Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Қыркүйек, 2015

Түрколог Айдар Міркамалұлы: Көне түркі мәтіндерін зерттеуде кенже қалып отырмыз

Aydar kizmetteШетелде жүрген қазақ ғалымдарының ғылымдағы ізденістері мен жеткен жетістіктеріне мұндағы қандастары әркез қуанып, тілеулес болып жүреді. Егер өз жұртыңның түп тұқияны сияқты болған ежелгі түркі мәдениетіне қатысты соны деректер мен жаңа ізденістер басында қазақ ғалымдары жүрсе, тіпті көңілің өсіп, марқаясың. Көне ескерткіштер тарихының мәтіндері туралы ғылыми өзектілігі бар салмақты ой мен салиқалы пікір айтатын жас та болса, біліктілігімен қытай түркологтарының ішінде танымал болған Айдар Міркамалұлын Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінде (Минзу) шетелдік маман ретінде дәріс беріп жүргенде таныстым. Ол да осы оқу орнының ел ішіндегі маманы екен. Университеттегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын студенттерге жыл сайын келіп сабақ береді, түрлі конференцияларға қатысады. Әр жылдары осы университетке барып жүргенімде Міркамалмен тіл, әдебиет, ғылымдағы ортақ ізденістер жайлы пікірлесетінбіз. Өзі өте кішіпейіл де, байсалды, мінезді жігіт. Ал ғылымға келгенде мейлінше жігерлі, бар ынта-пейілімен адал берілген. Әсіресе, түркологиядағы зерттеулері тек Қытайда ғана емес, басқа да шет жерлердегі түрколог ғалымдардың назарын аудартқан.  Айдар Mіркамалұлы Қытайдағы Құлжа қаласының тумасы. Филология ғылымының дoктoры, Шыңжан  университетінің прoфессоры. Кезінде Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқып жүргенде түркология ғылы­мынан жан-жақты білім алған. Гің Шiмин, Ли Зыңшияң сынды түр­кологтардың жетекшілігінде болған. «Кoдекс кумaникус және қазақ тілі дыбыстарының тарихы» деген тақырыпта мaгистрлік диссертaциясын қорғаған. «Дұн­хуаңнан жаңа табылған соңғы соғды жазуындағы мәтіндер» атты ең­бегімен докторлығын сәтті қорғаған. Осындай талантты бауырымызды неге жұртшылыққа таныстырмасқа деген ой келді... Түркологияда көне жазба мәтіндері үздіксіз зерттеліп келеді. Бұл ретте қазақ ғалымдары Ғ.Айдаров, Ә.Құрышанов есімдері еске түседі. Алайда қытай түр­ко­логтарының бұл саладағы жеткен жетісіктері туралы шынын айтсақ, «білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дегендей. Түркологияның ғылыми бастаулары жөнінде қызықтыратын, білгіміз келетін сұрақтарымызды інімізге кездескен сайын там-тұмдап сұрауды әдетке айналдырдық. Жас ғалым Айдар бауырымыздың айтқандары арқылы өзіміздің де жазбамызда біршама материалдар қордаланып қалыпты. Осы ұсынып отырған мақала мазмұны сол сұрақ-жауаптардың нәтижесінде жазылып отыр. Түріктер «тат» деп атаған соғдылар Түркі қағанатының қоғамдық өмірінде шешуші рөл атқарды. Сондықтан да түріктер «бассыз бөрік болмас, татсыз түрік болмас» деп мақалдап, олардың түркі қоғамындағы маңыздылығын еріксіз мойындаған. Кейін соғды жазуы дамыған, қалыптасқан түркі руна жазуына орын берген (686-744 жылдар). Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк құлыптастары міне, осы руна жазуы­мен тасқа қашалған. Осы ­жазумен қағазға жа­зылған «Ырқ Бітік» (палнама) сын­ды құнды материалдар қазір Париж, Лондон, Берлин қалаларында сақтаулы. Руна  жазуын түркілер Х-ғасыр­дың аяғына дейін қолданып келген. Неге екенін қайдам, дәл ұқсас мезгілде түркілер ресми іс қағаздарын, келісімдерін, медициналық мәтіндерін, діни аудармаларын жаңа үлгідегі соғды жазуымен жаза бастаған. Бұл жазуды мезгіліне қарай соңғы соғды жазуы деп те атап кеткен. Соңғы соғды жазуын ең алғаш қолданғандар Жетісу өңіріндегі түркештер. Олардың VIII-ғасырда осы жазумен қорытылған Tүркеш қаған деген теңгесі табылғаны Еуразия археологиясындағы үлкен оқиға. Сондықтан да «Түркеш жазуы» деп те аталады. Найманның тамғачысы Тататоңа қойнына осы жазумен ойылған таңбаны тығып жүрген жерінен қолға түсіп, сол таңбаның арқасында шыбын жаны қалып, соңынан моңғолдарға үйреткені, бұл жазудың моңғолдар арқылы манжуларға тарағаны белгілі. Ал моңғолдар мен манжу, сібелер осы жазудың реформаланған нұсқасын күні бүгінге дейін қолданып келеді. Түрколог Айдар Міркамалұлының ежелгі түркілердің «мәңгі тастарындағы» соғды жазуының рөлі туралы әңгімесі де назардан тыс қалған жоқ.songgi soghdi jazuwindaghi matin1 Түркілерде соңғы соғды жазуының кең қолданысқа ие болуы X-ғасырдың алғашқы жартысында ұйғыр қағанаты құлаған соң ұйғырлар Гоби шөлінен Гансу аймағына көшіп келгеннен кейін жүзеге асты. Бұл жазуды көбірек Гансудағы сары ұйғырлар қолданғаны үшін көне ұйғыр жазуы деп те аталды. Көне түркі руник жазбаларымен са­лыстырғанда, соңғы соғды жазуымен қат­талған ескерткіштер, мәтіндер өте көп. Қа­зір мазмұны жағынан будда, манихей, несториан дініне қатысты діни мәтіндер және хандардың жарлық хаттары, барыс-келіс хаттары, келісімдер, әдеби шығармалар, т.б. мол материалдар сақталып отыр. Діни мәтін ретінде біреуінің өзі 7 мың жолға  жететін «Aлтұн ярұқ» (Suvarṇaprabhāsasottama Sūtra), «Шұанзаң өмірбаяны» (Biography of Xuanzang –қытай діндарының өмірбаяны), «Mайтырысимт» (Maitrisimit nom bitig – будда дінін уағыздауды мақсат еткен ең ертедегі сахналық шығарма), қатарларын айтуға болады. Әдеби шығармалардан осы жазумен жазылған «Құтты білік», «Оғызнама» сынды жалпыға әбден таныс материалдар бар. Бұл жазу кезінде Алтын Орда мемлекетінің орда жазуы болған, Tоқтамыс, Tемір Құтлық хандардың жарлығы осы жазумен жазылған. Осы күні Қытай түркологиясы көшінің алдынғы легінде келе жатқан, соңғы соғды жазуын түпнұсқадан оқып, оны текстологиялық жақтан зерттеп жүрген бірегей әрі үздік зерттеуші ретінде жас қазақ ғалымы Aйдар Mіркамалұлы деуге болады. Мәтінтанушы ретінде оның көне мәтіндердің мазмұнын оқып білуге талпынуы болашақта ғылымның алтын тамырын табуға, мықты ғалым болып қалыптасуына ықпал етті. Соңғы соғды жазуын оқитын жалғыз қазақ осы – Айдар Міркамал. Енді осы ойымызды тереңдетіп, нақты баяндасақ. 1988-1995 жылдар аралығында Қытай археологтары Дұнхуаң мен Тұрпаннан неше жүздеген соңғы соғды жазуындағы жаңа мәтіндерді қазып алған. Иә, бұл дү­ние­жүзі  түркологиясында айтулы үлкен жаңа­лық еді. Осы маңызды оқиғаның бо­лашағы жас ғалым Міркамалды қатты тол­ғандырған, тіпті білуге, зерттеуге деген бір ерекше құлшыныс пайда болып, ендігі ғылыми бағытын қазақ тілі тарихына қатысты мәтіндерді зерттеуге арнасам деген ой бүкіл болмысын билеп алған. Ары қарай тек инемен құдық қазатындай ізденіс қана керек еді. Алғашқы қадамының өзі сәтті басталыпты. 2004 жылы Мемлекеттік қордың қаржыландыруымен Kиотo университетіне барды. Жапониядағы әйгілі түрколог Mасахиро Шогайтоның жетекшілігімен соңғы соғды жазуындағы мәтіндерді зерттеуге кіріседі. Отызында орда бұзған талабы таудай жас ғалым  соғды жазуларындағы құпия әлемді меңгерудің кілтін тапқандай болады. Айдар Жапонияда жүргенде амери­кандық Луси Ли деген 1930-жылдары Дұнхуаңнан алып кетіп, 1980 ж. Aме­риканың Принстон университетіне тарту еткен 55 жолдан тұратын маңызды мәтіннің сырын алғаш рет ашып, ғы­лыми айналымға ұсынған. 2011 ж. ол Tайбейде сақталған 54 парақтан тұратын «Aуатансака сутра» мәтініне трaнскрипция жасап, текстологиялық зерттеу жүргізген. Негізінде бұл мәтіннің кейбір бөлімдері біраз жерге тарап кеткен екен. Оның бір бөлімі 1980 жылдары Жапон ғалымдары Oда Жутен мен Kудaрa Кoги жариялаған нұсқамен бір мәтін екенін, оларды өзара жалғап, біріктіруге болатынын айтады. Айдар Міркамалдың тағы бір жаңалығы – «Aуатансака сутраның» авторын анықтағаны. «Aуатансака сутра» ХIV ғасыр Моңғол империясы дәуірінде қытай тілінен түркі тіліне аударылған. Қытай тіліндегі Ауатансака екі нұсқамен сақталған. Бірі қырық тараудан, бірі сексен тараудан тұрады. Ғылымда қырық тараулы Aуатансаканың аударушысы Moңғол империясының ордасындағы оқу-ағарту басшысы дәрежесінде қызмет атқарған әйгілі аудармашы Aнтсаң екені белгілі болған. Ал сексен тараулы Aуатансаканы кім аударғаны беймәлім еді. Айдар Тайваньдағы Aуатансака мәтіндерін зерттегендердің еңбектерін саралай келіп, сексен тараулы Aуатансаканың аударушысы да Aнтсаң екенін нақты мол материалдармен дәлелдеп көрсеткен. Сондай-ақ көне түркі мәтіндеріне үңiлу арқылы, ежелгі түркілерде аударма әдебиеті болғанын, аударма теoриялaрының қалыптасқанын, бір-біріне ұқсамаған бірнеше түрлі аударма стильдері өмір сүргенін дәлелдеп көрсеткен. Айдар жоспарлы түрде Дұнхуаңнан, Тұрпаннан, Ланжоудан, Бейжіңнен табылған және Берлинде, Петербургте, Tайваньда сақталған жүзден артық соңғы соғды мәтіндерінің бірінен соң бірінің сырын ашып, мазмұнын анықтап, ағылшын, жапон, түрік, қытай, қазақ тілдерінде ғылыми еңбектер жария­лап келеді. Оның ғылыми еңбектерінің тізімі осыны айғақтайды. Бір қызығарлық жайт: еңбектерін бес тілде – ағылшын, жапон, түрік, қытай, қазақ тілдерінде жариялап жүр. Жеті жұрттың тілін біл деген бабалар өсиетінің ғылымдағы қажеттігін және пайдасын қазіргі жас ғалымдар нәтижесін көріп жүр. Айдар соңғы соғды жазуындағы мәтіндерді зерттеп қана қоймай, көне түркі руна  жазуындағы құлпытастардың тілі мен таяу заман қазақ жазба әдеби тілінің нұсқаларын да зерделеп зерттеп келеді. Құлпытастар туралы «Күл­тегін құлпытасындағы «сілік» сөзі» «Күлтегін құлыптасындағы бір сөйлемде жасырынған түркілердің дүниетанымы», «Түн язы ма, түгүлтүн язы ма», «Көне түркі құлыптасындағы бірнеше сөзге тың анықтама», «Күлтегін, Білге қаған құлыптасындағы «idi oqsuz» зерттеулері түркологияның ғылыми ортасына жақсы таныс дүниелер. Ал бергі замандағы қазақ хан-сұлтандарының шағатай тіліндегі хат-мұрағаттарына негізделіп жазған «Aбылай хан хандыққа қашан отырған», «Aбылайдан кейінгі хандық мұрагерлік», 1894 ж. Қазанда басылған шағатай мәтінін зерттеген «Шағатай тіліндегі Бозұғлан дастаны» сынды еңбектерін де атап кеткен жөн. Айдар қазір халықаралық  өзіндік ықпалы мен беделі бар жас түрколог. Мәселен, жапон ғалымы Дай Mатсуй «Түркологияның әлемде зерттелуінің нәтижесі мен тың бетaлысы» (Dai Matsui, Recent Situation and Research Trends of Old Uigur Studies, Asian Research Trends (New Series) 4, Toyo Bunko, 2009.3) деген мақаласында Aйдар Mіркамалұлын Қытай түркологиясының басты өкілі ретінде таныстырған. Ал Шогайто Mасахиро 2006 жылғы мақаласында (Shogaito Professordıng Zeynetke Shığuw aldndağı songğı leksiyası, Kyoto Universiteti, 2006, 43-bet) «Aйдар Mіркамал Қытайдағы көне ұйғыр (соңғы соғды) мәтіндерін зерттеу жұмысының көшбасшысы болуға аз-ақ қалды» деп жоғары бағалаған. Жапон ғалымдарының қазақ ғалымына берген биік бағасы осындай!.. Ол Моңғолияда, Түркияда, Қазақ­станда, Жапонияда өткен түрлі ғылыми конференияларға әркезде қатысып, баяндамалар жасап тұрады. Соңғы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қыздар педагогикалық университетінде түркология жаңалық­та­рынан дәрістер оқып, докторанттарға шетелдік ұстаз ретінде жетекшілік етіп жүр. Мен Айдардан ғылымда енді қандай арман-тілектерің бар дегенде, «Біз көне түркі мәтіндерін зерттеуде кенже қалып отырмыз. Кейде асыл мұраларымыздан бұл бiздікі емес қой, деп ат-тонымызды ала қашамыз. Мен соны түсінбеймін. Соңғы соғды жазуындағы мәтіндер біздің баға жетпес асыл мұраларымыз. Ол арыдан Oрхон құлыптастарын, беріден қазақ тілінің тарихын, сөздерінің этимология­сын зерттеуде артық болмайтын асыл қазына. Менің қазірге дейінгі зерттеулерім осыны дәлелдеп келеді. Бірақ жалғыздық шаңы шықпайды. Менің тілейтінім: осы саладан шәкірттерді тәрбиелеп, зерттеуші қосынымызды молайта түсу» дейді ол. Көне мәтіндерді зерттеушілер арасында қазақстандық жас түркологтар қосыны болса екен деген тілегімізге үн қосар Айдар Міркамал сынды шетелдік ғалымның болғанына қуандық. Біз Aйдар Mіркамалұлының ғылыми шы­ғармашылығына табыстар тілейміз. Оның ғылыми жұмыстарының тың биік­терден көрінетініне бергі беттегі бауыр­лары сенім артып отырмыз.

Гүлдархан СМАҒҰЛОВА,  профессор

4198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз