Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 20 Наурыз, 2015

«Кемпірқосақ» – «Арайдоға» болар

скачанные файлы«Ана тілі» газетінің «Сөзтаным» айдарындағы «кемпірқосақ» деген сөзге қатысты көлемі шағын да болса, мәні үлкен екі материалдың жарық көруі және оның жоғары оқу орнындарында талқылануы рухани дүниеміздің тағдырына бейжай қарамайтын жандардың аз еместігін көрсетеді. Жалпы ескіден келе жатқан есті сөздерді, жаңа заманға лайықты жаңа сөздерді (әсіресе халықаралық терминдерді) орынды-орынсыз шетқақпай жасауға өз басым қарсымын.  Уақыт елегінен өте алмай немесе күнделікті қолда­нылмағандықтан, жадымыздан шығып қалған, бірақ тілдік бай қорымыздың қатарындағы көне сөздердің тарихи қоржынымызда мол екендігін ескерсек, біз үшін әрбір қазақша атаудың орны бөлек екені рас. Дегенмен, кейбір сөздерді, құлаққа ерсілеу естілетін атауларды ой елегінен өткізіп, ұштап отырғанның артықтығы жоқ. Сондай қол­даныстағы өзінің орнын таба алмай, кейінгі ұрпақтың құлағына сіңбей, өгейсіреп тұрған жасанды сөздің бірі осы – «кемпірқосақ». Бұл арада кешегі аға буынның өкілі, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің де сөз сұлулығын алға тартып, «көкарай» деген атауды ұсынуы кейінгі ұрпақтың жағдайын ойлағаннан туған игі тілек деп ұғынамын. Өйткені ауылда туып, ат үстінде өскен жылқышының баласы – менің өзім бүгінде тұрмыстағы «кемпірқосақтың» дәл қандай болатынын ұмыта бастаппын. Әйтеуір, үлкен әжелеріміздің жағалай тізіле отырып, жүн түтетіні, бұрқыратып са­баумен сабалайтыны, сосын әлгі жүн-жұрқаны түрлі-түсті бояуларға шылай­тыны есімде қалыпты. Ал, оның аспандағы әсем құбылысқа қандай қатысы барын бүгінгі балаларға ұғынықты тілмен түсіндіріп берудің өзі оңай шаруа емес. Оңай болса, «Ана тілі» газетінде талқылаймыз ба?.. Бірде, жаңбырдан кейінгі керемет сәтте алты жасар немереммен аулада қыдырып жүргенімде, жарқырап күн шықты да, Көктебенің тұсынан дөңгеленіп «кемпірқосақ» көрінді. Әдемі-ақ! Жүз құбылып, қызыл-көк, сары-жасыл бояу­лар көздің жауын алады. Сол сәтте маңайдағы бала біткен (қазағы бар, орысы бар) «Радуга! Радуга!..» деп айқайласып, мәз болысты. «Кемпірқосақты» аузына алған менің кішкентайым ғана ғой деймін. Өз дауысы өзіне әрең естіліп тұрған ол да сәлден кейін қалғандарына қосылып, «арайдугалап» кетті. Сол кезде жанымдағы үш-төрт көршімнен: «Что означает слово радуга?» деп сауал тастадым. Олар алғашында маған «Соны да білмейсіз бе?» дегендей аңтарыла қарасып: «Ну, радуга, эта – радуга…» деп, ары қарай не айтарын білмей, тосылып қалды. Шын мәнісінде, нағыз қазаққа оның мағынасын түсіну еш қиын емес еді. Ал, орыстілді ағайындардың жете білмейтін себебі – «радуга» қазақтың сөзінен туындаған атау. Мұндағы екінші буын «доға» деген сөз. Бірінші буындағы «ра» дегеннің қандай ұғымды білдіретінін ешкім анық айта алмайды. «Радость» деген сөздің қысқарған түрі дейін десең, еш қисыны жоқ. Есі дұрыс адам «радостная дуга» деп шұбыртып тұрмайды. Ендеше, Ғабең айтқандай, «көкарай» деген сөздің жаны бар. Тек, мұндағы ескертетін нәрсе, бір ғана түстің анықтамасын білдіретін «көк» сөзі бұл арада аздық етеді. Дұрысы – «арайдоға». Өзі арай, өзі доға! Кейінірек осынау әдемі атау өзге тілге ауысып, «а(ра)йдуга», «радуга» деген қалыпқа түскен. Ендеше, біз де құлаққа жағымды естілетін және аспандағы жалт-жұлт еткен әсем көріністі дәл білдіретін осы бір «Арайдоға» атауын тілімізге қайтаруды, көпшілік қолдаса, ресми қолданысқа енгізуді ұсынамыз.

Қайым-Мұнар Табеев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

 

1744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз