Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Наурыз, 2015

Гүлмира Сұлтанбаева: Бүгінгінің ғалымы – жаһандық тұлға

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық журналистиканың имиджін әлемдік деңгейге көтеруге белсене кірісіп жүрген теорик-ғалым, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі, қазақ медианарығына тың бастамалар әкелген, жаңашыл ұстаз Гүлмира Серікбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

10959343_804865052884053_3767434899423932851_n

Сіз де «Ұлан» газетінің «жас тілшісі» болған екенсіз. Алғаш қолға қалам алып, журналист болуға бел буған талапкер Гүлмира қандай еді? Мен бұрынғы "Қазақстан пионері", қазіргі "Ұланның" сонау шалғайдағы, ең алыс түкпірдегі ауылдағы тілшісі болғаныма мақтан тұтамын. "Бағбан бала" очеркім, бірнеше заметкаларым осы басылымда жарық көрді. Есік алдындағы ағаш шарбаққа почтальон қыстырып кеткен газеттер арасынан тек өз басылымды іздейтінмін. Газеттің үйге келген күні – мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінен оқырман-оқушылардың жазған хаттары толас таппайтын. Балалық шағымның көп қызықтарын «Қазақстан пионері» газетінің оқырмандарымен бөлісуге асығатынмын. Сондықтан мен де өзімді бүгін «Ұландықтар»   қатарынанмын деп айта аламын. DSC_3727 Бүгінгі күні Сізді «спорт журналисі» болғаныңызды көп адамдар білмеуі де мүмкін. Осы спорт саласы төңірегінде айта отырсаңыз... Спорт тақырыбы мені студент кезімде қызықтыратын. Себебі, бала күнімізде көгілдір экран алдында талай спорт жарыстарын қызықтап өстім. Әсіресе, әкем бокс жарыстарын үзбей көретін.  Бокс, мәнерлеп сырғанау ойындарын талай кірпік қақпай қадалағап отырдық. Жанкүйер болдым.  Кейін студенттік жылдары «Қазақстан спорты» газетінің тілшісі ретінде жұмыс істедім. Несіп Жүнісбаев сияқты атақты спорт журналисінің қарамағында тәлімгерлік сабақтар алдым. Сол кездері студенттік шағымыз тәуелсіздіктің алған алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді.  Кеңестер Одағының ыдырауы, теңгенің ауысы... біздің студенттік шығымызда талонмен тамақ алу, кезекке тұру деген сияқты қиындықтарды бастан өткердік. Дегенмен, біздің буын біліммен ғылымға сусап келген, ауыл-ауылдан келген дарынды жастар болатын. Біз ешбір қиындықтарға  төзбей  оқыдық, білім алдық. Сондай күндерде спорт журналистикасына қалам тербеп, әп-әдемі дүниелерді ширата жазған маған ең алғашқы қаламақы алған сәт те ыстық болды.  Есімде, Алматыда алғаш ашылған веложарыс стадионы, дзюдан болған құрлықтық жарыстар, алғаш құрыла бастаған спорт федерациялары... менің журналистік материалдарыма нысан болды.  Спорттағы чемпиондар өміріне арналған очерктер циклін бастап жаздым. Журналистикадағы алғашқы мектебім – «Қазақстан спорты»  газеті болып қала бермек. Журналистика факультетінде білім алып, осы факультетте оқытушылық қызметте жүрсіз. Жалпы ғылым әлеміне қалай келдіңіз? 1994 жылы университетті бітіретін кез келді. Мемлекеттік емтиханға қызу даярлық. Топ-тобымызбен жиылып, ұлттық кітапхана, оқу залдарын шарлап, білім барлап, оқу іздеп шарқ ұрған күндер жалғасып жатты. Мемлекеттік емтихан – біз үшін алынбас қамалдай, ес бермес өткелдей. Бәріміз де осы сыннан қалай өтерміз деп іштей толғаныста жүрміз. Күндіз – кітапханада, түнде – бөлмеде дайындыққа қызу кірістік. Даярлаған сұрақтарды бір-бірімізге айтып, түсіндіріп отырамыз. Сынақ сәті де келді. Арнаулы курстан сынаққа ендік. Алғашқы бестікпен. Менен алдын билет алған Нұрқат Сафуанов жауап беріп отыр. Оның соңғы сұрағы менікімен ұқсас келген. Байқап отырмын. Елеусiн Бұйриннiң 1912 жылы шыққан «Ызың» жинағы. Ол айтып отырған жауаптар менің жауабыммен ұқсас. Не болса да өз дайындығыммен жауап беріп отырмын. Темірбек ағай: «Әй, бала сенің жауабың әлгі студенттікіндей», – деп алдындағы қағазға түртіп алды. Ұстазға қарсы келмейтін ауылдың ұяң баласында сөз бар ма, тұрып кете бердім. Емтихандардан босағанмен, арқаны кеңге салу жоқ. Енді алдыда соңғы қамал – диплом жұмысын қорғау қалды. Тақырыбым сол кездегі аты дүркіреп тұрған үкіметтік газет – «Халық кеңесі». Мен жазып, зерттеген бағытым – осы басылымдағы әлеуметтік-әділеттік мәселелері. Жетекшім доцент Роза Елеуқызы Алтынбекова жиған материалдарыма қарап, бағыт-бағдарын жүйеле деп пысықтап жүрді. Қозғалмай жазған жұмысым нәтижелі әрі мерзімінен бұрын өткізіп  көңіл де жай. Қорғау күні де жетті. «Кім дайын?», «кім дайын?” деп сыбырласа бастағанда, Темірбек ағай көп жұмыстан менің жұмысымды бөлектеп алып: «Сұлтанбаева, бастасын!»,-деді. Сол жылы мемлекеттік емтихан  төрағасы болып факультетке Сарбас Ақтаев келген болатын. Ол кісі мен қорғайтын «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы. Темірбек ағай ортаға шақырған сәтте, ол кісі қозғалақтап, ер жігіттер қайда, солар неге  бастамайды  деп қойды. Алғанынан қайтпайтын, сөзінен таймайтын Темірбек ағай: «Гүлмира, ортаға шық»,-деп қамшылай түсті. Зерттеулерім, пікірлерім… айтып тұрмын. Даусым да тарығып шығатындай. Сұрақтарға кезек келді. Сұрақты қойған да  Сарбас аға. Ол кісіге өзі басқаратын газет жайлы, оның ұстанған әлеуметтік саясаты жайлы  көзқарастарым жаққан болу керек. Әлгідей емес, даусы жарқын. Нықтап, нығырлап екі сұрақ қойып алды да, жауабыма разы көңілмен «Әп, бәрекелді!»-деп отырды. Ұстаздың алғашқы артқан сенімі осы сәт еді...  Диплом қорғалып, таяуда жан-жаққа қанат жайып, университеттің бөлуімен редакцияларға жол тартатын сәт те туды. Сондай алып-ұшқан күндердің бірінде кафедраға кіріп келсем, төрде отырған ұстаз өзіне шақырады. Алдында – оқу үлгерім экраны. Сол жылдары деканат бүкіл бітіруші топтардың бес жылғы үлгерімін тізіп шығатын рейтингі болатын.  «Әй, бала. Бері кел. Мына жерде бүкіл потоктың ең алдында тұр екенсің. Баллың – 4.96. Өткенде мемлекеттік емтиханда сенің обалыңа қалып, төрт қойып жіберіппін. Қызыл диплом алатын үмітің бар екен алдын ала айтпайсың ба?»- деді. Темірбек ағайдың диплом қорғауда мені алға тартып, сенім артқанын енді түсіне бастадым. Ұстаздың шәкіртіне деген сезімі де баласын қорғаған әкедей еді. Мұндайды күтпеген мен тосылып барып: «Ағай, сіз қойған баға әділ»,- дедім. Ол кезде баға сұрау, баға үшін оқу біздің қиялымызда жоқ. Оны ойлаудың өзі де білімге деген қиянат. Диплом қолға тиіп, енді курстастар жан-жаққа редакцияға қызметке бөліне бастады. Сол жылдары университетке келіп түсетін тапсырыстар бойынша жас мамандар үлкен өмірге жолдама алатын. Бұл кезең қазақстандық БАҚ нарығы жыл санап қазақша басылымдармен толысып, байыған жылдар. Сол жылы министрліктен «Денсаулық» журналы ашылып, редакцияға мені бөліпті. Қарағанды университетінде журналистика бөлімі ашылып, соған оқытушылыққа екі орын келіпті деген сөз де тез тарап кетті. Факультет деканы Юрий Крикуновқа келіп:  «Мені Қарағандыға оқытушылыққа жіберіңіз», – дедім. Ол кісі ойланып, алдындағы оқу үлгерімі тізбеленген рейтингіні қарап отырып: «Саған Қарағандыда бәрі даяр тұрған жоқ. Осыны түсін. Факультетке аспирантураға екі орын бөлініпті. Биыл бір жақсысы аспирантураға өндірістен соң ғана емес, оқу бітіре қабылдайтын болды. Осыған бағыңды сына. Кафедраңа, Темірбек Қоажекевичке жолық»,-деді. Осылайша ойламаған жерден, аспиранураға тапсыр деген ұсыныс түсті де кафедраға Темірбек ағайға келдім. Ол кісі де менің жайымды біліп отыр. Себебі, деканмен өзара ақылдасқан сыңайы бар. Мені тыңдап болар-болмас: «Рефератыңды даярла да, менің орынбасарыма қол қойдыр. Ғылыми жетекшің өзім болам. Мен кезекті жазғы демалыста болам. Басқа сұрақтар күзге қалсын»,- деді қоңыр портфелін қолтығына қыса. Қуанышымда шек жоқ. Мен үшін ғылымның даңғыл жолы ашылғандай. Жүгіріп құжаттарды өткізіп, рефератымды жаздым. Асығыста ұстазымнан зерттеу тақырыбымды сұрамаппын. Жетекшім Роза Елеуқызы ойланып жүрген болу керек. Бірден Саттар Ерубаевтың публицистикасы зерттелмей жүр. Осыған кіріскенің жөн болар деп үлкен сенім артты. Аспирантура жылдары ғылыми жұмысымды, зерттеу бағытын жіті қадағалап отырған ұстаз ара-арасында үйдегі мұрағатынан Саттар Ерубаевтың шығармашылығына қатысты айтылған пікірлер, ойлар болса жинап әкелетін. Қолында болмаса, 1932-1937 жылдардағы газет нөмірлерін блокнотына түртіп алып, мына нөмірлерді қарап шық деп жалықпай ақыл-кеңесін беріп отырды. Ғылым мен  ұстаздықты қатар кәсіп еткен Темірбек ағай шаршау, шалдығу дегенді білмей талмай ізденетін де сол мінезін шәкірттеріне де сіңіріп үлгеретін. Шәкірт бойынан мұндай қасиеттерді көрмесе керек жерінде ащы мысқылмен, арасында жеңіл юмормен-ақ бір жөнге салып отыратын. Ұстаның сөзі де, ісі де шебер. Ақыл-кеңесті ұстаздың кафедрадағы қызмет бабында алып қоймастан, сәтін салған күндері ұлттық кітапханың сирек қолжазбалар  қорынан да ұстазды көріп, кейбір ой-пікірлерін тыңдауға тура келді. Ол кісі сирек қорға бар, кітапхананың залында отыр дегенді айтпайтын. Дегенмен осы жерден шәкіртін көріп қалса, сабырмен жылы мінез танытып, ізденісін жалғастыратын. Еңбекқор ұстаз бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын. Ұстаз үшін ғылым бүгіннен басталатын еңбек болды. Диссертациямды аяқтап, қолына ұстатқанда, кіріспесін үйге бара оқып шығып, ескертпелерін түртіп, ертесіне таңертең әкелгенде жылдамдығына, жауапкершілігіне ерекше тәнті болдым. Аспирантурада бірге оқып жүрген әр факультеттен жиылған курстастарым көбінде: «Жетекшімде жұмысым жатыр, қашан оқыр екен, жауап күтіп жүрмін»,-деп тағат таппаса, мен тіпті де сол тағатсыздануға үлгермей қалам. Бір деммен жұмысымды бір аптаға жеткізбей оқыған ұстаз алдына ала қорғауға дейін бірнеше ескертпелерін жасап, тарау атттарын өз біліктігіне салып қысқа да нұсқа етіп ширатып берді. Пікір айтуға, кеңес беруге қандай жүйрік болса, тақырып қоюға да ұстаз тап бастырмай жұмыстың мәні мен сәнін ашар аттарды тез ойлап табатын ұтқыр  еді. Осылайша ұстаздың үлкен мектебі алдағы өміріме сабақ, арқау, үлгі, өнеге болды. Бүгін ол кісінің айтқан сөздерін, отырған отырысын, жүріс-тұрысын еске алып, келбеті мен болмысынан ұлылықтың, ізгіліктің нышандарын іздеймін. Содан адасып қалмасам, ұмытып қалмасам екен деп есіме алып жүрем. Ұстазымның әр сөзі мыңдаған шәкіртінің өміріне салған ізі екен. Оның әрбір ісі шәкірттерінің бойына дарытқан өнегесі екен. Темірбек ағайдай ұстаздың осы есімге лайық болып қоймастан, оны кейінгі ұрпаққа аманат еткені де ұлы іс екен. Докторлық диссертациямның тақырыбын бекіту қиынға соқты. Себебі, мен саяси коммуникация бойынша  курстан дәрістер оқыдым. Осы сала ұнағандықтан докторық тақырыбымды саясаттану кафедрасында бекіту қажет болды. Жалпы, журналистиканы ғылым емес, журналистер неге ғылымға келеді деген біздің қоғамда пікір қалыптасқан.  Осындай пікірдің  салқыны маған да тиген кездері болды. Бір жылдан астам саясаттану кафедрасында менің тақырыбым бекітілмеді. Соңында, ҚазҰУ-дың  ғылыми істер жөніндегі проректоры  Зұлқайыр Мансұров  кафедраға ғылыми тақырыбымды қолдауымды өтінді.  Ғылым мен білімге ұмтылған жастарды қолдайтын үлкен ғылыми мектеп  маған жаңа жол ашты деуге болады. Аспирантураны тәмамдай сала университеттің ғылыми-зерттеулер бөлімінде он жылдай ғылыми маман болдым. Бұл жылдары мамандығы химик болса да  өмірдегі ұстанымы гуманист ғалым Мансұровтың үлкен тәлімгерлік мектебі  менің ғылымға деген сүйіспеншілігімді арттыра түскені анық. Ұстазым Амандосов Тауман ағай бізге дәрістерді аз берді. Ол кісі ауырып жүрді де, біз дәріс ала алмадық. Еңбектері әлі де бағалы ғой қазақ журналистикасының жанрлары туралы.  Соңғы жылдары Амандосов оқуларын баспа ісі және дизайн кафедрасы  ұйымдастырып, ғылым мен білімге жас талаптарды баулуда. Ұстазым Марат Барманқұлов ерекше  талғампаз да мобильді ғалым болды. Ол кісі  журфакта кандидаттық диссертациялық кеңесте ғалым хатшылық қызмет те атқарды. Сол кездері журналистика факультетін бірнеше жыл басқарған, қазақ радиожурналистика ғылымының негізін қалаған профессор Н. Омашев екеуі талай жас ғалымдардың  журналистика шифрі бойынша  диссертация қорғауына ықпал етті, қолдау көрсетті. Марат Барманқұлов  – қазақ тележурналистикасының негізін қалаған, түркітану саласынды сүбелі еңбектер қалдырған ғалым. Жыл сайын баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы Барманқұлов оқуларын, әрі осы оқу аясында  «Жас репортер» байқауын  өткізуді   дәстүрге айналдырды. IMG_5419(1) Сіз Саттартанушысыз? Ерубаев әлеміне қалай келдіңіз? Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Саттар Ерубаевтың романымен мен  балалық шағымда таныс болдым. Үлкен ағам Сансызбай сол жылдары Ленинградта оқыды. Ол бір күні ауылға келгенде қолына қалың мұқабалы қомақты кітапты ала келді. Саттар Ерубаев деген жазушы. Ол Ленинградта оқыған деп  кітабын таныстырды. Мен ол кезде 3-сыныпта оқимын.  Жасым 10-ға қараған шақ.  Сол кітапты көргеннен-ақ  есім кетті. Ағам оқып, қалдырып кеткен жерден тауып алам да оқи жөнелем. Оқыстан үлкендер кіріп қалса, жастығымның астына тыға салам. Осылайша жастығымның астына тығып оқыған алғашқы романым Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарымы»  еді. Бала шақтан Саттардың Рахметі мен Лизасына ғашық болдым, Қарағандыдағы жастардың, шахтерлердің өмірі маған романтика сыйлады. Сол кейіпкерлердің сөзі, жүрісі, тұрысы  маған ерекше әсер етті. Уақыт өте келе, менің ғылыми зерттеулерім Саттар Ерубаевтан бастау алғанына алдымен  Алланың құдіреті, екіншіден ұстазым Роза Алтынбекованың ықпалы болды. Саттардың әдеби мұрасын қаншалықты игердік? Алғаш жазушының еңбектерін жинап, алғысөзін баспаға дайындаған профессор Тұрсынбек Кәкішевтың саттартануға қосқан үлесі мен еңбегі орасан зор. Саттар Ербуаевтың әдебиеттегі орны, жазушылығын зерттеген    Мырзай  Алтынбекова  кандидаттық диссертация қорғады.  Саттар Ерубаевтың  журналистік және публицистік  еңбектерін зерттеп, ғылыми айналымға түсіруде  аспирантура жылдарында еңбектенуіме тура келді. Жазушы туып, өскен Түркістанда,  еңбек еткен Қарағандыда мұражай, мұрағат, кітапханаларда, Алматыдағы ұлттық және академиялық кітапханаларға көп отырдым.  Қарағандыға іссапарымда өлкетанушы Поповтың мұрағаттағы жеке ісінен «Қарағанды пролетариаты», «Карагандинский пролетариат» газеттеріне  латын қарпінде жарияланған   очеркі мен мақаласы кезіккенде ат басындай алтын көргендей қуандым. Бұл материалдарды қолмен көшіруіме тура келді. Себебі, мұрағаттағы материалдар электронды  түрде сақталған екен. Осылайша, Саттар Ерубаевтың   шығармалар жинағына енбеген жұмыстарын  ғылыми  айналымға енгізуге күш салдым. Соңғы жылдары Түркістандағы Қазақ-түрік халықаралық университетінің ғалымдары  Саттар Ерубаев  шығармашылығындағы  педагогикалық  қырларын  зерттеді. Саттар әлемі – қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы ерекше құбылыс.  Саттардың энциклопедиялық ғылымы мен білім өресі қазіргі жастарға үлгі боларлық феномен. Бүгінгі күні қыршын кеткен жарық жұлдызды тануымыз қай деңгейде? Әлі де зертетулер жалғасса екен. Себебі, Саттар Ерубаевтың Ленинград университетінде қорғаған дипломдық жұмысы әлі табылмай отыр. Оның аудармашылығын зерттеген бір тарауым  диссертация көлемі көтермегендіктен кейінге қалдырылды. Осыны қайта реттеп, жарияласам деген ойда бар. Саттар Ерубаев – қазақ әдбеитіне пародия жанрын әкелді, балладаны алғашқылардың бірі болып қолға алды. Сондықтан Саттардың мұрасын зерттеу жалғасын табуы тиіс.   Былтыр Саттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойы туған жерінде өтті.  Алдағы уақытта  Саттар Ерубаев атындағы атаулы шәкіртақы тағайындасам  деген ниетім бар, Құдай Тағала сәтін салсын! «Интеллектуалды ұлт» жобаңыздың мәнісі не? Меніңше, Елбасының саясатымен үндес секілді... Соңғы үш-төрт  жыл ішінде  ғылыми жетекшілігіммен бір топ ғалымдар мен студенттер «Елдің интеллектаулды әлеуеті» мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттеулер жүргізіп келеді.  Иә, сұрақты дұрыс қойып отырсыз. Елбасы «Интеллектуалдық ұлт – 2020»   жобасын жариялағаннан бері  Білім және ғылым министрлігінің іргелі және қоданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыра бастады.  Ғылыми жоба аясында Қазақстандағы БҰҰ  Ақпараттық Бюро,  Алматы қ.  ЮНЕСКО кластерлік бюросы қолдауымен алғаш рет  журналистика факультеті студенттерінің  «Қазақ елі» ғылыми экспедициясы еліміздің аймақтарында екі жыл қатарынан  зерттеулер жүргізе бастады. Бұл ғылыми жорық нәтижесінде  «Қазақ халқының тарихи-семиотикалық  құндылықтары» атласы әзірленді. Бұл құжат ғылыми монографияға еніп, ЮНЕСКО-ның мәдени бағдарламасына табыс етілді.  Жастардың туған  жерінің мәдени құндылықтарын зерттеуде, бағалауда, оны құрметтеуде мұндай жобалардың қоғамдық мәні ерекше. Ғылыми  жорық сапарға шығар алдында жыл сайын бүкіл қазақ жастары белсене қатысқан әлеуметтік желілердегі «Ауылға хат» ақпараттық науқанын өткізу де нәтижесін беріп отыр.  Екі жыл бойына ел-елден келген хаттардың үздік  топтамасы таяуда баспадан жарық көрді.  Ауыл – қазақ өркениетінің ошағы. Сондықтан да жастардың ауылды құрметтеуі, ауыл өмірі мен тіршілігіне үн  қатуы бүгінгі қазақ қоғамы үшін  рухани қолдау! DSC_0259 Байқауымызша, үнемі жастарды қолдап жүресіз. Шығармашыл жастарды қолдауға арналған журналистік зерттеу нститутыңыздың жұмыс барысы жайлы айта кетсеңіз? Екі  жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  медиа саласын зерттеуге және жаңа медианың дамуына студенттер, магистранттарды  жұмылдыратын  «Медиасфера» гуманитарлық  зерттеулер  ғылыми орталығы ашылды. Бүгінде орталықтың  басты  да табысты жобалары ретінде  Халықаралық деңгейде өтіп жүрген Журналистика және коммуникация жазғы және қысқы мектептерін атауға болады. Жыл сайын жаңа медиа саласының білікті де білгір практик мамандары Ыстықкөлдегі ұлттық университеттің  демалу лагерінде Жазғы мектепте бас қосып жүр. Ал, қыс айларында Іле Алатауының әсем шатқалында Журналистика қысқы мектебі жұмысын жалғастырады. Мұндай форматтағы шаралар қатысшуыларға да, дәріскерлерге де қаланың шуынан алыс, табиғаттың  аясында еркін пікір алмасуға, шеберліктің қыр-сырын бөлісуге, кешкі корпоративті  кездесулерге мүмкіндік беретін медиаалаңға айналуда.   Сондай-ақ,  осымен 18 рет өткелі отырған республикалық  «Жас тілшілер» форумы да еліміздің ең алыс шалғайдағы мектептерінде оқып жүрген талай арманшыл өренге жолдама беріп, рухтандырып келеді.  «Журналист болғың келе ме?», «Жас репортер»  байқауларының жеңімпаздары ұлттық университетте бас қосады. Былтырдан бері форум үш күндік зияткерлік белсендіру күндері ретінде өте бастады. Біздің форумға республикалық «Ұлан» мен «Дружные ребята» газеттері, «Қазақ радиосы» қолдау көрсетуде. Биыл да ақпараттық қолдау көрсететін БАҚ саны артып отыр. Бүгінгі журналист маман қандай болу керек? Ақпарат дәуірі аталатын бүгінгі заманда журналистика көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Бүгінде ақпарат бірлігін битпен өлшейтінін білеміз.  8 бит 1 байтқа тең келеді.  Осы 1 байт көлемі  әліпбидегі 256 символды танытатын ақпараттық өлшем саналады. 1 секундте 1 млн байт ақпаратты  тасымалдауға болатын заманда өмір сүрудеміз. Сол үшін де технологияның осындай мүмкіндіктері журналистика саласындағы ақпарат пен оқиғалардың  лездігі мен жылдамдығына кепіл бола алады. Журналистика  сыйлы кәсіп, жауапты міндет. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікке студент кезінен баулу, тәрбиелеу –мамандар даярлайтын оқу орындарының міндеті. Ақпарат заманының талабы мен тартуы көп. Десек те болашақ журналист үшін ақпараттардың тізгінін еркін меңгеру үшін де ақпараттық технология мен мультимедиалық құралдармен тіл табыса білуі тиіс. Бүгінде мультимедиалық  құралдарды игерген әмбебап журналистерге деген сұраныстың артуы заңды да. Журналистика шеберлерді таңдайды. Сол үшін жас журналистер өзі ісінің шебері болуда іздену керек, оқу керек, талпыну керек. Білікті ғалым, профессор ретінде ғылым саласындағы өкшелес кейінгі буын жастарды оқып тұрасыз ба? Оқысаңыз, қай жас ғалымды атай аласыз? Қазақ ғылымы жаңа халықаралық деңгейде дамуда десем артық емес. Себебі, бүгінде PhD докторларын дайындауда осындай жоғары талап қойылады.  Өзім былтыр филология, журналистика мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы ретінде көптеген жұмыстармен танысып, сараптауларға қатыстым. Мәселен,  PhD докторы Жұлдыз Сүлейменованың  түркі өркениеті саласындағы  бағалы еңбектерін, ғылым магистрі Айсұлу Молдабекованың әлеуметтану саласындағы өткір проблемалары зерттеулері,  журналистика саласында  Саудбаев Мадиярдың әлеуметтік желілер, Назым Жұртбайдың БАҚ-тағы экологиялық мәселелер, Әлім Эльмираның әлеуметтік жарнама, Қанат Кулшумановтың  ақпарат агенттіктері  салаларындағы   зерттеулерін ерекше атағым келеді. Сондай-ақ, филология саласында Батыржан Мансұровтың, Ақылбек Мейірбековтың, Әлия Баймолдинаның, Дамира Ақынованың зерттеулері де қазақ ғылымына қосқан  ерекше еңбектер дегім келеді. Өзім ғылымға баулып жүрген студенттерім Әкім Арайлымның, Әбітай Ақсәуленің, Мади Ахметовтың талдамалы және публицистік дүниелерін бүгінде ғылыми орта жақсы бағалап жүр. Магистранттар қатарында Жәния Әбдібектің, докторанттар қатарында Зарина Бүйенбаеваның  жазған сараптаулары ұнайды. Сіз ғалым ретінде әлемнің бірқатар елдерінде болдыңыз. Түрлі біліктілік арттыру курстарынан да өттіңіз. Сіздің ойыңызша, біздің журналистика, медиа нарық әлемдік стандартқа сай дамып келе ме? Бүгінгінің ғалымы – жаһандық тұлға. Ғылымда не шекара, не стандарттар жоқ. Тек қана үздік зерттеулер мен озық ойлар ғана бағаланатын білім дәуірінде  ғалымдарға мүмкіндіктер көп. Менің есімде, ЮНИСЕФ грантын жеңіп алып, ең алғаш Санкт-Петебург қаласына жаһандық саммитке  жол тарттым. Бұл сапар – менің бүкіл  болашағыма жол ашты десем қателеспеген болар едім...  Менің әлеуметтік зерттеулерім жоғары бағаланып,  осы грантқа ие болдым. Журналист, публицист ретінде жаңа әлемді көрдім. Ең озық дамыған елдердің журналистерімен бірге жұмыс істеу маған үлкен  стимул берді. Кейінірек мен Әулие Петербор қаласына Журналистиканың жазғы мектебіне қатыстым.  Ресейлік үздік медиадәріскерлердің тәлімінен өттім. Сол жылы жазда курс аяқталар күні қызыққа тап болған кезім де болды. Жанымдағы  журналист қыздар кешкі Нева өзенімен куризге билет алыпты. Мен де ізін суытпай билет алдым. Бәріміз бірге кешке Нева өзеніне келдік. Мен алған билет қымбаттау джаз музыкасы ойнап тұратын кеме екен. Ал қалған  екі кемеге жанымдағы қыздар  үштен, екіден бөлініп мінді.  Билетті ауыстыруға екі кеме капитаны рұқсат бермеген соң амал жоқ мен өзім жеке куризуге шығуыма тура келді. Түн ортасына қарай кемелер бізді жағалауға әкеп тастады. Мен түскен кеме Нева өзенінің оң жағалауына, қыздар мінген кеме сол жағалауына тоқтаған. Амал жоқ, түнде барлық көпірлер ашылады да, таңғы беске дейін ешбір көлікпен қаланың Василеостровский ауданына шығу мүмкін болмады. Мен таң атқанша қаланы жаяу аралап, оның өзіме беймәлім тұстарын аштым. Алғаш рет сүңгуір кеме мұражайында болдым. Нағыз сүңгуір кемені  ең алғаш осы мұражай ауласында көрдім. Қазір жыл сайын Гонконгта өтетін Америка журанлистерінің Пулитцер және Азиялық журналистердің SOFA  сыйлығы лауреаттарының интеллектуалды бенлсендіру  күндеріне қатысып жүрмін. Сапарға студенттер, магистранттарды ала жүремін. ҚР БҒМ «Жылдың үздік оқытушысы» грантын иеленген әріптестермен Лондон қаласында білім беру технологиялары бойынша тәлімгерліктен өттім. Сол кездері алғаш естіген википедия немесе білім беру модульдарының қазір біздің өмірімізге енгені соншалық, бұл аталған жүйелер мен желілер біздің оқу үдерісінің  заңды бөлігіне айналды. Прага қаласында журналистердің біліктілігін арттыру курстарын  өткізетін TOL  институтының мельтимедиа бойынша тәлімгерліктен өту кезінде швециялық азамат, әлемге танымал фотожурналист Дин Кокспен таныстым. Ол бүгінде  сенімді әріптесіме айналды. Диннің қатысумен өткен жылы Ыстықкөлдегі Жазғы мектеп табысты өтті. Соңғы жылдары  Польша ғалымдарымен байланысымыз артуда. Біз Торунь қаласындағы Николай  Копкерник университетімен білім беру және ғылыми зерттеулер аясында ұзақмерзімді бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастадық.  Краков қаласы Шығыс бастамалар институты, Познаньдағы Адам Мицкеевич университетімен де ғылыми байланыстамын. Таяуда Нью-Йорк қаласы Колумбия университеті посткеңестік зерттеулерге мамандандырылған Харриман институтында ғылыми баяндамамен ісспарада болдым. Осы жиында кеңестер тұсында  АҚШ-қа қуғындалған бірнеше мамандар келді. Менің  «Болашақ» бағдарламасы, Зияткерлік мектептері, «Қазақ елі» экспедициясы жайлы презентацияма күмәнмен қарап:  «Қазақстанда барлығы осындай деңгейде дамып отырғаны күмәнді. Қалай сенуге болады?» - деп сұрақ қойды. Мен оларға өмірінде қазақ топырағына аяқ бастпаған адам,  тек американдық  ақпарат тоғысында қалған адам қалай біздің елді бағалай алады деп қарсы сұрақ  қойдым. Мұндай экспедицияларды ұйымдастыру – менің азаматтық позициям. Әлі жалғастыра беремін дегенде отырғандар еріксіз қол соқты. Сондықтан шетелде біздің қазақ елі жайлы, Қазақстан жайлы кейбір теріс пікірлерді, ақпараттарды сейілту, дәлелдеу үшін де мұндай ғылыми ортада баяндама жасау,  пікірсайысқа түсу аса қажет. Сіздің ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы стипендияларын жеңіп алғаныңызды білеміз. Жалпы ғалым, ұстаз ретіндегі жеке шығармашылығыңыз жайлы айта кетсеңіз... Иә, былтыр Тәуелсіздік үні қарсаңында ҚР БҒМ Ғылым мен техника дамуына ерекше үлес қосқан   көрнекті ғалымдарға шәкіртақысын иелендім. Ғалымның еңбегін бағалап, аранйы шәкіртақы бөліп отырған мемлекеттік қолдауға разымын. Менің соңғы кездері зерттеулерімнің бір бағыты мәдени антропологияға қатысты. Сондықтан да  масс-медиа аясындағы зерттеулерімді осы бағытта ұштарыстыру – менің ең үлкен арманым. Себебі, уақыт  тапшылығы мен жұмысбастылықтан   мәдениеттану бағытындағы зерттеулерге  қайта орала алмай жүрмін. Бұл бағытта зерттеулер жүргізуге менің ғылымдағы ең жақын досым, ҚР ҰҒА  мүше-корреспонденті, белгілі мәдениеттанушы ғалым Ақтолқын Құлсариеваның ықпалы болды. Саясаттану саласында  теориялық білімді игеруге ықпал еткен қазақстандық саясаттану мектебінің орны ерекше. Осы күндері  жастармен бірлесе бастап, ұйымдастырып жүрген бұқаралық шаралардың көпшілігі бұқаралық медиа технологияларды зерттеуден, одан нәтиже шығарудан деп білем. Біздің республикалық  «Ана тілі» ұлт газетін оқисыз ба? «Ана тілі» газетіміз «халықтың тілі, көзі, құлағы» (А.Байтұрсынұлы) болып жүр ме? «Ана тілі» газетін сонау 1990 жылдардың басында  ашылғаннан бері менің ең сүйікті  басылымым.  Ғылыми зерттеулерімде «Ана тілі» газетінің материалдарына  сандық да сапалық талдаулар жүргізіп келем.  Газет көтерген мәселе қазақ қоғамының  жүрегіне қадалған ең өзектісі, ең маңыздысы. Газет  ұлттың үні бола білді.  Өзінің миссиясын абыроймен атқаруда. Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі ретінде әрі сарапшы ғалым ретінде қазақ баспасөзінің болашағы жайлы айтыңызшы? Қазақ баспасөзі белсенді дамып келе жатыр. Медианарықтың  жаһандық талаптары бар. Осы талаптар әрине, біздің де медиаалаңды шарпитыны  анық. Бізде қазір электронды баспасөз қарқынды түрде дамуда. Электронды БАҚ – әлемдік медианарықтағы ең ұтқыр баспасөз. Бәлкім, алдағы жылдары біздің де қазақ баспасөзі, қазақ интернет журналистикасы да әлемдік жүйеде өзінің мықтылығын дәлелдеуіне сенемін. Себебі, біздің бакалавлар мен магистранттар екі жылдан бері ағылшын тобында білім алуда, шет тілдерін емін-еркін меңгеруде.  Олар шетелдік коммуникация саласында біліктілікті арттыру курстарын өтіп жүр.  Журналистиканың болашағы – осындай журналистердің  қолында. Шүйгін әңгімегіңізге рахмет! «Ана тілі» ұлт газетінің ұжымы атынан төл мерекеңіздің қарсаңында  Сіздің шығармашылығыңызға, жаңашыл прогресті бастамаларыңызға тек толағай табыс тілеймін!  

Сұхбаттасқан Елдос ТОҚТАРБАЙ

1555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз