Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қыркүйек, 2015

«Түлейді түнде жортқан жолбарыстай...» дауылпаз ақын Махамбет өлеңдеріндегі теңеулер

МахаКөркем сөздердің басым көпшілігі айтылмақ ойға сай көркем бейне сомдай келе, автордың көзқарасын, дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен сөз жұмсау шеберлігін танытады. Бұл жөнінде профессор Ербол Жанпейісов: «Жазушы тілдегі бейнелеу құралдарын әр алуан көркемдік бояу бере пайдаланады. Ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздер де, мақал-мәтелдер де, эпитет пен теңеулер де, тілдің басқа да барлық бейнелеу құралдары шығарманың жалпы идеялық, тақырыптық арқауына лайық жаңа бір мағыналық астар алып, стильдік функциясы арта түседі» деп көрсетеді.

Бұл орайда Махамбет өлеңдерінен көріктеу құралдарының сан алуан түрін кездестіреміз. Олардың басым көпшілігі ономастикалық атаулар, табиғат құбылысын танытатын ұғымдар, мифтік мазмұн негізінде қалыптасқан тіркестер болып келеді. Бұл қазақ өмірі ежелден құс, жануар, өсімдік әлемімен тығыз байланыста болып, соның негізінде халықтың дүниетанымы, наным-сенімі қалыптасып отырған ұлттық танымға байланысты. Ғалым Қ.Жұмалиев: «Махамбет өлеңінің көп жерлерінде көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салған аңшылық, өз елінің өмірінде орны бар жан-жануар, құстардың образын жасауға көңіл аударады. Бірақ ел, табиғат байлығын суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету немесе тек сұлулық үшін ғана суреттемейді. Мұнда да ақын ел тағдырымен байланысты, өз басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдегі ой-сезімін оқушылары толық сезінгендей етіп, ашығырақ көрсетуге құрал есебінде қолданады» деп жазған. Ақынның негізгі тақырыбына орай қару-жарақ, сауыт-сайман атауларын кеңінен қолдана отыра, өз тыңдармандарына жақын, түсінікті болу үшін халықтың тұрмыстық, әлеуметтік тәжірибесін, ұлттың психологиялық, философиялық ойын танытатын этномәдени бірліктерді көркемдік қажетіне қарай ұтымды пайдаланып отырған. Махамбет өлеңдерінің басты тақырыбы – жаугершілік, қайсарлық, өршіл рух. Сондықтан да ақын өлеңдерінде жаугершілік лексика молынан қолданылады. Ал олардың көркем мәтін тілінде экспрессивті, бейнелі болып келуі теңеулер арқылы жүзеге асады. Теңеу психологияда ойлау процесінің бір түрі, философияда – ғалам бейнесін танудағы күшті құрал ретінде көрініс тапса, филолог-ғалымдар тарапынан теңеудің мәні ортақ белгілердің негізінде бір затты немесе құбылысты екінші бір затпен немесе құбылыспен салыстыру, сол арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік бояуын күшейту, салыстырудың өзінен көп мағына туатындығында деп ұғынылады (А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, Т.Қоңыров, З.Ахметов, З.Қабдолов, т.б.). Махамбет шығармаларында кеңінен орын алған теңеулердің бір түрі – бұл халық ауыз әдебиетінде, жыраулар туындыларында жиі қолданылып, тұрақтанған дәстүрлі поэтикалық теңеулер. Олар ақын поэзиясының ұлттық нақышын, экспрессивті-эмоционалды бояуын, көркемдік қуатын арта түсіретін дүниелер болып табылады. Мысалы: «Астына мінген Ақтабан  Ақ бөкендей ойнайды.  Қасына ерген көп әскер  Маңыраған қойдай шулайды,  ...Мылтығын қардай боратып,  Жетіп қалды қамалға,  Қамалды бұзып аларға»;  «Арыстандай ақырған  Айбатыма шыдамай»; «Орта белін сырлаған  Оқ жаңбырдай жауған күн»; «Жауырыны қақпақтай,  Қара айдары тоқпақтай  Оның да иесін үміт етелік». Сонымен қатар «Аш күзендей белін бүгілтіп», «Күшіктей даусын қыңсытып», «Жол­барысша жорыттым», «Қабыландай қайранға соғып», «Үдей соққан дауылдай», «Сапырып судай шашқан күн» және тағы басқалары тәрізді салыстыру­лар қаһар­мандық эпостарда да жиі қолданылады. «Махамбет қолданған теңеу сөздердің бір тобы – эпостық-батырлық жырларға тән дәстүрлі теңеу сөздер» деп көрсетеді зерттеуші Қ.Өмірәлиев. Бұл – теңеулер көнелігінің, көркемдік дәстүр жалғастығының, Махамбет поэзиясының ата-бабалар ойлау-пайымдауы мен қаһармандық жырлардың әсері негізінде туындағандығының көрсеткіші. Сонымен қатар Махамбеттің өзіндік қолтаңбасын танытатын соны теңеу-суреттер де аз емес. Мысалы: «...Қызғыштай болған есіл ер  Қайран да жұрттан не көрді»;  «Еркек қойдай бөлініп,  Қырқарланып өткен ер»; «Қайраңнан алған шабақтай  Қия бір соғып ас етсем»; «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,  Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен,  Атқанын қардай боратқан,  Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан»; «Шортаны қара бақандай,  Бақасы сары атандай,  Балдырғаны білектей,  Баттауығы жүректей,  Қымыздығы күректей,  Сонасы қоңыр үйректей»  «Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей»; «Астыма мінген арғымақ Күшіген жүнді, шал жебе, Жауына қардай борай ма?»; «Тағыдай таңдап су ішкен, Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген, Тағы сынды мырза едік, Тағы да келдік тар жерге»; «Атадан туған аруақты ер Жауды көрсе, жапырар Үдей соққан дауылдай. Жамандарға қарасаң, Малын көрер жанындай»; «Еріскендей ер болса, Соғысқандай жер болса, Бірме-бірге келгенде, Әлі де болса бір тәңірге жылармын». Сондай-ақ «Жау бір өрттей қайнайды», «Мен келелі қара бұлтпын», т.б. Махамбет өлеңдерінің тақырыбына орай ақын тіліндегі «Шамырқансам, шатынап сынар болатпын», «Суаруы қанық көк сүңгі ем», «Қылыштай қиғыр алмас ем» деп келетін метафоралы теңеулер іспеттес жануарға, өсімдікке, құсқа, табиғат құбылысына баланып жасалған теңеулердің негізінде де қас батыр, ел қамы үшін күрескен азамат бейнесі сомдалады: «Мінгені Исатайдың көгілдір-ай, Әскерін Барша құмға төгілдірді-ай. Мыңды алған бірді беріп Ақтабанды Жыландай белге соққан бүлгілдірді-ай. Баласы Исатайдың Жақия еді, Жақия жауды көрсе ақияды. Түлейді түнде жортқан жолбарыстай, Алдырдым жолдасымды қапияда-ай!»;  «Атадан туған аруақты ер, Жауды көрсе, жапыра  Үдей соққан дауылдай»;  «Арыстандай ақырған  Айбатыма шыдамай,  Хан баласы жылады-ай»;  «Бұрала біткен емендей  Қисық туған сорлы ағаң»;  «Палуан жолбарыс секілді  Алысқанды алып ұрған білегім»;  «Жолбарысша жорыттым  Етіне құлан тоям деп...» және тағы басқалары. Ақын осындай ономастикалық атауларға, белгілі бір құбылысқа негіздеп жасаған теңеулер арқылы белгілі бір нысанға, құбылысқа өз көзқарасын, қатысын білдіре келе, жағымды немесе жағымсыз мағына танытатын бейнелер сомдайды. Мысалы, ақын «Тарланым» атты өлеңінде Исатай бейнесін: «Керіскідей шандозым!  Құландай ащы дауыстым!  Құлжадай айбар мүйіздім!  Қырмызыдай ажарлым!  Хиуадай базарлым!  Теңіздей терең ақылдым!» «Бұрала біткен емендей», т.б. деген сияқты ажарлы, мағыналы теңеулер негізінде сомдайды. Осындағы «құландай ащы дауыстым» деп келетін тіркестегі құлан – жылқының тағы тұқымы. Ал «ащы дауыс» деп көп жағдайда құлаққа жағымсыз, жанға жайсыз естілетін дау­ыс­ты айтады. Дегенмен, Махамбеттің «құландай ащы дауыстым» деген көркем теңеуі негізінде ол «күшті дауыс», «ерекше дауыс», «дұшпандарында үрей туғызатын дауыс» деген сияқты мағыналарды қамтып, батыр бейнесін танытады. Немесе Исатайдың «кең пейіл», «қасына жан үйірсек» қасиетін «Хиуадай базарлым!» деп бейнелесе, оның «мықтылық», «беріктік», «салмақтылық» сипатын емен ағашына теңеу (Бұрала біткен емендей) негізінде аса жағымды бейне сомдайды. Сонымен қатар «Арыстандай ақырған // Айбатыма шыдамай», «Палуан жолбарыс секілді // Алысқанды алып ұрған білегім», «Астына мінген Ақтабан // Ақ бөкендей ойнайды», «Қайнаған қара болаттай // Қарсы біткен жүрегім», т.б. деген сияқты теңеулер арқылы да күшті әсерге бөлейтін жағымды бейнелер туындағанын байқаймыз. Ал ұнамсыз құбылыс, жағымсыз бейне ақын поэзиясында бақаға теңеу – «Ақсүйектің баласы, // Бақадай шулап тұрғанда»; айдаһарға теңеу – «Айдаһардай арбадың, // Арбадың да қалмадың»; күшікке, аш күзенге теңеу – «Күшіктей даусын қыңсытып, // Аш күзендей белін бүгілтіп»; бөрліккен қойға теңеу – «Бөліне көшкен елдерді // Бөрліккен қойдай қылармын»; теріге теңеу – «Жақсыдан туған жаман бар, // Күндердің күні болғанда, // Жарамды бір теріге алғысыз», т.б. арқылы көрініс табады. Сонымен, дүниедегі заттың немесе құбылыстың белгілі бір қасиетін, сапасын екінші бір затпен немесе құбылыспен салыстыру негізінде көрініс тапқан тың мазмұнды, көркем теңеулер Махамбет поэзиясында кеңінен орын алады. Олар ақынның өмір тәжірибесіне, қоршаған ортаны бақылай-пайымдауына, айтпақ ойына, халық дүниетанымына байланысты туындай келе, жағымды немесе жағымсыз мағынаны, астарлы ойды танытады.

Әдебиет: 1. Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. – Алматы, 1968. 2. Жұмалиев Қ. Егеулі найза. – Алматы: Арыс, 2003, 3. Өмірәлиев Қ. XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы: Ғылым, 1976.

Алмагүл Хабиева,  А.Байтұрсынұлы атындағы  Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының  кандидаты

3106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз