Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Сәуір, 2015

Любовь НИ, «Ұлттар театрының» жетекшісі: «Достықты ту еткен театрмыз»

Өткен аптада Астана қаласында «Қазақстан ұлттар театры» артистері жазушы-драматург Д.Исабековтің «Бақыт құсы» атты қойылымын сахналады. «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қорының бастамасымен қазақстандық театрлардың шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашып, еліміздегі түрлі этнос мәдениеттері арасындағы байланысты орнату мақсатында құрылған театрдың бағыт-бағдары, алға қойған жоспарлары туралы театр жетекшісі, республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Нимен әңгімелескен едік. – Ұлттар театры қандай мақсатпен құрылды? Бұл театрдың өзге театрлардан айырмашылығы неде? – Жалпы, Ұлттар театры 2007 жылы құрылған болатын. Елбасының ұлттар мәдениетін жақындастыру қа­жеттігі жөніндегі ойын жүзеге асыру мақсатында ан­треприза сипатында қайта құрылды. Антрепризада белгілі бір тұрақты драмалық труппа, жекелеген сахна деген ұғымдар жоқ, режиссер, актер, суретші, т.б. мамандар еліміздегі түрлі театрлардан шақырылады. Театрды құрудағы басты мақсат ­– Қазақстандағы ұлтаралық бірлікті нығайтып, Отанын, елін сүйетін патриот ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар антрепризалық театр шығармашылық күш­тердің бірлесе жұмыс жасауына, танылмай жүрген талай таланттарды үлкен сахнаға шығаруға мүмкіндік  туғызып отыр. Театр заман талабына сай қойылымдарды сахналайды. 1 мамыр – «Бақыт құсы» қойылымының премьерасы жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл қойылым көрермен қауымның көңілінен шықты деп ойлаймын. Белгілі қаламгер, драматург Дулат ­Исабеков біздің театрымызға арнап «Бақыт құсы» пьесасын жазып берген болатын. Тәуелсіздіктің нышаны ретіндегі біздің санамыздағы бақыт құсы, ол – самұрық құсы десек, осы бейне көркем туындының ­басты арқауы болды. Шығарма авторы да қойылымды тамашалап, өз жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге лирикалық драмада ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы бүкіл ұлт өкілдеріне әсер еткен қоғамдық жағдайлар сәтті бейнеленді. Пьеса кейіпкерлері – өзара татулығы жарасқан отбасылар, бірінің жағдайына бірі алаңдап, қиын-қыстау уақытта көмек қолын созуға дайын тұратын жандар. Олар өмір сынынан бірге өтіп, достық рухын желбіретеді. Дайындық барысында шығармашылық тәжірибе алмасуға, тың идеяларға жол ашылды. Бастысы, қойылымның түпкі идеясы сақталды. – Қандай артистер өнер көрсетті? – М.Лермонтов атындағы театрдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Михаил Токарев пен актер Сергей ­Попов, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғазиза Әбдінәбиева, сол сияқты Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан, ұйғыр, корей және басқа да театрлардан белгілі сахна шеберлері өнер көрсетті. Қойылымды елордалық Жастар театрының көркем­дік жетекшісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбаев сахналады. – Сахналық туындының бірнеше тілде ұсынылуы шығармашылық мазмұнның идеясына нұқсан келтірген жоқ па? ­– Біздегі ұлттық театрлар негізінен қойылымдарды өз тілдерінде жеткізуге дағды­лан­ған. Ал мына жағдай одан мүлде бөлек. Тіл үшін әдейі ілеспе аударманы қоспай көргіміз келді. Жанры жағынан лирикалық драма болғандықтан, мұндағы тағдырлар хикаясы сезіммен ойналады. Қазақстанда тұрып жатқан көп этностардың өмірінің шынайы суреттелуі үшін әр ұлттың тілін сахнаға алып шығу біз үшін үлкен жаңалық болса, екіншіден, тілге деген құрмет арқылы халықтың бір-біріне деген достығы нығая түседі. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан адамдардың мұң-мұқтажы мен қуанышы ортақ болғандықтан, тіл – олардың арасындағы жалғастырушы көпір сияқты қызмет ететіні сөзсіз. Сондықтан мұнда қазақ кейіпкерін өз ана тілінде, орысты орысша, немісті неміс тілінде сөйлетіп отырмыз. Басқа театрлар бір ғана, ал бұл театр екі есе артық міндет арқалайды. Біріншісі, халықтың рухани талап-тілегін қанағаттандыру болса, екіншісі, ел мен елдің, халық пен халықтың бірлігіне, ынтымағына қызмет ету. Мысалы, «Бақыт құсы» қойылымында менің өзіме бір эпизод қатты әсер етті. Қазақ өзінің орыс танысына келеді. Екеуара әңгіме-дүкен құрады. Олар бірде қазақша сөйлесе, енді бір тұста ойлары орыс тілінде өрбіп отырады. Сәлден кейін оларға корей келіп қосылады. Осымен үшінші тіл араласып кетеді. Енді неміс диаспорасының өкілі келіп бас қосқанда төртінші тіл қосылады. Неліктен мұндай тәсілді қолданып отырсыздар деген сұрақ тууы мүмкін. Ол аударма жоқтықтан емес. Қайта тілдің өзіндік әуезін, сазды ырғағын жеткізу. Мәселен, қазақтың күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген ауызекі тілін түсінетін орыстар өте көп. Сол себепті, Ұлттар театрының көп тілділігі көрерменге қиындық туғызған жоқ. Әртүрлі тіл, түрлі тағдыр. Осы тағдырларды, бастан кешкен тарихымызды әлі біз көркем туындылар арқылы толыққанды баяндап бердік деп айта алмаймыз. Кейінгі өсіп келе жатқан жас толқын бұдан бейхабар. Өткенге деген құрмет болмаса, кешегі тарихтың ащы сабақтарынан тағылым алмасақ, рухани тұрғыдан кеткен кемшілік болар еді. 1 мамыр-1 – Алға қойған жоспарларыңыз қандай? – Тілін, дінін, ділін аңсаған жан­дарға әлі талай құнды туындыларын ұсынатын театр алдағы уақытта үлкен ошаққа айналарына өз басым еш күмән келтірмеймін. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениетаралық және этносаралық үнқатысудың тетігіне айналды, әсіресе, мәдениет орталықтары, өнер ұжымдары, жекелеген тұлғалар ой бөлісетін, мақсат-мүдделерін ортаға салатын ортақ үйіміз ретінде біз оны өте құрмет тұтамыз. Сондықтан біздің қойылымдарымыз Отанды құрметтеуге, бірлікке бастайтын шығармалар болмақ. Әр қойылымды тапсырыспен арнайы жаздырамыз. Алға қойған мақсатымыз көп. Бастысы, Ұлттар театры сахнасында жанды, шын өмірді бейнелейтін, талас тудырмас тарихты баяндайтын дүниелер ұсынылмақ. Мәселен, осы қойылымның өзінде драмалық бір эпизод бар. Баласы тарихи Отанына оралады, ал әкесі қазақ топырағында қалады. Өйткені ол бұл жерді сүйеді. Ал мұндай тағдыр өте көп. Кезін­де жаппай дүрмекпен жабыла көшіп, кейін олардың арасынан Қазақстанға қайта оралған азаматтарды көргенбіз. Қолдан, қиялдан туған әңгіме емес. «Бақыт құсы» спектаклінің оқиғасы көңілге үміт отын жағып, өте сәтті аяқталды. Мың жылда бір рет ұшып келетін Самұрық халыққа бақыт алып келетін құс десек, сол идея ортақ шаңырақтың астына бәрімізді ұйыстырып, бір мүддеге, бір мақ­сатқа жұмылуымызға үндейді. Медбике Бәтима, мүсінші Бектұр, бизнесмен Чен Гу Пак, Карл мен Анна Нейман бейнелері арқылы бүгінгі қоғамның кейіпкерлері жанына жақындай түсеміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ИСЛӘМБЕК

2070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз