Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Тамыз, 2015

Сел қаупі қандай? Алыпқашпа әңгіме мен ақиқат

Бекболов Т.М.Қарғалы өзеніндегі сел елді дүрліктіріп, жұрттың зәресін алғаны рас. Десек те, халық арасында сел қайталануы мүмкін деген алыпқашпа әңгіме әлі де басылған жоқ. Мәселенің мән-жайын білу үшін «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Талғат Бекболовпен сұхбаттасуды жөн көрдік.  –Сел қаупі сақталуда ма? Болжам­дарыңыз қандай? –Аптап ыстықтың беті қайтпа­ғанына бір айдың көлемі болды. «Қазгидромет» мамандары тамыз­дың 4-нен 7-сіне дейін сел қаупі сақта­ла­тынын айтады. Синоптиктердің болжамы бойынша, осы аптаның аяғы, яғни тамыздың 7-нен бастап Алматы қаласында, Жетісу Алатауында ауа температурасы төмендейді. Яғни түнде 15 градус, күндіз 25 градусқа дейін төмендеуі керек. Міне, осы берілген ақпараттарға байланысты біз өз болжамдарымызды жасаймыз. Ыстықтың әсерінен таудағы мұздықтар деңгейі 4200-5400 аралықтан түскен жоқ. Негізі бұл меже 4000-нан асса, бұл аптап ыстықтың әсерінен тау басындағы мұздықтардың еріп жатқанын білдіреді. Осы себепті сел қаупі аптаның соңына дейін сақталып тұр. Егер бұл меже 4200-ден төмен түссе, сел қаупі сейіледі деген сөз. –Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатыр? –«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіне қарасты бөгеттердің барлығы жұмыс жағдайында. Атап айтсақ, Медеу, Үлкен Алматы, Талғар, Қарғалы бөгеттерінде ешқандай ақау жоқ. Жалпы мамыр айының аяғынан тамыз айының соңына дейін, яғни жаз айларында біз арнайы жоспар құрып, сол жоспарға байланысты тиісті шаралар атқарамыз. Яғни апаттық жағдайда қандай жұмыс атқарылу керектігін алдын ала жоспарлаймыз. Бүгінгі таңда бізде 91 бақылау бекеті бар. Соның 31-і маусымдық бекеттер. Оның ішінде 11-і жоғары таулы аймақтарда сел қаупі болғанда ашылады. Одан бөлек биыл жаңадан 3 бақылау күзетін қойдық. Алдымен Ақсай өзеніне қатысты бақылауды күшейттік. Себебі қазіргі таңда Ақсай өзенінің төңірегінде бөгет жоқ. –Сонда Ақсай өзеніне бөгет салу қажеттілігі туып тұр ғой? – Ақсай өзеніне бөгет салу қажет. Бұл мәселе қазір Үкімет тарапы­нан қарастырылуда. 2007 жылдан бері Ақсай өзеніне бөгет салу жөнінде техникалық-экономикалық құжаттарды дайындадық. Төтенше жағдайлар комитетімен бірігіп әзірлеген құжаттарымыз дайын, енді сол бөгет құрылысын бастау қарастырылып жатыр. Сел қаупіне байланысты қосымша күзеттерді іске қостық. Біздің мекеменің бас диспетчерлік пунктіне күніне үш рет, ал сел қаупі кезінде әр 2 сағат сайын өзен суының деңгейі, судың лайлылығы жайында ақпарат беріліп отырады. Біздің бақылаушылар судың ағысының жылдамдығын, судың деңгейін, ауаның температурасы, судың тұнықтығын тексереді. Өткендегі Қарғалы өзенінде болған жағдай туралы айтсақ, бөгеттегі бақылаушымыз судың лайланып, өз деңгейінен көтерілгенін көріп, бұл туралы ақпаратты бізге жіберген болатын. Ал біз сол мезетте Төтенше жағдайлар департаментіне хабар бердік. –Нарынқол ауданында Қаракөлдің суы тасиды деген әңгіме өршіп тұр. Бұл туралы не айтасыз? –Бұндай алыпқашпа әңгімелерді кім таратып жүргенін білмейміз. Біз таяу­да ғана тікұшақпен сол өңірді аралап, тексеріп шықтық. Ешқандай қауіп жоқ екенін айта аламыз. –Сел қаупінің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылуда? –Ақсай өзенінің жоғары жағындағы төрт көл толды, бірақ арнасынан асқан жоқ. Су деңгейін қауіпсіз жеріне түсіру бойынша барлық шаралар ­жасалды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, су деңгейі едәуір түскен, одан келетін қауіп жоқ. Іле Алатауын алатын болсақ, 300-ден астам көл бар. Сондықтан үлкен не кіші көл болсын, барлығын бақылап отырамыз. Мәселен, Үлкен Алматы өзенінде №13 деген көл бар. Оны біз үш жылдан бері арнасын тазалап, сифон, яғни сусорғыш орнатқанбыз. Медеу шатқалынан жоғары қарайтын болсақ, Кіші Алматы өзеніндегі №6 көлде екі сифон жұмыс істеп тұрған. Өткен аптада сол көлге үшінші сифон орнаттық. Қазір судың деңгейі тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ. Талғар өзеніндегі 19-көлде, 20-көлде суды сору жұмыстары ­сифон арқылы жүргізілуде. Ал Тоғызақ көлінде қазір арнайы бригада арнаны тазарту ісімен айналысуда. Негізгі заң бойынша бөгеттен төмен қарай ешқандай ғимарат салынбауы керек. Су кодексі бойынша, жағалаудан 50-100 метр арақашықтықта тұрғын үй салынбауы тиіс. Рұқсатсыз жаяу жүргіншілерге арналған көпір де салынбау керек. Міне, осы талаптар жергілікті әкімдіктердің назарында болуы керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ИСЛӘМБЕК

1460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз