Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Ақпан, 2016

Болат Ұзақов, режиссер: Театр фестивалін өткізбекпіз

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 2015 жылды табысты аяқтады. Жаңа басталған жылда да ауқымды шараларды  атқаруды көздеп отыр. Аталған театрдың режиссері Болат Ұзақов қол жеткен табыстарымен, театрдың алға қойған мақсаттарымен ой бөлісті.  – Болат Қасымжанұлы, театр өмірінде қандай өзгерістер бар? Қандай жаңашылдығын айтар едіңіз? – Театрдың жаңашылдығы шығармашылық ізденістерге тікелей байланысты. Өткен жылдан бастап өнер ұжымына серпін беру үшін ТМД елдеріне аты шыққан режиссерлер мен театр суретшілерін шақыру ісін қолға алғанымыз оң нәтиже беріп отыр. Осы орайда, 2015 жылы күзде Орталық Азия елдеріне танымал Қырғыз Республикасының театр суретшісі Юлдаш Нұрматовты шақырған едік. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша әзірленген қойылымды көрерменге ұсынғанда, сахна суретшісі болды. Ол сахнаны безендірді, артистер киімдерінің дизайнын жасады. Қашанда суретші мықты болса, спектакльдің көркемдік деңгейін 30-40, тіпті 50 пайызға дейін көтере алады. Қырғыз суретшісінің аталған қойылымға қосқан үлесі анық байқалды. Бәрі риза болды. Көрермендер жоғары бағалады. Ең бастысы, жаңа қолтаңбаның бар екені анық көрініп тұр.Teatr Сонымен қатар Айрат Абушахманов есімді Башқұртстанның жас режиссері бар. Ол – Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мажит Гафури атындағы Башқұрт Мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері. Халықаралық театр байқауларында аты шыққан, театр сыншыларының аузына ілігіп жүрген дарын иесі. Мәскеуге барып, спектаклін қойған. Сол режиссерді де шақырған едік. Айрат Абушахманов қазір «Жұт» драмасын сахнаға дайындап шығарды. Қойылымның авторы – Мәскеуде тұратын қазақ жігіті, драматург Олжас Жанайдаров. Драмада 1930 жылдары қазақ халқының басына түскен ашаршылық нәубеті суреттеледі. Сол кезең мен қазіргі заман арасын паралель алып отырады. Оқиға Мәскеуде өтіп жатады. 1932 жылғы аштықты көрген адамның немересі қазір журналист болған. Қысқасы, айтатын ойы бар туынды. Ұтымды дүние шықты деуге негіз бар. Жуырда осы «Жұт» драмасының премьерасы болып, көрермен көңілінен шықты. – Өткен жыл несімен есте қалды? – 2015 жылы желтоқсан айында театрымыз Мәскеуде өткен «Золотой Витязь» атты халықаралық театр фестиваліне қатысып, «Алтын Витязьға» ие болып, бас жүлдені алып келді. Талғат Теменовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымын сахналаған болатын. Шығармашылық ұжымымызда да жетістіктер аз емес. Жыл қорытынды­сында артист Қуандық Қыстықбаев Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Сондай-ақ бір артисіміз «Құрмет» орденімен марапатталса, екі өнер иесі жастар сыйлығына ие болды. Өткен жылы жазда қала әкімдігі артистерімізге үш пәтер берген еді, жылдың соңында тағы да үш пәтер берілді. Жуырда Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев арнайы келіп, театр ұжымымен кездесті. Онда шығармашылық және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Ұжымда жастар басым болғандықтан, олардың балаларын балабақшаға орналастыруда проблемалар туындап жүргені жасырын емес. Әкімнің орынбасарымен өткен кездесуде осы мәселе де қозғалды. – Мешін жылы жүзеге асырғыла­рыңыз келіп отырған қандай жоспар­ларыңыз бар? – Биыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біздің театрымызға да 25 жыл толады. Осы мерейлі датаға арнап, жазда еліміздің облыстарынан, шетелден театр ұжымдарын шақырып, бір театр фестивалін өткізу ойымызда бар. Бұл бастамамызды қала әкімдігі де қолдайды деп сенеміз. Бұл театрдың әу баста шаңырағын көтерген Жақып Омаров ағамыз көп еңбек сіңіріп, өнер ұжымын жолға салып кеткені белгілі. Содан кейін режиссер Қадыр Жетпісбаев ағамыз да осы театрды басқарған. Ұлы режиссер, халық артисі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың осы ұжымға он жылдай басшылық жасап, жоғары деңгейге көтеріп кеткенін жақсы білесіздер. Осы азаматтардың есімдерін атап, аталған фестивальде жүлде тағайындамақпыз. – Шығармашылық табыс тілей­міз.

Айдын БӘЙМЕН АСТАНА

1901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз