Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Ақпан, 2015

Лим Че Ван: Қазақстан үкіметі шетелдегі қандастарына қатысты саяси жүйе құруы керек

Lim-Chae-Wan-200x300Әлемнің әр түкпіріне таралып кеткен 7 миллиондай кәріс диаспорасының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы мен қоныстанған еліндегі статусы қандай, оларға қандай көмек қажет немесе қандай мәселелері бар дегенді Оңтүстік Корея елі бес саусағындай біліп, ғалымдары зерттеп, мемлекет тарапынан қадағаланып отыр.  Диаспора болса да, олар Қытай, АҚШ және Жапония сынды елдерде белгілі бір рөлге ие. Оңтүстік Корея елі өз диаспорасымен бизнес, ғылым, білім және мәдени байланыс орнатып, оларды қоныстанған елі мен Корея арасына көпір ретінде де пайдалануда. Тіпті, хангук елі бүгінде кәріс диаспорасының жас буынын зерттеп, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан кәріс қыздары, олардың отбасылық өмірі сынды мәселелерге де арнайы ғылыми зерттеу жүргізуде. Кәріс тілін білмейтін қандастарына тіл үйрететін оқытушылар да бар. Болжам бойынша әлемде 5 миллиондай қазағы бар Қазақстанның өз қандастарына байланысты саясатында Оңтүстік Кореядан қандай тәжірибе ала алады? Осы сауалға кәсіби жауап алу үшін біз «Корей диаспорасы: бизнес және мәдениет зерттеу орталығының» (The Research Center for Overseas Korean Business&Culture) директоры, Чоннам ұлттық университеті, «Диаспоратану» кафедрасының меңгерушісі, әлемге белгілі ғалым-саясаттанушы, профессор Лим Че Ванмен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында қазақ тілі мен кәріс тілінен тікелей тәржіма жасаған «Диаспоратану» кафедрасының магистранты Сырым Парпиев. Орайы келгенде айта кетейік, біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс магистранттары жылқы жылының соңғы онкүндігінде Корея мемлекетінің Кванджу қаласындағы Чоннам ұлттық университеті, «Диаспоратану» кафедрасында кәсіптік-ғылыми тәжірибеден  өткен болатынбыз. – Профессор, «Диаспоратану» кафедрасын құрудағы басты мақсатыңыз не болған еді? – Кәріс диаспорасы жайлы оқып көрсеңіз, өте қайғылы тарихқа куә боласыз. ХІХ-ХХ ғасырдағы солақай саясаттың әсерінен сан мыңдаған кәрістер әлемнің түкпір-түкпіріне жер аударуға мәжбүр болды. Басым көпшілігі Еуропа, АҚШ, бұрынғы Кеңес елдері, Қытай, Жапонияға қоныстанған. Олардың саны бүгінгі күні шамамен 7 миллионға жуықтайды. «Отандасымыз, қандасымыз ретінде олар барған елдерінде қалай өмір сүрді, көшу процесі қалай жүзеге асты, оған не себеп болды, барған елдерінде адаптация(бейімделу) қалай жүрді, олар өз ұлтының ерекшелігі мен құндылықтарын сақтай алды ма?» деген сауалдар мені қатты қызықтыратын. Сол қызығушылығым мені зерттеуге алып келді. Алғашқы кезде зерттеу материалдар жинап жүріп біраз қиындықтарға тап болдым. Содан әлемдік деңгейдегі қытай, еврей, жапон диаспораларының тәжірибесіне үңілдім. Зерттеуді жүргізе отырып мен екі нәрсе түйдім. Біріншісі, «диаспора» деген ұғымның қазіргі таңда глобализация, мультимәдениеттілік, транснационалды қоғамның айрылымас бір бөлшегі ретінде кең маңызы бар екеніне көзім жетті. Диаспораның отанымен қарым-қатынасы өте маңызды. Өз отаны мен тұрып жатқан елінің арасында оның көпір қызметін атқаратындай рөлдері бар екенін аңғардым. Диаспораны мәдени, саяси, экономикалық байланыс және бейбітшілікті сақтауда, сондай-ақ, өз отанының сан қырлы тұрғыда дамуына үлкен қолғабыс тигізетін құбылыс ретінде қарастыруға болатынын да түсіндім. Сонымен қатар, ғылыми тұрғыда «диаспоратану» антропология мен гуманитарлық ғылымдағы маңызды сала деп айтар едім. – Кафедра қай жылы құрылды? – Жалпы диаспораға қатысты, соның ішінде кәріс диаспорасына қатысты зерттеулер 1990 жылдары басталды. Ол кезде КСРО әлі ыдырамаған еді. Сол жылдың желтоқсан айында Өзбекстан, Қазақстан, Ресейдегі кәрістердің тұрмыс-тіршілігін, жай-күйін өз көзіммен көріп, зерделеп қайттым. Артынша диаспораға қа­тысты бірнеше зерттеулерім жарық көрді. 2000 жылдары осы салаға қатысты зерттеулерімізді кең көлемде жүргіздік. Біраз уақыттан кейін осы саланы зерттеп қана қойып, еңбектеріміздің жарық көргені жеткіліксіз болып көрінді. «Диаспоратануды» ғылыми тұрғыда дамытатын, кеңейтетін оқу орнын ашсақ қалай болады» деген ой келді. Содан 2006 жылы «диаспоратану» кафедрасы өз жұмысын бастады. Университетіміздің «Халықаралық қатынас, халықаралық саясат» деген кафедрасында «Корей дисапорасын тану және корей диаспорасы қауымдастығы» деген пәндер жүргізілді. Оқулықтары да болатын. Осы пәндер арқылы «диаспоратану» кафедрасының алғашқы кірпіші қаланды. Біздің білім беру бағытымыз магистратура және докторантураны қамтиды. Осы күнге дейін 15 докторант, 20 магистрант білім алып шықты. Сол 35 диаспоратанушы ғалымдардың жартысына жуығы шетелдік білім алушылар. Мұндағы негізгі ойым, әртүрлі жағдайға байланысты шетелде пайда болған диаспораларды шетелдік студенттер сол жерге бара отырып зерттеп, диаспоратану ғылымының дамуына үлкен үлес қосады деген үміт болатын. Қазір де сондай үміттемін. – Кәріс диаспораларының байланысы (net­work) жайлы кеңірек айтып өтсеңіз. – Корея диаспорасының байланысын екі түрлі формаға бөлуге болады. Біріншісі – онлайн, екіншісі – оффлайн байланыс. Диаспоралардың онлайн байланысы дегеніміз олардың қазіргі таңдағы ғаламтор арқылы жүзеге асатын байланысы. Оған мысал ретінде korean.net, hansang.net сияқты ғаламтор сайттарын келтіруге болады. Шетелде жүрген отандастарымыздың арасындағы бизнес, ақпараттық технология(IT), ғылым саласында жетістікке жеткен кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер осы сайттарға тіркелу арқылы бір-бірімен танысып, өзара қарым-қатынас орната алады. Оффлайн байланыс деп жоғарыда айтқан кәсіпкер-бизнесмендердің Кореяда немесе кез келген шет елде жиналып, кездесу арқылы өзара байланыс орнатуын айтамыз. Оған мысал ретінде жыл сайын өтетін «Дүниежүзілік корей бизнесмендері форумын», жылына 2 рет ұйымдастырылатын «Дүниежүзілік корей сауда ассоциациясы (World-OKTA)» форумын айта аламын. «Дүниежүзілік корей бизнесмендері форумында» тек қана кәсіпкер-бизнесмендер ғана емес, әлемдік деңгейдегі шетелдегі кәріс диаспораларының  бүгінгі жас ұрпақтарының кездесуі, ғалымдар, IT мамандары да түрлі тақырыпта өзара пікір алмасып, тәжірибе бөліседі. Идея алмасып, түрлі конференциялар өткізеді. «Дүниежүзілік корей сауда ассоциациясы (World-OKTA)» өткізетін форумның біріншісі міндетті түрде Кореяда, ал екіншісі шетелде өтеді. Корей диаспорасының байланысы тек бизнеспен қана шектелмейді. Ол шетелде жүрген қандастарымызды өз туған жерімен тығыз байланыстырады. Жат жұртта жүрген отандастарымыздың тілге, ұлт діліне, отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға көмектеседі. – Корея үкіметі кәріс диаспорасына қатысты қандай саясат ұстанады? – Қазіргі таңдағы Корея үкіметінің өз отандастарына қатысты саясатын екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – модернизация, яғни қазіргі заманға сай олардың қоныстанған елінде дұрыс адаптация (бейімделуіне) жасалып, заманға сай білім алуы, дамуы, техниканы меңгеруі сынды салаға көбірек көңіл бөліп, дамытуға атсалысу саясатын айтуға болады. Екіншісі, олардың (network) байланыс саясаты. Кәріс диаспораларының қоныстанған елі мен Отаны – Кореяның байланысы. Кореяға келіп, ата-бабасының жерін көре алатындай, тіпті, еліне көшіп келетіндей жағдай жасау саясат. – Диаспораға қатысты Жапонияның қандай тәжірибесін өз елдеріңізде қолдандыңыздар? – Диаспораны зерттей келе Жапонияның тә­жіри­бесі мол деп айта алмаймын. Біздің олардан үйренетіндей ештеңе жоқ. Керісінше, олардың бізден үйренетін жағдайы көп. Себебі, жапондардың диаспора саны көп емес. Бір ғана жағдай. 1965 жылы Жапонияның бірнеше мыңдаған жапондықтарды Бразилияға жөнелткені туралы ақпарат бар. Сондай-ақ, қазіргі кезде АҚШ-та қоныстанған жапон диаспорасын ғана мысалға келтіре аламыз. Жапонияға қарағанда Кореяның диаспораға қатысты тәжірибесі молырақ. Біздің қандастарымыздың қоныстану ареалы өте үлкен әрі әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүруде. Олардың сол қоныстанған мемлекетіндегі диас­пора ретіндегі рөлі жоғары. Біздің зерттеу орта­лығындағы зерттеушілердің бір тобы қазір Бразилия мен Латын Америкасы және Солтүстік Америка елдерінде қоныстанған жапондарды зерттеуде. Жапон диаспорасының басым көпшілігі осы аталған елдерде қоныстанған. Біздің зерттеу орталығында Жапон диаспорасына қатысты материал қайта көбірек. Келешекте жапондар бізден «материал бере тұрыңыздар» деп сұрайтын болса, «ойланып көрейін» деп жауап беруші едім. Жапония бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде колониалды мемлекет болды, яғни, өзге мемлекеттерге өте көп зиянын тигізгенін білесіз. Сондықтан диаспора мәселесі олардың арасында құпия түрде. Жариялы түрде зерттеліп жатқан жайы жоқ. –  «Диаспоратанудағы» ең күрделі мәселе не болып табылады?   – Менің зерттеуші ретіндегі ойым, «диаспоратану» ғылымының ең күрделі мәселесі деп мультикультурализм мен транснационализмді айтуға болды. Себебі, ақпарат алмасу, әлемдік деңгейде транспорттың, ғаламтордың дамуы сынды ғаламдық өзгерістердің де мультимәдениеттілікке тікелей қатысы бар. Қоғамның түрленуі, бір мемлекеттік жүйеден екіншісіне өтуі осының бәрі «диаспоратанудың» өзекті мәселесі және ең күрделісі деп айта аламын. – Қазақстан мен Кореяның өз диаспорасына қатысты қарым-қатынасының  арасында қандай айырмашылықтар бар? – Бірінші айырмашылық Кореяға қарағанда Қазақстан ілгеріден көпұлтты қоғамды өзінде ұстап отыр. Қазақстанның диаспора жағдайында қазір шетелде жүрген оралмандардың оралуы күн санап арта түсуде. Олардың  елге кіруі Қазақстаннан сыртқа шығу санынан көбірек. Осылай екіжақты кіру және шығу процесі жүзеге асуда. Мен қазақ диаспорасына қатысты біраз деректер іздестіріп көрдім. Сонда Қазақстанның мемлекет орындарына берілетін статистикалық мәліметтері әртүрлі екенін байқадым. Ортақ қалыптасқан статистикалық мәлімет жоқтың қасы. Екінші, «шетелде жүрген қандастардың саны қанша» деген сауалға да нақты мәлімет таппадым. Осындай кемшіліктерге байланысты Қазақстан үкі­метіне алдымен әлемдік зерттеуді жүзеге асырып, статистикалық мәліметтерді түзету керек. Әлемде шын мәнінде қанша қазақ тұрып жатқаны, қанша қазақ елге келіп жатқаны жайлы нақты зерттеу, сауалнама жүргізілуі тиіс. Қазақ диаспоралары қалай өмір сүруде, немен айналысып жатыр, оларға үкімет қандай көмек ұсына алады, олар Қазақстанға қандай көмек бере алады дегенге Қазақстан үкіметі бас қатыруы тиіс. Өзге елдердің тәжірибесіне қарай отырып, «диаспора саясатын қалай жүзеге асыруға болады» деген сұраққа жауап іздеуіне болады. Басқалардың тәжірибесін сараптай келе, жүйеленген саяси жүйе құру керек. Одан кейін қандастарына білім беру, әртүрлі мәдени, тілдік білім беру саласын жүзеге асыруы тиіс. Олардың қоғамына, қоныстану ареалына байланысты интеграция жасалуы қажет. Қазақ диаспоралары қандай жұмыс істейді, еңбек жағдайы қалай, қоныстанған мемлекетіндегі денсаулықты сақтандыру істері, жұмыс­пен қамтамасыз етілу деңгейі, әл-ауқаты қандай деген сияқты мәселелерді толық зерттеу қажеттілігі бар деп ойлаймын. –  «Ғылым биліктен жоғары тұру керек» дедіңіз өз дәрісіңізде. Бұған Корея елі қол жеткізді ме? – Саясат дегеніміз белгілі бір партияның, ұйымның ғана мүддесі. Соның қызығушылығының тұрғысында ғана жүзеге асатын нәрсе. Арты қалай болатыны бұлыңғыр. Ал ғылым дегеніміз ол ақиқат пен шындық. Біз осы ғалымдардың еңбектерінің арқасында билікке қарағанда қоғамда қандай өзгерістер болып жатқанын, ақиқатты объективті түрде біле аламыз. Сол үшін ғылым биліктен жоғары тұруы керек. Осындай объективтілік тұрғыдан, шындыққа жарасымдылық тұрғыдан ғылым билікті жеңу керек еді. Бірақ соңғы кездері биліктің реалистік тұрғыдан қолында күш болғандықтан, кө­бінесе ғылымның жеңіліп жатқан жағдайы бар. – Кореядағы «Еңбек мәдениеті» жайлы айтып өтсеңіз. – Өзім еңбек саласының маманы болмағандықтан, нақты жауап беру маған қиынырақ. Дегенмен, аздап өз ойымды білдіре кетейін. «Еңбек мәдениетіне» қатысты Кореяда позитивті және негативті тұрғыдағы екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші көзқарас бойынша еңбек – өмірдің ең басты құндылығы. Сондықтан кәрістер жұмысты барын салып істейді. Негативті тұрғысы – «ақша үшін..», «ақша табуым керек» деген оймен қолдан келген бар істі атқарып, өмірдің басқа да рахатын сезінбей жұмыс істеу. Осындай қарама-қайшылық болғанымен, кәрістердің еңбекқорлығы, еңбекке деген құштарлығы бұрыннан қанына сіңген. Олардың «бар ынтамен жұмыс істеп, еңбек ету арқылы жетістікке жетемін» деген ұғым санасына сіңіп қалған. Кореяның бүгінгі дамуы жұмысшылардың адал еңбектеніп, 100 пайыз жұмыс істеуінің арқасында емес пе деп айтқым келеді. 60-70 жылдары Кореяның еңбек саясаты дұрыс жүзеге аспады. 70 жылдан кейін саяси жүйе жолға қойылып, корейлердің шын мәнінде қалағаны іске асты. Кәріс студенттерінің түн ұйқысын бөліп, қалай зерттеу жүргізіп жүргендеріне өзіңіз де куәсіз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Солтүстік Кореядан қашып келгендер осында жұмыс істегенде олар жергілікті кәрістерге қарағанда еңбекке деген құлшынысының жоқтығы, ниетінің дұрыс емес екендігімен көзге түседі. Менің ойымша, бұл социалистік елдердің жүйесі осындай екенін көрсететін секілді. – Сұхбатыңызға рахмет. Сұхбаттасқан Әсел ДАҒЖАН, Алматы – Сеул – Кванжду – Алматы

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз