- Басты ақпарат
- 25 Ақпан, 2015
Алаш әдебиетіне алаңдаған Әбдиманұлы

Біз, әдебиеттану саласына кездейсоқ келмедік. Ес білгеннен бері кітап пен қалам, қағазды серік еттік. Оның өзі – әжеміз бен анамыздың ерен еңбегі. Сол кісілер әдебиетке қарай жол көрсетті, бағыт берді. Алты жасымыздан бастап көркем әдебиеттерге ауыз салып, кітап жинауды, сирек кездесетін қолжазбалар мен құжаттарды сақтаппыз. Мектеп қабырғасында оқу бағдарламасынан тыс әдебиеттерді оқыдық. Сөйтіп, бала күнімізден армандаған, аңсарымыз ауып келген әдебиеттану саласына табан тіредік. Төрт жыл бойы әдебиеттің қыр-сырын Торғай өлкесіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында меңгеруге мүмкіндік алдық. Айбек Қалиевтей асыл ұстазымыздың тікелей қарамағында болып, ғылыми зерттеушілік қабілетімізді ояттық. Әрине, ғалым боламын деген адамның көп оқып, көп ізденуі қажет. Біз де, өзге ғылымға ниеті бар студент-ізденушілермен қатар мұрағат мекемелері мен кітапханалардан шықпай жүруге ынтық болдық.
Алғаш рет іргелі ғылыми жұмысымызға екінші курстың ортасында кірістік. Зерттеу нысанымыз – Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ең алдымен, Ахаңды зерттеген ғалымдардың еңбектерін оқи бастадық. Академик Рәбиға Сыздықова апамыздан бастап Серікбай Оспанұлы, Өмірхан Әбдиманұлы, Айгүл Ісімақова сияқты профессор, Райхан Имаханбетова, Ұлан Еркінбаев секілді доценттердің Ахаң жайлы жазған зерттеу еңбектерін басшылыққа алып, жетекшіміз Ардақ Әмірханқызы Абдуллина апайымызбен бірігіп, «Қайраткер, ғалым, қаламгер – Ахмет Байтұрсыновтың әдеби мұрасы» атты зерттеу жұмысын жазған едік... Бұл – біздің ғылымға табан тірегендегі студенттік жылдардың жемісті, жеңісті еңбегі болып мәңгілікке көкейімізде сақталып қалды.
Кез келген ғылымға жаңадан келген ізденуші өзінің саласындағы өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ғалымдарға қарап, үлгі алуы заңдылық. Біз, әдебиеттану саласына келіп, көзімізді түу биікке тастағанда алдымызда Құлбек Ергөбек, Тұрлыбек Мәмесейіт,Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісімақова, Өмірхан Әбдиманұлы, Ләззат Әділбекова секілді әдебиеттанушы ғалымдар тұрды. Осы кісілердей болуды армандадық. Үлгі тұттық. Әлі күнге дейін осы кісілерге деген көзқарасымыз, құрметіміз өзгерген емес! Өзгермесіне де сенеміз.
Тәңірі Тағала о баста адам баласын жаратар кезде тағдыр картасын (Ләухіл-Махфуз) даярлап қояды екен. Кімнің тағдыры қалай болатыны, қандай мамандық иесі болары, тағы басқа қилы кезеңдері бәрі-бәрі сол дәптерде жазылады. Әркім өз бақытын әр түрлі табады. Біреуі – жанұядан, біреуі – мамандығынан, біреуі – достарынан, әлдебірі – табиғаттан іздейтіні белгілі. Ғылымнан, білімнен, өнерден бақытын іздеген жанның өмір жолы, тағдыры өзгеше болады. Себебі: ол адамның өзі әу баста ерекше жаратылған.
Бақытының кілтін білім мен ғылымнан тапқандардың бірі – Өмірхан Әбдиманұлы. Өмірхан ағамен өмірімізде кездесіп көрмесек те, жазған-сызғандары арқылы ғалымды жақсы танимыз. Өмірхан – Жамбыл өңірінің тумасы. Алаш әдебиеттануына қомақты үлес қосып жүрген әдебиет зерттеушісі. Өмағамыз бүгінде барша халықтың баласы. Неге десеңіз, 1992 жылы «А.Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Сол күннен бастап атаның емес, адамның баласы болды. 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Докторлық жұмысы ақтаңдақ беттерді ашуға бағытталған құнды еңбектердің бірегейі. Ол – қазақтың өткен тарихындағы жоғалғанын жоқтап, өшкенін жандандырып, өлгенін тірілтті.
Өмірхан ағаларымыз ғылымға ертеректе келгені белгілі. Сол кезде-ақ, диссертация қорғап, атақ алуларына болар еді... Бірақ, олардың ұстанымы – Алаш арыстарының кітабы жарыққа шықпайынша, өзіміздің еңбегіміз де шықпайды деп жүргені болды. Олар – шын мәнінде, ғылымды сыйлаған фанаттар еді... Олар деп отырғанымыз, бүгінгі көп танымал Аманқос Мектептегі, Ғарифолла Әнес, Өмірхан Әбдиманұлы секілді Алаш арыстарын ұлықтаған жандар. Бұлар өздерінің ұстанымдарына, ар мен ұятына ешқашан кірбің түсірген емес. Ал, бүгінгі біздің тұстастарымыз осы кісілердей бола алар ма екен?!
Өмірхан – ахметтанушы. Ұлт ұстазы, тұтас буынның төлбасы болған саңлақ тұлға, сан қырлы Ахмет бабамыздың әдеби-публицистикалық еңбектерін саралап, ұрпағымен қауыштырған ғалым. Ахаңның өлеңдері, мысалдары, ақын поэзиясындағы азаматшыл сарын зерттеушінің диссертациялық еңбегіне арқау болса, әдебиеттануға жаңалық болып енді. Ахаңның әдеби мұраларына жан-жақты шолу жасап, зерттеп, зерделеген ғалымның монографиясының көтерер жүгі ауыр.

Ғалымның Алаш әдебиетіне арналған «Қазақ газеті» (1993), «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» (2007) атты монографиялық зерттеулері – қазақ әдебиеттануының өркендеуіне қосылған мол мұра болмақ. Себебі: осы аталмыш монографияларына көптеген мұрағаттық құжаттар арқау болды. Ғалым өзінің зердесінен өткізіп, топшалап, ғылыми айналымға енгізіп, көпшілікке ұсынды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлына арналған зерттеу еңбегі көпшіліктің сұранысына ие. 3 курстың алғашқы семестрінде «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» деген пәнді оқыдық. Арқалық шалғайда жатқан қала болған соң, оқу құралдары тапшы еді... Б.Кенжебаевтың оқулығы қолға тимеген соң, Өмірхан ағаның «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты оқу құралын қолға түсірдік. Осы оқу құралының көмегі көп болды. Ғалымның аталмыш оқу құралы тың деректермен қамтылған. Біздің ойымызша, бұл кітап – қазақ әдебиеттануының білгірі Бейсембай Кенжебаевтың осы аттас еңбегінің заңды жалғасы, толықтырылған нұсқасы. Өмірхан – ұстаз сенімінен шыққан шәкірт. Ол өзінің ұстаздарының сенімі мен үмітін ақтады. Ұстаз алдындағы шәкірт парызын толық орындады. Мерзімді басылымдарды қарап отырсаңыз, «Менің ұстаздарым» деген айдармен өзіне сабақ берген, жол көрсеткен алдыңғы буын туралы әдемі сөз қозғап жүреді. Осы айдармен берілген әрбір мақалаларынан біз көрмеген, бүгін есімдері аңызға айналған алпауыт әдебиеттанушы ғалымдардың өмірлеріне шолу жасап, үлгі, өнеге алар ерліктерін тілге тиек еткенінен тамаша көсемсөзшіні көргендей боламыз. Шеберді шеге қағысынан танисың дегендей, біз, Өмірхан Әбдиманұлын әр жылдары жазған мақала, эсселері арқылы, ғылыми жұмыстары негізінде «сырттай» таныдық. Әдебиеттану саласына келген су жаңа пері ретінде үлгі түтіп, жасап жатқан игі істеріне құрмет көрсетеміз. Өмірхан ағаның ұлттық журналистика саласына да үлес қосып жүргенін оқырман жақсы білуі тиіс. Кешегі Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Марат Барманқұлов ағаларымыз негізін қалаған қарашаңырақтағы журналистика факультетіне оқытушы боп келіп, жастарға тәлім-тәрбие берсе, араға жылдар салып Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Бауыржан Жақып ағаларымыз тізгінін ұстаған факультеттің деканы қызметін абыроймен атқарды. Журналистер шеберханасына публицист, ғалым Әбдиманұлы өзін бөтен кісі емес екенін де дәлелдеді. 1953 жылы дүние есігін ашқан сәби өсе келе әдебиеттану саласын таңдап, ар ілімінің адал қызметшісі болуға ниеттеніп, қазақтың тұңғыш университетінің филология факультетіне түсіп, кейін Мәскеудегі атақты М.В.Ломоносов атындағы оқу орнының журналистика факультетін тәмамдады. Елге келіп, біраз жыл телерадио саласында, мерзімді басылымдарда еңбек етті. Кейінірек ұлттық университетке оқытушы болып келді. Содан бері ғалым ұстаздық жолға түсіп,оқытушыдан ғылым докторы, профессор деңгейіне дейін өсті. Академик атанды. Түрлі сыйлықтар мен марапат, төсбелгілерді иеленді. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы да болды. Қазіргі таңда ұлттық университеттің филология, әлем тілдері және әдебиеттану факультетінің деканы қызметін атқарып жүр. Бұның бәрі –машақаты көп ғылым жолындағы жанкештілік еңбегінің жемісі. Ұлы адамдар мейірімі – бақыт кілті (Қ.Йассауи) демекші, Өмірхан ағамыз көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың шарапаты мен мейіріміне бөленіп, солардың сара жолына түсіп, ғылымдағы ерліктерін жалғастырып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өзінің ұстаздық қызметін абыроймен орындап келе жатса, оның өзі – ұстаздарының қамқорлығы, жақсылығы болар! Асылы, ұстаздың сенімінен шыққан шәкірттің болашағы айқын, бағдарлы, жемісті болары хақ. Жерорта жасынан асып, алпыстың сеңгерінен өткен белгілі әдебиеттанушы ғалымның өзінің ғылыми мектебі қалыптасып, болашақта шәкірттері әдебиеттану саласына еңбек етер жүйрік болар деп сенеміз. Ал, Өмірхан ағамыз ілгері күндері қазақ әдебиеттануы ғылымындағы майталман ғалымдар қатарына қосылып, өз ісінің корифейі атанып, біз секілді жас әдебиетшілердің қорғаны, қолдаушысы боларына үміттенеміз. Ғылымды өмірінің мәніне айналдырып, әдебиеттану саласындағы алыптардың сарқытын ішіп, сенімінен шыққан, әдебиеттанудағы күрмеуі мол күрделі тақырыптарды шешуге білек сыбана кіріскен, ғылым сатысындағы ассисент – оқытушы алғашқы баспалдағынан профессорлық биікке дейін көтерілген белгілі әдебиеттанушы, көрнекті ахметтанушы ғалымның өзіне, атқарар ісіне сәттілік пен жеңіс тілейміз. Алла Тағала сыйлаған ғұмырыңызда өзіңіз жоспарлаған барлық арман-мақсаттарыңыз тегіс орындалып, халықтың биік белесінен көрініп, қазақ әдебиеттану ғылымының мерейін өсіре беріңіз!
Елдос ТОҚТАРБАЙ, жас әдебиеттанушы

2822 рет
көрсетілді0
пікір