Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Қаңтар, 2015

Тіркеуді талап ету – Конституцияға қарама-қайшы келеді – Дос Көшім

Биылғы жылдаың жаңалықтардың бірі – тіркеуді талап ету. Белгілі саясаттанушы Дос Көшіммен болған сұқбатымыз осы мәселе және ішкі көші-қоңды реттеу қажеттігі, ауыл халқын қозғалтпаудың әдістері мен жолдары төңірегінде өрбіді.

Дос КошимДос Көшім

– Дос аға, 2015 жыл Қазақcтан азаматтары үшін тосын жаңалықтарымен басталды. Соның бірі, тіркеу мәселесі туралы. Жаңа заң талабын басшылыққа алар болсақ, 2015 жылдан бастап, өзі тіркелген жерінде тұрмаған азаматтар да, пәтеріне артық адам тіркегендер де жауапқа тартылып, айыппұл төлеу керек екен…

– Ұмытпасам, 1992 не 1993 жылы Қазақстанда тіркеме тәртібі жойылды. Бұған менің досым, құқық қорғаушы Евгений Жовтис көп еңбек сіңірді. Өйткені, біздің Конституциямызда өмір сүру еркі кепілдендірілген. Яғни, кез келген адам қалаған жерінде өмір сүреді, бұл оның өз еркі. Бұл әлемдік тәжірибе. Егер, біз Конституциямызға демократиялық мемлекетпіз деп жазсақ, онда мойнымызға алған міндеттемелерімізді орындауымыз керек. Сондай-ақ, осыдан үш жыл бұрын Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойдық. Демек, біз халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерімізден бас тарта алмаймыз. Конституциямызда халықаралық конвенциялар мен заң актілерінің Қазақстан заңнамасы алдында басымдыққа ие екені айтылған. Демек, тіркеу тәртібін енгізген адамды заң талабын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуға болады. Бізде «прописка», яғни, тіркеме деген ұғым жоқ, оны тіркеу алмастырған. Тіркеу – мемлекет өз азаматтарының қайда тұратынын білуі үшін қажет. Яғни, адамдардың тіркелуі – тек оның заңды мекен-жайы туралы мәлімет. Ал бізде сол тіркеуді – жұмысқа тұру кезінде де, балаларын мектепке немесе балабақшаға орналастыру кезінде де талап етеді екен. Бұл – заңсыздық. Қазір қайда тіркелдің, сонда тұрасың деген талап қойып жатыр. Ал бұл өрескел заң бұзушылық.

Меніңше, бұл соңғы жылдарда өріс алып бара жатқан экстремистік, террористік әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында Үкімет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар. Алайда, бұл әрекеттер заң бұзушылыққа жол бермеуі керек еді. Екіншіден, біздің елімізде ішкі миграцияның қарқыны өте жоғары. Яғни, ішкі миграцияға тосқауыл қоюдың тағы бір амалы.

– Осыдан он жылдай уақыт бұрын ішкі миграция туралы заң қабылдау жөнінде бастама болған еді…

– Ол бастаманы «Шаңырақ» қоғамдық ұйымы көтерген еді. Ұйым ішкі көші-қон туралы заң жобасын да жасады, бірақ ол Үкіметтен әрі аспады. «Халықтың көші-қоны туралы» заңның ішінде ішкі миграция туралы 1-2 сөйлемнен аспайтын бір ғана бап бар. Дүниежүзінің көптеген мемлекетінде «ішкі миграция» деген заңды термин бар. Біз сол терминді енгізуге күш салдық. Алайда, дегенімізге жете алмадық? Ал бұл термин бізге керек. Өйткені, сыртқы миграциямен салыстырғанда, ішкі миграция 2-3 есеге жоғары. Үкімет осы ішкі көші-қон туралы заңды қабылдап, урбанизацияны реттеудің орнына, кеңестер одағының тәжірибесіне сүйеніп, шектеулерді енгізе бастады. Ал олардың залалы, ең алдымен, қазаққа тиеді. Өйткені, ауылда тұратын да, ауылдан қалаға қоныс аударушылардың да да басым көпшілігі – қазақтар. Алайда, шектеулердің соңы жақсылыққа апармайды. Бұл жерде ұтатын бір ғана нәрсе бар, ол – жемқорлық. Біз жемқорлыққа жол ашып беріп отырмыз. Ауылда халықты күшпен ұстап тұра алмаймыз.

Ауыл халқын ұстаудың бір жолы – ауыл коэфицентін енгізу

– Кеңестер одағы кезінде бір жақсы жүйе болған еді. Ол ауыл халқын ынталандыру, оның ішінде, қаржылай ынталандыру. Мысалы, қиыр шығыста, жұмыс істейтіндерге белгілі бір коэфициент төленетін. Және ол жақта он-он бес жыл тұрғандар басқаларынан 2-3 есе көп еңбекақы алатын. Яғни, нақты материалдық қызығушылық болмаса, қазіргі нарықтық экономика заманында ешкім идеология үшін ешқайда бармайды. Демек, халықты ауылда ұстап тұру үшін де, қазір Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан оңтүстіктің халқын солтүстік өңірлерге көшіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін де ынталандыру, әсіресе, материалдық ынталандыру қажет.

– Сіз айтып отырғандай шаралар қолға алынып жатқан сыңайлы. Қазір «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Онда оралмандарға өңірлік квота белгілеу туралы бап бар екен. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген адамдарға арналған арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған екен.

– Естеріңізде болса, 2009-2010 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасы болған. Сол бағдарлама бойынша, Көкшетау, Курчатов, Өскемен қалаларында оралмандарға арнайы тұрғын үйлер салынды. Оған алыс-жақын шетелдерден келетін оралмандар орналастырылды. Алайда, жұмыспен қамтамасыз ету ісі жүзеге аспады. Арнайы салынған үйлердің сапасы талапқа сәйкес болмады. Демек, біз халықты бір рет алдадық. Қазір оралмандарға өңірлік квота беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Бұл да алдыңғысының кебін кимеуі керек. Мен осы бағдарлама жүзеге асып жатқан кезде, оралмандармен 32 кездесу өткіздім. Мәселен, Курчатов қаласында болғанымда 400 отбасына кеңес әскерилерінен қалған бір үйді дайындапты. Дайындады деген аты ғана, есік-терезелері орнатылмаған, үңірейіп бос тұр. Халқының басым көпшілігі орыстілді болғандықтан, шеттен келген қазақтарға нан сатып алудың өзі әжептеуір қиындықтар тудырған. Қоныс аударған халықты толығымен жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде уәден берілсе де, олардың тек 23 пайызы еңбекпен қамтылған. Менің білуімше, «Нұрлы көш» шеңберінде 22 жоба жүзеге асырылуы керек еді, бірақ олардың төртеуі ғана іске қосылды. Сол кезде «Нұрлы көш» жобасымен таныстыруға Бердібек Сапарбаевтың (сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі) Алматыға келгені бар. Мен оған: «Кез-келген бағдарламаның басы бар, аяғы бар. Жақсы, қазір басталып жатыр екен. Аяқталуы қашан? Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қанша ақша бөлінді?», – деген сауал қойдым. Өкінішке қарай, сұрағым жауапсыз қалды. Демек, ол бағдарлама емес, идеологиялық жұмыс. Жалпы, бізде бағдарлама жасауды білмейді. Кез келген бағдарламаның басталуы аяқталуы болу керек. «Нұрлы көштің» де басы басталды, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.

– «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бар, оның аяқ алысы қалай?

– Мен ол бағдарламамен таныс емеспін. Бірақ, ол да осылардың аяғын құша ма деп қорқамын. Себебі, қазір Қазақстан қиын жағдайды басынан кешіріп жатыр. Ресеймен бір экономикалық одақта болғаннан кейін, оған салынған санкцияның ызғары бізді айналып өтпейтіні анық. Мемлекет бұл бағдарламаның өміршең болатынына кепілдік бере алмай отыр. Бұл бағдарлама бір жылдық бағдарлама емес қой. Бюджеттің жайы қалай болатыны әлі белгісіз. Өйткені, еліміздің қаражат қоры шикізатқа, мұнай бағасына тәуелді. Назарбаев 2014 жылғы дәстүрлі Жолдауында Қазақстан бюджетінің мұнайдың әлемдік бағасы 40-30 долларға дейін түсіп кетсе де, дайын екендігін айтты. Бірақ, халыққа нақты қандай бағдарламалардың қысқаратындығын түсіндірген жоқ. Демек, біз қай жағынан дайын екенімізді білмейміз. Ал бір күні аталған әлдеуметтік бағдарламаларды қысқартып тастаса, үмітіміздің тас-талқаны шығады.

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

365info.kz

1270 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз