- TENGE MONITOR
- 17 Маусым, 2010
Cерік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі: Өткенді ескеру өскендіктің белгісі деп білемін
Тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай барлық салалар бойынша өрлеп, өркендеу үстінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының, қажырлы қайраткерлігінің, дана басшылығының арқасында жас мемлекетімізде әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қосатын экономикалық реформалармен қатар, рухани құндылықтарымыз болып табылатын ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді, тілімізді қайта жаңғыртып, дамыту мақсатында кең көлемді жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда, тұңғыш Президентіміздің тікелей басшылығымен дүниеге келген рухани өзегіміз бен ұлттық іргетасымыздың беріктігін танытатын, болашаққа ұлтымызды өзіндік ерекшелігімен апаратын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да атқарылған және алдағы кезде жүзеге асырылар жұмыстар жетерлік.
Бүгінгі таңда әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тіліміз бен мәдениетімізді дамыту, діліміздің рухани ұстанымын нығайту – өркениетке өрлеген қоғамымыздың басты міндеттерінің бірі екені анық. Осы тұрғыда алып қарағанда, Алматы облысына Серік Әбікенұлы Үмбетов әкім болып келгелі Жетісу жеріндегі мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ділді, өнерді, салт-дәстүрді, тарихи жәдігерлерді құрметтеу және қайта жаңғырту, қолдау мен қорғауға байланысты көптеген жұмыстар мен маңызды шаралар жүзеге асырылып жатқанына айрықша тоқтаған жөн. Қайда, қандай лауазымды қызметті атқармасын ұлтының ұлылығын дәріптеп, жоғын түгендеп жүретін Серік Үмбетовтің ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен тарихымыздың жанашыры екенін жұрттың бәрі біледі. Оған ол кісінің осы уақытқа дейін атқарған ізгілікті де, ізденісті істері куә. Шындығын айту керек, біздің бүгінгі толғанысымыздың басты кейіпкері – Кеңестер Одағы кезінде кеңшар басқарып, Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аудан тізгінін ұстаған кезеңдердің өзінде-ақ, өзінің ұлтын сүйетінін айналасына мойындатқан жан. Туған халқының тілі мен мәдениетін сүйіп, тарихи тұлғаларын түгендейтін адамға қырын қарайтын өктемдік жүйенің сол кездегі шектен шыққан талаптары мен тежеулеріне де шыдап, халқының өткенін әспеттеп, жастарға үлгі ретінде ұсына білгенін сол жылдары қызметтес болған азаматтар әлі күнге жыр қылып айтады.
Елімізді индустрияландыру картасы бойынша Алматы облысы аумағында жалпы сомасы 60,3 млрд. теңге болатын 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұлардың ішіндегі жалпы құны 3,3 млрд. теңге болатын екі жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілсе, құны 57,0 млрд. теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба аймақтық индустрияландыру картасына қосылған. Көлемі 3,65 гектарлық жылыжайлар құрылысының жобасы 96,4 пайызға орындалған. Сүт өнімдері өндірісі зауытының құрылыс жұмыстары біткен, орнатылған жабдықтарды сынақтан өткізу жүргізілуде. Табиғи тастарды өңдейтін зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Сынақ түрінде ісе қосу барлығының дұрыстығын білдірді. Соған сай аумағын абаттандыру қолға алыныпты. Инфузиондық ертінділерге арналған бір реттік жүйе өндірісі бойынша зауыттың құрылыс-құрастыру жұмыстары тамамдалып, зауыт іске қосылуға дайын тұр. Қаратал өзеніндегі 4-ші су-электр стансысының құрылысы да шілдеге дейін бітеді.
Екінші жартыжылдықта пайдалануға берілетін қалған екі жоба: «ЮСКО Логистикс Интернешнл» АҚ – көп салалы логистикалық кешені мен «Илно Групп» ЖШС иілген болат профильдер өндірісі бойынша зауыт екінші жартыжылдықта толыққанды жұмысқа кіріспек. Сонымен бірге, Алматы облысы аумағында республикалық индустрияландыру картасы ауқымында сегіз ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Бұлардың ішіндегі төрт жоба бұрынырақ басталып, бүгінде жалғасын тауып отырғандар. Олар – «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы, Мойнақ су-электр стансысы, «ӨтесБиоАзия» ЖШС бордақылау алаңы және Қорғас – Жетіген теміржол желісі. Сондай-ақ, «Алматы – Қорғас» автожолы, «Балқаш» ЖЭС, «Алма» 500 кВ қосалқы стансысы секілді іргелі жобалар Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың бақылауында сәтті жүзеге асырылу үстінде. Экономика мен рухани құндылықтарды қос бұрымдай қатар алып жүрген әкімнің халқына сіңірген енбегі өлшеусіз-ақ.
Алматы облысының тізгінін ұстағанында халқымыздың тұлпар тектес тұлғаларына олар туған, қызмет еткен жерлерде ескерткіштер орнатып, мұражайлар ашуға ұйытқы болды. Біраз жыл Жамбыл облысына басшылық еткенде де осынау жұрт көңіліне жағатын, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін сауапты да ұлағатты ісін жалғастырды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің аса жауапты міндетін атқарған кезеңде де туған жерінің, өскен өңірінің жоқ-жітігін түгендеп, жерлестерінің рухани жағынан жұтаңдап қалмауын жадынан шығармады. Облысқа ат басын бұрған сайын жағымды жаңалықтарға ұйытқы болып, игі бастамалар көтеріп, еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін жанқиярлық ерлік пен елеулі еңбек еткендердің есімдері ұмыт қалмауын қадағалап жүретін. Халық қастер тұтатын тұлғалардың ескерткіштерін орнатуға, мұражайларын ұйымдастыруға ықпал етуге алтын уақытын бөліп, оның нәтижесі шыққанша көзінен таса етпейтініне жиі куә болып келеміз. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын ...», - дегенді бекер айтпаған ғой, бүгін бір орайы келіп тұрған кезде Серік Әбікенұлының ұлттық рухтағы үлкен жұмыстары мен ауылға, онда тұратын адамдарға қатысты қолға алып отырған берері мол маңызды істері жайлы айта кеткенді жөн көріп отырмыз.
2005 жылы тамызда Алматы облысының орталығы Талдықорғанға арнайы жұмыс сапарымен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Серік Үмбетовті Жетісу жерінің жаңа әкімі ретінде таныстырды. Содан бері бірнеше жылдар өтіп кетіпті. Алматы облысын басқарған жылдар аралығында бірінші кезекте іздеушілері және қамқоршылары жоқ болып жүрген әдебиет пен өнер адамдарының мәртебесін көтеруді қолға алды. Ең алдымен облыстың ақын-жазушыларымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, күрмеуі қиын мәселелерін шешуге бел шеше кірісті. Жұмысы мүлде елеусіз қалған ҚР Жазушылар Одағы Алматы облыстық бөлімшесінің тірлігіне қайта жан бітті. Дана халқымыздың: «Елдің даңқын батыры шығарады, батыры шығармаса, ақыны шығарады», - деген нақыл сөзін есте ұстауының нәтижесінде тоқсан сайын ақын-жазушылармен кездесіп, елдің тұрмыс-тіршілігі мен көңіл-күйі, халықты ненің толғандыратыны жайлы ақылдасып отыруды жолға қойды. Сонымен бірге Жетісу жеріндегі ҚР Жазушылар Одағының мүшелеріне арнайы стипендия тағайындады. Бүгінде ешкім жерге қарап отырған жоқ десек те, назардың аударылуы мен азды-көпті қаржылай демеудің ақын-жазушыларға артық болмасы анық. Бастапқы жылдары облыс орталығында тоқсан сайын жүздесіп, өздерін толғандырар тақырыптар төңірегінде әңгіме қозғап, шерлерін бір тарқататын жетісулық ақын-жазушылар соңғы жылдары тоқсан сайын бір рет облыс аудандарына шығып, жергілікті жұртпен жүздесетін болды. Осылайша, Жетісу жұртшылығы өздері есімдерін сырттай ғана білетін қарымды қаламгерлермен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар мемлекеттік «Мәдени мұра» аясында жыл сайын бюджеттен арнайы қаражат қарастырып, жергілікті ақын-жазушылардың кітабын шығарып отыруды жақсы дәстүрге айналдырды. Жазғандары жылдар бойы жарық көрмей, шығармашылықтарының шырайы қаша бастаған ақындар мен жазушылар өздерінің жүректерінде аялап, тербеп өсірген туындыларын жалпақ жұртқа жеткізуге мүмкіндік алып, бір жасап қалды. Облыс басшысы байлықтың мәңгілік еместігін, ал, әдебиет пен мәдениеттің, тарихи ескерткіштердің елдің бүгінгісінің куәсі болып ғасырлар қойнауына жететінін жан жүрегімен сезініп, рухани құндылықтарды ұлықтай білуі арқылы халықтың көкейіндегісін дөп басты.
Сондай-ақ, Алматы облысында тұратын сазгерлерге де тоқсан сайын берілетін гранттар тағайындалып, олардың шығармашылығының шарықтауына барлық жағдайлар жасалуда.
Соңғы бірнеше жылда мамыр айы келісімен облыс орталығында аудандар мен қалалардың мәдени күндерін ұйымдастыру да бұлжымас дәстүрге айналды. Сонымен қатар, елге танылмай жүрген жас дарындардың жолын ашып, үлкен сахналарға жолдама берңлңп тұрады. Жаз жетісімен басталып, қоңыр күзге дейін жалғасатын мәдени күндер әр аптаның қасиетті жұмасы күні Талдықорғанды түрлендіріп, жастық пен жарастықтың шуағына, ұлттың әні мен думанына бөлейді. Былайғы кезде жасыл желегі өзіне жарасып тұратын Талдықорғанды бұл күндері мүлде танымай қаласыз. Күзде мәдени күндердің қорытындысын шығарып, оларды марапаттау да назардан тыс қалмауда. Бұл өз кезегінде көптеген өнер шеберлерін жұртқа танытып, өрісін кеңейтті.
Серік Әбікенұлының Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласының өміріне енгізген ең үлкен жаңалығы – ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымызды насихаттайтын қымызханалар жұмысын жолға қоюы болды. Міне, бесінші жыл көктем күшіне енетін мамыр айының басынан бастап, күздің қара суығы түскенше Талдықорған қаласының халық көп шоғырланатын тұстарына аудандар мен қалалар өздерінің ақ ордалы ауылдарын тігіп, ақ дастархандарын жайып, әндерін әуелетіп, күйлерін күмбірлетіп қазақтың ұлттық тағамдарымен көпшілікті тамсандырады. Қалалықтар мен қала қонақтары ала жаздай ақшаңқан киіз үйлерден дәм татып, қымыз бен шұбатқа сусындарын қандырады. Осынау ұлттық дәстүрдің жаңғыруы жұртшылық көңілінен шыққаны сондай, соңғы жылдары қала тұрғындары қымызханаларда балаларының шілдехана, тұсаукесер, тілашар қуаныштарын өткізіп, құдалықтарды атқарғандығын өз көзімізбен көріп, куә болып, жанымызбен сүйсіндік.
Ұлттың бүгінгі мәртебесі мен болашағы мығымдығын білдіретін қасиетті белгісінің бірі әрі бастысы тіл болса, мәңгілік мұрасы – мәдениеті екені сөзсіз. Осыған орай облыс әкімі Серік Үмбетовтің тарапынан жабылып қалған мәдени нысандарды қайтадан қалпына келтіруге баса назар аударылды. Алыс ауылдардағы рухани ордалар: кітапханалар мен мәдениет үйлерінің жұмыстары біртіндеп қалпына келтірілді.
Мемлекеттік тілге келер болсақ, дәл қазіргі кезде Алматы облысы мемлекеттік органдардағы іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі көрсеткіші бойынша, елдегі басқа өңірлердің алдында тұр. Биыл еліміз бойынша алғашқы, әрі бірегей Тіл сарайы Талдықорғанда ашылып, өзінің жұмысына кірісті. Ал Жетісу жерін мекендеген ұлттардың өз мәдениеті мен өнерін дамытып, еліміздің рухани тұрғыда күшейе түсуіне өздерінің үлесін қосып отырған ұлттық-мәдени орталықтар жұмысын үйлестіретін Достық үйінің игілікті қызметке кіріскеніне бірер жыл болып қалды. Шындығын айту керек, дәл Талдықорғандағыдай Достық үйі мен Тіл сарайы әзірге басқа бірде-бір облыста жоқ. Бұлар да облыс басшысының руханият төңірегіндегі тынбас еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Ал ұлттық спорт түрлеріне келсек, оның жөні тіптен бөлек. Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында атшабарлар салынып, асыл тұқымды жылқы зауыттары жұмысқа кіріскен. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні «Талдықорған» атшабарында ұлттық ат спорты ойындарының тұсауы кесіліп, қарашаға дейін түрлі деңгейдегі ұлттық ат спорты ойындары өткізіледі. Алматы облысында кеңінен қанат жайған бұл үрдіс Жеңіс күні, Конституция күні және тағы басқа атаулы күндер мен елге, қоғамға еңбегі сіңген тұлғалардың мерейтойларында да назардан тыс қалмайды. Барлығында тұлпарлар тайталасы ұйымдастырылып, ұлттық ойындар жұртшылық көңілін көтереді. Сонымен бірге елдің атын шығарар басқа да бұқаралық спорт түрлерінің дамуына барлық жағдай жасалған. Спорт мектептері де қайтадан ашылып, ауылдардағы жергілікті бапкерлер шымырлығымен көзге түскен қарадомалақтарды түрлі спортқа баулуға кірісті. Ел құрамаларындағы жетісулық спортшылардың барлығына және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларға ай сайын қомақты көлемде демеу қаржы төленіп тұрады. Мұндай қамқорлықтан мүгедек спортшылар да тысқары қалмаған. Соның арқасында Жетісу спортшыларының кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Мәселен, ауыр атлетикадан өткен әлем біріншілігінде Жетісудың төрт бірдей спортшысы еліміздің көкбайрағын асқақтатып, әнұранын әуелетті. Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында да еліміздің қанжығасына байланған күміс медальдің иегері - жетісулық Елена Хрусталева.
Қазіргі кезде Талдықорған қаласының шетіндегі жасыл желекті аумақтан салынған елімізде теңдесі жоқ әмбебап спорт сарайы амандық болса, осы тамызда пайдалануға беріледі. Сол кезде спортшыларымыздың бүгінгі жетістігі одан ары шарықтап, жаппай желпіндірер жағдайға жетері анық.
«Ескерткіш – елдіктің мұрасы». Оған сонау көне заманнан жетіп, еліміздің, жеріміздің өткенінен сыр шертер бүгінгі тарихи ескерткіштердің құндылығы мен бүгінгі ұрпаққа берер тәрбиесі дәлел бола алмақ. Жетісу жерінде соңғы ғасырларды айтпағанда, мыңжылдықтардан жеткен тарихи ескерткіштер жетерлік. Олардың қатарында Тәуелсіз еліміздің символына айналған «Алтын адам» табылған Есік қорғандары, ежелгі адамдардың жазулары мен салған суреттері сақталып қалған таңбалы тастар бар. Алакөл, Райымбек, Балқаш аудандарында зерттеушілердің аяғы жетпей жатқан құнды жәдігерлер баршылық. Олардың барлығы мүмкіндігінше қорғауға алынып, зерттелуде. Жыл сайын «Шоқан жолдарымен» жүріп өтетін экспедиция да облыс басшысының жарқын бастамасы және нақты қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Кейінгі жылдары сол ескерткіштер сапына Серік Әбікенұлының басшылығымен тұрғызылып жатқан жаңа монументтер қосылды. Халқымыздың тарихынан, өр рухынан сыр шертетін, еліміз бен жеріміз үшін жанын пида еткен есіл ерлер мен батырларға, хандар мен билерге, ұлтымыздың біртуар перзенттеріне арналған ескерткіштердің жылдар санап көбейе түсуі де көңіл қуантады. Біле білген адамға ескерткіштер – тарихымыздың мәңгі өшпес беттері. Бүгінгі қойылып жатқан ескерткіштердің бәрі келешек жастар үшін жасалынып жатқан шарапатты шаралар.
Қай уақытта, қай кезеңде болсын болашаққа деген сенімінен айнымаған, ертеңінен жақсылық күтіп, өзін-өзі өсірген қазақ халқы «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты сөзді бекер айтпаса керек. Сондықтан елім деп өткен ер бабаларымыздың басына кесене тұрғызу, оларға ескерткіш орнату – біріншіден, ата-бабаларымыздың аруағына деген сый-құрмет болса, екіншіден, ұрпағымыздың елін, жерін, Отанын сүйіп, патриот болып өсуіне ықпал ететін, рухани күш беретін бірден-бір тәрбие көзі. Осының бәрі бірлік пен тірліктің, ұйымшылдық пен құрметтің арқасында келіп отырғаны сөзсіз.
Осындай жағымды істердің басы-қасында ұлт жанашары Серік ағамыздың жүргені жүрекке жылы сезім ұялатады. Осы уақытқа дейін Серік Әбікенұлының тікелей басшылығымен 42 ескерткіш орнатылыпты. Оның ішінде атап айтар болсақ, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға, қолбасшылар – Аспан таулар аймағында орнатылып, Хан тәңіріндей менмұндалап көрінетін Райымбек батыр ескерткіші, қазаққа ұран болған Қарасай батырға арналған ескерткіш, Жамбыл облысын басқарған кезде Қордай ауылында қойылған Өтеген батырға арналған ескерткіш, Тараз қаласындағы Қойгелді батыр ескерткіші, Мойынқұм ауданындағы Биназар батыр ескерткіші, Меркідегі Сыпатай батырға арналған ескерткіш, Талас ауданы, Ойық ауылдық округіндегі Көшек батырға арналған күмбез-кесене, Байзақ ауданындағы Байзақ датқаға арналған күмбез-ескерткіш, сондай-ақ, Тараздағы – Бәйдібек баба мен Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылындағы Жамбыл ескерткіші. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек баба кесенесінің салынуына да бір кісідей атсалысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың (Құлан ауылы, Жамбыл облысы) ескерткішін орнатты. Серік Үмбетов Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың 4 ескерткішінің бой көтеруіне мұрындық болған. Олар: Жамбыл облысы Ақкөл ауылындағы ескерткіші, Тараз қаласында орнатылған бюсті, Алматы облысы, Балқаш ауданы Желтораңғы ауылындағы бюсті және Бақанастағы ескерткіші. Мұнымен бірге Таразда Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнатып, сондай-ақ, Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішін қайтадан жасауға мұрындық болды.
2005 жылдан бері Серік Үмбетовтің тікелей басшылығымен Алматы облысында ондаған ескерткіштер ашылды. Мәселен, Қарқара ұлт-азаттық көтерілісінің 90 жылдығына орай Ереуілтөбе ауылындағы ескерткіш жаңартылды. Қарасай ауданында Шапырашты Наурызбай батыр ескерткіші, Талдықорған қаласындағы есімдері халық жүрегіне ұялаған Ескелді би, Балпық би мен Қабылиса жырауларға арналған «Үш бәйтерек» тарихи-мемориалды кешені бүгінде үлкен-кіші арнайы ат басын бұрып, тағзым ететін қасиетті орынға айналды. Отау құратын жастар да осы жерге арнайы келіп, үлкен өмірге басар қадамдарын осы ескерткіштер алдында бастайды. Іле ауданына қарасты Ақши ауылында әулие Белағаш Ақұлына арналған кесене және Сарқан қаласында қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер Мұхаметжан Тынышпаевқа арналған қоладан құйылған ескерткіш ашылды.
Сондай-ақ, осы уақыт аралығында Секеңнің жанашарлығының арқасында ақын Сараның Талдықорған қаласындағы ескерткіші бұрынғы тұрған жерінен алынып, қаланың көрнекті жеріне көшірілді. Серік ағамыздың бастамасымен Астананың 10 жылдығына жер жаннаты – Жетісу өлкесінің тартуы ретінде жыр алыбы Жамбылдың ескерткіші жасалып, елордамыздың әсем алаңына айналды. Кейінгі жылдары ғана Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында Райымбек батырға ескерткіш қойылса, осы ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы Сағат Әшімбаевтың қола мүсіні ол оқыған мектептің алдына орнатылды. Желтоқсан қаһармандары – Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа олардың туған жерлері – Жаркент қаласында ескерткіш қойылды. Талдықорғанда атақты тарихшы, шежіреші Қадырғали Жалайыриға, Жамбыл ауданында белгілі журналист Балғабек Қыдырбекұлына және облыс орталығында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш қойылды.
Сондай-ақ, өткен жылы Талдықорғанға шығыстан кіретін күре жолдың бойына қазақтың Бас батыры атанған Қаракерей Қабанбай батырға алып ескерткіш қойылды. Бүкіл ел көлеміне сауын айтылып, Қазақстанның барлық аймақтарынан қонақтар келіп, ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, «Талдықорған» атшабарында өткен дүлдүлдер додасы мен Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайын жырға бөлеген республикалық ақындар айтысын тамашалады.
Амандық болса, осы тұрғыда алдағы кездері жүзеге асыру ойластырылған жарқын ойлар бар. Солардың бастысы ретінде Талдықорған қаласының төрінен Дінмұхамед Қонаевқа ескерткіш орнату туралы жоспарды айтуға болады. Бүгінге ескерткіш қойлатын жер таңдалып алынып, жобаларға байқау жарияланды.
Сонымен қатар айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлына арналған ескерткіш бірер айда Талдықорған қаласында бой көтереді деп жоспарлануда.
Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Мұндағы айтпақ ойымыз – Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, оны жаңғырту жолындағы жұмыстарын халыққа жеткізу.
Өз сөзінде Серік Үмбетов: - Еліміздің іргесі шайқалған заманда еліне пана, жеріне қорған болған бабаларымыз халықтың арман-мүддесін нақтылы жүзеге асырушылар болды. Қазақта: «Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады» деген сөз бар. Сондықтан біз бабаларымыздың ел болашағы үшін атқарған жұмыстарын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Ұлттың ұранына айналған бабаларымыздың ерлік қаһармандығы, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі баршамызға, келешек ұрпағымызға қазыналық рух болуы тиіс, - дейді.
Осындайда атамыз қазақ: «Өткенді ескерген - өскендіктің белгісі» деген. Сондықтан елдігіміз үшін жандарын пида еткен тұлғаларымызды әрдайым мақтан тұта отырып, жастарға үлгі ретінде ұсынуды Серік Әбікенұлы ешуақытта естен шығарған емес.
Сағын СЕРІК
1338 рет
көрсетілді0
пікір






