- Басты ақпарат
- 26 Қаңтар, 2015
Сүгір мен Дәнданай

1921 жылы Жем бойында әли Тауанның асы өтеді. Асқа қырықмылтық Қарасай, көрпе Есмағамбет, қырымқұл Ұзақбай, ескелді Сүгір жыршылар қатысады. Аста Дәнданай мен Балданай атты қосай руының апалы-сіңлілі қос бойжеткені ақын-жыршыларға шай құйып береді. Сүгірдің өнеріне риза болған, бұрыннан да атына сырттай қанық, бірақ ешқандай жүздеспеген Дәнданай жыршы жігітке айрықша қонақжайлық бейіл танытады. Ризашылық сезімдегі Сүгір қарындасына естелік ретінде сақина сыйлап кетеді. ... Арады жарты ғасырдай уақыт өткенде ескелді Сүгір Түркменістанның Кушка қаласында бір монша шоңайдың тойында Дәнданайға дастархан басында ұшырасады. Бірақ оны Сүгір мүлдем танымайды. Сонда Дәнданай шыдай алмай: Ащы судың басында Әли Тауан асында Қамқа бөрік басыңда, Жырлаған Сүгір сен едің, Бір ауыз сөз айта алмай, Қасыңа жақын бара алмай, Жез самаурын, ақ құман, шайды құйған мен едім. Шайға көңілің біткесін, Жыр жырлаған сен едің. Ақылың болса сезер ең, Сақинадан түсініп Бір жауабын берер деп, Алтын балдақ сақина, Қолыма салған мен едім. Алты қанат ақбоз үй, Арнап тігіп өзіңе, Жүректе жатқан терең сыр Тарқатып кетсе деп едім. Әкеңнен қорқып ол күнде «Бата бұзсам болмайт» деп Тілдеспей кеттің бізбенен. Алладан әмір болған күн, Арада өтіп елу жыл, Ел арасы алыстан Пендесі болдым біреудің, Сен қаламай кетсең де, Өтпей қалар деп пе едің, Танымасаң, құлақ сал Сол Дәнданай мен едім. Жүрегіңмен сырласқан Сақина бар қолымда,- деп, өткен күнді еске ала, өзін таныстыра жырлаған Дәнданайға Сүгір сол сәтте былай деп жырмен жауап қайтарыпты: Әли Тауан асында, Жиырма жеті жасымда, Сөйлеген Сүгір мен едім, Ақ саусағың майысып, Ақ көйлегің көлеңдеп, Төңірегің өлеңдеп, Алдымнан өткен сен едің. Ашықтығың ақиқат, Ғашықтығың ақиқат, Оған кәміл сенемін. Амалым жоқ, қайтейін, Әкенің берген батасын Басып өтіп кетуге Бір Алладан сескендім. Әкем еді Бегендік Мекке барып шалғайға, Қолы тиіп көк тасқа Қажы болып келген соң Бата алмадым бетіңе, Кедей қызы озалда, Жазылған шығар маңдайға, Қорабайдың Қайыбы, Қандай еді жазығы?! Ғашықтығы кем бе еді, Есқуат қызы Ақбөбек, Соны да кетті ала алмай, Басымды қосып өзіңмен, Болмасам да жастықтас Мың сұлудан артықсың, Баяғы құйған шайларың, Таңдайда қалды мөр болып, Саламат-есен жүрмісің, Құтты болсын қонысың, Қолыңды бер, Дәнданай, Жұмсақтығы қолыңның Алтын шайған балғадай, Тәттілігі тіліңнің Хиуада піскен алмадай, Ақылыңның көптігі Қайнар бұлақ, арнадай, Намыс болар өзіме, Елу жыл өтіп арада Кездескесін өзіңмен, Қалам ба қарап бекерге, Өзіңе жауап арнамай, Сен қолыма түскенде Болмас еді арманым. Сені ала алмай қалғасын Бұрынғыдай болмадым. Жүйрік емес, жорғамын. Өзіңді ойлап өкініп, Шаршады жүйрік тарланың. Есқуат кетіп соғысқа, Қайта оралып келмеді. Сенің айтқан бір сөзің Есіме түсіп сол күні Бармағымды шайнадым. Атақты қосай аржағың, Көтерген жүктің салмағын, Қатесі болса, ғафу ет, Кездескен соң өзіңмен Көтеріп көңіл арманым, Мінгізген саған атым деп, Осы сөзді арнадым,- деп Сүгірекең өзінің бар сыры мен шынын айтып, ұзақ түн бойы сөйлескен екен.
Ел ауызынан жинаған Нұржігіт Арықбайұлы
Шайыр ауылы,
Маңғыстау облысы

3993 рет
көрсетілді0
пікір