- TENGE MONITOR
- 26 Шілде, 2010
Қазақ-неміс қатынастарының жаңа кезеңі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Германия федеративтік республикасының канцлері Ангела Меркель ресми сапармен біздің елімізге келіп қайтты. Германия басшысының Қазақстанға сапары аясында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұйымдастыруымен «Екі жақты қатынастардың экономикалық серпіні: Германияның Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуындағы және экономикасын жаңғыртудағы үлесі» атты Қазақ-неміс экономикалық форумы өтті. Бұл Германия федералды канцлерінің Қазақ еліне бірінші келуі болғанымен, екі ел басшыларының бір-бірімен алғаш рет жүздесулері емес. Екі ел арасындағы жарасымын тапқан сыйластыққа былтыр неміс жерінде өткен Қазақ елі жылының жалғасы ретінде үстіміздегі жылы Қазақстанда Германияның жылы өтіп жатқаны да анық айғақ бола алады. Екі ел бизнесмендерінің басын қосқан бұл алқалы жиынды Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель ашып берді. Осы жиында 2010 жылғы 6 мамырдағы Экономика және сауда жөніндегі Қазақ-неміс үкіметаралық жұмыс тобы отырысында қол жеткізілген уағдаластықты жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі құрылып, екі жақтың тиісті өкілдері меморандумға қол қойды. Енді бұл кеңес екі елдегі ұйымдар мен бірлестіктер арасындағы іскерлік байланыстардың тиімділігін арттыру қызметімен айналысатын үйлестіру және консультативтік орган болады. Кеңестің негізгі міндеттері екі елдің сауда және инвестиция саласындағы компаниялары арасында ынтымақтастықты дамыту және нығайту, іскерлік топтардың, компаниялар мен бірлестіктердің арасында тікелей қатынастарды және ақпарат алмасуды жолға қою болып табылады. Сонымен қатар, Кеңес құзыретті органдармен белсенді диалог жүргізу арқылы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы кедергілерді анықтау және болдырмау шараларын жүзеге асыратын болады. Осы орайда кеңес мүшелері кәсіпкерліктің дамуына қолайлы ахуал жасау жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Бизнес-форум кезінде Нұрсұлтан Назарбаев германиялық кәсіпкерлерді еліміздің индустриялық даму бағдарламасын іске асыруға белсенді түрде араласуға шақырды. «Біз әрқашан Германия Федеративтік Республикасын еліміздің «Еуропаға жол» бағдарламасын орындаудағы басты әріптес ретінде қарастырып келдік, - деді Елбасы өзінің сөзінде. - Өзіміз ойға алған бұл бағыттар Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриялық даму бағдарламасының аясында да жалғасын табады деп үміттенеміз». Мемлекет басшысы сонымен қатар біздің еліміздің Кеден одағына кіруіне байланысты Қазақстанда Германия үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашылып отырғанын тілге тиек етті. Осы сөздердің сабақтастығы ретінде Елбасы бұдан кейін екі елдің Инновациялық-инвестициялық әріптестік туралы 2011 жылға белгіленіп қойылған бағдарламасын 2014 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Өз кезегінде Ангела Меркель Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық орталық және Германия үшін өңірдегі ең басты экономикалық әріптес болып қала беретінін мәлімдеді. Канцлер Германия іскер топтары мен мемлекеттік ведомостволарының өкілдері екі елдің арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға келгенін жеткізіп: «Біздің сапар Қазақстанда Германия жылы өтіп жатқан кезде болып жатыр. Осы орайда Қазақстанда көптеген адамдар Германия жайында бұдан да тереңірек танысатын болады. Бұл екі жақ үшін де тиімді. Осының арқасында екі елдің алыс-берісі әрқашандағыдай жақсы болып қала береді» деді. Ангела Меркель өз елі Қазақстанның 2015 жылға дейін жоспарлап отырған міндеттерін жүзеге асыруға жәрдем беруге ынталы екенін білдірді. Германияның экономика және технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысы Б. Пфаффенбах Германия бизнесі Қазақстанмен қарым-қатынасын тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Германияның Орта Азиядағы сауда-саттығының 90 пайызы және экспортының 75 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. «Бұл қарым-қатынаста, әрине, мұнай басымдыққа ие. Уақыт өте келе мұнайдың орнын басқа өнімдер басады деп сенемін. Екі елдің экономикалық қарым-қатынастары энергетикалық және шикізаттық аспектілермен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Біз басқа салалардағы ынтымақтастықты да дамытуымыз керек» дейді мемхатшы. Меморандумда Қазақстан алға қойып отырған елді жаңғырту мәселесі, атап айтқанда экономиканың ауыл шаруашылығы, жеңіл және тағам өнеркәсібі, машина жасау, химия өнеркәсібі, биотехнологиялар, дәстүрлі және баламалы энергетика, құрылыс индустриясы, фармацевтика, ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар, ғарыштық қызмет сияқты іргелі салалалары басым бағыттар ретінде айындалды. Бұл тұрғыда Германияда үлкен тәжірибе бар. Сондықтан неміс кәсіпорындарының осы салалардағы іс-тәжірибесімен бөлісіп, қамқор қолдарын созуына ең алдымен сенімді екіжақты шарттар мен тараптардың бір-біріне деген құрметі негіз болғаны сөзсіз. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Германиядан шығатын технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүдделі екенін атап өткен қордың басқарушы директоры - басқарма мүшесі Қайрат Әйтекенов «Біз германиялық компаниялармен және банктермен іскерлік ынтымақтастыққа дайынбыз. Біз іс-қимылдарды үйлестіруге, бірлескен жобалар мен өзара тиімді шешімдерді іске асыруға айрықша мән береміз» деді. Екі елдің іскер топтарының өкілдері бас қосқан бұл жиында Қазақстан өнеркәсібінің өңдеуші салаларын дамытудағы, герман тікелей инвестицияларын, жоғары технологиялар трансферті және ноу-хау тартудағы, сондай-ақ кадрларды дайындаудағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Форум жұмысының қорытындылары бойынша бірқатар құжаттарға, атап айтқанда: «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы және Chemieanlagenbau Chemnitz герман компаниясы арасында өнеркәсіптің химиялық және атом секторларындағы жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру мақсатында ынтымақтастық, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және «Siemens» компаниясы арасында теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңғырту, жаңарту, салу, өндіру және сервистік қызмет көрсету жобаларын бірлесіп іске асырудағы өзара ынтымақтастық, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Химфарм» АҚ және Berlin-Chemie герман компаниясы инфузиялық ерітінділерді келісімшарттық (лицензиялық) өндіруді ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен жалпы алғанда жиынтық құны 2 млрд еуродан асатын 34 коммерциялық мақсаттағы құжаттар дүниеге келді. Бұл құжаттардың ішінде қымбат та, арзан да жобалар бар. Жалпы, бағдарлама толық жүзеге асқан кезде оған 50 млрд доллар шамасында қаражат жұмсалмақшы. Форумға 300-ден астам делегат қатысты, солардың ішінде 170-і Германиядан келген қонақтар, олардың қатарында Siemens, BASF, Thyssen Krupp, Metro, Deutsche bank, EADS, Claas, Linde, Roth& Rau, Rheinmetall және т.б. ірі бизнестің 50-ден аса өкілі бар.Ал отандық бизнес тарапынан форумға «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар және даму институттары, «Қазақмыс», «Арселлор Миттал Теміртау», ССГПО, «Аксес Көмір Екібастұз» компаниялары, сондай-ақ «Атамекен» одағы, Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасы, Қазақстанның машина құрастырушылар одағы және басқа да мүдделі іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА
1262 рет
көрсетілді0
пікір







