Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Қазан, 2015

«Балапан» қанат қақты

f391301a8e75deff71acec36e60b80beЕліміздегі бірінші отандық балалар арнасы болып саналатын «Балапан» телеарнасы өзінің 5 жылдығын атап өтті. Телеарнаны құру Елбасы идеясы. Хабарлар қазақ тілінде таратылады. Телеарна «Қазақстан» (РТРК) телерадиокорпорациясының құрамына кіреді.  Осы орайда біз телеарнаның директоры, тележүргізуші Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫМЕН сұхбаттасуды жөн көрдік. – Биыл жаңалық енгізіп, бала­қайларға тосынсый жасағымыз келді. Маусым айының 9-нан бас­тап тамыз айының 24-не дейін кіш­кентай көрермендердің ата-аналары арасында ертегі жазудан байқау жарияладық. Еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық ертегі келіп түсті. Үздік деген 30 ертегі таңдап алынды. Таңдалған үздік ертегілерді кітап етіп шығармақпыз. Кітап 120 беттен, көркем суреттерден және 30 ертегіден тұрады. Ата-аналардың қиял-ғажайыпқа толы ерте­гілерінің балаларға берері мол бол­ғандықтан, «Менің ғажайып ертегім» кітабын басып шығаруды жөн санадық. Арнамыз «біз – қазақ боламыз, отанымызды сүйеміз» дейтін отбасылардың бүлдіршіндеріне арналған. Сондықтан әр отбасы үшін біздің орнымыз ерекше болар. Технологияның дамып жатқан уақытында балалардың сұранысын орындай алмай жатқан жайлар да бар шығар. Бірақ қолдан келгенше аянбай еңбек ету үстіндеміз. Өзіміз жа­йында қатты сын ести бермейміз. Бұл еңбегіміздің еш кетпей жатқанын аңғартса керек. Жоспарымыз көп. Жас буынның білімді, мәдениетті, саналы, еңбек­сүйгіш болып өсуіне үлес қоссақ дейміз. «Балапан» арнасы жас доста­рына ең жақсы деген мультитоптамалар мен жобалар ұсынып келеді. Мультсериалдар баланың оқиғаны ой таразысынан өткізіп, қиялдауына көмектесіп, ойлау қабілетін жақсартады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да балаларға арналған қызықты жобалар дайындалады. – Балалар мультфильмдерінде кітап оқу идеясы қозғала ма? – Өте сирек қозғалады. Бұл бірден-бір үлкен кемшіліктің бірі деп есептеймін. Англияда, ертеректе оқу сағаты болады екен. Әрбір бала кешкілік бір сағатты кітапқа ар­найтын. Бізде бұл мәдениет жоқ емес, бар, бірақ та әлі дамымай келе жатыр. Оған бәріміз үлес қосуымыз қажет. Ол бір ғана «Балапанның» шаруасы емес. Балаларды кітапқа қы­зықтырумен жүйелі түрде айна­лыс­қан жөн. Кітаптың аздығы, ондағы мазмұн – ол мүлдем басқа әңгіме. Оның өзі үлкен бір мәселе. Енді бір өкініштісі – шалғайдағы алыс ауылдарда біздің арнамызды көре алмауы мүмкін. Алайда қазір бұл мәселе шешілуде. Ауылдық жерлерде кабельді желіге қосылған жерде ғана «Балапанды» тамашалауға мүмкіндік бар. Дәл осы мәселе менің де жаныма батады. Болашақта сандық телеарналар жүйесіне көшеміз деп жатыр ғой. Сонда толықтай болмаса да, тоқсан пайыз ауыл-аймаққа тараламыз деген ойдамыз. Бүгінгі күні балалар тақырыбына жазылған сценарийлер өте аз. Осыған орай қаламгерлер арасында арнайы анимациялық сценарийге байқау да өткіздік. Баланы арнаға тарту оңайға түспейді. Алайда бағдарламалар барысында әртүрлі тәсілдерді пайдалануға тырысамыз. Негізінде баланы тәрбиелеу алдымен ата-ананың міндеті. Қазақ «тәрбие тал бесіктен» деп содан айтса керек. – Балаларымызды батыстық «Tiji» мен «Nickelodeon» арналарынан арашалап алудың қандай жолдары бар? – Айтып отырған телеарналарды балаларға мүлде көрсетпеу керек дегенге қарсымын. Мысалы, «Nickelodeon»-нің Диегосы бүлдіршіндер үшін қажет. Сол сияқты «Tiji» арнасындағы «супер Том және Грамотей» анимациялық туындысы сапасы жағынан болсын, қай жағынан алсақ та балаларды бірден елітіп әкетеді. Сондықтан ақпарат айдынын жайлап алған батыстық арналардан балаларымызды арашалаймыз десек отандық өнімдердің сапасын арттыру керек. Осы мақсатта жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. – Балаларыңыз қай тілде сөйлеп, қайсы телеарнаны көріп жүр? –Менің балаларым «Балапан» арнасын көреді. Ана тілінде сөйлейді. Орыс тіліне де жүйрік екендерін аңғардым. Үйде арагідік өзге тілде шүлдірлеп кетсе, соңы­нан қазақша аудармасын сұраймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұрлан ҚҰМАР

1544 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз