- TENGE MONITOR
- 18 Ақпан, 2010
ЕҢБЕКАҚЫНЫ ЕСЕЛЕУГЕ 3,7 МЛРД ТЕҢГЕ КЕРЕК
“Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi“ атты биылғы Жолдауда Елбасы басым бағыттар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн Үкiметтiң алдында тұрған жаңа бағдарламалар, жобалар мен шараларды айқындап бердi. Олардың ішінде “Бизнестiң жол картасы – 2020“ мен “Балапан“ бағдарламасы ерекше атауға тұрарлық, «Интеллектуалдық мектептер», “Арнаулы қор“ және “Жаңа халықаралық Университет“ жобалары да өзектілігімен құнды.
Мәселен, өткен жылы ғана қабылданған “Жол картасы“ бағдарламасы бiр жылдың iшiнде өз жемiсiн бердi. Елбасы аталған бағдарламаның жетiстiктерiн кешегi Жолдауында мақтанышпен айтып өттi. Сол сияқты жаңадан өмiрге келген бағдарламалар да алдағы уақытта нәтиже беретiнiне сенiмiмiз мол.
Жолдауда шәкiртақы мен бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысын 2010 жылдың 1 сәуiрiнен бастап 25 пайызға өсiру көзделгені туралы айтылды. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттiк мекемелер мен мемлекеттiк кәсiпорындар қызметкерлерiнiң жалақысы мен орта арнаулы оқу орындары студенттерiнiң шәкiртақыларын қайта есептеп, ағымдағы жылдың 1 сәуiрiнен бастап жоспарлау жүргiзiледi. Бұл мақсатқа облыс бюджетi қосымша 3715,9 млн теңгенi керек етедi.
Биылғы Жолдауда соғыс ардагерлерiн құрметтеуге айрықша көңiл бөлiнiп отырғанын айтқан жөн. Яғни, Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына орай әрбiр соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегiне 65 мың теңге мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленетiн болды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 449,3 млн теңге қарастырылып отыр және оның уақтылы төленуi толық қамтамасыз етiлмекші.
Жолдауда көрсетiлген бағдарламалар мен бағыттарға бюджет қаржысын қарастыру үшiн мемлекеттiк сатып алулардың қорытындысы бойынша үнемделген қаржы жөнiнде қосымша ұсыныстар енгiзiлмек. Бұл қаржы облыстың экономикалық және әлеуметтiк өркендеуiне жұмсалады.
Жалпы бұдан былай бюджет қаржысының тиiмдi пайдалануына тұрақты түрде мониторинг жүргiзiлiп тұратын болады. Сондай-ақ, Елбасы бұл Жолдауда әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорацияларды /ӘКК/ жергiлiктi атқарушы органдарға берудi тапсырды. Осыған байланысты, алдағы уақытта ӘКК-на қарасты мекемелердi коммуналдық меншiкке қабылдау жұмыстары жүргiзiлiп, олардың негiзгi бағыттары қайта қаралып, айқындалмақшы.
И.ШАЛАБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасы
бастығының орынбасары.
1015 рет
көрсетілді0
пікір