Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Қаңтар, 2016

Ресейдегі жалғыз қазақ газетін шығарып жүрген орыс жігіті

Орыс жігітіОрыс мектебінде оқып, орыстардың арасында туып-өссе де, қазақ тілін мүдірмей сөйлейтін Максим Споткай редакциямызға келіп, интервью берді. Біз Максиммен газет туралы және Ресейдегі Омбы қазақтарының кейбір мәселелерері туалы әңгімелестік. 
– Максим, алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз? – Мен өзім Кереку жақтанмын. Сондағы Ақсу қаласында туып-өстім. Қазір Ресейдегі Омбы мемлекеттік техникалық университетінің 5 курс студентімін. Және сондағы «Замандас» деп аталатын газеттің бас редакторымын. – Газет қашаннан бастап шықты? Оған кімдер қолдау көрсетіп отыр? – Өздеріңізге мәлім, Ресейде қазақ тілді басылым жоқ. Бұрын ондағы қазақтар «Атамекен» деген газет шығарып тұрған. Кейін ол қаржы және басқа да қиындықтарға байланысты жабылып қалыпты. 2013 жылы 6 желтоқсанда біз Омбыдағы Қазақстанның консулы Эльдар Қонаевқа барып, қазақша газет шығару туралы ұсынысымызды айттық. Ол кісі мақұл болып, қолдау көрсетті. Және Омбыдағы «Қазақ халқының дәстүрін жаңғырту. Шоқан жолы» қоғамдық ұйымы да газет шығаруға жәрдем берді. Біз Қазақстаннан барған студенттер және Омбыдағы қазақ жастарымен бірге газет жұмысын жүргізіп келеміз. – Газеттің негізгі мақсаты не? – «Замандас» газеті қазір Ресейдегі бірден-бір қазақ тілді басылым. Ол негізінен Омбыдағы қазақтарға мәдени, рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды ана тіліне қызықтыру және ауыл-аймақтағы оқырмандарға қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралын ұсыну. – Газет қанша тиражбен тарайды? Тек қазақша шыға ма әлде қос тілді ме? Оны тарату, сату мәселесі қалай? – Газетіміз қазір 1,5 мың тиражбен басылады. А3 форматында 8 бет болып, ай сайын орыс және қазақ екі тілде шығады. Өйткені, Омбыдағы қазақ жастарының дені ана тілін түсінбейтіндіктен, газеттің таралымын шектеп қоймау үшін орыс тілінде де материалдар басуға тура келеді. Газет қалаға және облыстағы қазақ ауылдарына таралады. Онымен айналысатын адамдар бар. Сонымен қатар, басылымды сату да жолға қойылған, бағасы 30 рубль. – Не үшін «Замандас» деген ат қойдыңыздар? – Өйткені, бұрын «Шоқан жолы» ұйымының белсенді мүшесі Сара Мунаева осындай атпен газет шығарып, ол бір нөмірден кейін 2009 жылы жабылған екен. Біз ары қарай соны жалғастыруды көздедік. Редакциямызда он адам бар, төртеуіміз Қазақстаннан, қалған алтауы жергілікті Омбының қазақ жастары. – Қазақша материал дайындайтын тілшілер бар ма? – Қазірше қазақ тілінде материал дайындайтын тілші жоқ. Сол жағы қиындық тудыруда. Біз көбіне материалды Қазақстаннан аламыз. – Ресейдің басқа аймағындағы қазақтармен байланыс бар ма? Газет атынан тағы қандай жұмыстар жоспарлап отырсыздар? – Бар. Орынбор, Астрахан, Түмен, Мәскеудегі қазақтармен байланыс жасап тұрамыз. Жақында Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы бізді шақырды. Сол жақтағы жастармен бір-екі жоба бойынша жұмыс істемекпіз. Сонымен қатар, біз Омбы облыстық басшылығына Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына байланысты бір ұсыныс білдірдік. Омбы қаласында Алаш көсемі Ә.Бөкейханов қызмет істеген, өзі тұрған бірнеше ғимарат бар. Солраға белгі тақтайша орнатуды айтты. Қазірше олардан әлі жауап жоқ. Оның үстіне Омбы қаласы Алашорда жастарының бірінші сьезі өткен жер. – Омбыда қанша қазақ бар? Және олардың салт-дәстүр, ана тіл жағдайы қалай? Қазақ қоғамдық ұйымдарының жұмысы қандай? – Жалпы, Омбы облысында 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Оның жартысы қалада, жартысы ауылды жерлерде қоныстанған. Ауылдағы қазақтар салт-дәстүрді, тілді жақсы сақтаған. Ал, қалалы жердегілер дәстүрді ұмытпағанымен тілге шорқақтау, әсіресе жастар білмейді. Өйткені, қазақ мектеп жоқ. Бүкіл Ресей бойынша, Алтайда ғана жалғыз қазақ мектебі бар. Омбыдағы кейбір 90-100 пайыз қазақ тұратын ауылдардың өзінде қазақ мектебі жоқ. Тек қазақ тілі факултатив ретінде жүреді. Омбының өзінде қоғамдық-мәдени ұйымдар көп. Оншақты. Олар да қазақ тілін, мәдениетін дамытуда еңбек етіп келеді. Бірақ, кейде бір-бірімен тығыз байланыс орната алмау мәселесі туындап жатады. Ал, Түмендегі ұйымдар бәрі бір автономияның астына біріккен, тығыз селбесіп жұмыс атқарады. – Жергілікті қазақтар арасында аралас неке көп кезіге ме? – Жоқ дей алмаймын. Бірақ, аралас неке болған жағдайда той қазақтардың салт-дәстүрі негізінде өтеді. – Ресейде мекен ететін қазақтардың саны көп. Сіз қалай ойлайсыз, оларға қазақ мектебін ашып беру керек пе? – Болады. Бірақ, оларда сұраныс жоқ. Оның себебі де бар. Өйткені, қазақ мектебі ашылса түлектері біздің ҰБТ секілді ресейлік біртұтас мемлекеттік емтихан тапсыра алмайды. Кезінде бұл мәселені Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Тоқтарбай Дүйсенбаев та көтерген болатын. – Омбы қазақтары арасында Қазақстанға қоныс аударған қандастар бар ма? – Бар. Бірақ, көп емес. – Рахмет!

Әңгімелескен Мұрат Алмасбекұлы

Дереккөз:BAQ.KZ

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз