Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 04 Желтоқсан, 2014

«Ләйлә» рөлімен танылдым

Өнердегі жолын Қуыршақ театрының актрисасы болып бастаған ол кішкентай ғана қара қыз еді. Міне, содан М.Әуезов атындағы драма театрына келіп «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Ләйлә болып жарқ еткенде, өнерге сергек көзбен қарайтын көрерменнің назарын бірден аударды. Актриса Нұржанның тамаша сомдаған рөлдерінің бірі де осы болды. – Көрермен қауым да сізді «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйлә бейнесі арқылы жақсы таниды. Осы рөлді ойнаған ­сайын психологиялық тұрғыда ауыртпалық сезесіз бе? – Әрине, ең алғаш сахнаға дайындап жатқанда ондай сезім болды. Бұл кезде мен Өнер институтын енді ғана тәмамдап, әлі бірде-бір рөл ойнамаған, қуыршақ театрында жұмыс істей бастаған кезім. Институт қабырғасында тек ертегілерден қойылым дайындайтынбыз. Мен тек ертегі кейіпкерлерін сомдайтынмын. Онда жылап-еңіреп, қайғы-қасірет шегудің қажеті жоқ. Керісінше, кішкентай балаларды күлдіретін, қызықтыратын пьесалар керек еді. Ал екі сағат бойы үлкен рөлді сомдау үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Қолыма рөл мәтіні тигенде, «кеше ғана қуыршақ театрында ойнаған тәжірибесіз қызға үлкен шығармадағы ең маңызды образды ұсынып отырған режиссердің жүрегінің түгі бар шығар» дедім. Маған режиссер полигон және оның зардаптары туралы бейнежазбалар, газет, журналы бар, бір құшақ материалдар берді. Мүгедек қыздың дене бітімін салу, сол секілді ақсаңдап жүру өте қиын болды. Көпке дейін рөлімнің кілтін таба алмадым. Бірде дайындыққа келе жатып, автобустан екі мүгедек қыздың түсіп жатқанын көрдім. Соңдарынан ілестім. Жүрсе жүремін, тұрса тұрамын. Тек солардың қимылын қайталаумен болдым. Ақыры олардың дене бітімін өзіме қалай қондырудың құпиясын таптым. Бұл –көрерменнің мені алғаш көруі. Менің мүгедек Ләйләні сомдаған бейнесінің әсерлі шығуы сондықтан болар. Ләйлә маған сонысымен қымбат. – Сіз Джульетта бейнесін де сомда­дыңыз. Осы рөліңіз туралы тарқатып айтып беріңізші. – Ол кезде режиссер Қайрат Сүгір­беков тірі еді. Ләйләні ойнағаннан кейін-ақ, бір жылдан соң Қайрат: «Мен Дулыға екеуіңнен Ромео мен Джульеттаны көремін. Соны екеуің ойнауың керек» деді. Ол кезде мен 23 жаста едім. Мен отызға келгенде «Ромео мен Джульеттаны» қолға алды. «Менің жасым...» деп бастап едім, «Жо-жоқ, ол жағынан қам жеме, сен қашан да жас көрінесің» деп үзіп тастады. Қойылымның дайын­дық жұмыстары қызу жүріп жатты. Мау­сым­ның соңына қарай тұсауы кесілу керек еді. Алайда «жо-жоқ, мен келесі маусымда қоямын» деп тағы да асықпады. Ал жаңа маусым басталғанда Қайрат аяқасты қайтыс болып кетті. Не керек, екі жылдан соң Салимовты шақырып, осы қойылымды жарыққа шығаруға театр тапсырма берді. Біздің Ес-ағамыз, Есмұхан аға кең адам ғой. Сол кезде театрға өзінің шәкірттері, студенттері институт бітіріп келіп жатты, соған қарамастан: «Жоқ, ешкім де ауыспайды. Қайраттың таңдаған адамдары ойнасын» деп бір-ақ кесті. Сөйтіп, Джульетта бейнесі маған осылай бұйырып қалды. – Әуезов театрына келген жас ар­тис­ті, ең алдымен қарашаңырақтың рухы көтереді. Жас кезінде алынбайтын қамал жоқтай жігермен, жастық жа­­­лынмен талай қиындықты еңсереді. Ал егде жасқа жақындағандар биіктерді бай­­салдылығымен, жылдармен жинаған тәжірибесімен бағындырады. Осы екі ара­лықтағы уақыт сіз үшін қалай әсер етуде? – Сіз айтып отырған шақтан мен 26 жасымда өтіп кеткенмін. Мен 26-ға келген кезімде, маған он үш жыл бойы рөл берілмеді. Әрине, отызымда Джульеттаны ойнадым, тағы да ұзақ күтіп жүріп «Империядағы кешке» келдім. Актер мамандығы – тәуелді мамандық. Қандай рөл берілсе, соны ойнайсыз. Ал «мына рөлді ойнайыншы» деуге ар-ұятым жібермейді. Ол этикаға да жатпайды. Ре­жис­серлерге кінә арта алмаймын, мүм­кін, ол кісілердің ойындағы актрисасы болмаған шығармын. Эксперимен­талды қойылым қойылып, рөл тиіп қал­маса классикалық режиссура мені көзге іле бер­мейді. Бірақ рөл берілсе, көп ізде­немін. Өйткені сахнада актердің ой-өрісі көрінеді. – Сіздің жолдасыңыз да өнер адамы, режиссер деп естідік. – Иә, жолдасым Қуанышбек Адылов – режиссер. Қырғыздың келінімін. Қазір Неміс театрында жұмыс істейді. Алда әлі талай спектакльдер, соның ішінде маған арнап та талай үлкен қойылымдар қояды деп сенемін. Өйткені ол маған үнемі «сен нағыз актрисасың» деп күш-жігер беріп отырады. – Өз уақытында шығара алмаған рөл­деріңіз болды ма? – А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуін­дегі» Машаны шығара алмадым деп ойлаймын. Өйткені режиссер Р.Андриасян рөл бөлген кезде бірінші құрамды толықтай тізімдеп алды да, мені театр дирекциясы ұсынды. Ол кісі мені білмейтін. Мені көре салды да: «Жоқ, Маша ұзын, сымбатты болуы керек. Сіздің сыртқы пішініңіз мен ойлаған образға келмейді» деді. «Жақсы, онда мен кете берейін бе?» деп едім, ол кісі кикілжіңді, ренішті ұнатпайтын болуы керек, «Жо-жоқ, ойнай беріңіз» деп қолын немқұрайлы сілтей салды. Қарсылық білдіріп, кетіп қалайын десем, бұл – менің жұмысым, «білгенін істеді» деп театрдан шығарып жіберуі мүмкін, ойнай берейін десем, режиссердің әлгі сөзі рөлге үлкен кедергі болғалы тұр. Амал жоқ, қалдым. Алайда басы дұрыс басталмаған іс өз деңгейінде шықпады. Рөлімді қалай сомдасам да ұнамадым. «Сен Маша емессің!» деген сөз құлағымнан кетпей тұрып алды. Жылаған кездерім болды, әйтеуір не керек, осы рөлден бір мұңлы сезім қалды. – Қуыршақ театрының актрисасы бола тұра, осы бір кенже қалған өнерді алға сүй­реп, дамуына үлес қоса алмадым-ау деген өкі­нішіңіз жоқ па? – Менің сахналық өмірім осы қуыршақ театрынан басталды. Қазір ойлап отырсам, мен бәрібір Қуыршақ театры­ның сахнасында ұзақ жүре алмас едім. Өйткені менің болмысым ол сахнада өзгеше. Ал енді бұл өнердің кенже дамитын себебі ол Мәдениет министрлігіне емес, Мәдениет басқармасына қарайды. Былтыр 7 айға жуық сол жерде дирек­тор­дың орынбасары болып жұмыс істедім. Қазақ Қуыршақ театрының неге дамымай отырғанын тек сол кезде ғана түсіндім. Балаларға жаңа спектакль қойғың келсе, «одан қанша ақша түседі» деген мәселе оларды бірінші кезеңде ойландырады. Қуыршақ спектаклін қою техникалық жағынан алғанда күрделі нәрсе. Бір қуыршақтың құны 100 мыңнан асып жығылады және біреуінің өзі екі айдан артық жасалады. Осының бәрін айтсаң, «сен неге қоймада жатқан ескі қуыр­шақтарды алып пайдаланбайсың?» дейді. Ал қазір анимациялық өнердің дәуір­леп тұрған заманы. Бүгінгі балалар ше­телдік мультфильмдер көріп жүр. Ал жатжұрттық елдер күнделікті ізденістің ар­қасында жас көрерменнің жүрегін жаулап отыр. Ендеше, қазақтың ұлттық қуыршақ өнерінің де солармен бәсекеге түсіп, асқақтайтын уақыты жеткенін түсінген абзал. Баланың өнерге деген сүйіс­пен­шілігін ең бірінші болып оятатын да, кішкентай ғана патриоттық сезімін тәрбиелейтін де осы өнер ордасы емес пе?Осыны ұғынсақ қана біз ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей аламыз. –Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл Аханбайқызы

1655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз