Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Қараша, 2015

Ұрпақ тәрбиесі ұдайы назарда

Asauov.Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды шаралар атқарылып келеді. Мәселен, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, мектептер мен балабақшалар тұрғызу, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмектер жасау, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету және т.б. мәселелер оңынан шешімін табуда. Осы орайда қомақты жетістіктер мен қолға алынған шаруалар жөнінде біз Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Тыйылұлы АСАУОВПЕН әңгімелескен едік.  – Темірбек Тыйылұлы, ағым­дағы жылдың алғашқы алты айында Түпқараған ауданының әлеумет­тік-экономикалық жағдайы, оның негізгі макроэкономикалық көрсет­кіштері тұрақты даму үрдістерінің сақталғандығын көрсетті. Әңгімеміздің басында осы мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып өтсеңіз. – Түпқараған ауданында қа­зіргі таңда көптеген мемлекеттік бағдарламар кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылуда. Соңғы жылдардағы әлеу­меттік-экономикалық даму көр­сеткіштеріне назар аударатын болсақ, бірқатар нәтижелерге қол жеткіздік деп айта аламыз. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 52 млн 633 мың теңге қарастырылса, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасымен» нысандарды жөндеу және абаттандыру бойынша 3 жобаға 25 млн 739 мың теңге бөлінді. Аудандағы барлық мектептердің материалдық базасын нығайтуға 41 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылып, мақсатқа сай игерілуде. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының саны 24650 адамға жетіп отыр. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. 2015-2017 жылдарға арналған аудан бюджетіне биыл бір рет нақтылау мен түзету енгізілді. Нақтыланған бюджет көлемі кірістер бойынша 6 млрд 22 млн теңгеге жетті. – Кейбір жерлерде оқушылар үшауысымдық мектептерде білім алуда. Балаларға арналған балабақшалар саны да жеткіліксіз болып жатады. Өзіңіз басқарып отырған ауданда бұл мәселе қалай шешілуде? – Әрине, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білімі – басты назарда деп айтсақ болады. Бұл орайда балабақшалар мен мектептер салу мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Мәселен, ауданымызда 8 жалпы орта білім беретін мектеп, 9 балабақша, 2 шағын орталық, «Дарын» орталығы және өнер мектебі жұмыс істейді. Онда 6 мыңнан астам оқушы білім алады. Өткен жылы Ақшұқыр ауылында 960 орындық мектеп пайдалануға берілді. Форт-Шевченкода 550 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен, үш ауысыммен оқыту мәселесі толығымен шешіледі деген сенімдеміз. Жетім және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына да қамқорлық жасалады. 2014 жылы мұндай санатқа жататын 627 балаға тегін тамақ беріліп, оған 20 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандарға бірыңғай оқушы киімін сатып алуға арнайы қаржы бөлінді. Жазғы демалыс айларында 280 бүлдіршін арнайы жолдамамен демалу мүмкіндігіне ие болды. Аудандық бюджет есебінен жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған әр балаға айына 19 мың 820 теңге қарастырылған. Бұл мақсатқа 4 млн теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Мектеп ғимараттарын ағымдағы жөндеуден өткізуге 18 млн теңге жұмсалды. Балабақша мәселесіне келетін болсақ, бұл толығымен шешіліп біткен жоқ. Балабақшамен қамту мәселесі біздің ауданымызда да бар. Қазіргі таңда бөбектердің 80 пайызы мектепке дейінгі тәрбие алуда. Балабақша кезегінде 2 мыңға жуық бала тұр. Биыл аудан бойынша 190 сәбиге арналған 2 балабақшаның құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. – Азаматтарды жұмыспен қамту жайынан хабардар етсеңіз? – Жыл басынан бері аудан әкімшілігіне 632 азамат жұмыс іздеп хабарласқан болатын. Олардың 150-і бүгінде тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 24 адам қабылданса, 55 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тұрды. «Жастар іс-тәжірибесі» бойынша 12 жас түлек жұмыспен қамтылды. Кәсіптік даярлау мен қайта даярлауға бөлінген қаражат негізінде 41 маман оқуға жіберілді. Жалпы аудан бойынша 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығына 2 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. – Көгілдір отын мен сапалы ауызсу мәселесі, сондай-ақ жол сапасы жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл да өзекті мәселелердің бірі екені сөзсіз. Нақты айтар болсақ, аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 422 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат Форт-Шевченко қаласының оңтүстік бөлігіндегі Ақшұқыр ауылын, сондай-ақ Таушық және Сайын Шапағатов ауылындағы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерді газбен қамту құрылыстарына жұмсалып отыр. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Сапалы ауызсу мәселесіне келетін болсақ, бұл бағытта «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асырылуда. С.Шапағатов ауылында резервуар салуға, Аташ кентінде және «Ақтау-Ақшұқыр-Сайын» магистральдік су құбырларының құрылыстарына қажетті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Көлік жолдары туралы айтатын болсақ, Ақшұқыр ауылындағы жол құрылысына өткен жылы 20,0 млн теңге бөлінген болатын. Ал биыл бұған 227 млн 497 мың теңге қарастырылып отыр. Аудандық маңыздағы автожолдарды ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 62 млн бөлінгенін де айта кеткеніміз жөн. Ақтау – Форт-Шевченко жолы да күрделі жөндеуден өтуде. – Биыл елімізде республикалық дәрежеде бірқатар мерекелер аталып өтті. Осынау мерекелерге байланысты қандай шаралар ұйымдастырылды? – Дұрыс айтасыз, биыл еліміз үшін маңызды мейрамдар аталып өтілуде. Біздің ауданымыз да бұл шаралардан тыс қалып жатқан жоқ. Түпқарағандықтар үшін спорт пен мәдениеттің орны ерекше дер едім. Аудан аумағында тарихи-археология және табиғат ескерткіштері жетерлік. Атап айтқанда, «Қызыларбат», «Қарлыбас қорғаны», «Сақақұдық», «Мерет», Қима тас жолы, ортағасырлық «Діңгілтас», «Қарағашты әулие», «Ақшора-Белтұран» зираттары және «Кентті баба», «Сұлтан епе» қауымдары тарихтан терең сыр шертетін ерекше орындар. Жыл санап салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық сайыстарда ел атын шығарып, облыс даңқын арттырып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Жақында ғана Таушық ауылында жаңа спорт кешені бой көтеріп, тұрғындар игілігіне қолдануға берілді. 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында ауданымызда 40-тан астам спорт жарыстары ұйымдастырылды. Сәуір айының 23-26-сы аралығында халықаралық «Аудан әкімі кубогі – 2015» жарысы өтті. Оған Әзербайжан, ­Украина мемлекеттері, Ақтөбе, Атырау облыстары мен аудан, қалалардан спортшылар қатысты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дзюдо күресінен облыстық ашық біріншілігі және «Түпқараған Барысы» аудандық іріктеу жарыстарын жоғары деңгейде өтті деп айтуымызға болады. Қорыта айтқанда, Түпқараған ауданындағы игілікке толы өзгерістер, жағымды жаңалықтар Елбасының салиқалы саясаты бойынша қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалардың жемісі дер едім. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Бектұр Төлеуғалиев, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі

1036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз