Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Шілде, 2015

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов: Тарихи атауларды жаңғыртуымыз керек

20150709_120547– Нұржауған Серікұлы, елімізде әр аймақтың өзіне тән сипаты, ерекшеліктері бар. Осы тұрғыда алғанда өзіңіз таяуда ғана әкім болып тағайындалған Мәртөк ауданы жөнінде не айтар едіңіз? Халық саны, оның ұлттық құрамы, шаруашылық бағыты жайында аз-кем мағлұмат берген артық болмас деп ойлаймын. – Ауданымыз облыстың Қобда, Қарғалы, Алға аудандарымен және Ресей Федерациясындағы Орынбор облысының Ақбұлақ, Қуандық, Беляев аудандарымен шектеседі, экономикалық жағынан да ыңғайлы жерде орналасқан. Мәселен, Жайсаң ауылында шекаралық бекет бар, бұл – Қазақстанның батыс аймағында Ресеймен арадағы қақпаның бірі. Он үш ауылдық округке қарасты 34 ауылда тұратын отыз бір мыңға тарта адамның 63,5 пайызы – қазақтар. Шаруашылықтың басым бағыты ауыл шаруашылығына икемделген. Бүгінгі таңда 27 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 402 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Өңір аумағынан Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі және Алматы – Мәскеу теміржолының өтуі халықтың тұрақтануына мүмкіндік берді. Жоғарыда айтылған 34 ауылдың алтауы табиғи газбен қамтылған, қазіргі күнде Жайсаң ауылына магистральды газ құбырын тарту жұмысы жүріп жатыр. Аудан орталығына таяу елді мекендерді газдандыруға жобалау-сметалық құжаттамалар жасалу үстінде. 21 ауыл орталықтандырылған ауызсу желісімен қамтылды, өзге елді мекендерге су тарту үшін жерасты су қорын зерттеуге сұраныстар берілді. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған «Нұрлы жол» бағдарламасы және бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы ел дамуының кепілі ретінде жан-жақты қолдау тапты. Соған орай ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі, жүзеге асырылып жатқан шаруалар жөнінде баяндасаңыз. – Биыл жоспарланған 70 мың гектар алқапқа егіс егу жұмыстары аяқталды. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 257 ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен 64 жылқы сатып алынды. Бірінші тоқсанда ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 миллиард 185,5 миллион теңгені, өндіріс көлемі 537,2 миллион теңгеге жетті. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі 600 гектар алқапта суландыру қондырғылары таяу арада іске қосылмақ. Аудан орталығында тері цехы пайдалануға берілген соң тері бұйымдарын Түркияға, Италияға, Қытайға шығару тұрғысында келісімшарттар жасалып жатыр. Халық жиі шоғырланған Сарыжар ауылының бас жоспары әзірленіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ауызсу, газ, жарықтандыру желісін тартудың жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Білім беру, мәдениет салаларында дайын жобаларға қаржы сұратып отырмыз. Жылдың жақсы жаңалығы – Мәртөк селосында мектеп бітірушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктінің ашылуы болды. Соның нәтижесінде биылғы түлектердің баллдық көрсеткіші өткен оқу жылының қорытындысына қарағанда 5,5 баллға артты. Ауданда алуан ұлттардың өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Облыстың он екі ауданы ішінде тек бізде Достық үйі жұмыс істейді. Ондағы сегіз этномәдени орталық жоспарға сәйкес әртүрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізіп келеді. Маусым айында Аққұдық ауылдық округінің аумағында орман ішінде Шымкент, Ақтөбе қалаларынан, аудан, елді мекендерінен балалардың жазғы демалу-сауықтыру шарасы ұйымдастырылды. Ал Жайсаң ауылында облыстың аудандарынан келген ауылшаруашылығы мамандары Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы әріптестерімен кездесіп, тәжірибе алмасты. – Біз бір әңгімеден ел тәуелсіздігі жарияланған тоқсаныншы жылдардың басында ауданда қазақтар саны барлық тұрғындардың 29 пайызы төңірегінде болғанын естіп едік. Қазір ше? Өсімге қандай себептер жол ашты? Тіпті бір ғана қазақ мектебі болып, оның өзі әлденеше жабылып қалу қаупі төнген. Бүгінгі көрініс қандай? Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарды білгіміз келеді. – Турасын айтсақ, еліміз егемендігін жарияланған тұстан 2000 жылға дейінгі аралықта ауданда өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басым болды. Таяу жылдарда олардың біраз бөлігі өз елдеріне көшкендіктен және көрші мемлекеттерден қандастарымыздың біздің аудан елді мекендеріне келіп, қоныстануы нәтижесінде қазақтар саны екі есеге артты. Аудан бойынша тұрғындардың жылдық өсу қарқыны 0,7 пайызды құрады. Сонау жылдары ауданда бір ғана қазақ орта мектебі жұмыс істегені рас. Кеңес Одағы тұсында өңірдің бірінші басшылығында басқа ұлт өкілдері жұмыс істегендіктен әрі орыс тілі үстемдік құрғандықтан сол жалғыз мектепте бала саны аз болған, аудан орталығында тұрғанына қарамастан қонысты жиі алмастырыпты. Ел тәуелсіздігі арқасында бірыңғай мемлекеттік тілде оқытылатын мектеп саны төртеуге жетті, бұдан өзге 15 аралас мектеп жұмыс істейді. Өткен оқу жылында жалпы білім беретін 33 мекемеде оқыған 4695 шәкірттің 3236-сы қазақ балалары. Орыс мектептерінде қазақ балаларының пайыздық үлесін ескере отырып, аралас мектептер санын көбейтуге бетбұрыс жасалуда. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан ұдайы жасалып келе жатқан мониторинг-сараптама аудан әкімдігіне қарасты он бөлім мен он үш ауылдық округте кіріс-шығыс және нормативтік-құқықтық құжаттар түгелдей мемлекеттік тілде жүргізіліп отырғанын көрсетті. 2009 жылдың шілде айында облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының филиалы ашылып, содан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Филиалда қазақ тілін үйреніп, арнайы сертификат алғандар саны 610-ға жетті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының біздің аудандағы ұйымына байырғы ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Қымбат Сүйінғалиева жетекшілік етеді. Бүгінгі таңда елу бастауыш ұйымда 4265 мүше бар. Ұйымның мемлекеттік тілді өрістетудегі, тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудағы жан-жақты қызметі атап өтуге тұрарлық. Айрықша айтар жайт, аудан Ресейдің Орынбор облысындағы көрші аудандармен экономикалық, әлеуметтік қарым-қатынас орнатты. Мәдениет мекемелері Ақбұлақ ауданының Құлақсай, Новофедеровка, Веселый-1 және басқа ауылдарына концерттік сапармен барып тұрады. Биылғы мамыр айында Қуандық, Ақбұлақ аудандарынан келген делегациялар Мәртөк селосының жаңарған тұрпатына сүйсінді, Достық үйінде «Илигай» деп аталатын әжелер ансамблінің өнерін, «Біздің күшіміз бірлікте» атты фестивальді тамашалады. Аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Шекарасыз өлкетану – Краеведение без границ» шарасы діттеген межеден шықты. Маусым айында Орынбор облысының Сакмара ауданында өткізілген «Сабантой» мерекесіне ауданымыздан «Шатлык-2» этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері қатысып, үлкен әсермен оралды. – Заманында Патшалық Ресейдің отарлау саясатының, кешегі кеңестік дәуірде орыстандырудың ықпалымен жер-су атаулары бұрынғы халықтық болмысынан айырылғаны жасырын емес. Бұл, әсіресе, осы өңірде ерекше қарқын алды. Бастапқы атауларды ел жадына оралту барысы қандай деңгейде? Біраз жылдар Темір ауданында әкімнің әлеуметтік салалар жөніндегі орынбасары болдыңыз. Негізгі мамандығыңыз – тарихшы мұғалім. Білікті ұстаз, мемлекеттік қызметші ретінде алдағы уақытта қолға алынуға тиісті шаралар жөнінде пікіріңізді ортаға салсаңыз. – Дұрыс айтасыз, кеңестік империяның жымысқы саясаты салдарынан елді мекендердің ежелгі атаулары өзгертіліп, Дмитриевка, Вознесеновка, Веренка, Покровка, Полтавка, Первомайка, Родниковка, Хлебодоровка, Шевченко болып айтылып-жазылып келді. Бұл халқымызды ұлттық санасынан ажыратудың, бөліп-бөлшектеудің көрінісі еді. Тамыры терең тарихи атауларды көзден таса, көңілден ада етпей қайта жаңғырту – ата-баба алдындағы қасиетті парызымыз болса керек. Біз осы ретте зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізе отырып, байырғы тұрғындарды, ардагерлер ұйымының белсенді мүшелерін ортақ мүддеге жұмылдырдық. Арнайы құрылған тілдерді дамыту және мәдени мұра бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі комиссия отырыстарында мәселелер кеңінен талқыланды. Жұртшылықтың елді мекен атауын өзгертуге қатысты ой-пікірлері аудандық «Мәртөк тынысы» газетінде жарияланып отырды. Осылайша түсіністікпен жұмыс істеу нәтижесінде округтер Аққұдық, Байнссай, Мәртөк, Тәңірберген, Қызылжар, Сарыжар және басқа ежелгі атаулармен айтылып-жазылатын болды. Елді мекендерге Мәртөк, Ақмоласай, Құрмансай, Саржансай, Жаңажол, Қазан сияқты ата-бабадан жеткен құлаққа жағымды атаулар қайтарылды. Қазіргі күнде санаулы ғана ауылдарды қайта атау жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Биыл ауданның құрылғанына 80 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Тарихи датаға әзірлік шараларын да білгіміз келеді. – Аудан мерекесіне дайындық және оны өткізу шаралары қаңтар айында қолға алынып, жүйелі жүргізіліп келеді. Аудандық газет бетінде арнайы айдар ашылып, тарихи-танымдық материалдар жариялануда. Өңір құрдасы, күні кешеге дейін бірден-бір қазақ мектебі саналып келген № 2 мектеп-гимназияның 80 жылдығы кең көлемде аталып өтілді, соған орай арнайы кітап шығарылды. Тойға мектепті бұдан елу, қырық, отыз, жиырма, он және бес жыл бұрын бітірген түлектердің шақырылуы қазіргі оқушылар үшін тағылымы зор шара болды. Алдын ала жасалған жоспар бойынша ауданның құрдастарына арнайы жасалған төсбелгі тапсыру, облыс орталығында Мәртөк ауданының күнін өткізу, баспадан жерлес ақындар өлеңдерінің жинағын шығару, дәулескер күйші Қамбар Медетовтің рухына тағзым ретінде облыстық күйшілер байқауын өткізу, тамыз айында спорттың бірнеше түрлерінен спартакиада өткізу белгіленді. Әрине, таңдаулы еңбек адамдарын көтермелеу ойда бар. Аудан эмблемасына конкурс ұйымдастырылып, жеңімпазы анықталды. Әнұранымыз жазылды, оны насихаттау қолға алынды. Мерейтойға қатысты басты шараны егін орағы аяқталған соң өткізуді жоспарлап отырмыз. – Сіздің облыстық тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын тұрақты ұйымдас­тырып келе жатқан «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» фестивалінде қатарынан екі рет жеңімпаз атанғаныңыздан хабардармыз. – Елбасымыз әрбір қазақ азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп талап қойып келеді, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзі ортақ ұранға айналды. Мен ауылда тұрмысы орташа отбасында қазақы тәрбиемен өскен адаммын. Алғашқы мамандығым мұғалімдік болғандықтан еңбек жолымды мектепте бастадым, аудандық білім бөлімінде қызмет еттім. Кейін экономикалық мамандық алған соң аудан әкімі аппаратының бөлімдерінде жұмыс істедім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына басшылық жасадым, Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі болдым, соңғы бес жылда Темір ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Облыс басшылығының ұсынысымен 2015 жылдың ақпан айынан Мәртөк ауданын басқарамын. Өзімнің ықыласыммен түрлі байқауларға қатысып, шама-шарқымды байқап көргім келді. Темір ауданында қызмет еткен кезімде бірнеше рет тіл байқауларына қатысқаным рас. 2005 және 2007 жылдары облыстық «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» байқауында бас жүлдеге ие болдым. Облыс жолдамасымен министрліктер мен әкімдіктер арасында ұйымдастырылып, өткізілген республикалық байқауда бағымды сынап, тағы да бас бәйгемен оралдым. Бүгінде тілі жоғалып кеткен ұлттар қаншама, Тәңірім бізді ондай кесапаттан сақтасын. Әлемдегі ең бай, сұлу сазды қазақ тілінің мәртебесі биік болғанын тілеймін. Ауданда мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бойынша жоспарларым бар, кезең-кезеңмен жүзеге асады деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

2260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз