Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қыркүйек, 2015

Елім деп өткен ерлер бар

Қос батырБиыл Қазақ хандығына 550 жыл толып отыр. Бұл оқиғаның халқымыз үшін орны ерекше. Қазақ хандығы деген Қазақ мемлекеті, Қазақ елі деген ұғымдарды білдіретіні көзі қарақты жұртқа белгілі. Олай болса бұл – ел мерекесі, ел тойы. Әрине, той көп, мереке-мейрамнан да кенде емеспіз. Алайда ел тойының шоқтығы қашанда биік. Еліміздегі басқа өңірлер секілді Сыр бойының халқы да мерейтойға дайындықты ертерек бастады. Әсіресе, өткен жылы аталып өткен халық батыры, Хиуа, Қоқан және Ресей басқыншылығына қарсы табанды күрес жүргізген Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығы әлі күнге ел есінде. Бұл салтанаттың басты ерекшелігі дәл Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының жанында баба ескерткішінің бой көтеруі еді. Вокзалдар қай елді мекеннің болмасын басты қақпасы. Қалаға кіру, не болмаса сыртқа шығу осы жерден басталады. Адамдар қарасы да бұл маңда қалың. Демек, ескерткіш лайықты, қажетті орнын тапқан.

Қандай істің де ойдағыдай аяқталуы басшыға байланысты екендігі күмәнсіз. Реті келгенде баба тойының жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың елеулі еңбек сіңіргенін атап кеткен жөн. Өзі де батыр ауылында туып-өскен, Жанқожа атына бала жастан қанық азамат баба алдындағы парызын өтегендей болыпты. Батыр бабаларымызға, от ауызды, орақ тілді билерімізге құрмет биыл да жалғасын тауып отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланыс­ты облыс көлемінде атқарылар шаралар қатарында Ақтан батыр Ақайұлының 245 және әрі батыр, әрі би Бекарыстан Амалдықұлының 250 жылдығын атап өту белгіленген. Жау күн көрсетпеген кешегі заманда «елім, жерім» деп қас дұшпанмен жолбарысша алысқан бұл қос тұлға Сырдың Қазалы аталатын топы­рағында дүниеге келген. Міне, сон­дық­тан да жауапкершілік жүгі аталған аудан халқына, осы өңірдегі ел тізгінін ұста­ған азаматтарға түсіп отыр. Әсіресе, аудан әкімі Нәжмәдин Шамұратов пен аудандық мәслихат хатшысы Талайлы Бөрқұлақовтың белсенді әрекеттеріне жұртшылық дән риза.ауыл Қазалыны ауызға алдық қой. Енді осы өңір жөнінде бір-екі ауыз айта кетейік. Ықылым заманда оғыздардың астанасы болған әйгілі Жанкент шаһары осында. Төрткүл дүниеге аты мәлім Қорқыт баба осы жерде өмір сүрген. Бір сөзбен Қазалы ауданы орналасқан жерді Оғыз қағанатының Отаны деп әбден айтуға болады. Енді берірек келейік. Қазалылықтардың мақтаныш етер тұлғаларының бірі – Жалаңтөс баһадүр. Самарқанды талай жыл басқарды. Салқам Жәңгір Жетісу жерінде жоңғарлармен шайқасқанда 20 мың әскерімен көмекке келіп, жауға қырғидай тиген хас батыр Жалаңтөс бабамыз осы. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке би болса Жалаңтөс баһадүрдің немерелес туысы. Демек, Қазалы жұрты үшін бұл бабамыздың да бөтендігі жоқ. Айналып келгенде әлгінде есімдері аталып өткен ардақтыларымыз бір топырақтың шеңберінен шығып, қазақ деген ұлы халықтың ортақ перзентіне айналған біртуарлар, ұлы тұлғалар. Біздікі ұлыларды өмірге әкелген жердің қасиет-құдіретін айтып кету ғана. Енді Қазалы жұртшылығы зор ықы­лас-ниетпен, сүйіспеншілікпен мерейтойларын атап өткелі жатқан Ақтан батыр мен Бекарыстан би жөнінде білгенімізді ортаға салайық. Жұрт көкейінде мынадай да сауал болуы мүмкін: «Аталған тұлғалар неге бір өңірге ғана танымал, бүкіл халық неге білмейді?». Сауал орынды. Бүкіл халықтың білмейтіні – біз кеңестік идеологиямен оңбай уландық. «Бүкіл өмір Қазан төңкерісінен басталды» деген саясат тұла бойымызды жаулап алды. Ар жақтағы өмір туралы айтылмады. Айтылғанмен де жиіркенішті, былғанышты түрде жеткізілді. Хандарды, батырларды, билерді айтпағанда бертінде өмір сүрген Ахмет, Әлихан, Жүсіпбек, Мағжандарды... білгеніміз кейініректе ғана емес пе? Біздің көзімізді ашқан, ұлттық санамызды жаңғыртқан, еркін ойлауға жетелеген, бұл – Тәуелсіздік. Сол себепті де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы білуіміз қажет. Оның алдында баршамыз қарыздармыз. Дүниежүзінде екі жүзден астам мемлекет болса, жер көлемі жағынан біз – Қазақ елі тоғызыншы орында екен­біз. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аң­­ның аяғы талатын, шетсіз де шексіз ұлан-ғайыр аумаққа қол жеткізу, сақтап қалу қайбір жеңіл болды дейсің. Бұл ақ най­за­ның ұшымен, ақ білектің күшімен келген зор қазына, асқан байлық. Намысшыл, арлы бабаларымыздың қан төгіп, жан беріп ұрпағына қалдырған аманаты. Сондықтан халыққа танылмай, ескерусіз қалған, аты-жөндері ұмтылуға айналған қаһармандарымыз бен көсемдерімізді жарыққа шығару, оларға құрмет көрсету – қастерлі парыз. Бүгін әңгіме еткелі отырған қос ардақтымызды санадан өшкендер қатарына қосуға болмайды. Арада екі жарым ғасыр уақыт өтсе де халық оларды ұмытқан жоқ. Әрдайым есте сақтап келеді. Кім болса сол ел аузында жүрмейді. Ардақтылар жөнінде жылы сөз жайдан-жай айтылмайды. Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлмәмбет Әлішев ағамыздың мынадай сөзі бар: «Ақтан баба мен Бекарыстан бабаны Жанқожа бабадан тірісінде Құдай айырмаған. Олар бақилық ғұмырға сапар шеккеннен кейін біздің, бүгінгі ұрпақтың үш әулиені бір-бірінен бөле-жарып қарауымызға, алалауымызға болмайды. Бұл киелі үш бабамыз бірін-бірі толықтырып, бірінің даңқын бірі асырған. Егер қаламгер ретінде Жанқожа бабаның әдеби бейнесін жасар болсақ, Ақтан батыр мен Бекарыстан батырсыз хас батырдың бейнесі олқы түсіп, толыққанды болып шықпас еді». Бұл сөзден не аңғаруға болады? Бұл үш тұлға, үш қаһарман – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Ақтан Ақайұлы, Бекарыстан Амалдықұлы бір дәуірдің адамдары, замандастар, қатар өмір сүрген, жауға бірге аттанған. Осыдан келіп Ақтан, Бекарыстан аттары аталғанда Жанқожа баба есімінің аталуы да заңдылық немесе керісінше.Жанкожа кесене

«Ақтаң келді қасыма, Ақ күн туды басыма»

Ақтан батырдың елге танымал ерліктерінің біріне тоқталып өтелік. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Хиуа хандығы төменгі Сыр бойындағы қазақтарға тізесін қатты батырады. Хиуа ханының бегі Бабажан Қазалыда бекініс салдырады. Ол халықтың момындығын пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсетеді. Ар-намысты таптауға дейін барады. Бұл туралы Басықара Алпамысовтың дастанында былайша айтылады: «Артымызда қалды Күйік қаласы, Қапталдағы Сырдың соңғы саласы. Алдымызда әбжыланның ордасы, Бабажандай қас дұшпанның панасы. Ол оңбаған Хиуа ханын паналап, Қазақтан да сатқындарды саралап, Жонымыздан таспа тілді аяусыз, жанымызды бітті түгел жаралап. Ел қорғаған ерлеріңді жалмады, ар-намысың, ырзықтарың қалмады. Бағылан қозы, жас қызыңнан тояттап, Қорлады елді, не зұлымдық қамдады...». Бабажан сарттың озбырлықтары жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. Бұдан әрі шыдау мүмкін емес еді. Оның үстіне осы кезде Бабажан Жанқожа батырдың ағасы Ақмырзаны азаптап өлтіреді. Бұл уақытта батыр жайлауда болса керек. Сұмдық оқиғаны құлағы шалғаннан кейін алдымен сенімді серігі Ақтан батырға, өзге де батырларға хабар беріп, Бабажаннан кек алуды ойластырады. Күткен 1842 жылдың күз айы да келеді. Ақтан мен Жанқожа батыр бір жерде кездесуге уағдаласады. Алайда межелі жерге Ақтан бір күн бұрын келіп қалады. Ол Жанқожаны күтіп отыруды жөн санамайды. Өйткені бұлардың келгенін жау жағы білсе, дұшпанның күштерін нығайтатыны анық. Сондықтан тәуекелге басып, жасағымен бекініске ұмтылады. Бекініс сыртында да, ішінде де жан беріп, жан алысқан ұрыс болады. Қарсы жақтың мылтықпен қаруланған сарбаздары бар еді. Ақтан батыр қаһарына мініп, ашуланғанда ашық аспанды лезде қара бұлт басып, арты нөсер жаңбырға ұласады. Жаудың білтелі мылтықтары ылғалданып, іске аспай қалады. Осы кезде Жанқожа батыр да жасағымен жетіп, ұрысқа қосылады. Ақырында қашпақшы болған Бабажан қолға түсіп, өлім құшады. Жанқожа Ақтанның мұндай ерліктеріне талай рет куә болған. – Ақтан келді қасыма, Ақ күн туды басыма, – дейді екен сүйсініп. Жоғарыда сөз болғандай, Ақтан батырдың бойындағы таңғажайып қасиеттердің бірі – төбесінде бұлт ойната білуі. Ел ішінде «төбесінде бұлт ойнатқан Ақтан батыр» деген сөз кең тараған. Бұл жөнінде қаламгер ағамыз Шамша Айтуғанов мынадай қызықты деректі келтіреді. «Кезінде Ақайдың бәйбішесі, Ақтанның шешесінің жүкті кезінде төбесінде шырақ жанып жүргенін көрген аруақты Ақпан батыр: – Мына іштегі бала тегін бала емес. Киелі бала екен, әулиелік кереметі бір бөлек, бүкіл Әлімнің намысын қорғайтын батыр болар. Бірақ мен бұл баланы көре алмаспын. Аруақ қолдасын, менің жолымды бергей, –деп батасын берген болатын қартайған шағында. Сөйтіп, мінген атының ерінің үстіндегі бөз көпшігін: – Балаға табыс етесіңдер, – деп қалдырған екен. Ақай атамыз осы бала дүниеге келгенде атасының батасы дарысын деп, азан шақыртып Ақтан деп ат қойған еді. Халықты жинап, ата-бабаларына құран оқытып, Ақтанға үлкендердің батасын алып беріп, көпшіліктің алдында Ақпан атасының бөз көпшігін табыс етеді. Сонымен бірге бүкіл Қаракесекке ұран болған әулие Ақпан батырдың батасы дарыған Ақтан бабамыздың торығып, қысылғанда төбесіне ойнақшып шыға келетін киелі бұлты да осы атасынан қоныпты». Ақтанның бойына біткен тағы бір қасиеті – досын жауға қалдырмаған. Оның Байқазақ атты қарулас серігі болды. Ол да батыр. Жанқожа, Ақтан батырлармен талай жорықтарға бірге қатысқан. Көпшілікке белгілі, Жанқожа оқыстан ажал құшады. Мұны естіген Байқазақ батырдың кегін алам деп жүріп, Ресей әскерінің қолына түсіп қалады. Содан Елек түрмесіне қамалады. Қарулас досының қолға түскенін білген Ақтан батыр Байқазақ отырған абақтыға шабуыл жасап, оны босатып алады. Жанқожа, Ақтан бастаған қазақ жасақтары Сырдың бойында орна­лас­қан хиуалық бекіністердің талайын талқандады. Оларға қарсы мұздай қаруланған әскер де жіберіледі. Қазақ батырлары бұлардан қаймыға қоймайды. Өршелене ұмтылып, нәтижесінде жеңіске жетіп отырады. Бір деректерде Ақтан батырдың Жанқожамен бірге Қоқан бекі­ністеріне де шабуыл жасағаны айтылады. Мәселе, Шымқорған, Күмісқорған, Жаңақорған секілді қоқан бекіністерін алуға қатысқандығы оның қолбасшылық рөлін де айқындайды. Бұл жерде белігілі тарихшы Берекет Кәрібаевтың: «Бұл деректердің бәрі Ақтан батырды қолбасшылық қасиеттерімен бірге, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Сыр өңірі қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі деңгейіне көтерді деп нық сеніммен айтуға болады» деген орынды пікіріне қосылмасқа шараң жоқ.

«Бірауыз сөзбен ханды қайырған...»

Төңірегіне әрі батыр, әрі би ретінде танылған Бекарыстан Амалдықұлы туралы не білеміз? Сыр өңіріне өткір тілді, шешен, әділ шешімімен көптің сый-құрметіне бөленген Нұрбай бидің – Нұрбай Матығұлұлының есімі жақсы белгілі. Ол ХVIII ғасырда өмір сүрген. Атақты би жөнінде ел ішінде әңгімелер көп. Ол әңгімелерден Нұрбайдың өз заманында абыройлы, беделді болғаны аңғарылды. Онымен хан да, қара да санасқан. Жер дауы, жесір дауы, құн дауы дегендерді әділдікпен шешіп отырған. Ел арасында Нұрбай бидің Әбілқайыр ханмен кездескендігі, ұлт тағдырына қатысты алқалы жиындарға қатысқандығы туралы да айтылады. Нұрбайдың би атануы жөніндегі аңыз былайша өріледі. Уақытында Қазалы уезіне бүгінгі Сыр бойындағы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының аумағы кірген. Осы жерлерге Қоқан хандығы билігін жүргізген. Дәстүр бойынша жыл сайын бір топ адам ханға қол тапсыратын көрінеді. Келгендер ел жағдайымен де хабардар етеді. Сол кезде Нұрбай жанындағылардың сөзіне көңілі толмай, бұл да өз пікірін білдіріп, киліге кетеді екен. Осындай жайт бірнеше рет қайталанады. Соңғы күндердің бірінде бәрін бақылап жүрген хан «Кәне, сен сөйлеші» дейді бұған. Жас жігіт ештеңеден қысылмай төгілте сөйлей жөнелді. Сөздері орнықты әрі нақты. Жігіттің сөзі ханды риза етеді. «Сен дұрыс жігіт екенсің. Болашағың әлі алда. Тұран ойпатының билігі сенде болатын секілді» деп ризашылық бел­гісі ретінде қылыш ұсынады. Қылышта «Тұран ойпатының биі Нұрбай би» деген жазу бар еді. Аталған қару кейініректе Жұмағазы баласы Жасаралда болған. Сосын бидің ұрпақтарының бірі Қаражан Сансызбаевтың қолына тиген. Бидің бөркі де Қаражанның шаңырағында сақтаулы. Нұрбайдың сегіз баласы болған. Солардың ішіндегі ширақтауы, көзге жылылық ұялатқаны Амалдық екен. Ол уақытта бала есейген кезде оның алдағы өмірі ойластырылған. Бозбаланы үйлендіру, болашақ құда жайы сөз болады. Оның үстіне бала әке көңілінен шығып жүр. Демек, болашақ құданың да өздеріне лайықты, ұялмайтын жерден болғаны жақсы. Таңдау елге белгілі батыр Жылқыайдардың қызына түседі. Жылқыайдар батырды жұртшылыққа таныс­тырудың қажеті болмас. «Жау­жү­рек мың бала» фильмін бәріміз де көрдік. Сол мың баланың бірі – осы Жылқыайдар. Әйгілі Сартай батырмен «Бұланты шайқасына» қатысады. Сөйтіп, жаудың ойсырай жеңілуіне үлес қосады. Кейін ол жер «Қалмақ қырылған» деп аталды. Амалдық әке ақылымен Жыл­қыайдар батырдың қызына үйленеді. Содан Бекарыстан өмірге келеді. Бекарыстан нар тұлғалы болып өседі. Жас кезінде палуандығымен де көзге түседі. Ақылды, алғыр, табанды болып ержетіп келе жатқан жігіттің болашағынан туған-туыстары да, айналадағы қауым да көп үміт күтеді. Әсіресе, жас болса да әділдікті, шындықты бағалайтыны ұнайды. Ел үміті ақталды. Бекарыстан батырлығымен қоса халқына қадірлі әділ би атанды. Бекарыстан Амалдықұлының өмір сүрген жылдары ұлт тарихындағы ауыр кезең болатын. Сырт жақтағы жағдай қалпына келгенімен, елдің ішкі өмірі аласапыранға толы еді. Ішкі бірлік әлсіреп, ел тұтастығына сына түскен кез. Осы жағдайды Ресей жақсы пайдаланды, отқа май құйды. Қазақ билеушілері арасындағы алауыздықты өршіте түсті. Жеке билік еткен хандар пайда болды. Келе-келе хандық біржолата жойылды. Қазақ даласында отарлаушы елдің бекіністері, қорғандары пайда болды. Қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты Ортаазиялық хандар да пайдаланып қалуға тырысты. Бекіністер мен қамалдарды олар да салуға кірісті. Қоқан, Хиуа билеушілері алымса­лық­тарын көбейтіп, жергілікті халыққа қорлық, азап көрсетті. Олар қазақ жерінде өкілдерін ұстады. Билік-талаптарын солар арқылы жүргізді. Әлгіндей қорлық-зомбылықты айтпағанда қоқандықтар, хиуалықтар кей жерлерде қазақтарға қарсы ашық шабуылға көшті. Ел малдан айырылды, қыз-келіншектер тұтқынға түсті. Адам өлімі де көп кездесті. Осы жағдайлар жергілікті халықты бейжай қалдырмады. Ашу-ызаларын келтірді. Көтерілістер жасауға, қарулы қарсылықтар көрсетуге мәжбүрледі. Жанқожа, Ақтан және Бекарыстан батырлардың атқа қонып, ел намысын таптауға шыққан сәттері осы кез. Атақты ақын Нұрсұлтан Жұбатұлының «Жанқожа батыр» дастанында талай ерлердің аты аталады. Солардың жуан ортасында Бекарыстан батыр да бар. ...Аттанды сүмбіледе Қылышбай хан, Қан үшін қан аламын деп қызғындаған. Әуелі Кішкененің басын құрап, Үш жүзді онан кейін хабарлаған. Ту байлап, тұлпар мініп, жолдас ертіп, Ер келді аты шыққан әр рудан. Бас болып Қаракесек баласына, Құлаға Ақтан мінді озған дудан. Қыстаубай, ер Елемес, Амангелді, Мұзболат сауыт киіп кемер буған. Астында Қыстаубайдың кершабақ ат, Сәндікке жалын өріп, ұшын буған. Ер Толыбай Жылқыаманмен бірге келді, Қол жиып Жақайымның руынан. Астында ер Толыбайдың ақ шұбар ат, Шүу десе қаңтарумен озған қолдан. Түгелдей Төртқараның басын құрап, Ер Аббаз ертіп келді көп аламан. Мінгені Аббаз ердің ақжал күрең, Қиқуда тартынбайтын аққан судан. Ішінде Кішкененің Бекарыстан, Айшықты Кішкенеге ту ұстаған. Ханменен бірге жүріп, бір тұрады, Жай емес жақын жаны туысқаннан... Бір жылдары елімізде әр жылға атау берілгені белгілі. Қазалы ауданында 1996 жыл «Бекарыстан би жылы» деп аталды. Аудан көлемінде осының қарсаңында Бекарыстан бидің өмірін зерттеуге көбірек мән берілді. Сол жылы бидің ескерткіш-мүсінін орнату жөнінде ұйғарым жасалды. Іс барысында ескерткіш жанына бидің мәңгілік орын тапқан жерінен топырақ әкеліп қою да келісілді. Бұл өте жауапты іс еді. Себебі баба бейіті қазақ жерінде емес, Қарақалпақстан өңірінде болатын. Маңызды істі мойын­ға алу бидің тікелей ұрпағы, аудан­ға қарасты Майдакөл ауылында тұра­тын Мұхит Айжігітұлына жүктелді. Мұхит бастаған топ бұл міндетті ойда­ғыдай орындады. Қасиетті топырақ бабаның тас мүсіні жанына қойылды. Аталған топтың тындырған игі істерінің бірі сол жақтағы көнекөз қариялармен сөйлесіп, би жөніндегі естіп-білгендерін қағазға түсіргендігі. Әсіресе, Нөкіс қаласынан он бес-жи­ыр­ма шақырым шамасындағы «Хожелі пристань» деген жерде тұратын, соғыс ардагері, кеме жасау зауытында көп жылдар есепші болып істеген, зейнет демалысындағы, оның үстіне бабаның тұқымынан Зәки Қалиұлы деген ақсақал би тарихын жақсы білетіндігін аңғартады. Көп аңыз-әңгімелер сол кісінің аузынан жазылады. Солардың бір парасы мынандай. «...Бұл Бекарыстан бидің қартайған шағы болса керек. Теңіздің арғы бетінен бергі бетке қоныс аудару үшін мұз үстімен ел көшеді. Көштің алды межелі жерге жақында қалғанда соңғы көшке түркіменнің барымташылары тиісіп, адамдарды дүрліктіреді. Бұл хабар көштің алдындағы Бекарыстанға жетеді. Батыр баба көштен қалып, садағын алып, ат үстінен көкше мұзға бір жебені тартыпты. Жебе мұзға қадалғанда жебенің бір сүйем жері ғана көрініп тұрыпты. Ақсақалдардың айтуы бойынша жебенің ұзындығы бір жарым метр шамасында. Көш ілгері жүре беріпті де, өкшелей қуған жау жалғыз жебеге тап болыпты. Мұзға қадалған жебенің түрін көрген олар: «Мынаның түрі бөлек екен. Мұны тартқан адамның өзі келсе бәрімізді қалдырмай қырып кетер. Әзірге аман тұрғанымызда жөнімізді табайық» деп кейін қарай қайтыпты. ...Сыр бойында билік жүргізген Жанғазы сұлтан деген болған. Би соған айтыпты деген мына сөз бар: «Әй, Жанғазы! Хан қыламын деп мен әлек, хан болмаймын деп сен әлек, хан болсаң төбеңдегі қара лашық, хан болмаймын десең жол ашық». Ертеңінде жұрт ұйқыдан тұрса хан да жоқ, шатыр да жоқ». Осыдан кейін ел аузында Бекарыстан би туралы «Бірауыз сөзбен ханды қайырған, жалғыз оқпен жауды қайырған» деген сөз қалған. Қазалы төңірегіне танымал шежіреші Өмірзақ Ахметов бабаның дана билігі жөнінде мына бір ­мысалды келтіреді: «Шыдамсыздық пен қызуқанды­лықтан Ақмырза бір сөзге келмей Раманқұлдың үлкен ағасы Сырлыбайды садақпен атып өлтіреді. Адам өлтіру оңай ма, осыдан кейін ағайын арасы ашылып, дау күшейеді. Раманқұл қанға қан аламын деп құнға келісім бермей отырып алады. Жанқожаға да көнбейді. Сонда Жанқожа тағы да ақылға жеңдіріп: – Түбіміз туысқан адам едік. Не алсаң да мына көптің алдында қасарыса бермей құн ал, – деп Раман­құлға басу айтады. Бірақ оған Ра­манқұл көнбейді. Раманқұлдың көн­бейтініне көзі жеткен Жанқожа оған: – Бұл өңірде сен өзің сыйлайтын, сөзін тыңдап, мақұл дейтін адамың бар ма? Бар болса айтшы, соған барып төрелесейікші, – дейді. Раманқұл: – Ондай адамым бар. Ол – асан Бекарыстан би. Ол не айтса, мен соның айтқанына тұрамын, – дейді. «Ендеше сол кісіге барайық» деп Жанқожа Раманқұлды алып биге барады. Бұл кезде Бекарыстан бидің қартайып, отбасында отырып қалған кезі екен. Батыр келген жұмысын бидің алдында ақтарып салады. Раманқұлдың биге тұрамын дегенін айтады. Жанқожа сөзін бітірген соң Бекарыс­тан би Раманқұлға қарап: – Әй, Раманқұл! Сен туғаннан ниетің жаман, бұзық бала едің. Асылы сен менің төрелігіме тұратын болсаң «тұрамын» деп ант бер! – дейді. Сонда Раманқұл: – Ой, аға! Тұратын болған соң Сізге келіп тұрмын ғой, – деп үш рет «Сіздің төрелігіңізге тұрамын» деп ант береді. Содан соң Бекарыстан Раманқұлдан: – Өлікте жарақат нешеу? Қанша жарақаттан өлген екен? – деп сұрайды. Раманқұл: – Өлікте жарақат біреу. Бір жарақаттан, садақтың жүрекке атқан бір оғынан кеткен, – дейді. Сонда Бекарыстан: – Жарақат біреу болса ашу үстінде болған екен. Ашумен оның өлетінін білмей қалған. Бұл қатеден болған іс. Егер жарақат өлікте екеу болса, біреуі қатеден болады дер едім, ал екіншісі өлтірмей қоймаймын деген ниетпен, қастандықпен өлтірген болар еді. Қатеден болған өлім екен. Құн ала ғой, шырағым, – деп би төрелік жасайды. Осындай құн дауын әділдікпен шешіп, екі жақты да ренжітпей елдің тыныштығын ойлап төрелік жасау тек Бекарыстан сияқты төре билердің қолынан келетін іс. Мұндай істі дана адам ғана тындыра алады. Бекарыстан сондай дана билердің бірі болды». Қазалы халқы елге сіңген, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан, ерлік пен намыстың үлгісін танытқан бабаларын қадірлеуде есе жіберіп жатқан жоқ. Олардың аты ұрпақ есінде мәңгі қалудың барлық шаралары қолға алынуда. Мәселен, бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы, XXII партия съезі атындағы, Карл Маркс атындағы кеңшарларға бір-бірінен ажыратуға болмайтын үш тұлға – Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Бекарыстан бидің аттары берілді. Үшеуінің де атында аудан орталығында көшелер бар. 1992 жылы аудан орталығы Әйтеке би поселкесі жанында Жанқожа батырдың ескерткіш-кешені бой көтерсе, Ақтан батыр мен Бекарыстан биге де ескерткіш-белгілер орнатылды. Бабалардың атын, ерлік, елдік істерін зерттеп, халыққа насихаттауда жергілікті қаламгердердің атқарып жүрген істері елеулі. Кезінде Зейнолла Шүкіров «Сыр бойы» тарихи кітабын жазды. Мұсабай, Төремұрат жыраулар, Лұқман Кенжеев, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Орнықбай Сұлтанов, Файзолла Омаров және басқа ақындар жыр-дастандарын өмірге әкелді. Сонымен бірге Молдахмет Қаназов, Әлмәмбет Әлішев, Шамша Айтуғанов, Әбдісаттар Оспанов, Жетіскен Мәкенәлиев және басқа да қаламгерлер тәлімді де тағылымды еңбектерімен оқырмандарын қуантты. Бұл тірліктің барлығы не үшін? Ұрпақ үшін. Олар бабаларының осал болмағандығын, осынша жерді қорғап, сақтап қалу жеңіл тимегендігін біліп, сезінуі тиіс. Бабалар қасиеті жас ұрпаққа жұғысты болса деген мақсат. Сонда еліміз мәңгі өмір сүріп, әлем алдында абырой-даңққа бөлене береді.

Нұрперзент ДОМБАЙ

7721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз