Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 25 Маусым, 2015

Рашид Жақсылықов: Компанияларымыз инвесторларға ұялмай көрсететіндей деңгейде болса дейміз

Рашид ЖақсылықовКәсіпкерлердің ұлттық палатасы экономиканың әр саласындағы 130-ға жуық  бизнес қауымдастықтың басын біріктіріп отыр. Солардың ішіндегі ең жасы – 2011 жылы құрылған Қазақстан мұнай-газ және тау-кен салалары сервистік компанияларының одағы («KazService»).  Батыс Қазақстан облысына іс-сапармен келген аталмыш одақ президиумының төрағасы Рашид ЖақсылықовПЕН және одақтың бас директоры Дәуіржан АуғаМбаймен мұнай-газ өндіретін компанияларға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардың басын біріктіріп, олардың түйткілді мәселелерін шешумен айналысатын одақтың жұмысы жайында әңгімелескен едік. Неизвестный объект Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ: – Дүние жүзінде бір мұнайшыға үш қызмет көрсететін адамнан келеді. Еліміздегі мұнай компанияларында 50 мыңға жуық мұнайшы жұмыс істесе, соларға қызмет көрсету саласында 150 мыңға тарта адам жұмыс жасайды. Қазақстанда мұнай саласына қызмет көрсетуші компаниялар енді дамып келеді. Одақтың кейінірек құрылуы осымен байланысты. Энергетика министрлігінің есебіне қарағанда жылына мұнай өндіру саласына қызмет көрсететін компаниялардың арасында 10-12 миллиард доллар шамасындағы қаржы айналымға түседі. Жұрттың көбі мұнай саласындағылардың барлығы мұнай өндіреді деп біледі. Іс жүзінде жобаны қағазға түсіретін инжинирингтік, құрылыс салатын, бұрғылайтын, сервистік қызмет көрсететін компаниялардың әрқайсысының өз міндет-мақсаты бар. Осындай қызмет көрсетуші компаниялардың басын біріктіріп, одақ құрдық. Одақ құрамына қазақстандық 100-ден астам компания кірді. Одақ жұмысының негізгі мақсаты - жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлардың арасындағы қазақстандық компаниялардың  байланысын үйлестіру, қазақстандық үлесті көбейту. Инвесторлармен келісе отырып, қазақстандық компанияларды солардың жобаларының арқасында өсіріп, дамытуды көздейміз. – Мұнай-газ саласы төңірегінде әңгіме қозғалса, қазақстан­дық мазмұнды арттыру мәселесі сөз болады. Дәл осы тақырып әлденеше мәрте үлкенді-кішілі жиындарда айтылып жүр. Бұл бағытта нақты өзгерістер бар ма? Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ: – Қазақстандық мазмұнды арттыру мә­селесі Елбасының тұрақты назарында. Әдетте өткізілетін форумдарда нақ осы мәселелер көтеріледі. Алайда оны жүйелеу, қадағалау жағы жеткіліксіз. Сондықтан салалық қауымдастықтардың артықшылығы да осында, олар саланың басты түйткілдерімен жете таныс, бірақ біздің қолымызда Ұлттық банк сықылды реттеп отыратын құзыр жоқ, сондықтан да жан-жақты серіктестік орнатуымыз керек. Қазақстандық үлесті көбейту керек деп айқайлай бергенше, отандық компанияларды дайындап, инвесторлар «мақтаған компанияларыңыз қайсы дегенде ұялмай көрсететіндей деңгейде болғанымыз дұрыс. Мұның өзі күрделі процесс, Норвегияда бұған 20 жылдай уақыт кетті. Инвесторлар бөгде елде жүрміз, заңдарды сақтауымыз керек деп біледі, сондықтан бізге батылдау болған жарасымды. Тиімді бастамаларды заңдастыратын болсақ, бәрі орнына келеді. Біздің компаниялар керемет дегенмен де, олардың деңгейін көтеру қажеттігі түсінікті. Одақ түйткілді мәселелерді біртіндеп күн тәртібіне қойып, жүйелі түрде шешуді қалайды. Сіздің өңірге келген осы сапарымызда мұнай-газ саласындағы барлық шетелдік компаниялардың басшыларымен кездестік. Әңгіменің төркіні қазақстандық компаниялардың мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету өндірісіне  қатыстыру мүмкіндігі жайында болды. Бұл жерде тек инвесторларды кінәлай беруге болмайды. Оларды жамандап, өзіміздің компанияларды мақтай берсек, оның артынан жалған отаншылдығымыз шығып қалады. Көп жағдайда білім болғанмен, оны тереңдетуге, техниканы жаңартуға, жұмысшылармен қарым-қатынасты басқа форматқа ауыстыруға, инвесторлармен  тиімді сөйлесуге, олардан үйренуге отандық компаниялар құлық танытпай жүр. Көбінің тұрақты даму жоспарлары жоқ. Сондықтан отандық компаниялар алдымен осы бағытқа назар аударса дейміз. Биыл наурызда Атырауда өткен мұнай-газ конференциясында шетелдік инвесторлардың 2015, 2016, 2017 жылғы жұмыс жобалары жайында жайып салдық. Әдетте біздің компаниялар тендер болатынын кеш естідік, ақпарат болмады, сондықтан шет­елдік компанияларға қосалқы мердігерлікке кірдік деп жатады. Инвесторлардың барлығы бірдей жергілікті компанияларға теріс қарайды деу қиын.  Олардың ішінде де осы елден тек қана пайда емес, ертең өздері кеткенде елге пайдасы тиер компанияларды дамытып кетуді мақсат етіп отырғандары барын білеміз. – Одақ құрылғалы бергі уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсеңіздер. дауиржанДәуіржан Ауғамбай: – Құрылғалы бергі төрт жылда бірқатар жұмыстар жасалды. Жыл сайын бірінші тоқсанда инвесторлармен конференция өткіземіз. Бұрындары жер қойнауын пайдаланушылардың басы бірігіп, кең отырып сөйлесе бермейтін. Сондықтан салиқалы басқосуларда өзара ақпарат алмасуға, алдағы жылғы жоспар-жобаларымен бөлісуге, құжаттарды қалай толтыру қажеттігін сөз етуге мүмкіндік туады. Әдетте, мұндай жиындарда біз компаниялардың нақты қандай жұмыстарды атқара алатынын айтамыз. Әрине, жоғары технологиялы деңгейдегі жұмысты сұрамаймыз, қолымыздан келетін жұмыс ауқымының 10-15 пайызын  берсе жеткілікті. Өйткені ақшаның бір бөлігі ел экономикасына қалуы керек. Бір жағынан, компанияларымызға «ойынның» ережесін көрсетеміз, ақпарат береміз, екінші жағынан, жер қойнауын пайдаланушылар «қысыла» бастайды, бұрынғыдай емес, ақпараттармен бөлісіп, отандық компанияларды жұмысқа тарта бастайды. Отандық компаниялардың  қаншалықты дайын екендігі бөлек тақырып, бірақ оларды қажетті талап деңгейінен шығуы үшін бағыттауымыз қажет.  Президиум мүшелерімен бірге жер қойнауын пайдаланушылармен, инвесторлармен бөлек басқосулар өткізіліп жүр. Онда олар өз жобаларымен, жоспарлармын жақынырақ таныстырады, ешбір делдалсыз, мемлекеттік құрылымдардың өкілдерінсіз тікелей көзбе-көз отырып сөйлесудің нәтижесі көп. Өзара байланыс орнығады. Мемлекеттік құрылымдармен жұмыс құжаттарында көбіне мұнай сервисінің мүддесі ескеріле бермейді. Осыған қатысты  ұсыныс-пікірлерімізді білдіреміз. Жер қойнауын пайдаланушылармен іскерлік байланыстамыз. «ТШО», «ҚПО б.в» компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істеп, ақпараттармен бөлісіп, отандық компанияларды іске қосудамыз. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның  қытайлық инвесторы тарапынан мұндай ашықтықты көре алмай отырмыз. Мемлекет ішіндегі өз алдына бөлек «бір» әлем болып томаға-тұйық отырған  компаниямен байланыс орнату қиын. Жылдан жылға жалғасып келе жатқан өткір мәселе әлі шешілетін емес. Сондықтан одақтың өкілдері Ақтөбеге барып, біраз жайға қанықты. Саладағы жергілікті компаниялар тапсырыстарға қол жеткізе алмай отыр, сондықтан олардың дамуы тұйыққа тірелген. Сатып алынған жабдықтар пайдаланылмай ескіріп, жұмыс көлемі берілмей, осының салдарынан жұмысшылар тарай бастаса, мұның соңы әлеуметтік шиелініске соқтырмай ма? Инвесторды құрметтеп, жұмыс істеуге жағдай туғызуымыз керек, алайда оның «еркелігіне» жол бермегеніміз жөн. – Ақ Жайық өңіріндегі машина жасаушылар Қарашығанақты игеруші шетелдік компаниялардың тапсырыстарын алу үшін консорциум құрды. Шағын және орта бизнестің өкілдері ҚПО-ға сервистік қызмет көрсету жұмыстарына қол жеткізе алмай келеді. Мұндай жағдай қашан өзгереді? Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ: – Атырауда 5 мың адам жұмыс істейтін «NNC» компаниясы бұрын ТШО-ны сумен, сүлгімен және өзгесімен Алматыдан, Қытайдан тасып қамтамасыз етсе, бүгінде осының барлығын өздері өндіруде. Ет қалбырын өндіріп, көкөніске дейін өздері өсіреді. Сіздердегі жағдайға келсек, үлкен зауыттар неге тендерлерге қатыса алмаймыз деп отыр? Біріншіден, бұл жұмыстың екі жағы бар: ғылыми және қолмен істейтін жағы. Оның ғылыми жағын жобалық -сметалық құжаттама немесе инжиниринг дейміз. Кезінде кен игеру басталғанда осының бәрін жасайтын инжинирингтік компаниялардың барлығы шетелдік болған. Мысалға, ТШО делік, оның тендерін француздың инжинирингтік компаниясы ұтып алды. Ол әрине, қажетті бөлшекті, жабдықты өзі білетін Еуропаның бір компаниясынан алады. Дүние жүзінде мұнай-газ саласының құрылысында қабылданған стандарт бар. Елімізде нақты стандарт жоқ, инвестор өзіне тиімдісін алады, біз бір стандартқа 2020 жылы келеміз. Оған дейін бұл көрініс соншалықты өзгере қоймас. Бір ұсынысымызды «ҚПО б.в.» компаниясы қабылдады. Енді «ҚПО б.в.» компаниясы биылдан бастап  инжинирингтік жұмысты ұтатын компанияға мынадай шарт қойып отыр, міндетті түрде инжинирингтік жұмысты жүргізетін компанияның 50 пайызы Қазақстан мемлекетіне тиесілі не қазақстандық азамат болуы керек. Мұны ҚПО конференцияда мәлім етті. Бұған құрылысшылар қуанып қалды. Бұл одақтың бастамасы болғанымен, тиісті министрліктердің қатысымен қол жеткен ортақ жетістік деу керек. Бізде көпшілік компаниялар ішкі жұмыстарына батыс менеджментін енгізіп, жүйелі дамытуды ойламайды. Осы тұрғыдан келгенде бізде мынадай инжинирингтік компаниялар бар деп ұялмай көрсететін компаниялардың өсіп шыққанына қуаныштымыз. Алдымызда белестер көп, соған бірлесіп жетуге жазсын.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, Батыс Қазақстан облысы

1868 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз