- TENGE MONITOR
- 18 Ақпан, 2010
Жолдауға – қолдау Өрлеу мүмкіндіктері өз қолымызда
Қаңтар айының аяғында халыққа бедерлі бетбұрыспен қадам жасаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын халық сол күні-ақ қанағаттанарлық сезіммен қабыл алып, жедел үнқосу жолына түсті. Келісті де кемел келешегімізге нақтылы болжам жасаған тарихи құжатты халықпен бірлесе талғам таразысына салып, жасампаздығымыздың жарқын көрінісі болып табылатын Жолдауды тыңғылықты да тиянақты талқылау әлі де қызу жүргізілу үстінде екені қуана құптауға тұрарлық игілікті іс екені қазақстандықтарға сенімді серпіліс туғызып келеді.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы да Елбасы Жолдауын ерекше ықыласпен қарсы алды. Жолдауды салтанатты жағдайда талқылауға арналған үлкен жиынға университет оқытушылары мен студенттер және елімізге танымал белгілі тұлғалар – ҚР Парламент Сенатының депутаты Камал Бұрханов, академик Ғарифолла Есім, академик Рахымжан Елешевтер қатынасты. Талғам таразысымен талқылауға түскен Жолдауға байланысты университет ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов кең көлемді баяндама жасады. Тілектес Исабайұлы өз сөзінде 2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының аса маңызды шебі, Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты, 2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа Қазақстандық жол, Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші, Өңірлердің дамуы – елдің дамуы барысына ой өлшемімен оңды баға беретінін салмақты түрде саралап берді. Сол сияқты білім беру, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау, Үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағытында жұмыс істеудің тиімді жолдарына да кеңінен тоқталды. Алдағы міндеттеріміз бен тапсырмаларымызды айқындап берген Жолдаудың мәні мен маңыздылығын Тілектес Есполов жеріне жеткізе, парасат пайымдылығымен көпшіліктің алдына көлденең тартты. Оның жан жадыратарлық орынды ой-толғамдары жүректерден жол тауып жатты.
Бұдан кейін сөз алған Парламент Сенатының депутаты Камал Бұрханов, академиктер Ғарифолла Есім, Рахымжан Елешевтер Жолдау тармақтарындағы маңызы зор әрбір мәселеге тереңнен тоқталып, дәйекті де деректі мысалдары арқылы қатынасушыларды білгір де білікті ойларымен баурап алды. Оларға халық ыстық ықыласпен қолдауға тұрарлық қошеметтерін білдіріп отырды. Сондай-ақ, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітқазы Кешуов, университет студенті Жүнісхан Думан, тағы басқа адамдардың жылы лебіздеріне жиналған жұртшылық асқан ризашылықтарын білдірді. Халық та Жолдауда көрсетілген онжылдықта ойдағымыздың орындалатынына, өрлеу мүмкіндіктері өз қолымызда екендігіне ешқандай да күмән келтірмеді.
Канат Тәкебаев

1564 рет
көрсетілді0
пікір