Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 06 Ақпан, 2015

Нараның жылы жаңбыры

Sharafat-227x300
Шарафат Жылқыбаева
Ғалым, жапонтанушы,  аудармашы.  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Республикалық жас ғалымдар байқауының, республикалық жас аудармашылар байқауының жеңімпазы. 2006 жылғы республикалық және Орта Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайыстарының жүлдегері. Жапонияның Осака аймағындағы Кансай жапон тілі институында оқыған.  Республикалық және шет ел баспасөз беттерінде жарияланған жапон-қазақ байланысы жайында жазылған екі жүзге жуық ғылыми, танымдық, публицистикалық мақалалардың авторы. «Күншығыс аңыздары» (2010) және «Қызыл қақпаның құпиясы» (2013) кітаптары «Жалын» баспасынан жарық көрген. 2011 жылы Жапонияның аймақтарын аралап, Күншығыс елінің тарихы, әдебиеті, тілі мен мәдениетіне қатысты деректерді жинап, жапонның бес жүзге жуық фольклор мұрасын қазақ тіліне тікелей аударған. Жапонияның Еуразия ғалымдары мен жазушылары Одағының мүшесі.
Неизвестный объект
 Осакадан шыққан электр  пойыз  ішінде  жолаушы ақсақалмен әңгімелесіп отырмыз. Қолымызда «Қазақ әдебиеті» газеті. Пойыз ішінде танысқан қария газеттің әр бетін парақтап, суреттегі ақын-жазушылар туралы сұрақтар қойды. Басылымның қашан шыққанын, кімдер қызмет атқаратынын тәптіштеп сұрады. Сыртта күздің жылы жаңбыры. Иә, бұл жақтың жаңбыры да жып-жылы. Нара стансасынан түсіп, шаһарды аралай бастадым. Алдымен ақпарат тарату орталығына кірдім. Нөсер төгіп тұрған тайфун кезі болса да  мекеме  ішінде отырғым келмеді. Тоудайдзи тарихи сарайынан бастап бүкіл бақты аралап шықтым. Үстім малмандай су болса да  Нараның  жаңбыры көңіліме жылылық ұялатып, әлгінде ғана жолаушы қарттың «жақсы дүниелер атқарылып жатыр екен» деген жылы сөзі жүрегіме нұр құйғандай боп,  көше кезген еліктердің арасында келемін. Бұл  шаһар неткен ыстық еді! Қыркүйектің бел ортасы болса да күздің суығы еш сезілмейді.  Нарттай қызыл алмасымен атақты Алматыдан барған соң Нараны жаяу кезуге бел буғанмын. Өйткені бұл шаһарда бағзы замандағы Алма Атадай әулие Хидзиридің қолтаңбасы бар. Жапонияның басқа да өңірлерін араласам да Нараға деген ықыласым ерекше. Тұрғындары да жақсы танитын адамдай  жымия амандасып, шүйіркелесіп сөйлесе кетеді. Урбанизацияның ешқандай белгісі жоқ, көне күйінде сақталған Нара шаһарының ауасы да ауылдікіндей мөп-мөлдір, ежелгі астана болған кезінен бергі барлық сарайлар, ғибадат үйлері еш өзгеріссіз сол қалпында сақталған. Көшелерінде жарнама ілінбеген. Биік ғимарат атымен жоқ. Шағын автокөліктер қаптаған еліктердің жүрісіне кедергі келтірмейді. Жолдан елік өтсе машина иесі тоқтай қалып жол береді. Мемлекеттік баққа қарайтын көне сарайлардың барлығы ағаштан тұрғызылған, саздан қаланған. Көнелігімен де тартымды, жұмбақ сырға толы.
g
Нара бір жарым жылда салынған шаһар. Атауы Хэйдзйокйоу деп таңбаланғанмен, «Нараномияко» (Нара астанасы) деп аталған. Судзаку сарайдың алдыңғы қақпасы болып табылады. Биіктігі жиырма метр, қос қабатты қақпа шетел делегациясын қарсы алатын орын ретінде халы-қаралық роль атқарған. Нара ел астанасы болған заманда салынған Тоудайдзи — ұлы Шығыс ғибадатханасында ұлы шеберлердің қолының табы қалғандай. Бүгінде маңызы зор мәдени мұра ретінде қорғауға алынған бұл кешендегі Дайбуцудэн дүниежүзіндегі ең үлкен ағаш ғимарат ретінде белгілі. Нарадағы үйлер де алғашқы кейпін сақтап отыр. Әлемдегі ең көне ағаш ғимарат та Нарада. Хоурюдзидің Кондоу сарайының оюлы жақтауларына қарап тұрып, тозды деуге болмайтын көне өркениет туындысы қаншама дәуір өтсе де өзгеріссіз қалғанына таңданасың. Мыңжылдықтардың куәгері боп тұрған Дайбуцудэн сарайының ені о баста 87 метр болыпты. Бұның ішіне Нью-Йорктың символы саналатын «Бостандық монументі» сыйып кетеді екен.
Тоудайдзи, Тоуфукудзи, Касуга, Хйодзйо, Хоурюдзи, Якушиджи, Тошйодайдзи сарайларын аралап жүргенде өзің өмір сүріп жатқан заман есіңнен шығып кетеді. Тұнық ауа, жанға жайлы климат, алып дарбазалар мен шағын шарбақтар, мөлдір бастау суы, балығы алаңсыз жүзген айна көл —  нағыз ауыл көрінісі.
Бұл жақта ағаштар сарғаймайды. Бақ іші қызыл күрең түске қазан туа боялады. Ал қыркүйекте айнала жаздағыдай жап-жасыл. Нараның мемлекеттік бағындағы жотада отырғанымда  сөмкемдегі газеттерге дейін су өтіп кетіпті. Күн де кешкіріп қалған. Ағаш діңгекті көне сарайлардың арасымен өтіп, Нара орталық кітапханасын іздеп таптым. Директорына кіріп, «Қазақ әдебиеті»  газетінің  бірнеше санын тапсырдым. Мацушима Тэйичи сан бұл нөмірлерді арнайы мұрағатта сақтайтынын айтып, жылы лебізін білдіріп, редакцияға сәлем жолдады.  Стансаға қарай бет алғанымда теңізден ыстық жел есіп тұрды. Электр пойызға отырып, Осакаға қайтып бара жатып, алыстағы елге апарған ағалардың ыстық ықыласы емес пе деп ойладым.
Иә, «Қазақ әдебиеті» газетін хат танитын жасқа жеткелі бері оқып келемін десем де болады. Мектепке бармай тұрғанда неге екені белгісіз «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты қазақ басылымдарын үлкендерден жасырып оқитын әдет болыпты. Анамның «Бұл газет-журналдарға ұзын романдар, күрделі мақалалар шығады. «Ұлан», «Балдырған», «Веселые картинкиді» оқымайсың ба?» дегеніне қарамастан ол кісі жұмысқа кеткенде ұрланып оқып, орнына қайтадан қойып қоятынмын.
Кейін университетте оқып жүргенде социологиядан дәріс оқыған Ілияс Айтымбет ағай барлық факультеттің студенттеріне бағыт-бағдар беріп, газет-журналдарға мақалалар жазуға шақырды. Содан университеттің газетінен бастап республикалық, халықаралық басылымдарға мақалалар жаза бастадық. Біздің шығармашылық қалыптасуымызға, тұлға болып өсуімізге университеттегі барлық ұстаздар өлшеусіз үлес қосты.
Студент кезімізде «Қазақ әдебиеті» газеті кез-келген автор жарияланбайтын, тек аса талантты адамдардың өмірі мен ірі жазушылардың көрнекті шығармалары ғана жарияланатын басылым деп ойлайтынбыз. Расында солай еді. Отбасындағы тәрбие, ата-ананың баланы жазу-сызуға бейімдеуі, әрине бәріне негіз болғаны белгілі. Студент кезімде «Қазақ әдебиетіне» берген мақаламды бөлім меңгерушісі суреттеріммен қоса жоғалтқаны есімде. Сонда бас редактор Жүсіпбек Қорғасбек әлгі жігітті шақырып алып «Сен өзің де осындай бала боп едің ғой. Мақаласын неге қарамайсың?» деп ұрысқаны есімде. Жүсіпбек аға «Махамбеттің бір өлеңі» және Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы туралы жазылған «Ай толғанда абай бол немесе бір шығарманың мегаөрісі» деп аталатын екі мақаламды шығарып берді. Нараның жылы жаңбыры бойымды қалай жылытса «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеген ағалар жүрегіме сондай жылылық сыйлады.  Әкем болмаған соң сол кісілерге қарап, әкенің жиынтық образын ойша жасап алатынмын. Менің қалыптасуыма сол кездегі редактордың орынбасары болған Әмірхан Меңдеке көп еңбек сіңірді.  Ол кісінің көрінгенді қабылдай бермейтін қаталдығы, талғампаздығы мені шыңдады.
Қабылдауына барарда қатты дайындалатынбыз. «Күрделі сұрақтар қояды ғой,  сүрініп кетпесек екен» деп тырысатынбыз. Содан жапон тілінен аудармаларым шыға бастағанда Әмірхан аға «ой, алтыным» деп қоятын. Мен бұл сөзге кәдімгідей мәз боп, қанаттанып қалатынмын.  Содан телефон соққанымда ол кісі «ой, алтыным» демесе, «бұл жолы айтпағанына қарағанда жазғанымнан бір кемшілік тапқан болар» деп, іштей қиналатынмын да, өзімді бұрынғыдан да жетілдіруге ұмтылатынмын. Сөйтсем бұным таза жапондық психология екен ғой.
Нараның жылы жаңбырындай жылы нұрды сыйлаған ағамыздың бірі Бекжан Әшірбаев. 2007-2008 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары болғанда «Мақалаң бар ма?» деп, телефон соғатын. «Қай бетке шығарасыз?» дейтінмін. Өйткені, соңғы бетке шығуды о бас-тан ұнатпайтынмын.  «Үшінші бетке» дейтін ол кісі. Бекжан аға үшінші беттің жартысын өзінің мақаласына, қалған жартысын маған теңдей етіп бөліп беретін. Ол кісінің төзімділігі, кеңпейілдігі, кімді де болса жылы қабылдайтын мейірімділігі шынымен де үлгі еді.
Студент кезімізде Жазушылар Одағына келіп, ондағы ақын-жазушыларды бір көрудің өзі бізге күш беретін. «Одаққа бардым. Ана жазушыға амандастым» деп, студенттер өзара айтып отыратынбыз. Одаққа кіріп-шығу біз үшін кәдімгідей мәртебе сияқты еді. Өйткені, Жазушылар Одағы жай мекеме еместігін білетінбіз. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған Темірхан Медетбек «жастардың басылымына бер» деп беттен қақпай, бір жылда журналдың бірнеше санына мақала, аудармаларымды жариялады. Сол кезде «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болған Ұлықбек Есдәулеттің авторларды ренжітпей қабылдап, қашанда сөйлесуге уақыт табатын жайлы редактор екенін көптеген авторлар да айтып жүрді. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» — қазақ әдебиетінің тұтас әлемі. Темірхан Медетбек «Жұлдыз» журналын, Ұлықбек Есдәулет «Қазақ әдебиетін» басқарып тұрған кезде бұл басылымдар жапон мен қазақ арасындағы алтын көпірге айналды. Бірнеше әдеби шығарма жапон тілінен аударылып, зерттеу мақалалар да жарияланды.
Нара2
«Қазақ әдебиеті» дегенде алдымен Еркін Жаппасұлы еске түседі. Ешкімге қатты сөйлемейтін, бір нәрсеге келіспесе «Сен өзің қызық жігіт екенсің» деп қоятын.  «Бұл нөмірге мақаласын салмасам бұл Мәди Алжанбай (сол кезде жауапты хатшы)  екеумізді арбаға таңып қойып сабайды» деп қалжыңдайтын. Еркін Жаппасұлы ұзақ жылдар  бері еңбек сіңіріп келе жатқан «Қазақ әдебиетінің» қара нары.
1-курста оқып жүргенде Ғалым Жайлыбай «Жұлдыз» журналында қызмет істейтін. Сол кісіге кітап шығарғым келетінін айтқанымда «Біраз еңбек сіңіріп, танылғаннан кейін бастыр» деп ақыл айтып еді. «Жігіт» деген «азамат» сөзінің синонимі тәрізді, Еркін Жаппасұлының «бұл жігіт» дегені бойымда құлшыныс тудырды.
Кезінде  Темірхан Медетбек, Жүсіпбек Қорғасбек, Әмірхан Меңдеке біздің жарыққа шығуымызға қалай ықпал етсе бүгінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, кішіпейілдігімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген «Қаламгер-Медиа» орталығының жетекшісі Жанарбек Әшімжанның көптеген жастарға қолдау көрсетіп, демеу беріп жүргеніне куә болып отырмыз. Қашан көрсең де қолдауға мұқтаж жастар үшін алтын уақытын аямай жүгіріп жүреді. Иә, бұл кісілер жеке басынан гөрі елдік, қоғамдық мәселені жоғары қоятын азаматтар ғой.
Танымы мұхиттай терең, жүрегі Фудзияманың қарындай аппақ, көңілі Биваның көліндей кең, сөздері Нараға жауған жаңбырдай нұрлы ағалар аман болсын!
 

1458 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз