Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Желтоқсан, 2015

Бабадан қалған бақ мекен

100Ерғазы ҚОШАНБЕКОВ, Алматы облысы, Сарқан ауданының әкімі

Жер жаннаты Жетісу өңірінің шұрайлы пұшпағының бірі болып табылатын Сарқан ауданы 1928 жылы шаңырақ көтерген. Түбегейлі өзгерістер орын алған 1997 жылы аудан құрамына Бөрлітөбенің 4 ірі елді мекені қосылды. Аудан табиғаты ауылшаруашылығын өркендетуге қолайлы. Басын таудан алатын арынды өзендері суармалы егістік көлемін молайтуға мол мүмкіндік береді. Тау баурайында орналасқан Алматы қаласы секілді Сарқанның да апорт алмасымен, басқа да жеміс-жидегімен аты шыққан. Ал таудан төмен жазыққа түссеңіз, бұл жерден құнарлы егістік алқаптары басталады. Мұнда өспейтін дақыл, өнбейтін өсімдік жоқ десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Өңірдің туристік әлеуеті де жоғары. Олай дейтініміз, аудан аумағында ежелгі Қойлық қаласының, «төрткүл» деп аталатын қадым замандағы шағын елді мекендер қорғандарының орындары бар. Азамат соғысы кезіндегі әйгілі Черкасск қорғанысының шептері біршама жақсы сақталған. Сол оқиғаны есте қалдыру мақсатымен ұйымдастырылған «Черкасск қорғанысы» мұражай кешені жұмыс істейді. Сарқандықтар осы өңірден шыққан Бұғыбай батыр мен Шиырбай шешен, Құл сері, Көтентәуіп бабаларды орынды мақтан етеді. Қасиетті топырақта дүниеге келген Алаштың айтулы азаматы Мұхаметжан Тынышпаев пен сазгерлер Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Күнсайын Қуатбаев, қаламгер Кәкімжан Қазыбаев, ғалым Мұхтар Арын, өнер тарландары Құман Тас­танбеков пен Сара Тыныштығұлова, ақындар Әділбек Абайділданов пен Жаскілең Қалиев, балуандар Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев та бүкіл қазақ еліне танымал тұлғалар. «Гүл өскен жерге гүл өседі» дегендей, тарихы терең, әлеуеті ерен өңірден әлі де талай даңқты азаматтардың шығатыны анық. Менің Сарқан ауданына әкім болып тағайындалғаныма бір жылдың жүзі болды. Мұның өзі бір қарағанда онша көп те уақыт емес секілді. Алайда салыстырмалы түрде алып қарағанда осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілгенін байқауға болады. Мәселен, өткен 2014 жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы өнеркәсіп өнімі көрсеткіші 20,7 млн. теңгеге, ауыл­шаруашылығы өнімінің көлемі 640,4 млн теңгеге көбейіп, шағын кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 55 млн теңгеге, шағын кәсіпкерлік бойын­ша бюджетке салықтық аударымдар мөлшері 46,8 млн теңгеге артты. Бір мезгілде негізгі капиталға инвестициялар мөлшері 288,3 пайызға ұлғайды. Аудан мал бордақылау алаңдарын салудан кенжелеп қалған екен. Соған орай біз биылғы жылы осындай 3 алаңды іске қосқалы отырмыз. Мәселен, «Манай би» агрошаруашылығы 1500 бас ірі қараға, «Дәуренбек» шаруа қожалығы 500 басқа арналған осындай алаңдарды өз қаржысына салып, дайындық қалпына келтірді. «Мәкетов» шаруа қожалығы болса 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын жақын арада іске қоспақшы. Ендігі мақсат – осынау алаңдарды малға толтырып, толық қуатында жұмыс істету. Сүтті сиырлар болғанымен ауданда сүт өндіретін ферма жоқ. Бұл мәселені шешу үшін «Қазагрофинанс» АҚ арқылы 70 млн теңгеге 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуды қолға алдық. Бұл жұмыс биылғы жылы аяқталып, келесі жылдың көктемінде тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастайды деп күтілуде.df7781d032abef «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдар­­ламаларын жүзеге асыру бағы­­тында жоспарлап отырған жұмыс­тарымыз да қомақты. Шаруа қожалық­тарының басшыларына бұл бағдарла­ма­лардың мәнін түсіндіріп, жоспарда белгіленгеннен артық мөлшерде мал сатып алмақпыз. Сарқан ауданы бойынша 30 мың гектарға жуық суармалы алқап бар. Осы алқаптың 21 мың гектарына осы уақытқа дейін соя дақылы өсіріліп келген екен. Біз биыл аталған дақыл егістіктерінің көлемін 1,5 мың гектарға азайттық. Оның өзіндік себебі де бар. Басты себеп, жылда еге беретін болса, соя егістік жердің құнарын жойып жібереді. Сондықтан оның орнына басқа тиімді дақылдар өсіру жайын ойластырудамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына, соған орай облыс әкімі Амандық Баталовтың қойып отырған талабына сәйкес қызылша егістігінің көлемін жылдан-жылға көбейтуіміз қажет. Бұл орайда біздің аудан көлемінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нақ­ты­рақ айтатын болсақ, аудан аумағында бұған дейін небәрі 200 гектар алқапқа қант қызылшасы өсіріліп келген болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 750 гектарға жеткізілді. Келер жылы межені 1200 гектарға дейін көтеруді мақсат еттік. Осылай­ша қант қызылшасы алқаптарының көлемі жылдан-жылға арта түсетін болады. Биылғы жылы алпысқа жуық шаруа қожалығы осы жұмыспен айналысып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Сөзіміз дәлелді болу үшін Бақалы ауылындағы «Аққұдық» шаруа қожалығының басшысы Серікжан Есімжановтың қарамағындағы 32 гектар жердің әр гектарынан 700 центнерге жуық өнім алғандығын айта кетуге болады. Облыс басшылығының жан­ды көмегінің арқасында Көксу қант зауытымен келісімшарт жасасып, атқарылған жүйелі жұмыстардың алғаш­қы нәтижелері көңіл қуантарлық. Басқа сөзбен айтатын болсақ, шаруалар қызылшаның басқа дақылдар­дан гөрі тиімді екеніне, бұл мақсатқа жұм­салынған қаржының еселеп қай­татынына көздерін нақты жеткізді. Индустриялдық алаң құру туралы тапсырманы орындау мақсатында ауданда 14 гектар жер бөлінген екен, соның 7 гектарын қойма, астық сақтайтын орын салу үшін жеке кәсіпкерлерге бердік. Солардың қатарында «Райымбек сүт» деген серіктестік соя өнімдерін сақтайтын қойма, оны тереңдете өңдеуден өткізетін цех салу мақсатымен 3,5 гектар жер алды. Осы жерде «Темірлан» серіктестігі құбыр шығаратын цех құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Қазіргі уақытта ол жерге қажетті инфрақұрылым жасау жұмыстары алынды. Балқаш көлінің жағалауындағы 4 шаруа қожалығы балық аулаумен шұғылданады. Аудан аумағында 971 гектар жерде алма бағы өсіріледі. Осыдан үш жыл бұрын Франциядан әкелінген жеміс ағаштары 100 гектар алқапқа орналастырылған болатын. Осы заманғы озық технология бойынша тамшылатып суарылатын бұл бақтан келер жылы мол өнім алынады деген сенім мол. Соған орай алдағы жылы өнімді сақтайтын үлкен қойма құрылысы басталады. Итальяндық «Техносервис люкс» деген фирмамен келісімшарт жасалғанның арқасында 30 гектар жерге питомник ұйымдастыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл питомникте будандастырылған жеміс ағаштарының көшеттері алма өсіремін деген қожалықтармен қатар жеке адамдарға да сатылатын болады. Келешекте осы жерден тағы 100 гектар жеміс бағы бой көтермек. Жеміс бақтары алқаптарын көбейту жайына келгенде бұрынғыша алманың апорт түрін өсіруге басымдық беріліп отыр. Сүт зауыты бұрындары күніне 2 тонна сүт қабылдаса, қазір бұл көрсеткішті 8 тоннаға жеткіздік. Әр елді мекенде сүт қабылдайтын орындар жабдықталып, оған арнайы адамдар бекітілген. Тереңдете өңдеуден өткізілген сүт өнімдері бүгінде аудан аумағынан асып, Талдықорған қаласының тұрғындарына да танымал бола бастады. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауданның 30 тұрғынына төменгі пайызбен 60 миллион теңге несие берілді. Жалпы соңғы үш жылда мұндай несиеге 88 адам ие болған екен. Олар бұл қаражатқа шаштараз, кафетерийлер ашып, шаруа қожалықтарын ұйымдастырды. Қазіргі уақытта біз берілген несиелердің мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз. Өңірімізде басын таудан алатын ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы негізінен егістік жерлерді суаруға жұмсалынады. Дегенмен, соңғы кездері бұл өзендердің бойына су электр стансаларын салу қолға алына бастады. Бұл орайда келер жылдың қаңтар айын­да «Лепсі – 2» СЭС-інің бірінші тора­бының 17 мгВ ток беретіндігін айта кеткеніміз жөн болар. Сол сияқты «Басқан – 2» СЭС-і де осы жылы электр энергиясын өндіре бастайды. Осынау 2 су электр стансасы жалпы алғанда 21 мгВ ток өндіретін болады. Мұның өзі, біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, арзан қуат көзі болып табылады. Туризм саласы бойынша Жоңғар Алатауы Ұлттық паркінде 7 маршрут белгіленді. Одан басқа, Балқаш көлінің жағалауында суға түсу – демалыс аймағын құру үшін 500 гектар жер бөлінген. Көл жағалауынан жер алуға өтініш білдіргендерге жағажайға заманауи демалыс нысандарын, 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлер салуларың керек дегендей талаптар қоямыз. Әзірге мұндай жоғары талапқа сәйкес келетіндей ұсыныс екі кәсіпкерден ғана түсті. Қойлық шаһарының ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи ескерткіштер қатарына қосылғандығы белгілі. Соңғы уақытта аталған дүниежүзілік ұйым өкілдері шаһар жөнінде қосымша мәліметтер сұратып, көне қала орнын әлемдік деңгейдегі туристік нысанға айналдыру ниеттерін білдіруде. Әрине, бұл үшін де жаңағыдай сервистік қызмет көрсету деңгейін көтеруіміз қажет. Черкасск қорғанысы мұражайы жайында бірер сөз. Енді бірнеше жылдан соң аталған тарихи оқиғаның болғанына 100 жыл толады. Соған орай келесі жылы мұражайды күрделі жөндеуден өткізу үшін күрделі қаржы сұрап, жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Облыс әкімі Амандық Баталов ауданымызда болғанда жағдайды көзбен көріп, уәдесін беріп кетті. Ендеше, бұл орайдағы жұмыстар да өз деңгейінде атқарылады деп тұжырымдауға негіз бар. Мұхаметжан Тынышпаевтың кіндік қаны тамған киелі топырақ – Черкасск ауылдық округі аумағындағы Қарғалы елді мекені. Қарғалы ауылындағы орта мектепті Мұхаметжан Тынышпаевтың есімімен атау жөніндегі ұсынысты облыстық ономастика комиссиясына бердік. Қазіргі кезде бұл ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының қарауында жатыр. Мораторий аяқталып, сәтін салса келер жылы мектепке Тынышпаев есімі берілмек. Ауданымызда жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға жақсы жағдайлар жасалған. Мәдениет үйлері мен кітапханалар, саябақтар мен оқу орындарының спорт залдары осы мақсатқа жұмыс істейді.

1683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз