Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Қаңтар, 2015

Мен үшін поэзия – қалқан

Гүлнәр Салықбай

Ақын Гүлнәр Салықбай өткен жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Таяуда Гүлнәр Сейітжанқызымен кездесіп, тілдесудің сәті түсті. – Ең алдымен, еліміздің мәртебелі сыйлығымен ие болуыңызбен шын жүректен құт­тықтаймын. Шығар­машылық табыстарыңыз молая берсін! Енді сұрағымызға көшейік. Сіздің алғашқы өлеңіңіз қай жылы жазылып еді, ол не туралы екені есіңізде ме? Алғашқы өлеңіңіз жарық көргенде қандай көңіл-күйде болдыңыз? – Менің Ләйла деген әпекем кітапханашы болды. Мектепте оқып жүргенде қолым босаса болды, сол жерден шықпайтынмын. Не оқу керек екенін білмеймін, әйтеуір қолыма түскен кітапты оқи беретінмін. Жоғары кластарда шимайлап, бірдеңе жазған болып жүрдім. Бірақ оларды өлең деп атау қиын. Бірақ шынымен де өлеңге ұқсайтын нәрсені қашан жазғаным есімде жоқ. Алғаш жазылғанда мінсіз сияқты боп көрінеді ғой. Бір жерге жарияланса, қуаныштан гөрі өкініш көбейеді. Тіпті жазғаннан кейін де бір ай, жарты жыл немесе бір жылдай суытып, анда-санда қарап, кейбіреуін жыртып тастайтыным да бар. Ал шыққаннан кейін мына жерін неге байқамадым екен деп, кейбір кемшіліктерін көргенде өзіме ыза боламын. Алғашқы өлең­дерім жария­ланғанда да солай болған шығар. – Бала кездегі арманыңыз? – Біз мектепте оқып жүргенде шекаралық ауданда тұрғандықтан ба, балаларға қырағы болу туралы көп айтылатын. Ел ішінде ана жерден шпион өтіп кетіпті, түген деген адам бір елдің жансызы болып шығыпты деген алыпқашпа әңгімелер жүретін. Ал мен сондай бір шпионды ұстап, батыр атануды армандайтынмын. Шпион ұстауға шындап кіріскенім сонша, ауылдан алыстау жерде – өзеннің жағасында жуынып отырған адам рациямен бірдеңе хабарлап отырған сияқты көрініп, ауылдың белсенділерін түгел ертіп барғаным да бар. Жаз болса, бір кластасымның меншік малын бағатын әкесін аңдитынмын. Өйткені сол кісі өзім кітаптардан оқыған шпиондарға қатты ұқсай­тын. Бірақ ол арманыма жете алма­дым. Шпион ұстап, батыр атана алмадым... – Сіз үшін поэзия деген не? – Мен үшін поэзия қалқан – өмірдегі қиыншылықтардан қорғайтын құрал. Көзге көрінбейтін, түссіз бір үй сияқты. Оның ішінде жүргенде ештеңеден қорықпайсың. Қорғайды, сақтайды. Бірақ бұл айналаның бәрі жамандықтан ғана тұрады деген сөз емес. Ешкімге ұқсамайтын, өз әлеміңді сақтайды дегенім ғой... Ол үйде тек жақсылық қана патшалық құрады. Ол үйдей таза, әдемі жер жоқ. Ол үйде өтірік айтуға болмайды. Өтірік айтсаң, айырылып қаласың. – Бүгінгі күні сізді не толған­дырады? – Тіліміздің бұзылып бара жат­қандығы. Қазір бүкіл ел «баруы­мыз керекпіз» деп сөйлейтін болды. «Керек» деген сөзге жіктік жал­ғау жалғайтын болдық. «Болады ма?» деп сұрау есімдіктерін толық етіс­тікке қоса саламыз. Қазақша сөй­лемдеріміздің бәрі орысшаның жолма-жол аудармасы болып барады. Қазір жастардың бәрі осылай жазып, осылай сөйлеп жүр. Осы масқара тү­бінде әдебиетке де кіріп кете ме деп қорқамын. – Қолына қалам ұстаған жас­тарға қандай тілегіңіз бар? – Жастар әр сөзіне жауапкер­ші­лікпен қараса екен деймін. Сөз деген киелі нәрсе ғой. Құс сияқты. Ол құстардың ұшатыны, ұшпайтыны бар. Соларды орын-орнымен қолдануды үйренсе, әр сөзін алтын көрмей, өзіне сын көзбен қараса деймін. Жүзін көрсетіп, жұртқа танылуды ғана мақсат етпей, көп оқып, көп ізденсе екен. Әр нәрсеге кектеніп, бойына ыза жимай, жүрегін таза сақтаса екен деп тілеймін.  

Сұхбаттасқан Бағдагүл Балаубаева

1893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз