Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Қаңтар, 2016

Саян тәшенов: «Әкемнің айтқаны жадымда жатталып қалды»

01Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Жұмабек Тәшеновтің есімі елге жақсы белгілі. Ол басшылық жасаған жылдары Қазақ мемлекетінің тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Ер есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінде елордамыз Астананың қақ төрінде ардақты тұлғаның есімімен аталатын көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысында да қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткердің қасқайған мүсіні орын алса, саналы еңбек жолының он жылға жуығын қызырлы Қызылжарда өткерген біртуар жанның Петропавлдағы №20 мектепке есімі берілгені де оған көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз. Аталмыш білім ордасына ұлы тұлғаның есімінің салтанатты берілу рәсімінде оның өмірінің сан қырына куә болдық. Оның табиғи бітім-болмысынан, азаматтық-тұлғалық соны қырларынан сыр шерткен асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспетті ұлы Саян ТӘШЕНОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Жұмабек Тәшеновті өр мінезді, турашыл адам ретінде танимыз. Отбасында қандай адам болды? – Бұл сауалыңызға «Әкелердің ең төресі болды» деп бір сөйлеммен жауап беріп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға болатын еді. Бала кезім. Әкем, анам үшеуіміз Шымкенттегі үйіміздің ауласында серуендеп жүрген болатынбыз. Жазы қапырық болатын күнгей мекеннің сол кеші қоңыр салқындау, майда желді болды. Тіпті кеш қарайған сайын үстімізге киген киімнің сыртынан суық лептің ызғары өтіп, сәл тоңдырғандай еді. Кенет әкем алшаң басып, бізге ләм деместен үйге кіріп кетті. Аяқ астынан жұмыстары шығып қалған болуы керек деп топшыладық. Арада сүт пісірім уақыт өтпей әкем келді. Анам екеумізге қалың жиде алып келіпті. «Жаурап қаласыңдар, киініп алыңдар» деді. Әкемнің отты көздерінен мейірімнің ұшқынын байқадым. Оның отбасындағы ең қамқор, мейірбан жан екенін айғақтайтын тағы бір мысал менен кейінгі кіші ініме қатысты оқиға болатын. Інім Болат кішкентайынан өте аурушаң, әлсіз болды. Тіпті ақ халатты абзал жандардың оның өмірі үшін күресіп, ем-домның түрлі тәсілдерін жасағандығы көз алдымда. Бірде әкем­нің Болат жатқан бөлмеге бас сұғып, кереуетінің етек жағына жайғас­қа­нын, кейін жанарына үйірілген жас­ты тия алмай, отырғанына куә болдым. Қандай қиын жағдай орын алса да табан­дылығымен төтеп беретін қайсар әкемнің ұлының ауруына еріксіз қапалануы оның жігерінің жасуы емес, әкелік мейірімінің, махаббатының шынайы көрінісі болатын.Жұмабек Тәшенов – Әкелік махаббат деп қалдыңыз. Сол махаб­бат­пен бойларыңызға дарыған тәлімнің, әке тәрбиесінің ұтымды тұстарын, биік мұраттарға қол жеткізулеріңізге әсер еткен жарқын істерін баяндасаңыз... – Бала тәрбиесімен көбіне анам айналысты. Әкем бүкіл ғұмырын халқына арнады. Оның бос уақыты бола бермесе де, демалыс сәттерін бала-шағасының ортасында өткізуге тырысатын. Бірге газет-журналдар оқитынбыз, әңгіме-дүкен құратынбыз, табиғатқа шығып, серуендейтін едік. Әкем бізді өзін үлгі қыла отырып өсірді. Оның жарқын істері, айтқан өнегелі сөздері бізге тәрбиенің таптырмас мектебіндей болды. Ол ешқашан қол қусырып отырмады. Теледидар қараған уақыттың өзінде де, адамға қажетті-ау дейтін жаңалықтарды, деректі фильмдерді таңдап, саралап көретін. Кітапты, әсіресе саяси-экономикалық әдебиетті көп оқитын. Ол өзінің тұтынатын жеке заттарын, сыртқы және аяқ киім­дерін мұнтаздай, таза ұстайтын. Әрбір затының өз орнында әрі ұқыпты тұрғанын жіті қадағалайтын. Ол таңғы сағат алтыдан ұйқысынан тұрып, дене шынықтырумен айналысуды, жүгіруді жаны қалайтын. Әкем көмекке мұқтаж, жәрдемге зәру адамдарға үнемі қол ұшын созып, өмірдің сынағынан сынбай өтулеріне көп қолғабыс етті. Әсіресе, жастардың болашағынан көп үміт күтіп, олардың бастамаларын қолдап, бағыт-бағдар беруді дағдыға айналдырды. Мұнан оның болашақтың тұтқасын ұстайтын жандарға артқан сенімінің ұшқынын байқауға болады. Біздің үйіміз оқу уақытында студенттер жатақханасы тәріздес ығы-жығы болатын. Тіпті туыстық қатынасы жоқ бола тұра білім алуға ұмтылған өрендердің бетін қайтармай, үйге қондыратын. Әкемнің ай сайынғы алатын жалақысы үйге қажетті тұрмыстық заттарға, тамақ шығынына, өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын. Салым ақша немесе болашақта керек болып қалады-ау деген мақсатпен жиналған қаржы бізде атымен болған емес. Әкем жұмыстан босағанда көрпе-төсегімізден өзге бізде ешнәрсе болмады, өлең төсегімізге балайтын өз пәтеріміз де, дүние-мүлкіміз де жоқ еді. Басымыздағы баспанамыз да әкемнің қызметімен бірге «аттанды». Әкем жарты жылдай жұмыссыз отырды. Осы уақыт аралығында кезінде дос болып көрінген кейбір адамдар сырт айналып, өздерінің ақын Сәкен Сейфуллин айтқандай, «Қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса жалт беретін шіркін тауықтай» екендерін дәлелдеді. Сатқындықтың салқынына, әділетсіздіктің қилы кезеңіне тап болса да, елжандылық, отансүйгіштік сезімдерін жоғалтпаған ардақты ата-анамның бір-бірлеріне айтқан орынсыз сөздерін де, тіпті қабақ шытқандарын көрген емеспіз. – Әңгімеміздің ауанын текті тұлғаның тұяғы болып жүрген өзіңізге бұрсақ... – Мен Алматыдағы Қазақ политех­никалық институтын бітіргенмін. Ұзақ жылдар бойы Қазақ энергетикалық Ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқардым. Жұмыс істей жүріп техника ғы­лымының кандидаты атағын қорғап шықтым. Әкеден қолдың бес саусағындай бесеуміз. Менен кейінгі інім Саят осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр науқастан қайтыс болды. Болат болса, зейнеткер, Шымкентте тұрады. Ең кіші інім Мұрат тарих ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істейді. Алла есімді әпкеміз Мәскеуде тұрып жатыр. Оның жан дегенде жалғыз ұлы және одан екі немересі бар. – Жұмабек Тәшенов Никита Хрущевтің зымиян саясатына қарсы тұрып, жалаң қолмен от ұстады... – Иә... аққа Жаратқанның жақ болатынын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе? Әкем еліміздің солтүстік аймағындағы облыстардың Ресейге, оңтүстігіндегі облыстардың Өзбекстанға өтіп кетуіне қарсы шықты. Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. Әкемнің қолында билік болған кезде ол үнемі қазақ кадрларының өсуіне, қазақ арасынан шыққан таланттылардың өрісін кеңейтуге баса мән берді. «Ғалым­ның хаты, жақсының аты өлмейді» дегендей, бүгінгі күнге дейін кездесу­лерде, қонақта, басқосуларда болғанда әкем­нің қамқорлығын көріп, мейірімінің ұшқынын сезінген жандарды, олардың балалары мен немерелерін кездестіремін. Олар әкемнің көзі тірісінде, шенеуніктей шіренбей, мұқтаж жандарға қол ұшын соза білген азаматтығын еске түсіріп, рақметін жаңбырша жаудырып жатады. – Әкеңіздің өмірінің қызық та беймәлім тұстарын айтып өтсеңіз? – Әкемнің жасы ұлғайса да есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Ол ел өмірінде маңызы бар айтулы оқиғаларды үнемі ұмытпай, жадында сақтап жүрді. Оның артында көптеген қолжазбалары, әсіресе, саяси-экономикалық салада жазылған дүниелері қалды. Оның біраз бөлігін Астана қаласындағы Ұлттық музейге тапсырдым. Аталмыш құжаттар асқар таудай әкеміздің әділ де турашыл, халық үшін етігімен су кешкен қайраткер болғандығын айтып, сайрап тұрғандай әсер береді. Әкем қызметтен босатылғанда да жай отырмай, ғылыммен айналысты. Экономика ғылымының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты. Зейнетке шығып еңбегінің рақатына енді кенеліп жүрген күндердің бірінде мен одан: «Әке, сіз неге Никита Хрущевқа қарсы шығып, қызметіңізден айырылдыңыз. Оның айтқанына көн­дігіп, мансабыңызды сақтап қалуға әбден болмас па еді?» деген сауалыма ол «Мұны күндердің бір күнінде түсінетін боласың, балам!» деп қысқа жауап берген болатын. Әкемнің осы айтқан сөзі жадымда жатталып қалды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргүл ОҚАШЕВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы

1279 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз