Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Қыркүйек, 2015

Жүрсін Ерман:Айтыс арқауы – ару Алматы

d282484844aaa136ea74f7362eebc3f5Қыркүйек айының 20-21-і күндері Алматы қаласындағы Республика сарайында «Алтыннан ардақты, аяулы Алматым!» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Осыған орай осы ақындар айтысын жүргізуші ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін ЕРМАНМЕН тілдесудің сәті түсті.  – Биылғы жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілуде. Мемлекеттің өміріндегі үлкен оқиғаға қазақтың атамұра өнері–айтыс та өзінің үлесін қосуда. Біз жылдың басынан бері республиканың өңірінде «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, осы тақырыпқа арналған бірнеше айтыстар өткіздік. Ол Көкшетау қаласында басталса, кейін Қызылордада, Атырауда, Оралда жалғасты. Енді Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, 20-21 қыркүйек күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған аламан айтыс ұйымдастырып жатырмыз. Айтыстың бас демеушісі – қала әкімдігі. Бас жүлде – жеңіл автокөлік. Алматы – қазақ халқының өмі­рінде жетпіс жыл астана болды. Анау Сарайшықта басталған астаналар санатында Алматының да ойып алар өзіндік үлкен орыны бар. Басқасын былай қойғанда Алматы кеңес кезінен, тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қауымының бірнеше буынын ата боп, ана боп тәрбиелеп шығарды. Зиялы қауымды қалыптастырды. Қазақтың кейбір маңдайына басқан жұлдыздары Алматыда жер басып жүр, не болмаса Алматының төңірегінде мәңгілікке тыныстап жатыр. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Мұқағали... бастаған қазақтың небір жайсаңдары Алматыда тұрып, осы жерде ғылымдағы, әдебиет пен өнердегі жетістіктерін өмірге әкелді. Осыдан-ақ Алматының орнын біле қоясыз. Сондықтан біз Алматыда өтетін айтысты «Алтыннан ардақты, аяулы Алматым» деп атадық. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен аузымен құс тістеген, бүгін бабында жүр деген 24 ақынды шақырып отырмыз. Олардың арасында халыққа кеңінен танымал Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров секілді көшелі ақындар бар. Қазір өңірлерден жас дарындар айтыстың көшіне қосылып жатыр. Олардың арасында кімдер бар дейтін болсақ... Алматы қаласынан шыққан, кешегі Оразалы марқұмның шәкірті, былтырдан бері айтыстарда бас жүлде алып жүрген Болатбек Оразбаев, бейнелі сөз кестелерін түзетін баянауылдық Аспанбек Шұғатаев, Алматының намысын қорғайтын Бақыт Жағыпарұлы, Алматы­дан жас, талантты ақын қыз шығып тұр – Бибігүл Тілеболдинова, Оралдан ­Жансая ­Мусина, Қарағандыдан Мақсат Ақанов... Осындай халыққа, елге айтары бар ақындардың басын қосып отырмыз. Айтыс барысында қазақ тарихындағы, қазақ руханиятындағы Алматының орыны, Алматының біріктіруші, елдің басын құраушы рөлі айтылуы тиіс. Бізде бір теріс пиғыл бар. «Айтыс деген бұл жамандауға арналған, халықты билікке қарсы қоюға арналған» деп келетін. Бұл айтыстың мән-маңызын түсінбейтіндердің шығарып жүрген сөздері. Айтыс болғаннан соң, ақындар суырыпсалып айтатын болғаннан кейін бір сөз әрі, бір сөз бері кем-кетігі болуы мүмкін. Асырып айту, кем айту дегендей. Бірақ негізгі мақсат – халықты ұлт болып ұйыту, оның рухын көтеру, еңсесін тіктеу, басын біріктіру. Осы бағытта жақсы айтыс болады деп отырмыз. – Ақындардың өнерін, шеберлігін кімдер бағалайды? – Ақындарды бағалау деген де үлкен шаруа. Бұл айтысқа қатыса­тындар соңғы айтыстарда жеңімпаз болып жүргендер. «Бұлар өткен айтыс­тарда не айтты, аяқалыстары, бабы қалай, кеше не айтты, бүгін не айтады?» деген сөздерге жауап бере алатын Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы бар. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Мұны да ескеріп қазылар құрамына «қазақтың тілі – байлығым» деп жүрген Асылы Османды қостық. Осындай айтысты түсінетін, халыққа танымал азаматтар бар. Әлі толықтырылып жатыр. Осы айтысты өткізу бастамасын қаланың бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов қолдап еді. Алматы – Алматы болғалы Алматыға арналған айтыс өтпеген. Ахметжан Есімов біздің өтінішімізге құлақ асып, қол ұшын созып еді. «Бітер істің ­басына, жақсы келер қасына» дегендей, осыны ­Бауыржан Байбек келіп дамытып жатыр. Қала әкімі «Айтысқа қатысам, жүлдені қолыммен тапсырам, мүмкіндігім келгенше соның ішінде болам» деп отыр. Айтысты «Қазақстан» телеарнасы түсіріп, халыққа насихаттайды деп отырмыз. – Әңгімеңізге рақмет. Айтыстың күткендегідей өтуіне тілектеспіз.

Нұрперзент ДОМБАЙ

2926 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз