолы құдай-әйел Афина-Палладаның көмегімен парсы патшасының әскерін тас-талқан етіп жеңгенін, егер  шамадан тыс пұтқа табынып бас ұрмағанда, салтанаттылық пен молшылық қуғаннан азғындап, құрып біткен барлық ежелгі халықтардай, «көйлегі көк, уайымы жоқтықтан» босаңсып, нәуетектеніп жоғалып кетпегенде, өркениет жолымен онан ары да жүре  беруі мүмкін   еді дегенді миына тоқып алуға тырысты. Ал осыны есіне сақтап алғаннан кейін, кітапты жауып, терезенің әйнегіндегі мұзды тырнағымен ұзақ  қырғыштады. Содан соң, орнынан тұрып, ас үйдің есігіне сыбдырсыз жақындап келіп, есіктің ар жағына қарап еді, тағы да сол көріністі көрді: ас үйдің іші тып-тыныш әрі қара көлеңке, тілдері жылжымай, қашанда он екіден он бес минут өткенін көрсетіп тұратын, бір рубльдің қабырға сағаты таңғалдыра анық әрі асыға сыртылдайды, ас үйде қыстаған торай пештің жанында, тұмсығын жуынды құйылған ыдысқа көзіне дейін тығып жіберіп қопарыстырады… ал кемпір сол  күйі әлі жылап отыр: етегімен сүрткіштеп қояды да – бұрынғыдан бетер егіл-тегіл болады!
Кемпір содан кейін де, – шам жағып, қарағайдың жаңқаларын еденде өтпейтін пышақпен самауырға ұсақтап отырып та жылау-ын қоймады. Кешке, үй иелерінің ас бөлмесіне самауырды апарып, келген қонақтарға есік ашып та жылап жүрді, – бұл уақытта, қараңғыда, қар басқан көшеде, барлық баласын,  төрт бірдей боздағын, немістер баяғыда-ақ пулеметпен атып өлтірген, үсті-басы алба-жұлба қарауыл аяғын әрең  басып, шеттегі жел үрлеп өшірген көше шамына қарай бара жатқанда, тас түнек даладағы, сасық үйлерінде қатын-бала, кемпір-шал, қой-қозылар ұйқыға жантайғанда, сонау алыстағы астанада телегей теңіз шаттыққа толы асып-тасқан  нағыз көңіл көтеру қызу жүріп жатты: қымбат мейрамханаларда қалталы қонақтар, құмырадан апельсин қосылған ханжа   ішу және әр осындай құмыраға жетпіс бес рубль төлеу, соншалықты ұнайтындай жасанды түр байқатып; кабаре деп аталатын, үй астындағы жертөледегі кабактарда кокаин иіскеп, кей уақытта тек лақап тарату үшін, өздерін жасандылықпен футуристерміз, яғни болашақтың адамдарымыз дейтін жастар бірін-бірі бояп алған бет-ауыздарынан не болса сонымен түйгіштеп; бір аудиторияда  ақын болғансып бір жалшы лифтілер, графиндер, автомобиль мен ананастар туралы өлең оқиды; бір театрда шыбын тайып жығылардай жалтыр бас біреу картоннан жасалған гранитпен жоғарыға бір жаққа өрмелеп, әлдекімнен әлдебір қақпаны ашуын табанды түрде талап етеді; келесі бірінде, сахнаға еденді тұяғымен дүрсілдеткен, ақшулан кәрі жылқыға мініп, қағаздан жасалған сауытты қолымен баса ұстай, екі мың рубльге 15 минут бойы орыстың бағзы князьдері болып жасандылықтың  шебері ән салады, ал бұл кезде айнадай қасқа бас бес жүз еркек дүрбімен әлгі князьді шырқата ән айтып, жорыққа шығарып салған әйелдер хорына дүрбілерімен қадала қарайды, ал сәнді киінген сонша әйел ложада шоколад конфеттерді жеп тамсанса, үшінші бір сахнада, баяғыда өліп қалған замоскворецкінің көпестері мен көпес әйелдері болғансып, семіздік ауруына шалдыққан шалдар мен кемпірлер бір-біріне айқайлап, жер тепсінеді; төртіншісінде, жіңішке арық қыздар мен бозбалалар шешініп тастап, шыныдан жасалған жүзім шоқтарын тағынып, әлдебір сатиралар мен нимфалар  болғансып, бір-бірінің соңынан жанталаса қуалайды… Қысқасы, түннің бір уағына дейін, біреу күзетте, енді бірі ұйқыға бас қойып немесе көңіл көтеріп жүргенде, қожайындардың қонақ бөлмесінен шыққан, қырылдаған,   торыққансыған өтірік айқаймен қосыла уездік ақылсыз кемпір көз жасын  еңірей төгеді:
Аһ, мырзалар, қандай қиын, қандай қиын,
Бір әйеліңмен ғана өмір сүру әрқашан!
1916
Орыс тілінен аударған
Айман МҰҚЫШЕВА

1345 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз