Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Қараша, 2015

«Менің мекенім – мамыражай»

SONY DSCАлматыда суретші   Ерсайын Жапақтың көрмесі өтті

Алматыда суретші, ақын, композитор әрі журналист Ерсайын Жапақтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Менің мекенім – мамыражай» атты жеке көрмесі ашылды.  Көрменің ашылу салтанатын «Таймас» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Жангелді Естенбаев жүргізіп отырды. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәжит Байтенов көрме суреттері дара қасиеттерін тілге тиек етсе, өнертанушы Баян Барманқұлова автор еңбектерінде жасандылықтың жоқ екендігін, кез келген шығармасы жүрекпен, оймен салынатындығын ­айтты. Белгілі ақын, журналист Болат Үсенбаев суретші Е.Жапақтың өнер мен журналистикада өзіндік орны бар сегіз қырлы, бір сырлы талант екендігіне тоқталды. Шара соңында біз көрме авторы Ерсайын Қайырлыұлымен жолығып, әңгімелескен едік. – Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастасақ... – Мен 1961 жылы дүниеге келдім. Мектепте 6-сыныптың оқушысы кезімде өлең шығаруды бастап, арасында оларды қағазға түсіріп қоятынмын. Ал ән шығарумен 20 жасымнан бастап шұғылдандым. Қазіргі таңда нотаға түсірілген 100-ден астам әндерім бар. Сурет салу да сол 20 жасар кезімнен бастау алды деуге болады. Эстонияның Нарва қаласында әскер қатарында жүргенімде (1978-1981) өзім қызмет еткен ротаның казармасын мозаикамен безендірген болатынмын. Ал музыка мен бейнелеу өнерін түбегейлі ұштастырғаным 1995 жылдан бері қарай жалғасып келеді. – Осыған дейін жеке көрмелеріңізді қай жерде өткіздіңіз? – Алматы қаласындағы «Вояджер», «Ұлар», «Суретшілер үйі», «Тәңір-Ұмай» атты галереяларда бірнеше жеке көрмемді, сондай-ақ өзім ұйымдастырған «Ван-Гогтың құлағын кесу акциясының 111 жылдығы», «Ақын, батыр Махамбет Өтемісовтің 200 жылдығы», композитор Шәмші Қалдаяқовтың 70 жылдығы құрметіне және т.б. көрмелерді өткіздім. Көрмелерімде әртүрлі музыкалық топтардың өз өнерлерін ортаға салатыны дәстүрге айналған. Кезінде әндеріне өзім сөз жазған «Үркер» тобы қазір Еуропаға, тіпті әлемге танымал. Топтың репертуарындағы «Наурыз», «Ән-мекен», «Сағыныш сазы», «Тұран елі», т.б. әндерінің сөзін жазған едім. Қазіргі таңда осы топтан еншісін алып, жеке шығармашылықпен айналысып жүрген Дәурен Сыздықовтың жобаларына атсалысып, әндерінің сөзін жазып беріп жүрмін. Композитор Бақтияр Аманжоловтың та көптеген әндеріне сөз жаздым. Екеуіміздің шығармашылық байланысымыз әлі де жалғасын тауып келеді. Ал өзімнің әндерімді нақышына келтіре жоғары кәсіби деңгейде орындап жүрген әнші Азамат Нәдірбековпен бірлесіп, ойға алған жобаларымыз тіптен көп.Ersain – Сіз өз шығармашылығыңызда кім­дер­ді үлгі тұтасыз? – Әлемге әйгілі суретшілердің туын­ды­ларына назар аударатын болсақ, маған олардың өмірі, өнері, әсіресе, шығармашылық кредосы ұнайды. Мысалы, орыс бейнелеу өнерінің майталманы Константин Алексеевич Коровин өзінің көптеген туындыларын музыкамен байланыстырады. Атақты композитор П.Чайковскийдің «Фауст», «Конек-Горбунок», «Щелкунчик» атты туындылары оның «Буырқанған теңіз жағасындағы раушангүлдер», «Париж кафесі», «Париж бульвары» атты айтулы картиналарының дүниеге келуіне себеп болған. Маған сондай-ақ, өзінің бейнелеу өнерін музыкамен ұштастырған орыс суретшілері − Андрей Рябушкин, Владимир Татлиннің шығармашылығы өте қызықты да тағылымды болып көрінеді. Мәселен, В.Татлин − ежелгі трубадурлар сияқтанып көшпелі музыкалық топтармен Еуропаға дейін қыдырыстап барып тұрған, өнердің синтездік бағыттарының дамуына үлкен үлес қосқан суретші. Жалпы, менің жаныма жақын, бәлкім, сонысымен де болар, әйтеуір, өзі де, өнері де, ерекше ұнайтын суретшілер көп-ақ. Мысалы, қазақ бейнелеу өнеріне өзіндік авангардтық бағытпен келген Орал өңірінің тумасы, балет-музыкалық оқуды Санкт-Петербургте бітірген, атақты суретші, менің ұстазым Сәкен Ғұмаровтың «Музыкалық рес­те» атты музыкаға арналған суреттер топтамасының мән-мағынасы туралы мен бірнеше мәрте қалам тербедім. Сонымен қатар өз суреттерін музыкалық шығармалар қойып салатын, қазақтың рулық таңбаларының сакралдық сырына арналған «Таңба» атты суреттер циклін жазған суретші Абдрашит Сыдықановтың да туындылары ырғақ пен әуенге тұнып тұрған дүниелер. Атақты грузин суретшісі Николай Пиросманишвили өзінің «Әнші Маргарита» атты туындысын музыкаға деген шексіз құштарлықтан туғызған. Ал Алла Пугачеваның орындауындағы «Миллионы алых роз» әні суретшінің өміріндегі бір эпизодқа арналған. Маған өнердің бірсарындылығынан гөрі, көпқырлылығы ұнайды. Мысалы, үнді ақыны, философы, романист-жазушысы Рабиндранат Тагор сурет салуды 60 жасынан бастап қолына алған. Соның өзінде 3000-нан астам баға жетпес туындыларын қалдырып кеткен. – Әңгімеңізге, рақмет!

Әңгімелескен  Нұрлан ҚҰМАР

1530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз