Жүз доллар

Бағы шапты ма, әлде бабы шапты ма, кешегі күнге дейін қалпағын қоқырайта киіп, мына думанды тіршіліктерінің өңін өмірі өзгермейтіндей көретін бастықсымақтарды барынан айырып, ал енді көптің бірі болып, көзге еленбей жүргендерді көкке көтерген қитұрқы заман Әлкенге құт болып жабысты. Ә дегенде Әлкеннің аты Алматы жақтан дүрілдеп естілгенде аядай ауылдағылардың жасы бар, жасамысы бар, түгелдей мәңгіріп, есінен танып қала жаздаған. «Ілгеріде мына жаман Мырзабайдың нағашы жағында пәленбай деген бай өтті деуші еді, әй, Әлкен дәу де болса соған тартты-ау, шамасы» деп күні кеше ғана көше кезіп сенделіп жүретін Әлкеннің еті тірлігін оның тал бойындағы қасиетіне қимай, оны өзге жұрттан іздестіргендер де, «Апыр-ай, жаман Мырзабайдан пысықтығы жүзіктің көзінен өткен осындай ұл туады деп ойламаппыз» деп қарадай күйінгендер де аз кездеспеген. Әй, қазақ-ай десейші, содан кейін-ақ ауылдағы әңгіменің ұзын-ырғасы Әлкеннің қабілет-қарымы мен байлығы төңірегіндегі таңдай қақтырып, тамсандыратын қызықты хикаялардың төңірегінен шырқ үйіріліп шықпай қойды. Әдепкіде Алматы жақтан «Несін айтасың, Әлкен үлкен базар ұстайды екен» деген әңгіме дүңк ете қалып еді, іле-шала «ойбай-ау, сен оны айтасың, ол енді аты жарнамадан түспейтін үлкен копорацияның дөкей бастығы болыпты» деген хабар тағы да келіп жеткен. Бар-жоғы елі қаралы түтіні бар ауылдағы бұрыннан ілік-шатысы бар құда, құдандалы ағайынның біреуі мақтанған, біреулері жарылардай болып күйінген. Алайда алыпқашпа әңгіменің соңы көп ұзамай-ақ шындыққа айналды. Әуелі ауыл шетіндегі Мырзабайдың әбден ұсқыны кетіп, үстіне алабота өсіп кеткен жәдірейген жаман үйі бұзылып, орнына ай жарым уақытта айналасы қоршалып, маңайына тас төселген ертегідегідей ғажайып баспана пайда болды. Кешеге дейін жаман «Москвичін» тырылдатып, үсті-басы май-май болып жүретін бауыры Сәлкен Алматыға барған бір сапарында жалт-жұлт еткен шетелдің су жаңа төбедей көлігін мініп келгенінде жұрттың тіптен есі шығып кеткен. Бұл ағылып-төгілген ен байлықтың басы екен, оның соңын ала қора-қора қой қаптап, шұжық цехы мен кірпіш зауыты дүрілдеп іске қосылғанда Сәлкеннің азан шақырып қойған аты өшіп, ел-жұрт қалақтай қара жігіттің соңынан «Сәкелеп» құрақ ұшып жүгіретін болған. Өтірік, шынын кім білген, аудан әкімінің өзі де Сәлкенмен сансады-мыс дегендей де әңгіме бар. Осының бәрі нарық басталғанша әр кәсіптің басын бір шалып, тұрақтамай жүрген Әлкеннің табан астынан нанының көтерілгендігінен еді. Бұған дейін жаман тамының іргесінде күн шуақта жүзін беріп, ұйқылы ояу маужырап отыратын кемиек қара кемпірге сәлемдерін сәндетіп келетіндер мен жағымпазданатындар көбейген. Екі баласының ен байлығы бір кездердегі өңі жүдеу кейуананың еті қашқан саусақтарына тағылған томардай алтын сақиналар мен үстіндегі оқалы киімдерінен-ақ менмұндалап көрініп тұратын.

Осы бизнеске араласқан он жыл ішінде текетірескен талайлардан айласын асырып, талайларды табанына салып таптаған, қазір аты мен атағы алысқа кеткен Әлкен бүгін тым көңілді еді. Ыңылдап ән салғысы келіп еді, әшейінде көмейіне құйылып тұратын әуен ырғағы біртүрлі шашырап шықты. Қақпағы жалт-жұлт еткен кішкентай қорапшаны ашып, алтын белдеулі сигардың бірін алып тұтатып еді, аумағы атшаптырым келетін бөлменің ішіне себездеп хош иіс тараған. Оны қолымен әрі-бері жасқап қуып, таратқан болды. Үстелдің астындағы бармақтай түймешені тыз еткізіп басып, тырна сирақты қызына кофе алдыртты. Бөксесін алма-кезек төңкеріп тастап келген хатшы қыздың құлын мүсінін Әлкеннің ашқарақ жанары аймалап есікке дейін ұзатып салды. «Антұрғанның әдемі екенін қалайша байқамай келгенмін» деп ойлады. Тіпті «Сәл тізе бүк, кофе ішейік» деп айтқысы да келген, тек буын-буынын байлап, матап тастаған әлдебір кісілік паңдық қана ырық бермей, тежеп тастады. «Ендігі жетпегені хатшы қызбен кофе ішу еді ғой». Алдындағы бір жапырақ қағазды ақырын ғана аялап, сипап қойды. Осыған дейін әлденеше рет қарап шыққан жүз мың деген цифрды жанары тіміскілеп жүріп, тағы да тауып алып еді, бойына алақұйын жүгіріп, мүлдем масаттанып кетті. Тәңірім-ау, жүз мың доллар». Қас-қағым сәттерден кейін корпорацияның шотына ақшаның сауылдап құйылатындығын ойлағанда атшаптырым бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп, аралап кетті. Бұрынғы-бұрынғы ма енді, ешкімге әл бермей, ұзаққа шабатын болады. «Көріңдер, Әлкеннің кім екендігін, көріңдер. Сыртымнан көк есегін митыңдатып жүретін жаман Мырзабайдың баласы деп саусақтарыңды шошаңдатушы едіңдер, ал, көріңдер, күлкілеріңді күмірә етейін». Әлкеннің есімі игі жақсылар мен ауқаттылардың қатарына іліккелі бері жыртықтарын жамай алмай жүріп, өзгенің мініне жыртыңдайтындардың үні өшкен. «Әлеке, Әлкенжан, Мырзабай атамның баласы». Бір барғанында ауылдағы сақал сауған қариялардың иығына шапан жауып, бастарына құндыз бөріктерін қисайта кигізіп, астарына ат мінгізіп еді, қу жоқшылықпен алыса-алыса қалжырап, ақыры дүние деген қызыл көз пәленің сиқырына байланған шалдардың өздері Әлкеннің шашбауын көтеріп, шалғайына орағытылған. Аста-төк мол дастарқанның үстінде кешегі күнге дейін жаман деген аты қоса айтылып келген Мырзабайдың кісіге жасаған жақсылықтары теріліп айтылып, көзі тірі қара кемпірді қолпаштап сөйлеушілердің әсіремақтауларынан бас айналып, құлақ тұнған. Ағайынның жалт-жұлт еткен жанарларында «апыр-ау, осы кемпірдің орнында мен неге болмадым екен» деген қызғаныш оты лапылдаған. Құдайдың берген бағы шығар. Әйтпесе қора тазалап, қи ойып жүрген Мырзабайдың баласы берісі аудан мен облысты қойып, республика көлеміндегі ауқатты адамдардың қатарына қосылады-ау деген тосын ой осындағылардың өңі түгіл, түсіне кірмеген нәрсе еді. Амал қанша, тәңірі қолдап еді, шатқаяқтаған шаруасы түзеліп, қыңыр тартқан қырсықтан көзі ашылды. Әлкенді шыңырауына шым-шым тартып кеткен әдемі ойдың тәтті әсерін хатшы қыздың «Әлкен Мырзабаевич, сізге ауылдан Қуандық деген ініңіз келіп тұр» деген хабары тоз-тоз етіп жіберді. «Құдайым-ау, бұл қайсысы тағы?». Есіктен үстінде Қытайдың арзанқол күрткесі бар өңі жүдеу жас жігіттің басы қылтиған:
– Ассалаумағалайкүм, Әлкен аға!
Атшаптырым бөлмедегі сән-салтанаттың мысы басты ма екен, шекесінен тері сорғалаған бозбала табалдырықтың тұсында кідіріп қалды.
– Күләш апам сізге сәлем айтып, хат жазып жіберіп еді. Саусақтары дірілдеп, бір жапырақ қағазды Әлкенге зорға ұсынды. Айбақ-сайбақ жазуынан таныды, апасының хаты.
«Жарығым, амансың ба, біз де түгел аманбыз. Сәлкенжан қайбір күні тұмауратып ауырып қалып еді, шүкір, бүгін басын көтеріп, орнынан тұрды. Айтпақшы, Тұрғара көкең қайтыс болған, марқұмның жаназасына адамдар көп жиналды. Есіңде ме, өзіңді атқа мінгізіп, ылдидағы қауынның басына апаратын бетінде тарыдай меңі бар Тұрғара көкең ше, ұмытпаған шығарсың.
Жарығым, мына бала Төленбек көкеңнің баласы. Баяғыда өзіңді құлқын сәріден тұрғызып, жұмысқа әкететін ферме бастық ше. Әлкенжан, ағайын адам ғой, мына ініңе көмектес. Апаң Күләш. Әлкен латын қарпімен жазылған хатты зорға дегенде ежіктеп оқып шықты. «Телефонмен айта салатын әңгімені... Әй, қайран қазақ-ай».
– Е, Төкеңнің баласы екенсің ғой.
– Иә, аға, сол кісінің кенжесімін. Ауылда лайықты жұмыс табылмағаннан кейін... Қуандық самайын сипап, күбіжіктеп төмен қарады. Әлкен ойланған кейіп танытып, тесіле қарап еді, онсыз да борша-боршасы шығып терлеп тұрған Қуандық тіптен қысылып кетті.
– Ал, сонда қолыңнан қандай шаруа келеді?
– Сол шопырмыз ғой баяғы, – деді ол міңгірлеп.
– Апам айтқаннан кейін бір мүмкіндігін қарастырып көрейін, ертең кел, – деді.
Бойы ұстындай Төленбекті қалай ұмытсын. Жұмысқа шықпай қалсаң, жеті атаңды сыпыра боқтап, «түгел соттатамын» дейтін Төленбек емес пе. Бірде осы ферме бастықтың жұдырықтай Мырзабайды дүйім жұрттың алдында кемсітіп, қатты ұялтқаны бар. Күздің қара суығының қатайып тұрған күндерінің бірі болатын. Үстіндегі ескі күпәйкесін қайта-қайта қаусырынып, бүрсеңдеп тұрған Әлкенге тесіле қараған Төленбек салған жерден:
– Мырзеке, кемпірің екеуің тышқаншылап дүние жинап, сандыққа баса бергенше, мына баланың үстін бүтіндемейсіңдер ме, қарашы пошымына, – деп қалған. Әкесі марқұм қып-қызыл болып жерге кіріп кете жаздады. Әкесі әпермейін деді дейсің бе, бәрі де қолды байлаған қу жоқшылықтың әлегі ғой. Апырмай, бұған Құдайдың әлі келмесе, адамның әлі келмес деп жүрген сол Төленбек қазір інісі Сәлкеннің малын бағады. Қатал тағдыр мұның үстіндегі қырық құрау күпәйкесін шешіп алып, бейне бір Төленбектің иығына жаба салғандай. Құдай шебер. Бір кездері оқтау жұтқандай сіресіп, ел-жұрпен қолының сыртын беріп амандасатын Төленбекте қазір сол аспандаған пандықтың ізі де қалмаған. Бара қалса, иесінен әлденәрсені дәметкен күшіктей қалбалақтап, шалғайына орағытылады. Құшақтап, кемсендеп жылаған болады. Мүсәпірлік-ай, қайбір ет-бауыры езіліп тұр дейсің, оның мысын басып тұрған Әлкеннің мансабы мен қисапсыз дүниесінің буы шығар. Дүние алма-кезек деген осы. Кешегі сұқ саусағын шошаңдатып, «құдайыңа бар» деп тепсінетіндер бүгін жәутеңдеп, сәлем дәметіп, көзге ілінбей жүргендер аспандап төбеден қараса ол да өмірдің заңдылығы шығар. Әлкеннің абыройын асқақтатып, атақ мансабын көтерген ен байлықтың басында қарызданып, қауғаланып жүріп сатып алған көне «Жигулиі» тұр десе, былайғы жұрт оллаһи сенбес еді. Аласапыран заманның алғашқы жылдары сол күдікті пұлдап, ақшасына ағаш сатып алып еді, құданың құдіреті, жолы оңғарылып, қолы бір жүрді дейсің. Ақыры сол базарды өзі сатып алды. Қу дүниенің құдіретін сонда байқаған. Күні кеше көзге ілмегендер алдына түсіп алып жортақтаған. Ақша адамды өзгертеді деген рас екен. Өткен өмірдің үзік-үзік көріністері ойына оралып, жұдырықтай жүрегін сыздатқанымен, өзіне тән қиыншылығы мен қызықшылығы бар сол жұпыны тіршіліктің өшіріп тастауға болмайтын ащы шындығын Әлкенге мойындата бермейтін бір алақұйын тәкаппарлық бар. Құдды баяғы Төленбек тәрізді. Бір кездері өзінің матасы бұрқыраған жыртық көрпенің астында өсіп, білте шамның өлімсіреген жарығымен кітап оқып жүріп ержеткенін мойындау Әлкен үшін үлкен мін сияқты. Әркімнің тұқым-тұқиянының тамырын қазбалап, қуа берсең, кезінде кім кім болмады десің. Атақты ақсақ Теміріңнің өзі қарадан шығып, хан болмады ма. Қайбір күні ығай мен сығай бас қосқан отырыста Әлкенді жер-көкке сиғызбай мақтаған бір ақынсымақ марапат сөзін Махамбет ақынның «Жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас тегіне» деген өлең жолдарымен аяқтаған. Іштей түйіліп қалды. Сонда әлгі сабазың Махамбеттің өлеңі арқылы Әлкеннің қой бағып, қора тазалағанын тұспалдап айтқысы келді ме екен. Өзгенің байлығына өлердей қызғанышпен қарайтын тұрмысы жүдеу пенделер ғана шегесі ретсіз қағылған өмірге ылғи да осылай өкпелі келеді. Ау, тәңірі бермеген байлықты тартып аласың ба, бейшаралығыңды қабілетіңнің төмендігі мен маңдайыңның тайқылығынан көр.
Бағаналы бері тілін тістеп тұрған телефон шыр ете қалғанда Әлкен өзінің жұмыста едәуір бөгеліп қалғанын байқады. Келіншегі екен:
– Тәңірім-ау, жалғыз өзің жұмыста әлі отырсың ба? Сені әні келіп қалады, міне келіп қалады деумен моншада күтіп отырғанымызға үш сағат болған шығар.
Әлкеннің достарымен моншаға баратындығы сонда ғана есіне түскен. Жылдам киініп, есіктің алдында қаңтарулы тұған сүліктей қара машинаның артқы жағына барып жайғасқан.
Саунаның алдындағы қара-құрым жұрт Әлкенді қауқылдасып қарсы алды:
– Раушанның Әлекең жоқ дегеніне қарап, бұл сабазың қай келіншектің қолтығында кетті екен деп елеңдеп отыр едім, – деді үлкен бір фирманың бастығы Қожақ. Әңгімеге енді араласа берген Әлкеннің ұзын пальтосының етегін әлдекім тартқандай болған. Қараса, жанында беті кір-қожалақ қазақтың қара домалақ баласы тұр:
– Ағай, ақша беріңізші, – деді ол алақанын жайып.
– Ол ақшаны не істейсің? – деді Әлкеннің жанындағы біреу сөздің соңын қалжыңға айналдырып.
– Апам ауырып жатыр еді...
Әлкен қалтасына қол салып еді, саусағына тұтас жүз доллар іліккен. Мырзалықпен бергісі-ақ келген, тек жеме-жемге келгенде іштарлық жасап, көзі қимады. Раушан бүйірі бұлтиған қомақты әмиянындағы қобыраған көп ақшаны аударыстырып жүріп, әрең дегенде арасынан екі жүз теңгелікті зорға тапты:
Мә, ал да, бұл жерге енді қайтып жолама, – деді сұлу келіншектің суық жанары сес шашып.
– Апырмай, осындай қайыр тілеп жүретін қаңғыбас балалар қайдан шығады екен, – деп қалды үлкен бір фирманың бастығы қайта-қайта басын шайқап.
– Е, бұлар сөйтіп пайда табады ғой, – деді үшіншісі.
Бұлар осылай гуілдесіп тұрғандарында ту сырттарынан көлік доңғалағының шайнасқан шиқылы мен әлде нәрсенің соқытығысқан даусы естілген.
– Өлді-ау, сорлы, өлді-ау, – деп дәл қасынан әлдекім жүгіріп өте шыққан. Жұрт лезде арадай құжынап, жиналып қалды. Адам қаққан көліктің жүргізушісі екі шекесін тоқпақтап, еңкілдеп жылады:
– Құрыдым-ау, сотталатын болдым-ау.
Әлкен тас жолдың үстінде қимылсыз жатқан баланы жазбай таныды. Жүрегі дір ете қалды. Осы әлгінде ғана өзінен алақанын жайып, ақша сұраған бала. Тарс жұмылған нәзік саусақтарының арасынан умаждалған екі жүз теңгеліктің қанға бөккен шеті көрінеді. Кекіл шашы желбіреген жас баланы дәрігерлер зембілге салып, көтергенде, оның нұры сөніп бара жатқан жанары Әлкенге біртүрлі жымиып қарағандай болды. Әлкеннің қатып қалған жүрегіне қан жүгіріп, бетін жас жуып кетті.
– Сорлы-ау, саған не болды соншама өз балаң өлгендей егіліп, – деді Раушан күйеуінің жүзіне таңырқай қарап, – жүр, жұрт күтіп қалды. Әлкен келіншегінің нәзік саусақтарын қағып тастап жүре берді. Соңынан далақтап, «Әлекелеп» жүгіргендерге де қайырылып қарамады. Көктемнің ызғары бар өкпек желі өңменінен өтіп бара жатса да, пальтосының өңірін қымтамады. «Құдай-ау, осы біз не үшін өмір сүріп жатырмыз?! Тірлігінде нәпсіңе от тастайтын, ал көзің жұмылар сәтте түкке аспай, қи есебінде қалатын сол дүниеден не пайда?! Ол талайлардан қалған, әлі де қала бермек. Сондай талқаны таусылар сәтті бүгін талтаңдап жүрген Әлкеннің де жарық дүниеге жанары бозарып қарап жатып, жалғыз күтіп алатын күндері есіктен сығалап тұрғандай Әлкеннің денесі мұздап кетті. Алда ғана алдамшы ит тіршілік-ай! Әлкен тілінің ұшына қайта-қайта жалтылдап келе берген сауалдарға жауап таба алмай мүдірді. Қалтасын сипап, беторамалын іздеп еді, саусағына бүктетілген жүз доллар ілікті. Әлгінде ғана көзі қимаған қу ақша алақанында әзәзіл болып шытырлайды. Әлкен жүз долларды ойланбастан майдалап жыртып, тастай салды. «Ағайын-ау, пейіліміз неге сонша тарылып кетті. Ау, бәріміз де бүгін төрде отырғанымызбен, ертең тастай қараңғы көрде жататын жалған дүниенің жұмыр басты пендесі емеспіз бе. Тегінде, жомарттығы жоқ адамнан сақылық шықпайды деген сөз рас-ау. Әй, шықпайды-ау. Қайран Махамбет-ай, қалай біліп айтқансың, қайран Әлкен бетінен тарамдала аққан жасты да сүртпеді. Түнерген аспан бір күркіреп алып, сіркіреп қоя берген.
Алматының аспаны да жылап тұрғандай еді...
Елеусіз Мұратов