- Өзекті
- 26 Ақпан, 2015
Тұтастық пен татулыққа апарар қадам

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі үстіміздегі жылдың 14 ақпанында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында елімізде биыл президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерген болатын. Жаһандық сарапшылар, қазақстандық қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлері аталмыш бастаманы қолдап, өздерінің көпшілікпен ынтымақтастығын білдірген еді.
Аталған бастаманы халықтың қолдауына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Шын мәнісінде, бұл сайлау жай ғана сайлау емес. Бұл сайлауда келешегі кемел елдің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Бұл сайлау арқылы әлемдегі экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымды кең қорғаныс шарасы жасалынбақ. Ал, нақты бағдарлайтын болсақ, президенттік сайлауды өткізу – заңды құбылыс. Сондықтан, еліміздегі басты саяси науқанды кейінге шегеруге еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы. Биылғы жыл еліміздің өмірінде маңызды оқиғаларға толы жыл. Елбасының «Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол» атты Жолауында атап көрсетілгендей, ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек. Сондай-ақ, келешегімізді айқындайтын экономикалық бағытта білім беру саласында біршама жобалар жүзеге асыру көзделген. Ал, осы ілкімді істердің орындалуы 2016 жылға түсіп отыр. Сол себептен де жалпыхалықтық маңызды істі ертерек өтуіне қолдау көрсеткеніміз абзал. Қазақта «Бақыт қайда барасың? Көршімен болған бірлігі, Мерекелі тірлігі, Ұйымшыл елге барамын» деген қанатты сөз бар. Болашағымызды айқындап, келешегімізге жол ашар маңызды іске «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қолдау көрсетіп, атсалысуға шақырамын.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры

2905 рет
көрсетілді0
пікір