Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Сәуір, 2015

Кәрім Көкрекбаев, Жамбыл облысының әкімі: Әрбір азамат ана тілін құрметтеуі тиіс

Кокирекбаев– Кәрім Насбекұлы, Тараз – тарихи қазы­налардың қойнауы десек, артық айтпаған болармыз. 2000 жылдан астам тарихы бар қаланың өзі-ақ осы жайтты аңғартып тұр. Аймақта ұлттық тарихты зерделеу, тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда және алдағы уақытта осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынбақ? – Тараздың 2000 жылдық тарихы бар. Мен жақында Қытайдың Сян деген қаласында болдым. Сол Сян қаласының да тарихы 2000 жылдық болып шықты. Жібек жолында бәріміз бір белдеуде тұрады екенбіз. Жібек жолының басы Сяннан басталса, ортасында біз. Қазір енді Қытаймен бірлесіп, жұмыс жасап жатырмыз. Ал енді «Ежелгі Тараз» қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары 2011 жылдан бастау алып, оған 28 млн. теңге бөлінді. Қазба жұмыстары тарих ғылымының докторы, профессор К.Байпақовтың жетекшілігімен басталған болатын. Алғашқы күннің өзінен ортағасырлық архитектуралық нысан құрылысының қабырғалары аршылды. Археологиялық қазба жұмыстары 750 шаршы метр жерде жүргізілді. Алғашқы қазба жұмыстары кезінде-ақ көне дәуірге жататын, бірқатар бұйымдарды тауып үлгерді. Қазба жұмыстары барысында беткі қоқыс қабаты астынан қараханидтер дәуіріне жататын көп мөлшердегі сырлы керамикалар тобы табылды. 2012 жылы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында «Ежелгі Тараз» қалашығына облыс бюджетінен 30 млн. теңге бөлінді. Еліміздің маңызы зор өндірістік және мәдени орталығы болып табылатын қазіргі Көне Тараз қаласы орналасқан жерді, Қазақстанның ең үлкен ортағасырлық шаһарларының бірі деп белгілі ғалымдардың көпшілігі зерттегені баршаға аян. Мысалы, Көне Тараз қалашығының бүгінгі орналасқан жері 1894 жылдары КСРО-ға белгілі археолог В.В.Бартольд пен профессор А.Н.Бернштамның зерттеулерінде анықталып, Ежелгі Тараз бүгінгі Тараз қаласының орнында болғандығы нақты көрсетілген. Қазба барысында ортағасырлық монша құрылысы қалдығының жылыту жүйелері мен орта ғасырға тән тұрғын үй іргетастары аршылып, көптеген археологиялық жәдігерлер табылды. 2013 жылы «Ежелгі Тараз» қалашы­ғын­да жүргізілетін археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына облыс бюджетінен 130 млн. теңге бөлініп, қазба жұмыстарының 3-інші кезеңі аяқталды. Қазба тереңдігі 1-3,5 м. аралығында. Бүгінге дейін 4 құрылыс қабаты анықталып, зерттелінді. Олардың көпшілігі тұрғын үй жайлардың орындары. Қазба жұмыстары нәтижесінде 33 000 қыш құмыра бұйымдарының сынықтары табылып отыр. Олардың ішінде 107 данасы бүтіндей сақталған. 33 монета, 26 шыныдан жасалған және 5 дана сүйектен жасалған археологиялық жәдігерлер табылды. Осы жәдігерлер арқылы Х-ХІІ ғасырларға қатысты Қараханидтер кезеңінің керамикалық бұйымдарының бірегей топтамасы жинақталынды. 2011 жылдан бастау алған тарихи маңызы бар республикалық дәрежедегі «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары жылдан-жылға жалғасын тауып, біршама нәтижелерге қол жеткіздік. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, қаланың толық тарихы, оның пайда болуы мен дамуы жайлы мәліметтер жинақталуда. Үстіміздегі жылдан бастап, «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік Елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырылып, туристік кластерді дамыту жұмыстары іске асатын болады. – Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды» деп атап өткен болатын. Жамбыл облысында мемлекеттік тілдің жайы қандай деңгейде? – Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жағдайын айтып кететін болсақ, Жамбыл облысында бүгін ғана емес, Кеңес уақытының өзінде бүкіл жиналыс, іс қағаздары қазақша жүргізілген. Сол себептен бәлкім өзге өңірлерде қазақ тілінің жағдайы туралы пайызға бөліп, есептеуге болатын шығар, ал бізде іс қағаздарының барлығы 100 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі. Облыста 88 ұлт өкілі бар, соған қарамастан жиналысты қазақ тілінде бастап, қазақ тілінде аяқтаймыз. Өзге ұлт өкілі отырған жерде оған түсінікті болуы үшін деректерді орыс тілінде келтіруіміз мүмкін, ал толықтай алғанда тек қазақ тілінде жұмыс жасаймыз. Бұл тұрғыда облыстағы Тіл басқармасы көп үлкен жұмыс атқарып отыр. Оно­мастикалық комиссияның жұмысын реттеу­ге, тіпті ескерткіштердің аты дұрыс толтырылып, дұрыс жазылып жатыр ма, осының бәріне Тіл басқармасы жауапты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жүрген өзге ұлт өкілдерінің барлығы қазақ тілінен тест тапсырады. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді. Бұл жұмыс тек облыс көлемінде ғана емес, аудан, ауылдарда да жүзеге асырылады. Менің ойымша, әр азамат алдымен өзінің ана тілін біліп, құрметтеуі тиіс. Біздің қазақ сөзі байқамасаң бір әріптен қате кетсе болды, мүлдем басқа сөз болып, басқа мағына беріп өзгеріп шыға келеді. Сондықтан қазақ тіліне келгенде қырағылық қажет, өте мұқият болуымыз керек. «Мемлекеттік Тіл туралы» Заң қабылдау да бүгінгі күннің талабы. – Енді білім саласына тоқталсақ. Өңірдегі білім беру деңгейіне көңіліңіз тола ма? – Білім саласын сөз етсек, облыс бойын­ша 406 мектеп, 400-ге жуық балабақша мен шағын орталықтар бар. 2010 жылы 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға баруы 54,6 пайыз болса, соңғы төрт жылда 70,9 пайызға жетті. Күні кеше Қордай ауданында болдым. Гвардейский ауылында 1000 орындық, Кенен ауылында 600 орындық, Алға ауылында 180 орындық мектеп салынды. Ауданда 134 мың халық тұрса, соның 30 пайызы дүнгендер. Сол Масаншы ауылында соңғы 20-30 жылда мектеп салынбаған екен, сол ауылға 825 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Соңғы төрт жылда тек Қордай ауданының өзінде 15-20 шақты мектеп, балабақша салыныпты. Бұл Елбасының сындарлы саясатының арқасында болып жатқан тірлік. 2010 жылдары ҰБТ қорытындысы бойын­ша Жамбыл облысы өңірлер арасында ең төменгі көрсеткіш жинап, соңғы орында тұратынбыз. Балаға сапалы білім беру үшін мұғалімнің өзі білімді болуы керек. Осы мақсатпен мектеп директорлары мен мұғалімдердің өздерін тесттен өткізуге тура келді. Тесттен өте алмағандары орындарын босатып, білікті мамандарды жұмысқа қабылдадық. Соның нәтижесінде қазіргі білім беру деңгейі жаман емес. Соңғы жылдары ҰБТ көрсеткіштері бойынша облыстар арасында бел ортада тұрмыз. Әлі де жұмыс жасаймыз. – Жуырда Елбасы Жамбыл облысына жасаған сапарында Тараз химия-техникалық колледжінде болды. Бұл да жайдан-жай емес. Осы оқу орнының ерекшелігі жөнінде сөз етсек... – Дуальді білім беру жүйесінің не­гізін Елбасы Қазақстанға Германиядан ал­дырған. Оқушы аптаның үш күнін оқу орнында өткізсе, үш күнінде өндірісте болады. Нәтижесінде, екі жылда теорияны да меңгеріп, тәжірибеден де өтіп, білімді, дайын маман болып шығады. Жамбыл облысы химия кластері болса, осыншама зауыт ашылса маманды қайдан аламыз деген мақсатта Тараз химия-техникалық колледжі ашылған еді. Оқу орнында 12 мамандық бойынша кадрлар дайындалады. Әрі химия өндірісі саласында ашылып жатқан өндірістер үшін қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін арттыру ісі жүзеге асырылады. Бұл бір жағынан бізге өте тиімді әдіс. Сол себептен бізге дәнекерлеуші, сантехник, электрик және тағы басқа мамандарды оқытып, өндіріске жұмысқа алу маңыздырақ және дер уақытында іске қосылды деп есептеймін. Оқу орны 600 адамға лайықталған, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымы оқу шеберханаларын, зертхана бөлмелерін, компьютер сыныптарын, мультимедия және  лингафон кабинеттерін, компьютер залы бар кітапхананы, 200 орынға арналған жатақхананы қамтиды. Мұның барлығы индустриялық бағдарламаларды қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан жұмыстар. – Тараз қаласындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клини­калық орталығы еліміздің мақтанышы десек болатын шығар. Мұның өзі өңірдегі денсаулық сақтау саласына қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын байқатады. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар газет оқырмандарын қызықтырары анық. – Денсаулық сақтау саласы бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Тараз қаласының өзінде 500 орындық емхана, 15 мың литрлік қан құю орталығы, балаларға арналған қалалық және облыстық екі аурухана, т.б. бар. Балаларға арналған ауруханада қазіргі жаңа технологиялық МРТ, рентген аппараттары бар, ота жасауға бар мүмкіндік тудырып отырмыз. Бұған дейін баласы ауырған ата-ана баласын Астанаға, Алматыға немесе Қырғызстанға жетектеп жүретін. Онда барғанда қонақүй қажет, жол қаражаты тағы бар, кей жағдайда ата-анасы баласының жанында болуы тиіс. Мұндайға біреудің қолы жетсе, енді бірінің жағдайы көтермей, әбігерге түсетін. Енді осының барлығы Тараз қаласында іске асырылып отыр. Ел, халық риза, әсіресе Елбасына шексіз ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар ана мен бала денсаулы­ғын жақсарту, ана мен сәби өлімін азайту үшін перинетальді орталық салынып жатыр, қыркүйек айында іске қосылады. Сондай-ақ онкология клиникасын салу да жоспарланған. Ол 2016-2017 жылдары пайдалануға беріліп қалар деген үмітіміз бар. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, Таразда «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы бар. Жүрек ауруымен ауыратындардың тізіміне 56 мың адам тіркелген. Былтырдың өзінде 1368 адамға ота жасалды. Жүрекке ота жасау оңай шаруа емес, бұрын тұрғындар Израиль, Германия, Ресейдің емханаларына жүгінетін. Бүгінде бұл тірлікке де білікті мамандардың арқасында өз елімізде қол жеткізіп отырмыз. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданында 250, Шу ауданында 150 орындық аурухана, сондай-ақ елді мекендерде адам санына қарай медпункт салу көзделуде. – Аймақтың әлеуметтік, рухани бағыттағы қолға алынып жатқан жұмыстарына біршама қаныққандай болдық. Реті келгенде экономикалық жағдайды да біле отырсақ. Кезінде Жаңатас, Қаратау қалаларының жайы қиын болатын. Тұрғындар жаппай көшіп жатты. Қазіргі тыныс-тіршіліктері қалай? – Жалпы алғанда Жамбыл облысы индустриалдық-инновациялық бағдарла­маларды жүзеге асыруға өте ыңғайлы аймақ. Елбасы 2008 жылы Жамбыл облысына іссапармен келгенде өңірдің жері де, табиғаты да тыңайтқыш шығаруға бейімді, химия кластері бола алады деп атап өткен болатын. Қазіргі уақытта экономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық, яғни жоспар орындалып отыр. Бұған көмегін тигізіп отырған үлкен кәсіпорынның бірі «Қазфосфат» компаниясы. Адамдарды жұмыспен қамту, экономикамызды дамыту, инвестиция тарту мақсатында облыс көлемінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Ресейдің «Еврохим» тыңайтқыш компаниясы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында зауыт салып, жұмысқа кірісті. Жоспар бойынша 2017 жылдың аяғында ол зауыт іске қосылады. 90-жылдары дүркіреп тұрған зауыттың жұмысы тоқтап, Жаңатастан 20 мың, Қаратаудан 20 мың адам жұмыссыз қалып, басқа жаққа көшіп кеткен болатын. Қазір көшіп кеткендердің барлығы қайтадан келіп жатыр. Одан бөлек Қаратауда тыңайтқыш шығаратын Сарытас деген зауыт болған еді. Сол зауыттың орнына жаңа ­зауыт салынып, жылына 1 млн 400 мың тонна тыңайтқыш шығаратын болады. Талас ауданында былтыр құны 14 млрд теңге тұратын, жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіретін зауыт іске қосылып, нәтижесінде 500 адам жұмыспен қамтылды. Мұндай ­зауыт бұрын Қазақстанда мүлде болмаған. Ал енді Жамбыл өңірі химия кластеріне бейімді дегенге келетін болсақ, қазір «Самұрық-Қазына» арқылы Шу ауданының Шу қаласынан 20 шақырым жерде 16 зауыт салынып, 2500 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жалпы инфрақұрылымға 36 млрд теңге қарастырылған, оның 8 миллиард теңгесі жұмсалды. 2,7 млрд доллар инвестиция тарту көзделген. Сондай-ақ ол жерлерге қонақүй, асхана, шаштараз, монша, кір жуатын орын, т.б. 100-ден аса шағын кәсіпорын ашылады. Өңірдегі тағы бір жаңалық – жел, күн сәулесі және су арқылы электр қуатын өндіру жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр Елбасымен өткен жалпыұлттық телекөпірде Қордай ЖЭС-ы туралы айтылған еді. 2017 жылы аталған жел арқылы электр қуаты 74 МВт жетеді. Шу ауданында 620 миллион текше метр су жиналатын Тасөткел суқоймасы бар, оның жанынан қуаттылығы 9,2 МВт Тасөткел гидроэлектр стансасы ашылды. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында 2,6 МВт, Меркіде 1,5 МВт және т.б. есептегенде, жиынтығы 13-14 МВт су арқылы электр қуатын өндіріп отырмыз. Бұл жұмыс әрі қарай өз жалғасын таппақ. Жоспардағы жұмыстардың барлығы атқарылатын болса, 2019-2020 жылдары Жамбыл облысы электр қуатымен өз-өзін қамтитын жағдайға жетеді. – Облыс ауыл шаруашылығы өңірі екендігі де жақсы белгілі... – Енді ауылшаруашылығына келетін болсақ, Кеңес Одағы тұсында өңірде 3-4 миллиондай қой, жылқы, ірі қара болды. Жекешелендіру кезінде үкіметтің малы таратылғанда, халық өз меншігіндегі, яғни қорасындағы малын сақтап қалды. Қазір мал ұстаудың тиімді екендігін жұрт түсінді, бастысы ауыл тұрғынының әрқайсысында жоқ дегенде он саулығы бар. Елбасының қолдауымен Ауыл шаруашы­лығы министрлігі тарапынан халыққа, оның ішінде ауыл жұртшылығына тиімді мүмкіндіктер беріліп отыр. Мәселен, егер сіз шаруашылық ашып, мал ұстайтын қора салатын болсаңыз, мемлекет соның 50 пайызын төлеп береді. «Қазақстанның Даму Банкі» арқылы 6 пайыз, техника алсаңыз «Аграрлық кредиттік корпорация «КазАгро» арқылы 7-12 пайыз аралығында көмек алуға болады. Оның бержағында сүт, сыр, май, ірімшік, т.б. өнімдерді шығаратын болсаңыз оған да субсидия беріледі. Аймақта ауылшаруашылығы саласында да көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Малайзия, Венгрия, Қытай инвесторлары өңірдің аграрлық саласына инвестиция бөлмек. 2015-2016 жылдары малайзиялық «Agrostan farms» компаниясы мал шаруашылығы фермасын құру үшін 350 млн. доллар қаражат құюды жоспарлауда. Сондай-ақ «Мойынқұм-Агро» компаниясы да ірі жоба ұсынып, оны жүзеге асыруды көздеп отыр. Біздің Жамбыл облысының үстінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолы өтеді. Оның екі жағындағы жол шамамен 1000 шақырым. Ол жерлерден тұрғындар өздерінің үлесіне тиесілі ­пайын алған. Пайдаланбай, бос жатқан осы өңірлерді қосып, иелік ететін адам шығарып, соның төңірегіне шағын өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде Израильден шағын цех алдырдық. Міне, облыста осындай игі істер атқарылып жатыр. Алда да еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы жолында қимыл-қарекет көрсете бермекпіз. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің, Елбасының көреген саясатының арқасында іске асып жатқан жұмыстар.  – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Бағдагүл Балаубаева

АЛМАТЫ – ТАРАЗ –АЛМАТЫ

1749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз