- Өзекті
- 16 Ақпан, 2015
Қазақтың досы кім?

Халқымызда «Үй таңдама,көрші таңда» деген мәтел бар.Немесе «Досыңды көрсет,сенің кім екеніңді айтамын» деген жалпыға ортақ қағидаға қалыптасқан. Ал, Черчилльдің «Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ,тек мүддесі ғана бар» деген сөзі достық ұғымы жеке адам үшін ғана емес,мемлекеттер үшін де маңызды екеніне меңзеп тұр.Достық ұғымын қазақ,Қазақстан жағдайына аударсақ,шынында біздің досымыз кім?Бізде достық жоғары тұру керек пе,әлде мүдде ме?
Қазақ елі өткен ғасырда 70 жыл бойы қызыл тудың астына біріккен одақтас мемлекеттерді дос тұтып келді.Ал,тәуелсіздік алғаннан кейін түркі тілдес мемлекеттер мен Орталық Азия елдерін өзімізге дос тұтамыз.Экономикалық тұрғыдан Ресей мен Белоруссия секілді одақтастарымыз бен өзге дестратегиялық әріптестеріміз бар. Ал,солардың ішінде досы қайсы?
Осы мәселеге байланыс "Ақиқат" журналының өткен нөмірлерінде жарияланған қазақ зиялыларының тұщымды пікірлерін оқырманның назарына қайта ұсынуды жөн көрдік.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
Түркі елдері достастық - саяси бағытымыздың негізгі өзегі болуы тиіс
Достық ұғымын тар шеңберде алып қарастырар болсақ, жеке адам достықты еш уақытта таңдап алмайды. Жеке адамның достығы табиғи жағдайда болады. Олардың артықшылықтарына байланысты мына адаммен дос болайын деп таңдау жасай алмайсың. Ал, мемлекеттік деңгейде мәселе мүлде басқаша. Менің ойымша, мемлекетте дос болмайтын сияқты. Тарихи байланысы бар, ежелден келе жатқан тату көрші болуы мүмкін. Бірақ, егер ол мемлекеттің билігінің саясаты өзгерсе, достығының да сақталуы екіталай. Черчилльдің айтқан сөзі дұрыс. Мемлекетте тек мәңгілік мүдде ғана болады. Әсіресе, соңғы кезеңдегі жаһандану процесінде ұлттық мәселелер өрши бастаған тұста мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары тұруы керек. Енді, қазақтың досы кім деген тақырыпқа келер болсақ, біз ертеден келе жатқан туысымыз – қырғызды дос тұтамыз. Сөйте тұра, «Қырғыз бізге не бере алады?», «Қандай күш бола алады?» деп табиғи достыққа белгілі бір шарт қоя бастаймыз. Елімізге қиыншылық жағдайы туса, ол қолдау бола ала ма, экономикалық жағынан көмектесе ала ма деген секілді саудалық, мүдделік мәселеге көшкен секілдіміз. Дегенмен, бір анық жайт, біз түркі елдерімен саяси мүддеден гөрі достық емес, туыстық қарым-қатынас сақталуы керек. Қазір де, болашақта да ол маңызды. Себебі, түркі халықтарымен тілдік, қандық, туысқандық байланыстарымыз өте тереңде. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе, өзіміздің көрші мемлекеттермен бірдей қарым-қатынас ұстау мәселесі. Түркі елдерімен туыстық байланыстар мен көрші елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуды біз белгілі бір деңгейде ұстап отыруымыз керек. Кейбір кезде саяси қажеттілікке қарап, түркі туысқандығын көтереміз. Бірақ, оның саяси-экономикалық байланыстарымыз бір деңгейде емес. Тек рухани, мәдени жағынан сәл болса араластық бар. Үшінші жағынан, көрші елдермен достастық Кеңес үкіметінен қалған бұрынғы Ресей, т.б. ТМД елдерімен жақынбыз да, ал, қасымыздағы Қытаймен байланыс бұрынғы кездегідей қалды. Бұл психологиялық және саяси тұрғыда осылай сақталып қалды. Міне, осы үш мәселе біздің саяси бағытымыздың негізгі өзегі болуы керек. Түркі елдерімен достастық және көрші елдермен байланыс. Қазіргі Америкамен немесе Еуроодақпен қандай байланыстамыз деген мәселені ғаламдық деңгейде көбірек қоямыз. Ол бүгінгі күн тәртібінен әлі де болса алыстап отырғанымызды көрсетеді.
Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі:
Мемлекеттер арасында достық болмайды!
«Қазақтың досы кім?» деген сауалдың астарына үңілсек, мәселе халықтың досы кім деген мәселені меңзеп отыр. Халықтың досы бар, туысқандары бар. Сонымен бірге, ол халықтың мемлекеті бар. Тарихтан білетініміздей, мемлекет әрқашан халықтың мүддесін қорғау керек. Немесе мемлекет халықтар арасындағы достыққа сына қағады. Біздің туыстас қырғыз халқымен трансшегаралық өзендер проблемалары, тарихта Кенесарыға қатысты мәселелер бар. Достыққа талпынған мемлекеттер арадағы осындай қиыншылықтарды жеңу керек. Менің ойымша, халықтардың арасында туысқандық, тарихи тамырластық болса да, мемлекеттер арасында достық болмайды. Өйткені, мемлекет – саяси құрылым. Біз туыстас, көрші елдермен әлі талай дау-дамайға барамыз. Қазақта екі үлкен дау бар: жер дауы, жесір дауы. Жер дауы әлі күнге дейін толықтай шешілді деп айта алмаймыз. Қытаймен де, қырғызбен де, Каспий теңізі арқылы шектесетін мемлекеттермен де арасында келіспеушіліктер бәрібір бар. Сондықтан, мемлекеттер арасында достық болмайды. Белгілі бір саяси бағыт, стратегиялық серіктестіктер болғанымен, уақыт өте бәрі өзгеріп отырады. «Қазақтың досы кім?» деген мәселе көтергенде тарихқа соқпай кетуге болмайды. «Қазақтың досы кім?» деп бұрын Алаш қайраткерлері көп ізденді. Одан арғы тарихқа көз жіберсек, қазақ өмір бойы дос іздеп келе жатқан халық. Сақ заманынан бастап, үйсін, ғұн дәуірлерінен дос іздеп келе жатырмыз. Билеушілердің көпшілігі қытайлардан әйел алды. Тіпті, қытайша киім кигендері де, Қытайға барып, сонда қалып қойғандары да болды. Дос боламыз деп, Қытайдың саясатына алданып қалғандары тарихтан белгілі. Елтеріс қаған Шығыс Түрік қағанатын құрған кезде Қытаймен дос бола алмайтынын түсініп, Орханнан алысқа көшіп, астана салған. Ата-бабаларымыз Қытайға еліктеп, өсіп-өніп кетерміз деп қала салуды, отырықшылыққа көшуді де армандады. Алайда, біздің дәстүріміз, салтымыз, дініміз бәрі басқаша. Дүниетаным, түсінігіміз бөлек. Біз Черчилльдің айтқанына келе жатырмыз. Қазақ мемлекетінде енді достың болуы екіталай. Шекараласпайтын, ортақ этникалық, әлеуметтік саяси мәселелері жоқ Түркиямен туысқан боламыз деп жиі айтылады ғой. Былай алып қарасақ, қазаққа түріктерден жақын халық жоқ. Түркия қанша дегенмен батыстық демократияны ұстанған мемлекет. Ал, менің Қазақстанның Түркиямен дос болатынына күмәнданатыным, түріктің тарихшылары Түрік қағанатының тарихын білмейді. Ол жақтан кеткенбіз, қазақ даласы тарихи Отанымыз деген құр сөз. Ал, ойлап көріңіз, өзінің жеті атасын, шыққан тегін білмейтін халықпен қалай дос бола аламыз? Алдағы уақытта біздің еліміздің саяси дамуы қайда кетеді, Түркия қайда барады деген сұрақ екі елдің достастығына сенімсіздік тудырады. Түркия батыстық демократияға түскен халық. Осындай жағдайда біздің достығымыз тұманды. Алайда, достық қарым-қатынастарымыз күннен күнге жанданып жатыр. Түрік академиясын, ТүрікСОИ секілді ұйым құрып жатырмыз. Бірақ, түрік елдері мұны түгелімен қолдап отырған жоқ. Осындай жағдайда достық туралы айту өте қиын. Біз қазір қиын жағдайда тұрмыз. Аймақтық бөлінулер күшеюде. Қаптаған одақтар құрылып жатыр. Бұл одақтар халықтарды жақындастырмайды. Экономикалық, саяси тұрғыда бірін біріне кіріптар мәжбүр ете отырып, кіргізеді. Осындай жағдайларда халықтар достығы туралы әңгіме айтуға бола ма? Менің ойымша, саясат араласқан жерде достық туралы айту артық. Қазақ өте сақ болуы тиіс.
Мәмбет Қойгелді, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры:
Қазақ бір-бірімен дос болуы керек!
– Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі бар емес пе. Қазақ бір-бірімен дос болуы керек. Өзімен өзі дос бола білмесе, істің түбі бос болады. Байқасаңыздар, қазір жер ресурстарына талас басталып кетті. Әлемдік деңгейдегі жеке одақтар осы процесті жүргізіп жатыр. Жер бетіндегі адам саны өскен сайын, ресурстар үшін талас та күшейе түседі. Осындайда халықты сақтайтын бір- ақ нәрсе ол оның бірлігі. Қазақстан жағдайына келсек, Қазақстан территориясы жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет болғандықтан, оның жері мен ресурстары қазаққа не бақ болуы мүмкін, не сор болуы мүмкін. Тарихта мысалдар бар, жер халыққа бақ әкелген, не бұйырмай сор болып тиген. Америкалық қызыл терілерді білесіздер. Жер оларға бақ болды, кейін сор болды. Сондықтан, егер, біз осы жерді сақтаймыз, болашақ ұрпаққа қалдырамыз дейтін болсақ, онда қазақ біріншіден, ынтымақшыл болуы керек және екіншіден, өнерлі, білімді болуы қажет. Олай болмаған жағдайда, қазақ тәуелсіздігінен айырылады.Тарихшы ретінде кейбір деректерді айта кеткім келеді. Шығыс Түркістандағы ағайындар, біздің тарихшы әріптестеріміз «Қытай жылнамаларындағы Қазақ тарихына қатысты деректер» деген 4 кітаптан тұратын еңбек даярлады. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректерді жүйеге түсіріп, қазақшаға аударған. Біз қазақ тарихына қажет деректік материалдар жинаймыз деп анда-мында ат сабылтып жүрміз ғой. Бірақ, ең алдымен осы Қытай жылнамаларындағы фактілік материалдарды түсініп, бойға сіңіріп, жүйелі түрде жазып алайықшы. Осы кітаптарда біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардан бастап қамтылған халық тәжірибесі жатыр. Осы жинақтың алғашқы екі томды даярлауға қатысым бар. Сонда, мына нәрсеге көзім жетті. Біз Қытаймен қарым-қатынас тарихымызды әлі қорыта алмаған екенбіз. Міне осы кітаптарда ерте замандардан бастап Қытайдың кіші ұлттарға қатысты ұстанған саясатының іздері сайрап жатыр. Олардың көрші түркі халықтарына қолданған тәжірибесі – ұлттарды бір-біріне айдап салу болған. Бір-бірімен соғыстырып, ыдыратып, жерін алып өз жоспарларын жүзеге асырған. Қытай тарихын зерттеп, зерделеу дегеніміз – бұл батысқа жылжу тарихы. Ресей тарихы Шығысқа қарай жылжу тарихы болса, Қытайдың тарихы батысқа жылжу. Сонау Қытай қабырғасынан басталған уақиғалардан, қазірге дейінгі өмір тарихы, сол төрт томдықта бар. Сол төрт томдықтан бір ғана мысал келтіргім келіп отыр. Мұны неге айтып отырмын? Себебі, Қытай қолданған ұстанымды кейін Ресей де пайдаланды. Ал, біз осы елдермен қатынас тәжірибемізден еш қорытынды шығармаппыз. Түсінбеппіз, дос іздеп әлекпіз.
Нәбижан Мұхамеджанұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Халықаралық қатынастар факультетінің
профессоры:
Ең алдымен, қазақтың ішкі достығы мен бірлігін нығайту керек!
– «Қазақтың досы кім?» дегенді біз анықтап алуымыз керек. Дос деген өте жақсы ұғым. Әсіресе, құндылығы жоғары, қазақ досқа берік, сәбилік көңілмен берілетін халық. Енді, қазіргі халықаралық қатынастар тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бұрынғы кеңестік кезеңде қырғи -қабақ соғысы жылдарында дос мемлекеттер және жау мемлекеттер деп екіге ғана бөліп қарастыратын. Ал, соңғы кездегі глобализацияның тереңдеуіне байланысты бұл ұғым біртіндеп өзгеріп жатыр. Сондықтан, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты неше түрлі факторлар белгілейді. Біз көрші таңдағанымыз жоқ, ал, бар көршілерімізбен дипломатиялық, геосаяси, геоэкономикалық жағдайда қаласақ та, қаламасақ та оларменен үнемі байланыста боламыз. Біздің тарихи, мәдени ұқсастықтарымыз, ортақ негіздеріміз бар. Мысалы, түркі мемлекеттерімен ортақ тарихымыз, ортақ мәдениетіміз қалыптасқан. Дипломатиялық қатынастарда мемлекеттер көбіне ортақтық іздейді. Сол ортақтық негізінде өз қарым-қатынастарын дамытуға тырысады. Бұл бір. Екіншіден, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста, ең алдымен мемлекеттік мүдде бірінші орында тұрады. Тарихи жауласу немесе достасу мерзімдік мәселе. Бір кезеңде дос, одақтас, бірде жау болуы мүмкін. Үшіншіден, ұлы державалардың тәжірибесінен алып қарайтын болсақ, мемлекеттер арасынан саяси, әскери қарама-қайшылықтар өте күшті, сауда, экономикалық жағынан байланыс тығыз. Мәселен, Қытай мен Жапонияны алатын болсақ, территориялық жағынан олардың кемелері соғысудың алдында тұр. Ал, экономикалық байланыстары дамып, сауда қатынастары жүріп жатыр. АҚШ пен Қытай да дәл солай. Инвестиция, ғылыми техника, сауда мәселесінде ең жоғарғы әріптес. Біздегі жағдай басқаша. Біз дос екен деп, барлық ыңғайға көне кететін мінезден арылуымыз керек. Келіспейтін жағдайлар да болып тұрады. Сондықтан, өз мүддемізді бірінші орынға қоя отырып, қадамдарға баруымыз керек. Дос мемлекет, жау мемлекет деп айналамыздағы елдерді бөліп қарастыруға болмайды. Мүмкін біздің ортақтығымыз да, бірлесе дамитын тұстарымыз да болуы мүмкін. Сондықтан, бұл ұғым өзгеруі керек деп ойлаймын. Ол тарихи мезгілге байланысты. Мәселен, Қытай мен Ресей дәл осындай байланыспен келе жатқан мемлекеттер. Қазір олар стратегиялық әріптес мемлекеттер. Соған қарамай, олардың мүддесі ең күшті мемлекет – АҚШ-қа қарсы тұруы керек. Саяси, әскери жақтан күрделі болғанымен, экономикалық байланыстары жүріп жатыр. Сондықтан, меніңше, ұлттық мүдде, мемлекеттік мүдде бірінші орында болуы керек. Мемлекеттік мүддені бірнеше категорияға бөледі. Ең бірінші, мемлекеттің сақталуы мен өмір сүруіне қауіп төндіретін жағдай болса, ешкіммен келісуге болмайды. Одан кейінгі мәселелер кейінгі орындарда қала береді. Бірақ, біздің қазіргі саяси жағдай өте қиын, күрделі. Біз жаңа талаптары, ұстанымдары бар кезеңге тап болып отырмыз. Басқалардың бізбен дос болып, бізді сыйлауы үшін жаңа ағалардың айтқандарына қосыламын, қазақтың ішкі достығы мен бірлігін нығайту керек. Өзі мықты болған халыққа ешкім тиісе алмайды. Мәселен, сыртқы күш Иранға қанша рет шүйліксе де, ол еркін ешкімге бермеді. Иран бір тұтас мемлекет болып қалды. Иракпен салыстыруға болмайды. Ішкі біртұтастығы жоғары. Мемлекет қуаты да мықты. Мәселе ішкі бірлікте. Ирактың ішкі бірлігі әлсіз болғаннан соң, тез күйреді.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Өзіміз мықты болатын болсақ, бізге дос табылады
Шартты түрде алғанда, шын мәнісінде ресми орындардың айтуынша бүгінде қазақтың жауы жоқ, бәрі дос. Барлық мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынас орнатып қойғанбыз. Біздің барлық ресми ұстанымдарымыз да солай. Жақында, Қорғаныс министрінің мәлімдемесінде, Қазақстанның егемендігінің тұтастығының, тұрақтылығының бірден бір кепілі еліміздің бейбіт сүйгіш саясаты деді. Бізге ешкім келіп тиіспейді. Біз осындай бәрімен тату елміз. Егер, бұл ойды жалғастыра беретін болсақ, тіпті, бізге әскер де, қорғаныс күштері де керегі жоқ шығар. Бірақ, бұл шынайылыққа қатысы шамалы дүниелер. Жаңа ғана Украинаның мысалын келтіріп отырмыз. Осыдан бір жыл бұрын украиналықтар дәл осылай болады деп ойлады ма? Украина зиялыларының пікірінше, Украинаның жеңіліске ұшырауының үлкен бір себебі, олар Ресейді осыдан бір жыл бұрын жау ретінде, тіпті, қарастырған жоқ екен. Тиісінше, олар әскері, қорғаныс күштерін де еш уақытта Ресейден қорғану үшін жасақтамаған. Менің ойымша, бүгінгі мәселе тек «Қазақтың досы кім?» деген сұрақ төңірегінде ғана емес, «қазақтың келешек жауы кім болуы мүмкін?» деген мәселеге де арналуы тиіс. Оған дайын болуымыз керек. «Дос болам десең, айбалтаң дайын тұрсын» деген қазақта мәтел бар.
Ағаларымыз тарих мәселесін көтерді. Қаншама жылдар, ғасырлар өтсе де, халықаралық қатынастарда көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Сол баяғы халықаралық қатынастардың жалпы тарихы: жер үшін күрес, ресурс үшін талас, адам күші, сауда нарықтары үшін күрес, соны өзіне қаратып алу деген секілді дау-дамайлар. Және сол кезден бастап ешнәрсе өзгерген жоқ. Оның үстіне дәл қазіргі ХХІ ғасырда көріп отырғанымыз, халықаралық қатынастардағы бірін бірі тежеуші немесе ара-салмақты сақтаушы күштердің өте қатты әлсірегені байқалады. Қазір ең негізгі шешуші халықаралық механизмдер өрескел бұзылып отыр. БҰҰ жарғысы, ЕЫҚҰ шешуші актісі, жекелеген мемлекеттердің берген кепілдемелері, тіпті, қайтадан Ресейдің Украинаға тиісіп отырғаны. Туыстық, одақтастығы, өз тарапынан берілген ядролық кепілдемелері, кезіндегі ТМД келісімдері тағы бар. Яғни, осы құжаттар, келісімдер қазір жұмыс істемейді. Оны бұзып отырған тек Ресей ғана емес, жекелеген Еуропа мемлекеттері, АҚШ, тағысын тағылар. Бұдан шығар жол, әр мемлекеттің өзіне сенуі, өзінің мемлекеттік және ұлттық мүдделерін бірінші кезекке қоюы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі мемлекеттерді үшке бөліп қарауға болады. Біріншісі, Қытай секілді ғасырлар бойы мықты дипломатияны ұстанып келіп, іші бүтін, мығым мемлекет. Бірақ, сол саясаттың өзі бұл мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қытай өз мүдделерін алға тартып, көршілерін ыдыратып, біріне бірін айдап салу арқылы күш қолданбай-ақ, мақсаттарына жетіп отырған. Бүгінгі таңда да Қытайдың саясаты сол. Ол саясатты жүргізу тетіктері де өзгерген жоқ. Баяғы бабаларының жазып қалдырған өсиеттері мен ұстанымдарына сүйенеді. Екінші, Ресейдің саясаты да сол бұрынғы сүрлеуімен келе жатыр. Өз идеологиясын экономикалық, ақпараттық тетіктерді пайдалана отырып іске асыру. Түрлі мемлекеттердің типтері бар. Кей мемлекеттер өз мүдделерін жүзеге асыру үшін немесе қорғау үшін түрлі қайшылықтарға да, соғысқа да баруы мүмкін. Ал, кейбір елдер бейбіт өмірде өз мүдделерін біріне бірі бере береді. Өз жерінде отырып, басқалардан төмен жалақы алатын жағдайлар. Егер, өзіміз мықты болатын болсақ, бізге дос та табылады, жанымыздағы бауырлас мемлекеттер өздері бізге тартылатын болады. Біз мықты болсақ, экономикамыз алға басса, айналамыздағы мемлекеттер кейбір амбицияларынан айырылып, достық ниетпен араласатын шығар. Бәлкім, ол үшін уақыт өтуі керек немесе жаңа бір саяси элита келуі керек шығар. Аймақтық интеграция, түрік тілдес елдердің интеграциясын орнату, олар бізге ең жақын бауырлас мемлекет болып табылады. Бірақ, соның алғышарттарын жасауды өзімізден бастауымыз керек. Ынтымақтастық, тұтастық. Ал, оған жету жолы – өз ішіміздегі кемшіліктерді жою. Сонда ғана Қазақстанда барлық салада даму болады.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ:
Бізде «ұлттық мінез» жоқ
– Дос дегенде, әрине, алдымен өз ішіміздегі жағдайды еске аламыз. Яғни, біз татулық-бірлігі жарасқан халықпыз, ал, елдегі тыныштық осы татулықтан өрбіп отыр дегім келеді. Бірақ, өткен тарихта өзім куә болған бірнеше оқиға мені осылай айтуға мүмкіндік бермейді. Оның бірі − ұлыорыстық шовинизм көріністері. 1975 жылы әскерге алындым. Мәскеуде 6 ай «учебкадан» өтіп, Ржев деген қалаға келдік. Сол кезде алғаш рет «ұлттық кемсіту» дегеннің не екенін көрдім. Біздің мектептегі біліміміз бен спортқа икеміміз ешкімнен кем емес-ті. Бірақ, әттең, орысша тіл білмейміз − жеке сөз болмаса, сөйлегенде толық ұқпаймыз. Осыны пайдаланып орыстар бізді «шурик» деп мазақтайтын. («Чурка» дегені). Оларға қой деп айтар адам болсайшы? Алайда, арамызда екі мәскеуліктер болды: бірі − жауынгер Веселовский, екіншісі – МАИ түлегі, аға лейтенант. МГУ-дің математика факультетінде оқыған Веселовский бір күні есеп беріп: «Мына есепті шығара алмағандар чурка болсын» деді. Бізді адам санауды намыс көретін сержант Еременко мырс етті. Алайда, қазақтар есепті тез шешіп бергенде, оның өті жарылып кете жаздады. Себебі, нағыз «чурка» өзі болып қалған-ды. …Бірде волейболдан жарыс болды. Аға лейтенант команда жасақтады. Оған кілең қазақ балалары еніп, лейтенантпен бірге әскери бөлімдегі өзге командалардың бәрін сыпыра ұттық. Сонда оның «бұның қалай?» дегендерге: «бір қазақты өзге онға айырбастамаймын» дегені есте… Бірақ, біз ұлттық дискриминация дегеннің не екенін сол кезден бастап түсіне бастадық. Масқара болғанда, ондай дискриминация 1975 жылы Алматыға келіп оқуға түсерде тағы қайталанды. Сол жылы «Сабақ орыс тілінде жүретін мамандықтарға емтихан орыс тілінде қабылданады» деген нұсқау шығыпты. Сөйтіп, қазақ мектебін бітіргендерге ҚазМУ-дың философия және заң факультеттеріне түсе алмайтын қауіп төнді. Алаңға шығып, митингі өткіздік. Содан кейін ғана Үкімет нұсқаудың күшін жойды. Кейін, үйленіп балалы болғанда да Алматыдағы бала-бақша, мектеп мәселесінде, ғылымда тілдік дискриминацияға тап болдық… Міне, сөйтіп, біз жас кезімізден «ұрандататын достық» пен «шынайы достықтың» ара жігін ажыратып өстік. Ақыр соңында бұл 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісіне ұласты. Көтеріліс қызып тұрғанда Есік қаласы түріктерінің қазақ жастарына қысым көрсеткені, қандастарымыз ұйғырлар да «шоқ-шоқ» деген сыңай танытқаны туралы хабарлар келіп жатты. Әйтеуір, көптеген түбі бір «туыстар» қазақтың басына туған сындарлы кезде, бізді қолдаудың орнына, жарға итеруге дайын екендігін сездірді. Ендеше, «Қазақта дос бар ма?» деген сұрақ орынды қойылып отыр. Кейде ойлайсың: «Қазақты тұқыртуға бәрінің дайын тұруы не себептен?» деп. Достық неге шынайы емес? Меніңше, бұл өзіміздің ішкі алауыздығымыздан, ұлт ретінде монолиттене алмауымыздан туындап жатқан сыңайлы. Бізде «ұлттық мінез» жоқ! Сондықтан, бізді жеке адами тұрғыда бағаласа да, ұлтымызға «әулет» ретіндегі құрмет аз. Ондай құрметке ие болу үшін бізге тұтастығымызды үнемі білдіріп отыру қажет. Бірақ, солай ма? Тіптен, қазірдің өзінде кілең қазақтан тұратын билігіміз өзінің ана тілі – мемлекеттік тілін менсінбей, тек орыс тілінде сөйлесе – кім тіліңді, дәстүр-салтыңды құрметтейді? Ендеше, кім бізге «шынайы доспыз» деп айта алады? Қазақ халық ретінде осы мәселелер туралы терең ойлануы қажет!
Әзірлеген Жания Әбдібек







3568 рет
көрсетілді0
пікір