Үстіміздегі жылда ерекше атаулы күндер бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осы атаулы күндердің тарихи тізбегі біздің Батыс Қазақстан облыстық музей арқылы жастарға, көрермендерге тағылымды көрмелер, музей сағаттары арқылы жеткізілуде.
Бүгінгі күніміздің ертең-ақ тарихқа айналатынын ескерсек, ол тарихта жаңа заманды бастаған серпінді Қазақстанның мәдени талғамы мен парасатының биік болғанын келешек ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын Президенттік сайлауды өткізу туралы бастамасын орынды ұсыныс санап, толық қолдайтынымды білдіргім келеді.
Өйткені тәуелсіз Қазақстанның тарихи жарқын беттері ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Бүгінде Сарыарқа төрінде ару қала Астанамыздың салынып, әсем шаһардың нақ ортасынан қазақ халқының тарихын әлемге паш етіп тұрған Ұлттық музей негізінің қалануы, жастарымыздың «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге барып, білім алу мүмкіндігіне ие болуы, бәрі-бәрі біздің Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында. Сондықтан бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына алда да үлкен сенім артамыз.
Қазіргі таңда елімізбен бірге біз де, ХХІ ғасырдың музейі де ерекше бір өрлеуді бастан кешуде десек артық айтқандық болмас. Бүгінде музей ісіне жаңаша бір көзқарас қалыптасып, музейлер үшін жаңа бір даму кезеңі басталды. Егер күні кешеге дейін көпшілік музейлерге тек қана өткен кезеңнің бағалы бұйымдары мен заттарын, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор деп қараса, енді музейді сырлы әлем ретінде қабылдайтын болды. Көрермен музейге келгенде тарихи жәдігерлерді таңдай қаға тамашалап, өткенге үңіліп, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін алары анық.
Сондықтан, Жайық өңіріндегі
халқымыздың рухани асыл мұраларын жинап, халыққа насихаттауда, өзіндік үлесін қосып келе жатқан, 177 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде атқарылып жатқан жұмыстардың дені – ғылыми-зерттеу еңбектерінің жемісі. Себебі, музейге келген әрбір затты зерделеп, тегін анықтап, этникалық парқын айғақтау – міндетіміз.
Сонымен қатар, бүгінгі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, қолдап, ғасырлар бойы жиналған құндылықтарды ұлт пен ел игілігі үшін келешек ұрпаққа жүйелеп, айшықталған күйінде жеткізу де басты міндетіміз. Ендеше Елбасымыз бастаған Нұрлы жолда ынтымақ-бірлікте еңбек етіп, еліміздегі тыныштықты сақтап, ел болашағына үлкен сенім білдірейік.
Мирболат ЕРСАЕВ,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры