- ҮРКЕР
- 18 Қараша, 2014
«ПЕРӘШКІ ЖЕҢІЗДЕР!»

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты, «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен қоштасу», «Біз түкіруге келдік», «Обшым, адам емес екенсіңдер!» және төрт томдық сатиралық әңгімелер жинағының авторы. 7591 жылы (керісінше оқыңыз) Оңтүстік Қазақстан облысында, 12 желтоқсанда туыла салған. ҚазМу-дың журналистика факультетін бітіре салған. Кезінде «Тамашаға» автор бола салған. Сатиралы әңгімелері белгілі сайттарда, «Жас Алаш», «Айқын», «Алматы Ақшамы», «Ара» басылымдарында жиі жарияланады. Бүгінде республикалық «Ара» журналының Оңтүстік Қазақстан облысындағы арнаулы тілшісі.
Өмірімде мектеп директоры болып көрмеген байғұс басым, бір айдың ішінде табаныма шаш өскендей, көздерім жыпылықтап, маңдайыма көшкен-дей, «Отаныма адал қызмет етемін!» деген ниетім жалп етіп өшкендей, өгіз аяңмен жүріп жатырмын әйтеуір…
Бір күні тәрбие жөніндегі орынбасарым далақтап, екі көзі алақтап, жетіп келді:
–Ағай, ет жегіштер келе жатыр! –деді. Қалалық білім басқармасынан тексерушілер келіпті. Ұятсыздар өткен аптада ғана ет жеп кеткен болатын. Дереу алдарынан «апалап» шығып, асханаға қарай жетелей жөнелдім.
–Алдымен, білім сапасын тексеріп алайық! –деп сызданды бірі.
–Ойбай, мынау не? –деп қалды екіншісі.
–Бұл ма? Бұл–ұран ғой. «Ет жеуге хош келдіңіздер!» деп жазып қойдық…
–Қандай қиқымды кемшіліктеріңіз бар, айта салыңыз. Тексеру қорытынды-сын жеңілдеу етіп жаза салайық… –деген көзілдірікті кісінің қолынан сүйіп, туфлиіндегі шаңын сүртіп, қалың қасын майда тарақпен тарап, құлағына қонған арық шыбынды қағып жіберіп, оқушылар асханасында жайылған дастарханға бастадым. Ет жеп еркелеп олар кетті. Қалған–құтқанды мүжіп, саусағымызды сорып отырғанымызда, орынбасарымның тілі салақтап, көздері алақтап, жетіп келгені! Жүрегім жер астына түсіп кеткендей болды…
–Ағай дейім, ағай, тексерушілер ет жеуге келе жатыр!
–Қарындары ашқанда, қылтиып келе береді екен де!
Қалалық санэпидстанцияның тексеру-шілері екен. Тексеруге шамаларын келтірмей, асханаға апарып, кеше асып қойған етті тоңазытқыштан шығартып, орынбасарым Қатипаш қамыр жайып… Үшінші сыныптың нашар оқитын үш баласына пияз туратып дегендей, әрең шығарып салдық. Сорпадан сораптап ішіп, бананды қайқита жеп, тіпті біреуі «итіме керек еді…» деп мүжілген сүйектерді пакетпен алып кетті. Құдайға шүкір, құдаларымызды күткендей, арқа–басымыз кеңіп қалды. Арада апта өтті ме, өтпеді ме, орынбасарымның бір өзі шабуылға шыққан жауынгердей уралап келгені…
–Ет жеушілер келе жатыр ма? –деп сұрадым мен.
–Ет жоқ ағай, енді қайттік? Мұғалімдерден ақша жинай–жинай, өлдік қой тегі…
Бізді тексерушілер көп енді. Бәрінің ет жегісі келеді… Бұл жолы келген тексерушілер өздерімен бірге тіс шұқитындарын да ала келіпті. Ұялғанымыз-ай! Ет жоқ, ет жоқ болған соң оларға қарауға бет жоқ… Сосын, «қуыс мектептен құр шықпасын» деген оймен, өрт сөндіруші ағайларға киіт кигізіп жібердік. Әр мұғалімге үйлерінен бір- бірден «китайский» көстім-шалбар әкелуге бұйрық бергенім қандай жақсы болды! Ертеңіне ешкім келмесе де, бір қазан ет асып қойдық. Соны білгендей, тексерушілер сау ете қалды! Базардан сатып алынған қойдың басын (шыны керек, ешкінің басы еді…) мүжіп отырған ешкібас еркек:
–Біздің гүл өсіру қоғамы сіздерге көмек беруге әрдайым әзір! –дегенде, денем дірілдеп, орнымнан ұшып тұрдым.
–Қайдан келдіңіздер? –деп сұрадым қалшылдап.
–Как қайдан? Қалалық «Гүл өсірушілер» қоғамынан…
–Мектепке неге келдіңіздер өзі?
–Ет жейік деп… Жұрттың бәрі жеп жатқан соң…
Гүл өсірушілерді қуып шықтық. Дереу мектеп маңдайшасындағы «Ет жеуге хош келдіңіздер!» ұранын алдыртып тастадым. Мектеп қабырғаларына да «Ет жесеңдер балалар, шамнан шырақ жағылар!», «Ет дегенде бет жоқ!» «Ет– етке, сорпа– бетке, білім– миға» деген нақылсымақтарды шимайлатып тастаған едім. Бәрін алдырдым. Шаршап, шашымды сипалап отырғанмын, орынбасарым кіріп келе жатыр еді, кабинетімнің есігін тарс жаба қойдым.
–Ағай, есікті ашыңызшы, тексерушілер келе жатыр!
–Қайдан екен?
–Облыстық ардагерлер кеңесіненбіз дейді…
Дереу ардагер ақсақалдарымызды асханаға жайғастырып, қолдарына бір-бірден перәшкі ұстаттық та:
–Перәшкі жеңіздер!–дедік.
–Ішінде не бар қарағым? –деп сұрады бірі.
–Тас бар, ақсақал, тас…
Ертеңіне өз еркіммен қызметімнен босадым. Рахат, үйімде ет же-еп отыр-мын! Үйге келіңіз, ет жейсіз бе?
ҚОЙДЫҢ МИЫ…
Ойда жоқта ойпырмайлатып, Премьер–министрдің келе қалғаны! Астанадан алақайлап келетін депутаттар болса мейлі ғой, төтеннен келген премьердің мына келісіне облыс әкімінің басынан бу, арқасынан түтін шығып кеткендей болды…
–Қойдың басын үйітіп, пісіріп әкелуді бұйырыңыз…—деді Премьер.
–Кешіріңіз, ө-өліп қалған қойдың басын ба? –деп қалды жылан жағын шағып алғандай әбіржіп, самайынан бір шәйнектей тер аққан әкім.
–Қойдың кесілген басы тірі болушы ма еді?
Тез арада қойдың басы пісіріліп әкелініп, мәжіліс залына әкім-қаралар, департамент басшылары, құқық қорғау өкілдері жиналды… Жиналғаны бар болсын, «бүгін қандай тақырып қозғалмақшы?» деп көбі жаман қиналды! Премьердің алдында үйітілген бас, ал әкімнің жүрегі тас… «Дүкі-дүкі»» деп соқпайтын, бірер минөттен кейін тоқтайтын сияқты… Орынбасарлары да ойланып қалған… Мәслихат депутаттары дымға да, ымға да түсінбей отыр… Тәуелсіз газеттердің тілшілері қойдың басынан да «сұхбат алуға» әзір… «Өліп қалған» тыныштық… «Мәселе–ауыл шаруашылығына бөлінген қар-жы¬ның қампиған қарын¬ды¬ларға кеткені туралы шығар?»–деп ойлады бірі. «Қой¬дың басын мүжіп отыра бермеңдер, жұмыс істеңіздер!» дегелі келді…» – деді екіншісі сыбырлап. «Қой сияқты маңырай бересіңдер, бірақ іс жоқ! Міне, осы мәселе қаралады…»–деп тон пішті тағы бірі. «Қойдың құмала¬ғын-дай бірікпейсіңдер! Жүзге бөлінгенді қашан қоясыңдар?» –деп айтқалы келді…»
Әл кәлләдә «әр түрлі салат» жасалып жатқанда, Премьер–министр орнынан тұрып:
–Бүгін ешқандай мәселе қаралмайды, баяндама жасалмайды, сөз сөйленбейді, тек мына бастың әр жерінен кесіп, әрқайсыңызға таратып беремін, ас болсын, жеңіздер… –деді. Біразы жымыңдасып, қуанысып қалды, ойбай-ау, Премьер–министрдің қолынан қойдың құйқасын жеп жатса, құйқалы қызметтері ұзағынан болар? Біразы таңданып, таңдайларын тақылдатты.
–Мына құлағын кесіп, құлақсыз әкімге, оның орынбасарларына берейін. Үкімет тапсырмаларын орындамағандары үшін, Бюджеттен бөлінген миллион¬даған қаржының игерілмегені үшін…–деген Премьер–министр қойдың құлақтарын кесіп, әкімдерге таратты… Әкім–қаралар қойдың құлақтарын жеп жатып, жүздерін төмен қаратты. Премьер одан кейін қойдың тілін майдалап кесіп жатып:–«Тілі мен жағына сүйенгенімен, ештеңе бітір¬мей¬тін мәслихат депутаттарына берейін…»–деді. Кезек қойдың көзде-ріне келді… «Кешіріңіздер, айғақ, дәлелдері бадырайып тұрса да, жазықсыз-ды көрмейтін «көр соқырлар» –жемқорлық сыбайластықпен жең ұшынан жал¬ғасып, халықтың арызын бір-біріне сілтейтін облыстық ішкі істер депар-та¬ментінің басшылары мен тергеушілеріне беремін…» Осылай атап берді. Бір кезде құқық қорлаушылар қойдың көздеріне таласып қалды! Бастың қалың құйқасы–бет терісі қалың судьяларға, жер комитетінің басшыларына, парақор прокурорлар мен салықшыларға үлестірілді. Бәрінен де, бастың маңдайы шабылып келгенде, Премьер– министр: «Таныстықпен, ақшамен қызмет қуған мисыз басшылар ми жейді» дегені сол… Залда отырғандардың тең жартысы ми жеп жатты… Жетпей қалғандары саусақтарын сорып отырды. Әй, мисыздар-ай!
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ, ҚАШЫП КЕЛДІ!
Көршімнің көздері алақандай, көзінің қарашығы тарақандай болып, үйге жүгіріп келді:
—Кеше кеткен қызым күйеуінен қашып келе жатыр, енді қайттім? Масқара болдым ғой!—деді. Далаға шығып, көшеге көзімді «қыдыртып» жіберсем, келе жатқан көршімнің қызы емес, өзімнің өгіздей қызым! Қуанып кеткен көршім, «Қателескеніме шүкір! Қызың қашып келді, құтты болсын!»— деді де, кетіп қалды. Шынында, қызымның байдан қашып келгені рас болып шықты.
—Қайта шапқан қабан жаман, қайтып келген қыз жаман. Ия, неге қаштың?—деп сұрадым мен.
—Ұя бейеді..—деді қызым.
—Кім?
—Жекеменшік байым…
—Ойпырмой, біздің шықпаған жанымыз-ай! Осы әкең ай сайын ұрып тұрмаса, ұнжырғам ұн болып, арқам құрысып кетуші еді. Сонда не дейді?
—Шақаушың дейді…
—Бір балалы болғанша үндеме дедім ғой! Сақау екеніңді қалай білдіріп қойдың ойбай?
—Өжі ғой…
—Немене, өжі ғой?
—Той өткен соң төшек сал дейді…
—Е, салмадың ба?
—Бұйын ейкектің қашына кім жатип көйіпті? Би түйлі қойқып, енемнің қойнына қойып кеттім…
—Күйеуің күтірлетіп жеп қояды деп пе едің?
—Ұйқышы жама-ан. Түнде қойылдайды. Тула тлактл шияқты…
—Күйеуің ұрса, қаматып қоймайсың ба? Сондай заң шықты ғой!
—Ұйғанын дәлелдей аймаймын ғой.
—Неге?
—Жатқыжып қойып, табанымнан тебеді…
—О, оңбаған күйеубала! Жарайды, ұрыпты мейлі… Ұрса қашып келе бересің бе?
—Өжі ғой.
—Немене өжі, өжі?
—«Жұмитқа жұтып алғаншың ба, не? Неге үндемейшің?» деп башымнан шалып қалды. Мен бетін тинап алдым! «Аптиамайт, атаңа нәлет!» дедім.
—Жүдә қатырыпсың!—дедім қызымның басына салып қалып. Артынша көрші әйел жүгіріп келді:
—Құт.. құттықтаймын көрші, тағы бір қызың қашып келді!
Шынында рас екен, Алматыда тұратын ортаншы қызым сүмірейіп келіп тұр. Көрші әйел: «Ойбу-у, нан ашытып қойып едім!» деп кетіп қалды.
—Әй, сен неге қашып келдің?—деп сұрадым мен.
—Өжі ғой…—деді қызым бұртиып. Бұл да сақау болатын.
—Немене өжі?
—Дебалбашия басталды, банкиот бойдым деп мені ұя бейеді.
—Ойбай, теңгенің құнсыздануына сенің қандай қатысың бар?
—Ұйттық банктің баштығы Кейімбетивті неге жақтайшың дейді. Сол теңгені өлтиген дейді. Екеуміз ұйшып қалдық.
—Бәләйдық, бәләйдық! Күйебала да жетісіп тұр ма еді? Кекеш еді ғой… «Елдегі аштыққа, қымбатшылыққа менің қандай қатысым бар?» демейсің бе?
—Өжі ғой.
—Немене өжі?
—»Жұйттың бәйі митингіге шығып жатыл, жүй кеттік!»дейді. Баймайм десем «қойқақ қатын екенсің!»деп бетіме түкиіп-түкиіп жібейді!
—Бетін тинап алмадың ба?—деп қалды үлкен қызым.
—Сен тыныш отыр! Бет тырнағышын! Не, оның беті қотыр ма еді, қасып беретін!—деп болғанымша, көрші әйел жүгіріп келді:
—Көрші, құт… құт…
—Әй, аузыңдағы құртыңды алып барып сөйлеші!—дедім мен.
—Кіші қызың қашып келе жатыр, құтты болсын!
—Табалап тұрмысың? Жоғал әрі!—дедім мен қалшылдап. Шынымен рас екен, кіші қызым қорсылдап, жылай кірді. Даусын-ай, әнебір әнші бар еді ғой? Витас сияқ¬ты сызылтады келіп…
—Әй, не болды сендерге бүгін?—деп сұрадым мен апалы-сіңіліліер бір-бірімен құшақтасып көрісіп жатқанда.
—-Өжі ғой…—деді кіші қызым сыңсылап. Ол да сақау еді, құдай-ай…
—Немене өжі?
—Түнде байып, бажайды өйтеді де, қашып кетті…
—Қайда ойбай?
—Бимейм.
—Базарды өртеген байың неге өртеніп кетпейді ойбай! Жоғалыңдар! Көздеріме көрінбеңдер! Теңгеден бұрын сендер құнсызданып кеткенсіңдер! Ұятсыздар!—деп жер тепкілеп тұрсам, қасымда ешкім жоқ. Қыздарым қашып кетіпті. Бір кезде көршім кіріп келе жатыр…
—Қ-қашып келді…—деді ол.
—Кім ойбай?
— Білмеймін, күйеуің бір топ полициядан қашып келеді!
Мен не дерімді білмедім. Бар болғаны әндете, қолдарымды көкке жайдым:
—О, жасаған, қыздарымның бәрі бәрі қашаған… Алматыда митингі, не демейді, аш адам…

1122 рет
көрсетілді0
пікір