Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Қараша, 2015

Американы тамсандырған қазақ әдебиеті

абазовҚазақ әдебиеті бүгінгі күні алыс-жақын шетелдерде ғана емес, Тынық мұхитының арғы жағындағы Америка елінде де үлкен қызығушылық тудырып отыр.  Қазақтың мәдениеті, бітім-болмысы, мінезі әдебиетінен үлкен көрініс табатынын ескерсек,  әдебиетті дәріптеу арқылы елімізді насихаттау алатынымыз айдай анық. Осы орайда елімізді, әдебиетімізді америкалық оқырманға таныстыруды қолға алған АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың еңбегін ерекше айтар едік. Профессор М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтымен бірігіп қазақ ақын-жазушыларының антологиясын шығарды. Ал жуықта Вашингтонда үшінші кітаптың тұсауы кесілмек.  Аталмыш еңбектің жаңалығы мен мән-маңызы хақында кітап авторымен тілдесудің сәті түсті. –Жаңа кітаптың тақырыбы және ерекшелігі жөнінде айтып кетсеңіз... –Жалпы қазақ ақын-жазушыларының антологиясын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтымен бірігіп шығарып отырмыз. Үшінші кітап – «Summer Evening, Prairie Night, Land of Golden Wheat» деп аталады. Мұнда біз қазақ ақын-жазушыларының экология, туған жердің сұлулығы, әсемдігі, Отанға деген махаббат, қоршаған орта тақырыбына арнаған шығармаларын іріктедік.  Алғашқы екі кітабымыз шетел оқырмандарының оң бағасын алып, елімізге деген қызығушы­лы­ғын оятты. Сондықтан үшінші антологияға «Қазақтың бас ақыны» Абайдан бастап Қанапияновқа дейін, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен Роза Мұқановаға дейінгі қаламгерлердің шығармаларын жинақтадық. Бұл еңбек те Қазақ елінің дархан даласы туралы, табиғаты жайында Батыс оқырмандарына кеңірек түсінік бере алды деген ойдамыз. Яғни, біз қазақ әдебиеті арқылы адам мен табиғат арасындағы үндестікті көрсетуді мақсат тұттық. Бүгінгі Батыс өркениеті Жер-Ана мен аяулы Табиғатқа техно­кратиялық көзбен қараса, ал Қазақ елінде табиғат пен адамзат үндестігі алға шығады. Америка сыншылары мен әдебиеттанушы-ғалымдарды да қызықтырып отырғаны осы. Қазақ поэти­ка­лық аспанында Абайдың «Күз», «Қыс» «Қансонарда бүркітші шығады аңға» сы­қылды жауһарлары жұлдыздай жарқырап, өңге шайырларға жол көрсет­кенін әдебиет тарихынан білеміз. Ал Ыбырай Алтын­са­риннің «Өзен», «Көктем», Жамбыл Жабаев­тың «Алатау», «Жаздың әні» атты өлеңдері өз алдына бір мұра. Сондай-ақ, С.Торай­ғыров, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жанс­ү­гіров сынды классиктермен қатар, бүгінгі жазармандардың Ұлы Дала ерекшелігін айшықтайтын ақпа жырлары мен рухани жан-дүниесін, табиғатпен біте қайнасқан наным-сенімін, дәстүрін сөзбен қамшыдай өріп шыққанын жинақпен танысқан адам бір­ден аңғарады. Кітап негізгі екі бөлімнен тұрады: поэзия  және проза. Тағы бір ерекшелігі, үшінші бөлімді шығармаларда пайланылған байырғы сөздерге арналған түсіндірме сөздікке арнадық. –Табиғат пен адам арасындағы үндестік тақырыбын таңдауға не түрткі болды? Табиғат пен адам арасын­дағы қа­рым-қатынас пен бір-біріне деген тәуелділігі – қазақ туындыгерлерінің орталық тақырыбы деуге болар. Қазақ прозасында Мұхтар Әуезов жасаған қайта­ланбас эстетикалық әлем – адамзат мұра­сы. Мысалы, «Көксеректегі» адам мен қасқыр ара қатынасы Дж.Лондон мен У.Фолкнер шығармаларымен үндес, сарындас бола тұра, қазақ жазушысы ұлттық ортаның ерекшелігі мен оның картинасын керемет дәлдікпен бере алған. Сондықтан қазақтың осы бір ерекшелігі арқылы қазақты әлем жұртшылығына танытуды мақсат тұттық. Қазақтың аңыз-әфсана, ертегі, жыр-толғау, дастандарында көшпенділер өзін табиғаттан бөлек қарастырмай, керісінше соның бастауы ретінде санап, соған сай философиясы, ішкі әлемі қалыптаса бастағанын аңғару қиын емес.  Көп­теген қазақ ертегілерінде адам жануар­лардың тілін біліп, өсімдіктермен сөйлеседі, бұлақтардың көзін ашып, жапандағы бәйтеректі әулие тұтады. Дегенмен, қазіргі уақытта адамдар қоршаған орта мен дәс­түрлі сенімдерді ұмытып, экология ұғы­мынан алыстай бастады. Бұл күндері адамның қоршаған ортаға зиян келтіруі жаһандық мәселеге айналды. Осы тұрғыдан бұл үш кітап оқырманға әсер етіп, Әлемге әсемдікті насихаттауға өз септігін тигізеді деп ойлаймыз. Урбаниза­цияның дамып, адамның бөлектеніп, төрт қабырғаға қамалған заманында оқырман үшін қазақтың саятшылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет, тарихқа айналған тәңіршілдік пен исламның алғаш келуі, аң мен жануардың ролі, ұлт және табиғат тақырыбы аса өзекті болып тұр. –Шетел жұртшылығы қаншалықты қазақ әдебиетіне қызығушылық танытып отыр? –Расын айтқанда, Америка  Қазақстан жайлы көбірек біліп, әдебиетімен, мәдениетімен танысқысы келеді. Американың жоғары оқу орындары мен колледждерінде әлем әдебиеті деген пән бар.  Соның ішінде Орта Азия елдері әдебиеті дегенде қазақ әдебиетіне қатысты дүниелер жоқтың қасы. Міне, осыдан қазақ әдебиетінің антологиясын жасау идеясы ойға келді. Алғашқы кітап – Олжас Омарұлы Сү­лей­менов шығармашылығына арналды. Екінші жинаққа – «The Stories of theGreat ­Step­pe» деп ат қойып, айдар тақтық. Яғни, мұнда біз көшпенділер мәдениетімен таныстыратын шығармаларды жинақтадық. Американ­дықтар ковбойларымен, француз­дар мушкитерларымен мақтанады.  Соныдықтан әріптестеріммен ақылдаса келе, қазақтың бет-бейнесі ретінде көшпенділерді алдық. Ақындардың табиғат политрасын ашатын өлеңдерін сұрыптадық. Мен баспаларға барып: «Қазақстан туралы кітап шыға­ра­йық» дегенімде, «Жоқ, оны ешкім сатып алмайды. Өйткені, Қазақстан тура­лы ешкім білмейді. Ол үшін университеттерден қазақтану курсын ашу керек...» деген жауаптар естідім.  Колумбия университетінің бас­шы­лығына жолығып, курс ашу жөнінде ұсыныс жасап едім, олар: «Жоқ, ол үшін оқулықтар қажет. Онсыз болмайды...»  деді. Алайда Олжас Сүлейменовтың шығармашылығына арналған алғашқы кітаптың тұсаукесеріне келген жастарды көріп, кітаптың тіпті жетпей қалғанын көргенде Қазақ еліне қызығушылық үлкен екенін ұғындым.  Тіпті халық жиналмайды деген профессор-оқытушылардың өздері таңғалып жатты. Қазір алғашқы екі кітап АҚШ-тың жоғары оқу орындарында жетекші оқулық ретінде пайдаланылып келеді. –Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.. Америкалықтарда көш­пенділер образы,  дала поэзиясы, түркі­тіл­дес әдебиеті деген ұғымдар сана­­сында әлі қалыптаса қойған жоқ. Сон­дықтан елді таныту мақсатында әлі көп жұмыс жасау керек. Әсіресе, сол Америкада тұра­тын қаламгерлер, ғалымдар, зерттеушілер қызығушылық танытып, Қазақстан туралы көптеп мақала жазып, кітап шығарып, елімізді барынша таныстыруы қажет. Себебі, егер біз өзімізді өзіміз таныстырмасақ, Қазақ елінің бай мәдениеті мен әдебиетін ешкім білмейді. Жоспарымызда төртінші кітапты шығару бар. Оның тақырыбы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың бірлігі хақында болмақ. –Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Ақбота ИСЛӘМБЕК

1954 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз