Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Қаңтар, 2016

Сәбит ­Оразбаев:Өнерге талант та, талғам да керек

Сәбит ­Оразбаев Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Еңбек Қызыл Ту», «Парасат», «Отан» ордендерінің,  «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Сәбит ­Оразбаев 80 жастың белесіне көтеріледі. Алғашында негізінен комедия ­жанрын­да,  Қ.Мұхамеджанов­тың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітов­тің «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінде жарқырады. Осы сахнадағы жарты ғасырдан аса шығармашылық өмірінде  қазақ және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзге тарта  сахналық кейіпкер сомдады. Көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамыту­дағы еңбегі үлкен. Халықтық өнер бастауынан қанып ішкен өнерпаз, әнші, сазгердің әндері де халық арасына кең тараған. Және бұл өнері М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек рөлдерінде анық  көрінді.Театр атты қасиетті сахнаның абызына айналған ағамызбен жүздесіп, өнердің бүгінгі жағдайы хақында ой өрбітудің сәті түсті.  – Адам өмірінде көп нәрсе балалық шақтан басталады. Сондықтан әңгіме өзегін өнерге қалай келгеніңіз жайлы бастасақ... – Адам алдымен табиғаттың перзенті. Мен бәрінен бұрын өзім өскен жердің табиғатына қарыздармын ба деймін. Туған жерім – ғажайып сұлу жер. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қаратау, күн батысы – Қазығұрт. Осы үш таудың ортасында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Сол ғажайып табиғат қиялыма қанат бітіріп, сезімімді сұлу­ландырған шығар. Төлеген молда деген жырау бабамыз болды. Иә, кәдімгідей жырау. Ылғи айтатыны «Зарқұм», «Қамбар батыр», «Алпамыс» сияқты жырлар. Оның ешқайсысы бір-екі сағатта біте қоймайды. Қазір ойлап қарасам, сол Төлеген атам бір жағынан актер екен. Аттың шабысы кезінде, қызылбастармен соғысқанда домбыраны жайына қалдырып, екі қолын көтерген күйде айғайлап, отырған күйінде жортақтай жөнелетін. Кейін сондай орындау мәнерін мен қырғыздардан, манасшылардан көрдім. Қыстың ұзақ түндерінде өзім құралпы балалардың бәрі жыр тыңдап отырып ұйықтап кететін де, жалғыз мен сол дастан біткенше тыңдайтынмын. Өзімнің анам Апақай да өнерлі кісі еді. Жергілікті жүлде алғыш, айтқыш, айтысқа мықты еді. Сонан кейін Топаш деген нағашым болды. Өнерді жақсы көретін. Көп жыл ауыл-аймақты басқарған кісі. Сөзуарлық сол жағынан сияқты. Ол кісінің отырған жері той-думан болатын. «Төлен, жаныстардың маңдайы жарқырап тұрады» деп шашын ауық-ауық қайырып қоятын жарықтық анам қайтыс болғанда Топекең жетті апатайлап. «Мені оқытқан да сен едің, адам қылған да сен едің» деп келіп, мені құшақтап тұрып: «Сәбитжан-ай, жөндеп күткеніңде жүз жасқа да келетін екен ғой» дейді. «Нағашы-ау, осы тоқсанның сегізіне зорға жеткіздім, сонда да көңілдерің толмай ма?» деп жатырмын. Қайғыны да әзілмен жеңілдетіп тұрғаны ғой. Топаш нағашым мектеп бітірерімде ылғи айтатын, «Құрекеңе бар, көмектеседі» дейтін. Ол кісінің Әбиба деген әпкесімен менің шешем қатар өскен құрбы. «Алдымен Әбибаға бару керек, Әбиба арқылы Құрекеңе бару керек» деп маған жолын айтты. Бірақ мұның бәрі болмай қалды. Менің малдәрігерлік институтына баруға жолым болды. Бірақ мен соның бәрін тастап, Алматыға консерваторияға тапсырам, әнші болам деп арман қуып келдім. Сол жерде Асқар Тоқпановтың бастамасымен театр факультеті ашылды. Еліміздің әр түкпірінен келген 60-70-ке жуық ұл-қыздардың ішінен 24 бала оқуға түсті. – Өнердегі ұстазыңыз туралы айтсаңыз... – Асқар Тоқпанов дәрісін алдымен кәдімгі жүріп-тұрудан, отырудан, амандасудан, есікті қағу, ашудан бастады. Есікті тарс еткізіп ашады екенбіз, тарс еткізіп жабады екенбіз. Жүрісіміз де тарс-тұрс. Ауылдың балалары ернін тілімен жалай береді деген сияқты. Соның бәрін ана кісі байқайды екен. Ақыр аяғы отырғанда шалбардың балағын сәл тартыңқырап барып отырса, тізесі қалталанбайтынына, қыры әдемі тұратынына дейін үйретті ғой ол кісі. Осыдан кейін барып әрқайсымызбен жеке-жеке әңгімелесті. Орысшаны да жарытып сөйлемек тұрмақ, жарытып түсінбейтін кезіміз. Еш қабақ шытпайды. Ең бастысы – ойыңды, бойыңды, өзіндік ерекшелігіңді байқайды. Осында бір айта кететіні, дауысқа, үнге үлкен мән берді. Орыс халқының бір артықшылығы, олардың бір сөзі өлмейді. Ал бізде мәтінді сәл жылдам оқыса, сөздің мағынасы, мәні бірден жоғалады. Түсініксіз болып қалады. Сондықтан анық, әдемі сөйлей білу маңызды. Асқар Тоқпанов өте тік мінезді, бұған қоса өте білімді, энциклопедист адам еді. Батыс Еуропаның театрлары, орыс драматур­гиясы, режиссурасы бәрін бес саусағындай білетін. Достоевскийдің шығармаларын үлгі тұтатын. «Шырақтарым, оқыңдар. Өсесіңдер» дейтін. Біздің білмегенімізді жасырмай, бірден бетімізге айтатын. Оның тік мінезі көп адамдарға ұнамайтын. Студенттер жабылып арыз жазған кездер болды. Асқар ағамыз сол кезде Кремльге барып, идеологияны басқаратын хатшымен сөйлескен екен. Соңында ол кісі «Сіздей ғұлама адамды ұстаздық мамандығынан айырамыз деген бос сөз» депті. Өте талапшыл, қатал кісі еді. Сол та­лапшылдығымен қаншама артистер тәрбиеледі. Ал қазір заман басқа. Кез келген адам қабілеті болсын, болмасын актер болуға талпынады. Өнердің бағасын түсіретін де солар. Нарық заманы әркім оқуына ақшасын төлесе болды, актер болып шыға келеді. Дауыс, келбет деген тұстар көп ескеріле бермейді. Ал Асқар Тоқпанов заманында, тіпті қыздардың жүріс-тұрысы, сымбатына дейін мән беретін. Бұл көркем, сұлу, таза мамандық деп үнемі айтатын. Студент кезімізде спектакльге көп баратынбыз. Асқар ағамыз әр спектакльді қалай қабылдағанымызды сұрап отыратын. Шешендік өнерге де баулыды. – Бүгінгі театрда сізді алаңдататын мәселелер бар ма? – Бүгінгі таңда әр өңірде, жер-жерде 50-ден астам театр бар. Бұны егемендіктің жемісі деп түсінеміз. Бұған қоса әзіл-оспақ театрлары мен шоулар көбейіп келе жатқаны рас. Әр өңірдегі драма театрдың деңгейі әрине, пьесаға байланысты. Сондықтан драматургия жақсы болса, актер де, театр да өседі. «Пьеса жоқ, актер жоқ» деген сыңайлы түрлі сылтаулар айта беруге болады. Бірақ оған қарамастан халық қазынасындағы классикалық шығармалар негізгі репертуарда бар. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік алғалы өнерде, театрда үлкен мүмкіндіктер ашылды. Бүгіндері Қазақ елінің аты барша дүние жүзіне таралды. Әлемді таңғалдырып жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы қыруар жұмыстар атқарылды. Ал кезінде Ресейдің бодандығының астынан шыға алмаған едік. Есімде, Францияда гастрольмен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен барған едік. Сонда «Біз Қазақстаннан келдік» деп қанша айтсақ та, француздар бізді танымады. Франциядағы елшінің бізге «Сендер КСРО-ның Мәдениет министрлігі атынан келдіңдер. Қазақстаннан еш уақытта тікелей шыға алмайсыздар. Сондықтан олай айтпаңыздар» дегені бар еді. Содан біз сонда да Қазақ елінен келгенімізді көрсеткіміз келді. Алматыны айтып жатып, Медеу дегенде фран­цуздар ду ете қалды. Сөйтсе Медеуді біледі екен. Болғандар да бар екен. Қуанышымызда шек жоқ еді. Себебі ол заманда ел екенімізді, қазақ деген ұлт екенімізді өзгеге таныту қиын болатын. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Аң­саған тәуелсіз­ді­гімізге де жеттік. Десе де, бәзбіреулер бізде ешқашан мемлекет бол­маған деген сыңайлы пікірлер айтатын. Міне, солардың барлығына жауап ретінде өткен жылы Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын үлкен дүбірлі тоймен атап өттік. Мәңгілік Ел боламыз деп үлкен мақсат-мүдделер қойдық. Енді осы орайда толғандыратын бір мәселе бар. Бүгіндері шығармашылық та, өнерде еркіндік бар. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды бүгінгі ұрпаққа дәріптей алатын мүмкіндіктер туды. Десе де, театрларымызда егемендік пен тәуелсіздікке жету жолындағы ата-бабамыздың күресіне, батырлар рухына, азаттық жолындағы айтыстар мен тартыстарға арналған шығармалардың аздығы алаңдатады. Жастардың бойында патриоттық рух қалыптастырып, ұлттық дүниемізді насихаттауды мақсат тұтуды бүгінгі драматургтар ұмытпаса екен деймін. – Сонда ұлттық драматургияға көңіл бөлін­бей келе ме? – Еліміздегі қай театрды алсаңыз да, репертуар жағы кемшін түсіп келеді. Бүгінгі заман, капитализм уақытында адам бойындағы бар қарым-қабілетін көрсетіп, аянбай еңбек ету қажет. Драматургтер пьеса жазады, бірақ төлейтін қаламақысы өте аз. Ал шетелде қалай, бір шығармасы арқылы драматургтің есімі бүкіл әлемге тарап, сол шығарманың арқасында өз елін танытып, қыруар қаржы табады. Бұлай деп отырғаным, мемлекет өз авторларын қолдап, оның дүниесін жарнамалап, өзге елдерге таратуға ықпал етеді. Міне, содан халықаралық сыйлықтарға ие болып жатыр. Қарап отырсақ, бізде де халықаралық деңгейдегі шығармаларымыз жетерлік. Халықаралық сыйлыққа да лайықты авторларымыз бар. Бірақ, біздің шығармаларымыз өз елімізден басқа ешқайда қойылмайтыны қынжылтады. Яғни заман талабына сай жарнамалау мәселесін қолға алған жөн. –Бүгінгі жастарға айтар кеңесіңіз? –Шынын айтқанда, өнерде тоқырау байқалады. Теледидардың қай арнасын ашып қалсаңыз, 4-5 апталдай жігіттерден топ құрып, әнші атанған. Өнерді оңай деп санап, әркім әншілікті қуып кеткен. Бір кездері бәрі қаржы мамандығын таңдайтын. Солардың жартысы жұмыссыз қалды. Сол сияқты бәрі жаппай заңгер болып кеткен де заман болды. Дана халқымыз жігітке жеті өнер де аз деп бекер айтпаған. Жуықта Елбасымыз да ер-азаматтардың 10 түрлі мамандықты игере білу керектігін баса айтқан болатын. Өркениетті елдерде өміріне қажеттісін адамдар өзі істейді. Абайдың қай сөзін алсақ та, жастарды еңбектенуге, оқуға үндейді. Сондықтан әншілік пен асабалықты жастарға үлгі ету қателік. Өнерге ең таланттылар келу қажет. Адам өз өміріне қажетті мамандықты игеруді ойлаған жөн. Қаншама жастар дипломмен жұмыссыз жүр. Арба сүйреп жүрген жастар да бар. Мұның бәріне Үкіметті кінәлайтындар табылады. Бұған Үкіметтің кінәсі жоқ. Еңбек етіп, талаптанған жас жұмыс табады. Жас, қабілетті ұл-қыздарымыз бұның өзінен де жол тауып, басқа мамандықтарды игеріп кетсе қандай жақсы. Бұған тіпті арланып, ұялудың да қажеті жоқ. Елбасының өзі Жолдауында қаншама техникалық мамандықтар жетпейтінін айтқан. Қарапайым токарь, дәнекерлеуші, аспазшы дегендерден бастап түрлі өмірге қажетті мамандықты игеруге болады. Өзбек халқын мысал етсек, олардың өлеңдері бірінші «мехнаттық» туралы, еңбек етуге арналған. Ал бүгінгі әндердің қайсысын алсақ та, барлығы махаббат тақырыбына арналғаны қынжылтады. Өнердің арзандап кеткені сол. Той-думандар, шоулар қаптап кетті. Абай айтқандай, «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық аздырар адам баласын». Ал қазір бәсекелестік заманы. Тынбай еңбек етіп, іздену қажет. Тағы бір мәселе, қазақта үнемдеу деген жоқ. Үнемдегіш адамды «сараң» деп жатады. Қазақ қашаннан қонақжай, дастарқаны мол халық. Италияның бір саяхатшысы бізде болып, «Егер дүниежүзінің елдері қазақтардай болса, онда бүкіл әлемді тегін аралап шығуға болар еді» деген болатын. Бұл сөзде үлкен мән бар. Ал басқа елде тіпті судың өзін сатып алып ішесіз. Өйткені мұның барлығы еңбекпен келіп отыр. Сондықтан біз қолымыздағы бар дүниені бағалап, тынбай еңбек етуіміз керек. Бала тәрбиесінде де ең маңызды мәселе еңбекке баулу болып келеді. Кезінде Сталиннің саясатымен елімізге қаншама өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Солардың қайсысын алсаңыз да барлығы еңбек етіп, қазір бақытты өмір кешіп жатыр. Қиын заманда нанын бөліп берген елімізге ризашылықтарын білдіріп жатады. Қытайдан көшіп келген қазақтар да еңбекқор. Өйткені олар өзге елде жүріп қаншама қорлық көрді. Кез келгені етік тіге алады. – Бүгінгі актерлерге көңіліңіз тола ма? – Қаншама талантты жастарымыз бар. Сахнадағы ең маңызды мәселе – актердің үні, даусы, дикциясы. Сол жағы кемшін түсіп келеді. Қазір қаптап кеткен шоулардың барлығында дауыс техникамен қойылады. Барлығы микрофонға үйреніп алған. Микрофон актердің ойлап тұрған ойын бұзып жібереді. Ал театрда бәрі мүлдем басқа. Бір образды, кейіпкерді ашу үшін соның барлық қасиеттерін тұла бойыңызға сіңіріп, соны үн арқылы көрерменге жеткізе білу керек. Жас актерлерге айтарым, дауысқа үлкен мән беру қажет. Спектакльдің сәтті не сәтсіз шығуы осы дауысқа да байланысты. Келесі бір мәселе, қазіргі актерлер телеарна­лар­дағы шоуларға да, түрлі сериалдарға да түседі. Бұған қоса той басқаратын асабалары да бар. Мұның барлығы ақша табудың көздері. Міне, сондықтан теардағы кейбір актерлердің образдары ашылмай жатады. Спектакльдің көрерменге жетуі де соған байланысты. Бұрын театрдың жұмысы бірінші орында болатын. Одан қалған уақыт болса ғана актерлер кино не телевидениеге баратын. Содан театрдың актері жүрдім-бардым қарап, өз кейіпкерінің сөзіне, қимылына, интонациясына мән бермей, жаттанды сөздерін айтып шығады. Жан-жақты үлгерем деген актердің үнемі ойы бөлініп тұрады. Сондықтан шоуларға көп көңіл бөлмей, бастысы театрда ойнайтын актерлер өседі. Себебі актердің мықтылығы театрда көрінеді. – Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Балала­рыңыздың ішінен өнер жолын таңдағандар бар ма? –Менің жарым Сәуле Өтебаева ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар бойы Хор капелласында хормейстер болып жұмыс істеген. Ұлым музыка теориясынан педагог. Бірақ ол бұл жолды емес, ұсталықты таңдады. Қазір өз студиясын ашқан үлкен шебер.Одан немерем қазір академияда, суретшілікте білім алып жатыр. Жанар деген қызым композитор, дыбыс режиссері. Таир деген немерем – виолончелист, филармонияда, симфониялық оркестрде жұмыс істейді. Әсет деген немерем бағдарламашы мамандығын таңдап, қазір үйленіп Астанада қызмет істейді. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ИСЛӘМБЕК

1809 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз