- Басты ақпарат
- 25 Ақпан, 2015
Сәкеннің ашылмаған сыры


«Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас күрескер. Сәкен – өлеңнен өрнек өрген ақын, қара сөздің сиқырын игерген прозашы. Сәкен – тыңдаған жанның жүрегін тербемей қоймайтын сырлы да сазды әндер шығарған талантты композитор». Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақтың біртуар азаматы, аса көрнекті қоғам қайраткері, ақын С.Сейфуллиннің солақай саясаттың салқыны ұрып, жазықсыз жазым болғанына биыл 25 ақпанда 77 жыл болады. Қызметі мен шығармашылығын қос тізгіндеп жүрген азамат 400-ден астам еңбектің авторы. Қысқа ғұмырында осынша еңбек жазып, артынан ұрпақ қалмаса да, еліне үлкен мұра, із тастап кетті. Сәкен жайлы ашылмаған тың деректер жеткілікті. Оған үлкен жүрек, қажырлы қайрат керек. Сәкенді зерттеу арқылы, ұлы тұлғаның өнегесін жас өркендерге үлгі етеміз. Осы мақсатта, музей қорынан көптеген материалдарды сараладық. Ерінбей еңбектенудің нәтижесінде тың деректерге қол жетті. Бұрын-соңды баспасөз бетінде жарық көре қоймаған, халықтың қолына жетіп үлгермеген естеліктер екшелініп алынды. Жан жолдасы Қаскей Өтекиннің мынау бір жазбасы, кім-кімгеде жаңалық болары анық. Сәкен Сейфуллин жайлы мол дерекке қол жеткізгенімізді жалпақ жұртқа жариялағанды жөн көрдік.
С.Сейфуллиннің жакын досы, сырласы Каскей Өтекин былай дейді: «Сәкен туралы алғаш 1918 жылы Омбы гимназиясында оқып жүрген кезімді Қазақстанда Совет өкіметін орнату жолындағы күрескердің бірі Жанайдар Садуақасовтан естідім. «Қазақстан Кеңес тақырыбына жазып жүрген тұңғыш ақынымыз» деп айтушы еді ол. Ал Сәкенді 1919 жылы Мұқан Әйтпеновтың үйінде көрдім. Сабақтан келіп отыр едік, Омбыдағы лагерьден Сәкен бір орыс жолдасымен келді. Жандарында күзетші конвойы бар, өте жүдеу. Тамақ ішті де көп бөгелмей кетіп қалды. Кейін білсем, орыс жолдасы Ақмола Совдепінің бірінші председателі Захар Катченко екен. Сәкенмен нағыз жолдастық, достық 1923 жылдан басталды. Осы жылы ағам Әлкей Өтекин екуіміз Қазақ Республикасының астанасы Орынборға келдік. Барған бетте Жанайдар Садуақасовтың пәтеріне түсіп, Сәкенге сәлем беруге бардық. Содан бері Сәкенмен дос болып кеттік. Сол жылы Сәкеннің қаламдас інісі, қазақ әдебиетінің аса көрнекті ақсақалы Сәбит Мұқановпен танысып едім, ол 1959 жылы 6 томдық кітабын өзі қолтаңбасын жазып сыйлаған еді. Сәбит Мұқановтың кітабының бірінші бетіндегі мына жазуды оқыдық: «Бірінші рет 1923 жылы құрметті Сәкен-ағай Сейфуллиннің пәтеріне Орынборда танысқан, сонда достасқан көңілге, әлі күнге дейін жарықшақ түспеген құрметті Қаскей Өтекинге мәңгілік ескерткіш ретінде осы алты томдық еңбегімді құрметпен саған тартам. Өзіңнің Сәбит Мұқановың. 20 апрель 1959 жыл». «... Әлкей ағам Сәкеннің пәтерінде бірге тұрды. Екеуі түйдей құрдас еді. Сәкен Сейфуллин Әлкейдің жезтаңдай әншілігін, серілігін ұнатушы еді. Бұл уақыт – Сәкеннің Совнаркомның председателі болып тұрған кезі. Сәкен паң, тәкаппар болды деген әңгімелерге өз басым қосылмайды, бұл бекер. Өзі тумысынан сері, көз тұндырарлық керемет көркем де сымбатты, киімді елден ерек сәнмен ондап, кіршіксіз тазалықпен киетін, атағы жер жарған адаммен тура барып именбей сөйлесуге әркімнің батылы, шамасы, білімі, мәдениеті жете бермейтін. Солай болғасын «Сәкен паң» деп сырттан тон пішпеске амалдары қалмайды ғой. Расында сөйлесе кеткен адамға Сәкен аса жұғымды еді, үлкенмен де, кішімен де ашық-жарқын әңгімелесетін. Сонша білімді, атақты бола тұра мен білемін деп айтпайтын. Көп тыңдап сөйлейтін. Сәкеннің қанға сіңген бір әдеті – дем алғанда, жазу-сызудан қол боста жеңіл әзіл-қалжыңды, елдің тұрмыс-салт, аңыз-әңгімесін тыңдауды ұнататын. Киімге мұқият болғанмен жай тұрмыста қарапайым. Үй мүлкінен басы артық дүние ұстамады. Жазу столы, кітап сөресі, еденде қоңыр аюдың үлкен терісі болды. Киім ілгішті әдейілеп арқардың мүйізінен ғана жасатушы еді. Шынайы сұлулыққа құштарлығы осыдан да аңғарылатын. Сәкен қиналған жан емес. «Осының өзі жақсы. Шығармаңа ешкім пікір айтпай, үндемей қалса, әне, ең жаманы сол. Мыналардың шыжалақтауына қарағанда жазғаным халықтың жүрегіне дөп тиген ғой» дейтін.
[caption id="attachment_25530" align="aligncenter" width="732"]
Сәкен бір нәрсе жазарда көп ойланып, толғанып, екі-үш күн жүретін. Сосын, бір әйтпесе екі түнде отырып жазып тастайды. Мысалы, атақты «Советстанды» екі-ақ түнде жазды. Ұйқысы мейлінше аз еді. Көп жазғандықтан саусақтарының арасы мүйізденіп кетуші еді. Шығармасына ат қоюда мейлінше жан-жақты келіп, мұқият әзірленетін. Мысалы, «Альбатрос» поэмасы шыққанда көптеген адамдар «бұл не деген сөз» деп түсінбей жүрді. Энциклопедиядан қарап жіберсе ол дауылды күні теңізде қиқулап ұшатын құс екен. Сәкен көсем бейнесін революция дауылындағы осы альбатросқа теңеген ғой.1924 жылы Сәкен Қойтастағы /қазір Уәлиханов ауданындағы Гагарин атындағы совхоз/ Қаскей мен Әлкейдің ата-анасының үйінде қонақ болды. Жаңбырлы, желді күн екен. «Қали ағам қарақұс ұстап әкелді. Керемет үлкен. Қанатынан сыпырғыш жасағалы жатыр деп сол үйдің көршісінің баласы ентіге жүгіріп келді. Сәкен елең ете түсті де: «Жүріңіздерші, барып көрейік не құс екенін» деді. Құсты көргенде Сәкеннің көзі шырадай жанып: «Қалеке/Қаскейдің әкесі, Сыздықтың туған інісі/ мынауыңыз қарақұс емес, нағыз шұбартөс, ақбалақтың өзі ғой. Сіз бұл бүркітті маған байлаңыз». Сәкен сол арада сойылып жатқан малдың мойын етін алдырып, бүркітті тамақтандырды. Содан Ақмолада тұратын Құсайын Тәкежановқа жеткізуін өтініп, ол кісі әкем Сейфоллаға табыс етеді деді. Кейін Алматыда тұрғанда Сәкен осы бүркітті үйінде ұстап, ертеңгілік үнемі серуендеуші еді» дейді. Қаскей ағасының сөзін. Сәкен ағаның әйелінің жиені Роза Абдулқызы да /қазір Алматыда тұрады/ растайды. Осы бүркітті Сейфолла қарт баптап-баулып, алдағы қыста 11 түлкі, Сәкен демалысқа барғанда 10 түлкі алады. Жанында жүрген сырлас, мұңдас досының ағынан жарылып жазған естелігінен, тазалықты, досына деген құрмет, адалдық, сыйластықты байқаймыз. Қазіргі кезде осындай достық бар ма екен. Бұл естелік 80-жылдары радиоға берген сұхбатынан жазылып алыныпты. Редакторы Қазтай Әльжанов деп жазылған. С.Сейфуллиннің туған бауыры Мәжит Сейфуллин 1970 жылы шыққан «Қызыл Сұңқар» естеліктер жинағында былай дейді: «Сәкеннің жолы – күрес ол. Оның сапалы өмірі ыстық-суығы, дауылы мен толасы аралас, рақаты мен мехнаты алмасқан, аласапыран тартысқа толы өмір еді. Әсіресе 1917-18 жылдардағы оның Ақмоладағы күрес күндері, 1919 жылы Колчактың азап вагонынан қашып шығып, Түркістандағы совет өкіметімен жалғасуы әрбір күні хикая боларлық ұзақ әңгіме. Мен ең алдымен сол бір кезден аз ғана сөз қозғамақпын. Әкем Сейфулла екеуіміз 1917 жылдың авгусында Ақмоладағы күзгі жәрмеңкеге бардық.Сәкен онда сол қалада мұғалімдік қызметте, Бірмұхамед Айбасов, Жұмабай Нуркин үшеуі бір пәтерде тұрады екен. Бізді олар қуана қарсы алды. Әсіресе Сәкен: «Бүкіл біздің ауыл көшіп келгендей болды ғой» деп, әкесіне сәлем беріп, қайта-қайта шешеміз Жамалдың жай-күйін сұрастырып, мәз-мейрам болып қалды. Сәкен сол кездегі орыс мұғалімдерінің формасында киінген: қара сюртук, ақ жаға, ішінде сары түймелі семинарлық китель, қара шашы тып-тығыз, бөріктей дөңгелене біткен. Көздері ұялы, мөлдір, қылшылдап тұрған 23-тегі жас жігіт. Әкеміз ауылға қайтарда Сәкен екі адамға – бірі өз шешеміз Жамалға, екіншісі бәріміздің ауылдағы кіндік шешеміз Болған кемпірге сәлемдеме жаулық, шай, қант, конфет, мейізі бар арнайы сәлемдеме жіберді. «Бәріміздің» дейтін себебім: жасы сексенге келген Атабай мен Сатайдың шешесі Болған бейбіше кезінде біздің әкеміздің кіндігін кесіпті, кейін Сәкеннің де Сәлима қарындасымның да кіндігін сол кісі кескен. Осы адамды Сәкен елден ерек жақсы көрген еді. Халықтың ауыз әдебиетін, ертегі, қиссаларын, тарихи хикаяларын жасында Сәкеннің зердесіне құйған екі адамның бірі – өз анамыз болса, екіншісі – сол Болған қария. Ол жылы мен 15-темін, Сәкен: «оқытамын, Мәжитті қалдырып кет» деп әкемнен өтініп, мені Ақмолада өз қасына алып қалды. Аз күннің ішінде мен де тік жаға көйлекті белдікпен буған, қисық табан етікті қала жігіті болдым да шықтым. Сәкен қасында мен қалған соң басқа пәтерге шықты. Мені сондағы екі класты орыс мектебіне оқуға түсірді. Қазақ жастарынан ол мектепте Жұмабай Орманбаев оқиды екен. Сол мектепте сабақ беретін мұғалімдердің ішінде Сәкен де бар еді, тағы бір ұмытылмас жақсы адам Гобузов деген орыс тілінің оқытушысы. Сол бір кезеңдегі Сәкеннің жұмысы бастан асады, күндіз-түні тыныштық жоқ: мектептегі сабағы, үйдегі жазу жұмысы (сол кезде «Бақыт жолына» деген пьеса жазып жүретін), жиналыстарға қатынасып, сөз сөйлеуі, пікірлес жолдастарымен бас қосуы – әрі-бәрі жарыса өтіп жататын. Бір сөзбен айтқанда, сол айлардағы Сәкен Сейфуллиннің, Бәкен Серікбаевтың, Абдолла Асылбековтың және басқа да қазақтың еңбекшіл интеллигенттерінің өзі де, ісі де Ақмолада совет өкіметін орнату жолындағы күрес еді». Бұл естеліктен туған бауырының жылы, ағасының жасаған қамқорлығына ризашылығын байқаймыз. С.Сейфуллиннің ата-анасына деген ерекше ілтипатты, қанша жұмысбасты болып жүрсе де, ауылға барғанда құр-қол жібермейтіні, кеңдігін, қазақылығын көреміз. Белгілі ғалым, сәкентанушы Т.Кәкішев «Ескірмейді естелік» кітабында: «Менің қолымда Сәкеннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызына әркезде жазған жеті хатының 2 көшірмесі бар. Олардың түпнұсқасы ксерокопияға да, фотокопияға да түсіп, 1988 жылы Ақмола қаласында ашылған С.Сейфуллин музейінде сақтаулы. Сәкенді 1937 жылы 24 қыркүйек күні жазықсыз кінәлап, үйінен алып шығарда: «Түсінбестік бірнеме гой, таяуда қайтып ораламын», - деп, қош айтысқан жары Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина болатын. Зор сеніммен үйден шыққан дала дауылпазы өзінің сүйген жарына, сағынған еліне жиырма жылдан кейін оралды.«Халық жауы» деген лағнат жамылғандардың ең алдымен оралғаны Сәкен: «Осы шын ба, өтірік пе, өңіміз бе, әлде түсіміз бе? »деп жүрген күндерде Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтер ақталып, өздері онда қалып, өнерлері елге жете бастағанда ғана сендік-ау. 1957 жылдың 23 қазанында Қазақстан жазушылар одағының шағын клубында Сәкенді еске түсіру кеші өтіп, аты аңызға айналған революционер, мемлекет қайраткері, ірі қоғамдық тұлға, жаңашыл ақын, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы, сегіз қырлы, бір сырлы азамат жайында айтылар халықтық дастанның алғашқы құлақ күйі бұралып, енді ғасырларға созылар аңыз бен ақиқаттың шын сазын естіген едік. Содан бастап Сәкен жайында талай-талай еңбектер жазылып, әңгімелер айтылып келе жатыр. Оның тынар түрі жоқ»-дейді. Бүгінгі күні, Астананың төрінде орналасқан С.Сейфуллин музейінде де тынымсыз зерттеу, насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлі де айтарымыз көп. Ол енді уақыт еншісінде. Елім, жерім деп өткен азаматтың берер ұлағатты сөздері мен істері қанша жазылса да, артық емес. Кейінгі ұрпақ біліп, танып өссін!
Гүлназия Ибраева, С.Сейфуллин мұражайының ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі

9926 рет
көрсетілді0
пікір