Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қыркүйек, 2015

Арқа төсіндегі Ерек Орталық және оның басшысы (Танымдық эссе)

Ыдырысов-1Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, жазушы 

Неге, не үшін Ерек Орталық? Бұл сауалдарға екі-үш ауыз сөзбен тұжырымды жауап жазуыма әбден болатын еді. Бірақ мен олай жасаудан әдейі бас тартып отырмын. Өйткені олай жасасам, мен жазушы ретінде осы танымдық эссемді жазуды қолға алғанда алға қойған мақ­сатым – тарих үшін қас қағым уақыт ара­лы­ғында өзінің жасам­паз Президентінің дана басшылығымен туған Қазақстанымды қазағымды Әлем мақтан тұтарлық соншама табысы бар, ұлт пен ел етіп көрсетіп отырған Ерек Орталық жайлы кейінгілерге қысқа да нұсқа көсемсөздік шежіре жазып қалдыра алмас едім! Серик Акшолаков Ал ондай шежірені жазуға мен мәжбүрмін. Керек десеңіз, міндеттімін! Өйткені қазақтың өзі айтқандай: сыйға-сый. Мен бұл Ерек Орталықтан жақсылық көрген пендемін. «Қандай?» дейсіздер ғой. Бұл сұраққа қысқа жауап бере кетейін. Мен отыз жылдай уақыт бойы сал атты кесапат сырқаттан төсек тартып жатқан пенде едім. Оның үстіне 2014 жылы ғашық боп қосылған жарым кенет дүние салып, соның азасынан жүйкем тозып, екі аяғым нық басып тұруға жарамай, мүгедек болып жатып қалғанмын. Содан кейін Ерлан ұлым мені Астанадағы осы Орталыққа әкеп орналастырды. Онда мен «оңалту хирургиясы» бөлімінде, сол қолымның білегіне №151790 лента байлаған емделуші болдым. Мені жанды қинамайтын, жаңа аппараттармен тексеріп, қаншама ем жасады. Диагностика қоюда да, ем жасауда да қазіргі заманғы медицина ғылымының жаңалықтарына сай шығарылған аппараттарды қолданып емдеді. Жанымды қинау болған жоқ. Система қою болмаса, сұққылау аз! Аса жайлы! Жатқан бөлімімде нақ осылай 12 күн ем-дом жасады. Салға душар болған сол жақ қол-аяғымның жаныма батып, күндіз-түні шаншып ауруы едәуір тыйылды. Ал сіресіп, басуға келмей қалған екі аяғымның тізелері отырып-тұруға, икемге келді. Екі аяғымды ептеп аттап басатын болдым. Енді жатқан төсегімнен өз бетіммен еркін тұра алдым. Сүйретпе арбаға отырып қалуға қарағанда, мұндай халге жету мен үшін, әрине, керемет еді! Шүкіршілік еді. Екі апта ішінде осындай күйге жетіп емделген соң, үйіме кетерімде мен ем жасаған бөлім ұжымына дәрігер Алина Сабитқызына, медбикелерге, санитарларға, бөлім меңгерушісіне Орталықтан емделіп, тәуір болғандар алғыс, рақметтерін жазатын журналға, оларға әдейі арнап, басқалар жазғандай ештеңе жазғаным жоқ. Оның есесіне, мен өзімді емдеп, біршама сауықтырған, Орталық жайлы қалың оқырман жұртшылыққа арнап танымдық эссе жазуға бекіндім. Және осылай жасауым дұрыс деп есептедім. Сөйтіп, осы «Арқа төсендегі Ерек орталық және оның басшысы» деген тақырыпта танымдық эссемді оқырман қауымға ұсынып отырмын. Мұндай шағын көсемсөздік туындыны жазуымның және бір басты себебі: Ғажайып, Ерек орталық деп батыл атарлық бұл Орталық, керек десеңіз, қазақ жұртшылығының өзіне де әлі кеңінен жете мәлім емес. Ал оның жұртшылыққа кеңінен мәлім болуы керек-ақ! Өйткені бұл алдымен, біздің қазақтың, Қазақстанның ұлттық мақтанышы! Сондықтан мен оның не екенінің астарына терең үңіле баян етпекпін. Орталық немен айналысады? Қашаннан? Құрамы? Қандай қызмет жасап жатыр? Танымдық эссемде осындай сұрақтарға жауап жазамын, қадірменді оқырмандарым! Сонымен...

Ерек Орталық кімнің  идеясымен дүниеге келген?

Дүниежүзі алдына мақтанышымыз болып, Әлем халықтары мен мемлекеттеріне қазағымызды - аса ақылды халық, Қазақстанымызды керемет қуатты мемлекет етіп таныта бастаған бүгінгі ғажайып Нейрохирур­гия­­лық Орталығымызды өмірге әкелу идеясының авторы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Ол идеяны бірден қолдап, жүзеге асырысқан адам - жаратылысынан пешенесіне нейрохирург болу жазылған - Серік Қуандықұлы Ақшолақов! (Ол туралы алда баян етемін. –Ә.Ы.) Қазағының, Қазақстанымның мемлекеттік билігін қолына алған сонау ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, халқын, рес­пуб­ли­касын тарихтың соны соқпағымен алға бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ХХІ ғасырдың табалдырығын атта­­сымен-ақ замананың даму екпіне сай елін инновациялық жолмен өркендетуді мықтап қолға алды. Ол ХХІ ғасырдың бастапқы жылда­рын­дағы әр сөзінде инновациялануға ерекше мән беріп: «Өзінің саналы даму стратегиясы бар әрбір мемлекет бүгінгі күні инновацияның соңына түсуде. Себебі инновация жалпы ұлттық құндылық, болашаққа апарар анық жол» деп атап көрсетіп, оны қоғамдық қызметтің қай саласына да батыл енгізуді нұсқады. Мәселен, Елбасы 2006 жылы 1наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке алдағы екі жылға арналған инновациялық іс-шаралар бағдарламаларын тездеп жасауды ұсынды. Республика Үкіметіне, Республика Денсаулық сақтау министірлігіне 2000 жылы «Болашақ госпиталы» туралы жаңа идея ұсынып, оны іске асыруды тапсырды.

Ерек орталық  немесе ұлттық холдинг

Президенттің стратегиялық тапсырмаларын орындау мақсатымен Рес­публика Үкіметі: өзінің 2006 жылы 31-наурыздағы №222 «Президенттің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шараларының сеттік кестесі туралы» және 2006 жылы 31 шілдедегі №719 «рес­публика үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік жүйесі туралы», сондай-ақ «Астана қаласында жаңа орталықтың базасында медициналық орталық құру туралы» арнайы қаулылар қабылдады.Оларды іске асыруға кірісті. Сөйтіп,алда жазғанымдай, қазір әлемге аты да, заты да мәлім бола бастаған бұл Орталықтың дүниеге келуінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерекше. Ондай Орталықты республика үкіметі тікелей Президент нұсқауымен арнаулы қаулымен 2008 жылы Астана қаласында әуелі медициналық кластер етіп құрды. Сол кластер 2008 жылы желтоқсан айында «Қазақ нейрохирургия орталығы» РМК жарғылық капиталында мемлекеттік жүз пайыздық қатысуымен «Республикалық Нейро­хи­рургиялық ғылыми орталық, акцио­нер­лік қоғам» деп аталып, қайта құрылды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашақтың госпиталын» құру идеясы жүзеге асты. Ал ол алдында төмендегідей бес атаулы болған еді. 1. Қазақстан нейрохирургтер ассоциациясы. 2. Республика нейрохирург­та­рының нейрохирургия ғылыми орталығы. 3.Нейрохирургиялық респуб­лика­лық ғылыми орталықтық акционерлік қоғам. 4. Нейрохирургиялық ұлттық орта­лық. 5. Ұлттық медициналық холдинг! Осының бәрі, сайып келгенде Ұлттық холдинг, Болашақ Госпиталы атанды. Біз оны Ерек орталық деп метафорлап атап отырмыз. Ендігі баян сол жайында. Бұдан әрі танымдык эссеміздегі әлгі бес атауды енді қысқа: Холдинг – Ерек Орталық деп те атап жазып отырамын. 1. Холдинг – ерек орталық деген не? Бұл орталық «Назарбаев Уни­вер­си­теті» дербес білім ұйымының академия­лық жүйесінің құрамдас бөлігі және алдыңғы қатарлы 6 клиникадан тұратын бірегей медициналық кластер «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ. 2. Орталық құрудағы мақсат немесе ол жүзеге асырып отырған миссия – Қазақстан Республикасы тұрғын­дарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нейрохирургиялық көмек көрсетудің тиімді жүйесін құру. Орталықтық диагностикадан бастап, науқастардың нейро оңалтылуына дейінгі емдеудің заманауи әдістерінің толық спектрін атқаратын Орта Азиядағы жалғыз Көшбасшы клиникаға айналдыру. Сондықтан Орталықтың мате­риалдық-техникалық базасының жабдықталуы Орталық Азияда теңдессіз! Аталған база ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес. Ондай база әр жағдайда дәл диагностика жасауға және емдеудің нақты әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Сөйтіп, Орталық «­Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйы­мының академиялық жүйесінің құрамдас бөлігі. Ол алдыңғы қатарлы 6 клиникада тұратын бірегей медицина­лық кластер «ұлттық медициналық холдинг». Орталықта 93 дәрігер және 195 мейіргер жұ­мыс жасайды. Дә­рі­гер­лердің 48% – жо­ғарғы санатты, 11% – бірінші санатты, 6 – дәрігер-медицина ғылымда­рының докторы, 18 дәрігер –медицина ғылымының кандидаты, 3-еуі – PhD деңгейі барлар.

Орталық тарихы  туралы бірер сөз

50 жылдан астам, 1949 жылы Алматыда «Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында» нейрохирургия кафедрасы ұйымдастырылған. Оның менгерушісі дарынды педагог Е.А.Азаров болған. Кафедра нейрохирург кадрлар даярлау базасы, республикалық емдік- әдістемелік, консултациялық қызметтер атқарған. Кейін ол кафедраны доцент А.Бірімжанова, доцент В.Энгисон, олардан кейін медицина ғылымының докторы, профессор С.Ақшолақов басқарған. Сөйтіп, біздің кейіпкер бүгінгі Орталықты құрушылардың бірі. Енді, алдымен, холдингтің өз жұмысын бастағаннан іске асырған елеулі жұмыстарын баяндай кетейін. Ұлттық Медициналық Холдинг 2008 жылдың тамыз айында ресми ашылды. Содан бергі жылдар 5-6 жыл ішінде онда қаншама елеулі шаралар іске асырылды. Орталық тарихының қалыптасып, қызмет көрсете бастауынан-ақ ол елеулі жетістіктерге жете бас­та­ған еді. Атап айтқанда, эндос­копиялық нейро­хирур­гия­ның дамуы; ха­лықа­ра­лық қауымдастық мүшелерінің қатысумен ҚР нейрохирургтарының І съезінің өткізілуі; нейронавигацияны қолданумен эндоваскулярлық нейрохиургияны дамытуы; «Қазақ нейрохирургтары Ассоциациясы» ҚБ құрылуы; Ұлттық аккредитациядан өтуі; кіші инвазивті жұлын нейрохирургиясын дамытуды қолға алуы; нейрохирургиялық қоғамдастықтардың Бүкіләлемдік Федерациясының (WFNS) білім беру курстарын өткізуі және т.б. Бұл, сөзсіз, еліміздің медицина саласындағы айтар­лықтай қомақты жетістіктерінің бірі.

Басшы тумысынан  нейрохирург!

Оны осылай атап, мадақтап жазға­лы отырған себебім аты әлемге әйгілі Нейрохирургиялық Орталық басшысы болғандықтан, оған жағынғым келгендіктен емес. Алдымен, оған халқының денсаулығын жақсартып, одан әрі оның өмірін сақтай беру үшін Әлемде Біріншілердің бірі ғана емес. Бірегейі болып осындай ерекше емдеу, сауықтыру орнын құруға қыруар еңбек сіңірген дәрігерлік, жетекшілік, күрескерлік ерлігіне тәнті болып, бас июімнен! Сонсын Оған нағыз адамдық қарапайымдығына сонша ризашылығымнан. Шынымды айтайын. Оның емханасына түсісімен, оның мынадай технологиялық жабдықты, мындай айрықша әдісті емдеу тәсілін көзбен көріп, бастан кешкен соң және оның: «Қазақстан Республикасының нейрохирургиялық қызметінің тарихы туралы»; (Астана, 2012 ж.), «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ (Астана, Тұран проспектісі 34/1. 2013) атты кітапшаларын көркем шығармалардай құныға оқып, олардан Орталық жайлы қаншама құнды дерек, мағлұмат алған соң Болашақ Госпиталының Басбасшысын өз қиялымда тұлғасын ғажайып ертегілердегі кейіпкерлердей елестетіп едім. Сөйтсем, ол кішкене ғана кісі екен. Оны мен жатқан палатамда екі рет көрдім. Біріншіде, сырттай ғана, екіншіде өзара сәл тіл қатыстық. Осы арада, тағы шынымды айтайын: ол жайлы ой-қиялымда ерек бейне жасаған мен Оны бетпе-бет көргенде, одан: «Әйгілі Ақшолақов мына сізбісіз?!» деп сұрап қала жаздап барып, аброй болғанда өзімді ұстап қалдым. Ал оны кездейсоқ бір жерде көрдім бар ғой? Ол өзінің кім екенін атаса, мен оған сенбей: «Мақтанып тұрсың, азаматым! Қане, құжатыңды көрсет?!» деуім, әбден ықтимал еді. «Ау, қаламгер Ыдырысов! Сол Ақшолақовың қандай адам?! Соны айтпаймысың, енді созбақтамай?» дейсің ғой, оқырманым. Айтайын! Жазайын! Ал сонша кереметті ұйымдас­тырып, жүзеге асыртып жатқан Бас нейрохирург Ақшолақов да кәдімгі өзіміздей қарапайым кісі екен. Рас, тап мен сияқты тәпелтек емес. Орта бойлы. Лауазымы санап болмастық. Атағы да сондай. Әр пенденің кім болары – тумысынан пешенесіне жазылулы. Жоғарыда біз Серік Қуандықұлының пешенесіне нейрохирург болу жазылған адам дегенбіз. Иә, ол – туабітті дәрігер! Бұған жалғыз мен ғана емес, мен сияқты талай жандардың пікірі дәлел бола алады. Сонымен қатар Серік Қуандықұлының өмірбаянына зер салсақ, бұған тағы да көз жеткізе түсеріміз анық. Ол Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған соң жоғары медициналық білім алып, 1969 жылы Ақтөбе облыстық емханасында отамашы болуы, 1978-1981 жылдар арасында сол қаланың клиникалық емханасының нейро-жарақат бөлімінде нейрохирург қызмет атқаруы. 1981 жылы Москвадағы Н.Н.Бурденко атындағы Ресей медицина Ғылымдары Академиясы (РАМН) ғылыми зерттеу институтының клиникалық ординатурасын, соңынан аспирантурасына түсіп, онда медицина ғылымының кандидаты дәрежесін алуы 1986 жылы жемісті диссертация қорғауы; 1986-1989 жылдарда, сол ҒЗИ-де (ғылыми зерттеу институты) кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуі; 1989 жылдан Алматыдағы «Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында» әуелі ассистент, сонсын, нейрохирургия кафедрасының доценті болуы; 1992-1995 жылдарда РАМН-ның доктонтурасын өтіп, сол дәрежеге 1995 жылы докторлық диссертация қорғауы; 1996-2008 жылдарда Алматы «Дәрігерлердің білімін жетілдіру мемлекеттік институтының» нейрохирургия кафедрасын меңгеруі; Оның 1992 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас нейрохирург қызметін атқаруы. Орталық басшысы, бас дәрігер Серік Қуандықұлы жай ғана емес, нағыз белгілі нейрохирург ғалым. Бұл орайдағы оның қызметінің басты бағыттары: нейроонкология, орталық жүйке жүйесінің жарақаттары, белдік және қантамырлық нейрохирургия. Ақшолақов мырза және жай ғана нейрохирург ғалым ғана емес, тумысынан басшы Нейрохирург болуға жаратылған адам! Соңғы 5-жылдың ішінде ол 260-тан астам ғылыми еңбек жазған. Оның 100-ден астам туындылары бірқатар шетелдерде басылған. 13 кітабы – монография. Мұның 4-і Ресей Федерациясында жарық көрген. Білікті нейрохирург 3 патенттің иегері.

Жаңашыл  нейрохирург

Жоғарыдағыларға қоса, Бас директор, Басқарма Төрағасы С.Ақшолақов мырза, ең алдымен, өте күрделі бас миының базалдық бөлімдеріндегі, ми тірегіндегі, мидың қалталық жүйесіндегі ісіктерге өз қолымен бірінші боп ота жасаған нейрохирург. Оның бас миы мен омыртқаларға жасаған оталары саны 5000 мыңнан астам. Миро-нейрохирургия, эндоскопиялық нейрохирургия негіздеріне трансназалды эндокопиялық ораймен ота жасауды да тәжірибеге бірінші болып енгізген. Соны және бас миға сұйық жіберіп, ота жасауға да пайдаланған. Ол Қазақстанда бірінші болып эпилепцияны шұғыл емдеуді жүзеге асырушы. С.Ақшолақов мырза оны өзі бел­сенді құрысып жүріп-ақ, оған жетекші болған соң да ғажап Орталықта ерекше ұйымдастырушылық талант танытушы. Енді, оның ұйымдас­ты­рушы­лығы жайлы әлде де жалғастыра түсейін. С.Ақшолақовтың тікелей ұйымдас­тыруымен төмендегідей конференция, конгресстер, т.б. нейрохирургия саласына арналған алқалы жиындар өтті. Осы арада Серік Қуандықұлы бас­қарып отырған Ұлттық нейрохирур­гиялық орталықтың жүзеге асырып жатқан ғажап істерін және нейрохирург дәрігер жайлы неге кең көсіліп жазып отырғанымның мәнісін де қысқа айта кетейін. Әрине, олай етуім жасаттырған емін алып, едәуір сауыққан пациенті ретінде басшының қызметіне, тындырып жатқан істеріне, аса ризашылығымнан екені белгілі. Бірақ, шынымды айтайын. Сондай кереметтер жасап жатқан оның ерлік қасиеттеріне тәнті мен өз көзіммен көрмей тұрғанда Серік Қуандықұлын бір еңгезердей дәу адам етіп елестеткенмін. Оның орта бойлы ғана кісі екенін көрген соң: «Мына ғажайыптың қожасы шын осы адам ба?!» деп ойлағаным және бар. Оның өзім елестеткендей болмағанына «қарным ашып қалғаны» да рас еді. Олай ойлауым әрине, қазақтың: «Күш-атасын танытпас!» деген дана мәтелін ұмытқандық менің қатем болатын. Соны сезініп менің, осы «керемет адам» жайлы жазуға ынтам одан әрі артатүсті. Сондай күйде менің ойыма бұрын оқыған кітаптарымның бірінен мынабір жәй түсті. Ол грек шешені Демосфеннің мына бір қағидасы болатын. Шешен былай деген екен: «Қай кезде де, қашанда, қайда да тарихты басқарушы, жетектеуші қандай? Оның кімі де, несі де сондай». Демосфеннің бұл арада: «Кімі деп отырғаны халық, несі немесе ненің деп отырғаны ақиқат, орта қоғам, мемлекет, үкімет, тағысын тағылар. Аңдасақ, Бұл қағида біз жазып отырған орталыққа да тура қатысты. Бірақ ненің қалай болуы, алдымен, оның басшы, жетекшінің өзінің, біліктілігіне, қабілетіне, ұйым­дас­тырушылығына, өз ісіне шын берілгендігіне, оған деген сүйіспен­шілігіне тікелей байланысты екені белгілі нәрсе. Басшы-жетекші сондай қасиетті, қабілетті болғанда ғана оның жұмысы табысты болатыны ақиқат. Біз сөз етіп отырған мына Орталық­тың бүгінгідей болуы, оның жетекшісінің өз ісіне: аса сүйіспеншілігіне, өз ісін жете білетіндігіне, оған берілгендігіне, ұйымдастырғыштығына тағы осындай қасиет, қабілетіне тікелей байланысты болғаны өзінен-өзі-ақ түсінікті. Сондықтан, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының білікті нейрохирург Серік Қуандықұлы Ақшолақов мырзаны оның нақ осындай қасиеттерін тап басып, дәл танып, бағалағандығынан қазақстандық нейрохирургия орталығына басшылық жасауға оның сондай қабілет-қасиеттерін көріп, біліп әдейі тағайындаған ба деп ойлаймын! Олай ету – президентіміздің кемел көрегендігі! Серік Қуандықұлы басшысы болмаса, сөз етіп, отырған Орталық бүгін сөзсіз нақ қазіргісіндей дәрежеде болмаған болар еді деп есептеймін. Сол үшін, сондай талантты тап басып бірден таныған Нұрсұлтан Әбішұлына мың да бір рахмет! Ал Серік Қуандықұлы болса, Президентіміздің сол зор сенімін Орталықты басқарудағы күнбе-күнгі жанқиярлық еңбегімен ақтап та отыр. Мұның куәсі Орталықтың бүгін нағыз «Болашақ госпиталына» айналдырылғандығында. Ал, мұны, өз тарапынан холдинг басшысына Орталықтан ем алып, сауыққан қаншама адамның алғыс хаттары айғақтайды. Ор­талықтың сондай Ерек Нысан екенін өз көзіммен көрген, оның басшысына, Президентімізге сондай алғыс айтушылардың бірі – мына менің Өзім – Әбілфайыз, Алтай Ыдырысов­пын.

1194 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз