- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 06 Қаңтар, 2015
Қазақ дәстүріндегі 47 санының сырын білесіз бе?

Адам ұрпағымен мың жасайды. Өседі, өнеді. Өмірінің ең бір қуанышты сәті отау көтеру. Қазақтың ежелден келе жатқан салты құда түсіп, қалың мал беру. Отау көтеру кезіндегі салттарды қаншалықты ұстанып жүрміз? Көне дәстүрден ажырап қалған жоқпыз ба? Ендеше Сізде біле жүріңіз.
«Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат-тон айыбымен қалыңмалын қайтартпақшы болдым ғой» (С. Көбеев).Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы қалыңмал төлеуге тиіс. Бұл – қазақ қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның көлемі құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді.
«Бұрынғы кедейлер арасындағы қалыңмал 5-6 малмен тынса, ірі байлар арасындағы қалыңмал екі жүз,бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалыңмал үстіне «бес жылқы» деп аталатын бес түйеге босып бір «жетім қыз» (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қос бір «еркек жетім" (құл) бергені кейбір деректер арқылы белгілі. Қалыңмалдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні» «отыз жеті», отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», "жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалыңмал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. (ҚСЭ.6-том). Мұның сыртында тоймал, сүтақы, күйеу апаратын ілу, өлі-тіріге апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде-жоралар да болады. Бұл Кеңес өкіметі кезінде қызды малға сату қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы қалыңмал көлемінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.
Әрине, қалыңмал құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама-шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда қалыңмал байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалыңмалы» 500 жылқы болған. 300 жылқы - қара малы, 100 жылқы үйге кіргізер, 100 жылқы тоймалына кетіпті. (М.Ж. Көпеев).
Жоғарыда айтылғандай қалыңның көлемі, жолы құдалардың дәулетіне байланысты болған. «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді» деген осыған саяды. Қалыңмал 10 қара шамасында оны «дөңгелек қалың», келісілген ұсақ мал орнына 1-2 ірі мал (жылқы) берілсе – «балама қалың», әйел өліп орнына балдызын алса – «жиырма жеті», яғни осынша ірі қара «олқы қалың» деп аталады.
«Қырық жеті»
«Қырық жеті» (салт). «Осы «қырық жеті» дейтін қалыңмал болуы керек» (С.Мұқанов).
Қазақтың ежелгі әдетінде қыз туғанда - «қырық жеті» ұл туғанда «атұстар» деп сүйінші сұрайтыны немесе «қалыңмалға «қырық жетіні» матап берді» дейтіндері бар. Бұл сөз өткен ғасырларда жиі айтылып, дәстүрде жиі қайталанып және өмірде жиі жасалып жататын қалыптасқан ғұрып болатын. Әрине, «қырық жеті» дегені осынша мал екені әркімге белгілі. Ал ол неге 48немесе 50 емес? 47-ге неге тоқталған? Демек, бұл жай қырық жеті емес, өзіндік ұлттық мәні-мағынасы , ұғымы мен сыры бар «қырық жеті» болғаны. Бұған түсінік бере кеткен жөн.
Біріншіден, қазақ «қырық» пен «жеті» санын ежелден қасиетті, өмір мен тұрмыста құпия сыры мен киесі бар сан деп қараған. Мысалы, «Қырықтың бірі – Қыдыр», «қызға қырық үйден тиым», «қырық күн шілде», «жеті қазына», «жетіскеннің жеті әлпі», «жігітке жеті өнерде аз», «жеті қат жер», «жеті ата», «жеті жұрт», т.б. Олай болса, халық өзінің құдалық салтына қалыңмал санын қырық пен жетіні қосып ырымдап осы санға тоқтаған.
Екінші, анықтаманы халық тұрмысы мен этнографиялық ерекшеліктерін жетік білетін академик жазушы Сәбит Мұқанов берген. Сәбең «қырық жетіні» былайша түсіндіреді. (Түсініктеме кейіпкер атынан берілген С.К.-А).
«Әкемнің айтуынша, оның мәні былай көренеді: бұзаулы сиыр ма, құлынды бие ме, боталы түйе ме, ең алдымен, балалайтын жеті мал беретін көрінеді. Бұған қой мен ешкі кірмейді. Мысалы жеті бие береді дейік. Оның сыртында жеті құлын, жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болуы керек. Сонда бұл отыз бес бас болды ғой.
Балалайтын малдың іштегі төлін де есептейді екен. Оның атын «бүкпе» дейді екен, бұл да – жетеу. Сонда қырық екі болды ма?
Бұған қосылатын малдар: құда болуға уәделескенде күйеудің әкесі қыздың әкесіне «уәдеміз шегедей мықты болсын» деп «шеге ат» дегенді міңгізеді, бұл –бір; екінші – қыздың әкесі құда түсуге келгенде «мінт ат» дегенді береді; үшінші – жекелту бие» дегені болады, онысы қыздың әкесі үйіне қайтып той жасағанда сойыстыққа алатыны болуы керек; төртінші: «түс ат» дегені болады дейді, онысы күйеу қайынатасының үйіне алғаш барып түскенде беретін айыбы болуы керек; бесінші: «өлтірі» дейтіні болатын көрнеді. Мұнысы қыздың әкесі күйеудің әкесіне кеп құда түсіп жатқанда, құдасынан бір қойды алып қайтады да, елінің қатын-қалашына сойып беріп, бір жапырақ етіне шейін таратып береді. Терісін де біреуге береді. Бұл малды тірі күнінде де, сойылғанда да қыздың (әрине, ұзатылған қыздың С. К-А) көзіне көрсетпейді. Қызға еті түгілі, сорпасын да татырмайды. Бұл мал сойылып, еті мен сорпасын жұрт ішіп-жеп тарағанша қызды оңаша бір үйге қамап қояды. Сонымен, манағы балалы малдың саны қырық екі, мына соңғы әртүрлі ырымның малы бес... Барлығы қырық жеті... Қазақтың «қырық жетіні қырқа матап бердім» дейтіні осыдан ғой» (С.Мұқанов «Өмір мектебі», Алматы, 1955 ж. 337-бет).
baq.kz

3170 рет
көрсетілді0
пікір