Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Ақпан, 2016

ДАНА ІЛІМІ ізгілікке үндейді

ZhurynovЮНЕСКО ұйымы биылғы жылды Қожа Ахмет Иасауи жылы деп белгіледі. Осыған орай белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынұлы Жұрыновпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.  Сұхбатымыздың басы ұлы ойшыл, әйгілі дін қайраткерінің ел-жұртына сіңірген еңбегі туралы басталғанымен, оның барысында бүгінгі қазақ ғылымы, ұлт мүддесі, мемлекеттің көңіл бөлер жайттары да әңгіме өзегіне айналды. Академикті тек ғылым, білім жайлары ғана емес, ұлтымызға қатысты өзекті мәселелер де толғандыратынына куә болдық.

– ЮНЕСКО-ның Қожа Ахмет Иасауи жылын қабылдауы Түркияның ұсынысымен болды. Ал, негізінен Қ.А.Иасауидің туған жері, дүние салған жері, діни мектеп құрған жері – Қазақстан. Бабамыз Түркістанда жатыр. Мұндай бастама бізден шығу керек еді. Иасауи ілімінің Түркияда дамуының себебін айтайын. Шыңғыс хан келіп Түркістанды алады ғой. Ол кезде Қ.А.Иасауидің қалыптастырған мектебі бар болатын. Түркістанда сол уақытта Бұқара, қала берді Мекке мойындайтын діни білімді жастар көп болған. Шыңғыс хан Түркістанға келе жатқанда жергілікті халық сол жастарды екі дүркін керуендерге қосып қашырып жібереді. Өлтіріп қояды деп қорқады. Қ.А.Иасауи ілімінің үзіліп қалмауына мүдделі болады. Сөйтіп, әлгі жастардың бір тобы Шамға (Дамаск), бір тобы Конияға (Түркия) кетеді. Сирияның сексен пайызы сүниттер. Олар Қ.А.Иасауидің сопылық жолымен жүретін сүниттер. Түркиядағы бауырларымыз толығымен сүниттер және Қожа Ахмет Иасауидің сопылық жолын құрметтейді. Ahmed_Yasayi_mЖетпіс сегіз миллион түріктер Қ.А.Иасауи десе тік тұрады. Неге олай? Түркияға кеткен Қ.А.Иасауидің рухани шәкірттерінің арасынан Бекташ Уали, Жүніс Әмре деген үлкен оқымыстылар шығады. Олар үлкен мектеп құрып, бүкіл Түркияға иасауилік ағымды жаяды. Қ.А.Иасауидің ілімі сүниттің ішінде сопылық. Сопылық деген бұл мұсылмандық ілімнің нағыз демократиялық түрі. ­Қ.А.Иасауи былай дейді. «Сенің қасыңда басқа діннің адамы отырса, сен оған арқаңды берме. Өйткені оны да Құдай жаратты. Сен сияқты Алланың жаратқан пендесі. Бірақ оның ұғымы, ілімі, ақыл-ойының жүйесі басқа. Бұған ол айыпты емес. Оның өскен жері сондай болды. Сондықтан сен оған түсіндіріп айт. Ілімді қабылдаса қабылдайды, қабылдамаса ең аз дегенде сен оған ой саласың. Сенің сөзіңнен кейін ойланады. Бұған ешқандай дөрекілік көр­сет­пеу керек. Сыйласу керек. Ар жағын өзі біледі». Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғын, Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғын. Махшар күні Тәңірге жақын болғын, Менменсіген халайықтан қаштым, міне, – дейді ғұлама хикметтерінің бірінде. Иасауилік – сопылық кезінде бүкіл түркі әлеміне кең тараған философиялық ағым. Атақты философ, зерттеуші-ғалым, профессор М.Ф.Көпрулу бастаған Түркия ғалымдары Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметін» терең зерттеген. Мен Қ.А.Иасауи атындағы қазақ-түрік университетінде ректор болып тұрғанда олар Түркістанға келді. Қ.А.Иасауидің ілімін зерттеп, докторлық (PhД) диссертация қорғағандары да бар. Олар діндар адамдар емес, кәдімгі ой-өрісі кең, зайырлы ғалымдар. Түркия университеттерінде Қ.А.Иасауи­дің еңбектерінен дәріс оқылады. Профессор Семави Ейидже, академик Таскопрузаде, про­фес­сор Екх­леф Хурия, Алматыдағы шет тілдері және іскерлік карьера универ­ситетінің ректоры, профессор Сабри Хизметли және т.б. Қ.А.Иасауидің өмірбаянын, еңбектерін зерттеген ғалымдар. Оларға мен оңашада мынаны айттым: «Түркістанды екінші Мекке, Қ.А.Иасауиды Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жолын ең биікте ұс­танған хазірет әулие дейді. Осыны жергілікті жұрттың өзі шығарып алған жоқ па екен?» дедім. Сонда олар: «Жоқ. Бұл Қ.А.Иасауидің көзі тірісінде қойылған аттар. Халықтың берген аттары» деді. Ол былай болған екен. Қ.А.Иасауи жас кезінен зерделі болып өседі. Кітапты бір оқығаннан жаттап алады екен. Сайрамдағы, Отырардағы... кітаптарды түгел оқиды. Оқыған кітаптарын жатқа айтатын болған. Бірақ алдымен шешесі Қарашаш анасынан, жеті жасқа келгенде Ибраһим әкесінен айырылып қалған. Одан соң Иасыға (Түркістан) келіп әйгілі Арыстан бабтың қолында тәрбие алады. Шамамен он бестерге келгенде (1110 ж.) ол Бұқараға барады. Онда Хамадани деген исламның білгірі, ойшылынан дәріс алады. Екі жыл сол кісіден тәлім алады. Екі жылдан кейін Хамадани: «Балам, сенің білімің менен кем емес. Бәрін білесің. Мен саған артық білім бере алмаймын. Сен енді Меккеге бар, өзіңді көрсет. Білмейтін нәрсеңді олардан үйрен. Біліміңді кеңейт. Сол саған пайдалы» дейді. Содан Қ.А.Иасауи Меккеге барады. Меккеде Құптан (Аль-Иша) намазы біткеннен кейін үлкендер әңгіме-дүкен құрып отырады екен. «Ана сүрені қалай түсіну керек? Ана аяттың ерекшелігі не? Мына сөз бен ана сөздің айырмашылығы қалай...» дегендей әңгімелер айтылады. Осыларды Қ.А.Иасауи тыңдап отырады. Бір уақытта «Мен айтайын оны» дейді. «Ананың мынаумен байланысы мынадай. Мынаның байланысы осындай. Сондықтан мұны былай деп айту керек» деген секілді көтеріліп отырған әңгімеге байланысты ойын білдіреді. Отырғандар таңғалады. «Сырттан келген бала. Бәрін біледі. Қайдан біледі?» деп таңырқайды. Содан мешітке барып жүрген жас­тар түгелдей Қ.А.Иасауидің жағына шығады. Басқалар елеусіз қалады. Қ.А.Иасауи қай мешітке барса өзгелер алдын ала біліп алып, сол мешітке барады екен. Бұл кімге ұнайды? Жергілікті имамдар оны шеттете бастайды. Екі жылға жетер-жетпес уақытта Қ.А.Иасауи ол жерден кетіп қалады. Түркістанға келіп, өзі мектеп ашады. Баяғы Меккедегі жастар Түркістанға келіп дәріс алып тұрады. Мекке мен Түркістан арасы жол болады. Сонда Түркістан екінші Мекке деген сөз халықтың арасынан шыққан. Қожа Ахмет Иасауи ұстанған Ханафи масхабындағы сопылық мектеп әлемге аты таралып, иасауилік ағым кеңіне өріс алған. Арабтың діни оқымыстыларының Қожа Ахмет Иасауиге салқындау қарауының тағы бір себебі мынада екен. Құран-кәрім араб тілінде. Қарапайым халыққа онша түсініксіз. Ол кездерде, әдетте ислам діні басқа елдерге тараған кезде дінмен бірге арабтардың әдет-ғұрыптары да бірге тарайды екен. Қайсысы дін, қайсысы әдет-ғұрып екенін Қожа Ахмет Иасауи әрине жақсы біледі. – Осы жағын түсіндіре кетсеңіз... – Қ.А.Иасауи әдет-ғұрыпты ысырып қойып, діннің таза өзін алып, көшпенді халық өміріне бейімдейді. Мысалы: Сен қысты күні мал айдап келе жатырсың. Боран, аяз, жел. Намаздың уақыты. Алайда намаз оқимын деп жүргенде мал ығып кетуі мүмкін. Қ.А.Иасауи айтады: «Алла мұны көріп тұр. Сенің мүмкіндігің жоқ. Сен малды жайғастырып болған соң, кешке, сол намаздың қазасына оқысаң болады». Бұл жеңілдік емес пе? Көш келе жатыр делік. Ана ауылдан мына ауылға дейін жиырма-отыз шақырым. Ішетін су тапшы. Сен қалай дәрет аласың? Ал Қ.А.Иасауи айтады: «Су тапшы болғанда сумен дәрет алу міндетті емес. Сен дәретті жердің бетін тазалап, алақаныңды, қолдың сыртын тазалаған жерге тигізсең болады. Бұл да дәрет алғаның болып есептеледі». Жеңілдік пе? Жеңілдік. Топырақ – сорбент. Сенің қолыңдағы микробты, басқа да зиянды нәрселерді өзіне тартып алып қалады. Осындай қасиеті бар. Осыны Қожа Ахмет Иасауи білген. Арабтар кей-кездерде өлген адамды қорасының бұрышына көме ­салады. Марқұмның жатқан жерін сыйлау, құрметтеу оларда жоқтың қасы. Түркілерде олай емес. Қазақ ата-бабасының жатқан жерін қадірлейді. Барып тұрады. Құран оқиды. Арабтар болса олай істемейді. Қ.А.Иасауи: «Барыңдар. Басына құран оқыңдар. Бұл дұрыс» дейді. Қ.А.Иасауидің бұл айтқандары көңілден шығатын. Сондықтан оның ілімі жан-жаққа кең тарады. Қоғамды екі нәрсе біріктіреді. Біреуі – тіл, екіншісі – дін. Басқадай біріктіретін күш жоқ. Алтын Орда құрылғанда қалай болды? Мұсылман дінін қабылдап үлгерген түркілер Алтын Ордаға жиналды. Қабылдап үлгермегендері бей-берекет кетті. Көбісі басқа діннің жетегінде жүрді. Орыстардың ішіндегі Иван Грозный, Борис Годунов, Александр Невскийлердің түбі түркі. Ресейдің атақты азаматтары Аксаков, Аракшеев, Ахматов, Бухарин, Булгаков, Карамзин, Мичурин, Бекетов, Измайлов, Черемет, Менделеев, Тургенов, Гоголь – бұлардың да түбі түркі. Міне, осылар әнебір дәуірде мұсылман дінін қабылдап үлгірмеген түркілердің ұрпағы еді.

SONY DSC
SONY DSC

Соншама үлкен аумақтағы адамдардың мұсылман дінін қабылдағаны жаңағы жеңілдіктердің арқасы. Қ.А.Иасауи бағытында жүргендердің ішінде дінге байланысты соғыс болған емес. Қ.А.Иасауидің жаңағы сөзі бар ғой: «Аллаға сен, Алланы сүй. Ол біреу. Бірақ сен басқа діннің адамына арқаңды берме. Бәрімізді бір Алла жаратады. Бірақ әртүрлі болып жаратыламыз. Бұған бола әлдекімдерді кінәлауға болмайды» дейді. Қандай философия! Осыны түсіндіре алмай жүрміз ғой. Ханафи Мазһабы деген суннизмнің ізгі ағымы. Қ.А.Иасауи соны жаңғыртуға, аясын кеңейтуге ұмтылды. Бұл нағыз демократиялық ілім. Әділ жол еді. Қ.А.Иасауи айтады: «Құранды талқыла­маң­дар. Құран өзгермейді. Құранда айтылғандарды орындаңдар. Ал, Құранда жазылмаған нәрсені халықтың ерекшелігіне қарай жүзеге асырыңдар. Сенің істеген ісің халыққа ұнайтын, көңілінен шығатын болсын». Бұл нағыз ақылдылық емес пе? Қ.А.Иасауидің осы кереметтігі үшін ғой Әмір Темірдің оған Түркістанда кіндік Азиядағы ең биік, ең ірі кесене салдырып жүргені. – Иасауи еңбектерінің елімізде зерт­телуі, насихатталуы қандай деңгейде? – Көңілге медет болатыны Қ.А.Иасауи­дің еңбектері түгелге жуық қазақ­шаға аударылды. Бұған дейін ел ол еңбектерді орыс, өзбек тілдерінде оқитын. Қ.А.Иасауидің өзі біздің жерімізде дүниеге келді. Өмір бойы осы жердің халқына қызмет етті. Осы жерде дүние салды. Бірақ оны қазақ көпке дейін білмей өсті. Кеңес өкіметі кезінде ол кесененің көрмеген қорлығы жоқ. Кесененің ішінде шаруашылықтың астық қоймасы да, мал корасы да болған. Кейін Д.Қонаев Ө.Жәнібековтің ұсынысымен бабамыздың кесенесін күрделі жөндеуден өткізді. Бірақ ол қасиетті кесененің де, Қ.А.Иасауидің де, жалпы Түркістан қаласының да жаңа тарихын жасаған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы республика басшылығына келісімен халқымыздың көптен көксеп жүрген арманын жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Кеңес өкіметінің көзі тірісінде-ақ Семейдегі ажал отын бүркіп тұрған полигонды жапты. Түркістан қаласын тарихи, рухани астана ретінде қомақты қаржы бөліп, жөндеуге кірісті. Ең бастысы кемеңгерлікпен болжай біліп, ескі астанадан ешкімнің ойы түгіл түсіне де кірмейтін жаңа идея – Түркістанда университет ашып, оған Қ.А.Иасауи бабамыздың атын беріп, бүкіл түркі дүниесінің назарын аудартты. Кейіннен ол университет бірінші халықаралық (мемлекетаралық) Қазақ-түрік университеті болып, қазіргі кезде ең ірі, алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарының біріне айналды. Онда арнайы грантпен барлық түркі тілдес елдерден студент жастар тәлім-тәрбие алуда. Осындай игі істері үшін біздің Елбасымызды бүкіл түркі әлемі өзінің Көшбасшысы деп таниды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қ.А.Иасауидің барлық хикметтері аударылып, өмірбаяны зерттелді. Ауызша тараған деректер жинастырылды. Осының бәрі жақсы. Биыл ЮНЕСКО-ның Қ.А.Иасауи жылын өткізуі тегін емес. Түрік бауырларымыз Қ.А.Иасауидің біртуар, дана тұлға болған­дығын ЮНЕСКО басшылығына дә­лел­деді. Солар көз жеткізгеннен кейін ше­шім қабылданды. ЮНЕСКО мүше­лерінің тоқсан пайызға жуығы хрис­тиан дініндегі адамдар екенін ескерген жөн. Ал солардың мойындап, Иасауи жылын бел­гілеуі тегін бе? Тегін емес. Өйткені Қ.А.Иасауи өте бейбітшіл, ғұлама, дана адам болды. Исламды ізгілік жолымен жал­ғас­тырды. Міне, ұлы тұлғаның ерекше еңбегі. Қ.А.Иасауидің өмірі трагедияға толы болды. Оның жолында қиындықтар көп ұшырасты. Алғашқыда ілімін түсінбегендер оны сабап кеткен жағдайлар болған. Он екі жастағы жалғыз баласын дұшпандары ұрып өлтірген. Бір қызы болған. Ұрпағы осы қызынан тарайды. Жаңа жолмен қоғамды басқарған адамдарға барлық уақытта қиындық туа­ды. Жаңа жолмен жүру қиын. Міндетті түрде қарсыластары кездеседі. Бұрынғы қалыптасқан жолды қорғайтындар болады. Бұл әбден зиянын тигізеді. Ол өмірдің заңы. Қ.А.Иасауиды біз әруақытта дәріп­теуіміз керек. Дін жолына түскен жастардың Қ.А.Иасауи ілімімен жүргені дұрыс. Жастар демекші, бүгінде айт күндері, жұма намазда мешітке бара қалсаңыз жас­тарды көп көре­сіз. Олар мешітке толып кетеді. Ішке сыймай далада тұрады. Барлық мешітте солай. Бұл біздің ұлтымыздың болашағы жарқын екенін көрсетеді. Мен өзім осылай түсінемін. Өйткені сенім деген ең бірінші кезекте тұратын нәрсе. Бұл мемлекет үшін де пайдалы. Мемлекет осыны сезіну керек. Мына Еуропада, Данияда, Швеция­да, Финляндияда, Норвегияда шіркеуге ешкім бара қоймайды екен. Барса кемпір-шал, жаны күйзелген бірен-саран адам баратын шығар. Жастар бармайды. Сол жерлерде бір-екі мешіт бар көрінеді. Жұма намазда адамдар ауласына сыймай кетеді екен. Мұсылмандардың бәрі барады. Сол елдерде шіркеулер жабылып, оларды мұсылмандарға беріпті. Қайта жөндеп, мешіт қылып. Сол мешіттерге адам сыймайды екен. Міне, ислам дінінің күштілігі. Еуропада Кеңес өкіметі кезінде әр жылы он мың адам христиан дінінен қол үзіп, ислам дініне өтетін. Қазір бұдан да көп болуы мүмкін. Тарихтан білетініміздей, христиан дінінің үлкен ойшылдары мұсылман дінін қабылдаған. Орыстың ұлы жазушысы, ойшылы Л.Толстойдың сүйегі Ясная Полянада жатыр. Мен ол жерде болғанмын. Ол кісіні қайтыс болғаннан кейін үйінің ауласына көмген. Бізге жол көрсетіп жүрген адамнан: «Неге бұлай? Неге қорымға апармаған?» деп сұрағанымызда жауап бере алмады. Оның себебі Толстойдың мұсылман дінін қабылдағаны еді. Сондықтан шіркеу қызметкерлері христиандар жатқан зиратқа емес, аулаға жерлеген. Орыстар «Біздің ұлы жазушы, ұлы Толстой» деп мақтаныш етеді. Оның мұсылман болғандығын айтпайды. Толстой ақылсыз емес қой. Ол ойшыл, әділ адам болған. Дінді өзі таңдады. Бұл жайдан-жай емес. Мұсылмандықты таза дін деп түсінді. Немістің ұлы ақыны Гете де, француздың ұлы саяхатшысы Жак Кусто, америкалық астронавт Л. Армстронг және т.б. мұсылман дінін қабылдаған. – Біздің ұлтымыздың тарихы әріде жатыр. Алайда көп теперіш көрген халықпыз. Тәуелсіздік алғанымызға енді ғана ширек ғасыр толмақ. Ұлтжанды, елжанды, азамат ретінде Сізді қандай мәселелер толғандырады? – Қазақстанда қазақ 67 пайызға жуық. Халықаралық декларация бойын­ша Қазақстан моноұлттық мемлекет деңгейіне келіп тұр. Егер мемлекетте бір этнос тұрғындардың үштен екісін құраса бұл моноұлттық мемлекет болады. Германияға, Түркияға, Францияға, Италияға, Англияға, Испанияға тұратын болып, «Мен қазақпын, менің төлқұжатыма қазақ деп жаз» десеңіз сізді тыңдамайды. Итальян деп жазады, түрік, неміс... деп жазады. Өйткені ол моноұлттық мемлекет. Тұрғындардың үштен екісі, одан көбі итальяндықтар, түріктер, немістер, ағылшындар, француздар... болып тұр. Бізде олай болмақ түгілі, ғылыми түрде сауатсыз сөйлейтініміз бар. Бізде өзге ұлт өкілдерін этнос дейміз. Олар этнос емес. Этнос Қазақстанда біреу. Сол жердің иесі – қазақ этносы. Ал басқа жақтан келгендерді диаспора дейді. Бұл ғылыми термин. Бүкіл дүниежүзі қолданатын термин. Біз неге қолданбаймыз? Неге бұлай? Тек қана ақиқат адамдарды біріктіреді. Көңіл жықпастық, сылап-сипау біріктірмейді. Әділдік қана біріктіреді. Шындықты айту керек. Қазақтың жері. Негізгі этнос – қазақ. Өзгелер диаспора. Диаспора екен деп қазақ оларды кемсітпейтіні анық. Бұған жанымыздағы отандастарымыздың көзі жеткен. Олар қазақтың кең пейіл, бейбітшіл халық екенін жақсы біледі. Шынайы достық орнаған елміз. Ел ішіндегі татулықты нығайтуда Елбасының еңбегі орасан. Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Мұндай құрылым ешбір елде жоқ. Ассамблея мүшелері Парламент депутаттығына сайланып, ел құрметіне бөленуде. Осының бәрі қазақ халқының ешкімді алаламайтынына, бөліп-жармайтынына, керісінше достыққа, бауырластыққа адалдығына айқын дәлел. Қазақстан көп ұлтты мемлекет дейміз. Осыны қайталай берудің қажеті бар ма? Иранның негізгі халқы парсылар. Өз елінде қырық екі-ақ пайыз. Бірақ сол Иранның біз көп ұлтты мемлекетпіз дегенін естідіңіз бе? Ресей федеративтік республика. «Біз көп ұлтты мемлекетпіз» деп айта ма олар? Айтпайды. Ал біз кімнен жасқанамыз? Біз қазақ болып, бүкіл құқықты жинап алайық деп отырған жоқпыз. Өз басым ондайға қарсымын. Біз бейбітшіл, қонақжай, мәрт халықпыз. Қазақ досы келсе жалғыз атын мінгізіп жібереді. Өзі жаяу жүреді. Бұл қазақтың баяғыдан келе жатқан әдеті. – Қ.А.Иасауи бабамызға оралайық. Баба жылына дайындығымыз қалай болып отыр? – Мұсылмандардың дүниежүзіне көп тарап отырғаны белгілі. Африканың жартысынан көбісі мұсылман. Азиядағы анау Индонезия, Бангладеш, Пәкістан... бәрі мұсылман елдері. Қ.А.Иасауи жылы дейміз. Қазақ үн-түнсіз отырса не болады? Сондықтан ел болып Қ.А.Иасауи жылын атап өтуіміз керек. Бұл дүниежүзі мән беріп отырған оқиға. Жақсылап өткізуіміз керек. Академия еліміздің Сыртқы істер, Мәдениет министрліктеріне осы мәселе бойынша ұсыныстар дайындап жатыр. Бір хатты Елбасының өзіне жолдамақпыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Қ.А.Иасауи еңбегін жақсы біледі. Жоғарыда айтқанымыздай, Түркістандағы Қазақ-Түрік университетін ашқанда оқу орнына Иасауи атын берген Елбасы ғой. Қожа Ахмет Иасауи еңбектерінің ең құндылығы – дін арқылы халықты бірлікке, тазалыққа, бауырмалдыққа шақыру. Жетім-жесірге, кемтар жандарға көмектес дейді ғұлама. Хикметтері ақыл-кеңеске толы. Оларды жұрт Қ.А.Иассауи дәуірі кезінде заң талаптары секілді қабылдады. Кешегі кезде дінсіз мемлекет біреу-ақ болды. Ол – КСРО. Ол да құлады. Жетпіс жылға жетер-жетпесте. Өмірі қысқа болды. Міне, дінсіздік қайда апарады. Мемлекет тіл мен дінді қатар жүргізу керек. Біз тіл, тіл дейміз де дінді айтпаймыз. Күштің елу пайызы дінде. Бізді біріктіретін дін. Осыны насихаттап, түсіндіруіміз керек. Тіл дінге, дін тілге көмектеседі. Екеуі құстың қос қанаты секілді. – Әңгіме бағытын ғылым мәселесіне бұрсақ... – Ұлттық ғылым ­академиясы (ҰҒА) мем­­лекеттік мекеме емес. Қазір ол рес­публикалық қоғамдық бірлестік. Кезінде ғалымдардың бірқатары мұндай мәртебе берілуді мақұлдады, бірқатары келісе қойған жоқ. Негізінен қазіргі мәртебесі бойынша қабылданды. Академияда әмірін жүргізіп отыратын бастық деген болмайды. Кешегі Кеңес уақытында академияны демократия алаңы дейтін. Барлық мәселе жабық дауыс берумен шешіледі. Міндетті түрде пікір алысылады. Бұл жерге жиналғандар әр жақта жұмыс істейтін ғалымдар. Біреуі университет ректоры, біреуі институт директоры, біреуі депутат... олар Академия басшысына бағынышты емес. Біз пікірімізді ашық айтамыз. Сосын барып ортақ шешімге келеміз. Академия деген нағыз демократиялық құрылым. О баста осылай. АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде академия мемлекеттік мекеме емес. Бірақ академия ең сыйлы орган. Бәрі сыйлайды. Мысалы: Обама президент болғанда Американың болашағы туралы баяндама жасады. Қайда жасады? Ұлттық ғылым академиясында. Сталинді демократ болды деп айта аламыз ба? Болған жоқ. Бірақ Академияға тиіскен жоқ. Өйткені ғылым тек бостандықта, еркіндікте дами алады. Ғылымды қысса дамымайды, тоқтап қалады. Ол ғылымды тоқтатып алмайын деді. Академиктерге ең жоғары жалақы қойды. Осыдан кейін талапты жастар ғылымға ұмтылды. Оған қолы жете алмайтындар басқа салаға кетті. 1946 жылы Кеңес Одағы атом бомбасын шығарып, Американы қуып жетті. Сутегі бомбасын Америкадан бұрын шығарды. Бірінші спутник, бірінші адам ғарышқа ұшты... Осының бәрі ғылымның арқасы. Ғылымға мықты кадрлардың жиналуының нәтижесі. Біз қазір ғылымға жастарды келтіре алмаймыз. Неге? Ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тына келген жас алдымен мына сұрақты алдыңа тосады? «Қанша айлық аламын?» дейді. Біреулер айтады «Неге жалақыны әңгіме қылады?» деп. Неге әңгіме етпейді? Ол бала-шағасын қалай асырайды?! Ол ақылды, жақсы оқыды, оқу орнын «қызыл» дип­ломмен бітірді. Ол енді отбасын ­асырауы керек қой. Сондықтан аз жала­қы­ға бола ғылым­ға келе қоймайды. Ал енді ақшаға мұқтаж емес, ауқатты адамдардың балалары келуі мүмкін. Бірақ олардың бәрі ғылымды ұнатып келеді деп айта алмаймын. Ғалым деген аты болар. Алайда олар ғылымды жүргізе алмайды. Олар ең биікке шыға алмайды. Алдына мақсат қойған, талапты, ғылымға шын берілгендер ғана биікке көтеріле алады. Біз өзіміз де Мәскеуде аспирант болдық. Таңертең тоғызда келеміз, кешкі тоғыз-онда қайтамыз. Зертхана жабылғанша жүретінбіз. Білімге құмарлығымыз осылай болатын. Ғылымды дамытатын – жастар. Талапты жастар ғылымға келу керек. Сонда ғылым өседі, көркейеді. Қазіргі ғылым былай. Кеңес өкіметінде өмір сүрген біздің қатарластарымыз, сәл алдымызда, сәл артымызда – осы топ ғылымның туын құлатпай келе жатыр. Әрине, біз дайындаған жастар бар. Оған шүкіршілік етеміз. Жақсы ізбасарларымыз бар. Бірақ олар көп емес. Ал жас буынға келсек, іркіліп қаламыз. Үлкен эстафетаны жалғастырып кететіндей тегеурінді күшке зәруміз. Ғылыми зертханалардың жабдықта­луына көңіл бөлінуі тиіс. Яғни олар бүгінгі заманның озық құрал-жабдықтарымен қам­тамасыз етілгені жөн. Біздің көптеген зертханаларда әлі күнге Кеңес өкіметі кезіндегі жабдықтар тұр. Онымен не істеуге болады? Бізде ғалымдарға арналған конкурс деген бар. Оған бәрі қатысады. Осы жерде айта кететін жайт, конкурсқа қатысатын ғылыми мекемелердің мүмкіндіктері ескерілмейді. Елімізде Кеңес өкіметінен келе жатқан, әбден қалыптасқан ғылыми институттар, ғылыми мектептер бар. Конкурс деп жүріп осыларды жоғалтып алуымыз мүмкін. Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институтын алайық. Дүниежүзінде осындай төрт-ақ институт бар. Одан басқа химия, металлургия, геология... институттары бар. Бұлар Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан мықты институттар. Бұларда мектеп құрылды. Оларда атақты ғалымдар жұмыс істеді. Енді осылардың дәрежесі өңірлердегі кадрлық, тәжірибелік күш-қуаты әлсіз институттармен бірдей болу керек пе? Егер конкурс мәселесін Ұлттық ғылым академиясы қолға алса әділдіктің орнығуына қол жетер еді. Өйткені талап нақты және қаталдау болады. Зертханасы, тіпті қарапайым приборлардың өзі жоқ жерлерге қалай қаржы бөлуге болады. Осындай жұмыстардың шикілігін дәлелдей алатын тек қана – ҰҒА. Үкіметтің бір жиынында ғалымдар үшін бес мың ғылыми жобаға тапсырыс түсіп отырғанын айтты. Бұл – жалған. Елімізде күнделікті ғылыммен шұғылданып отырған бес мың ғалым жоқ. Төрт жүз ғылыми-зерттеу институты бар екен елімізде. Бұл – жалған. Осылардың бәрі нәтижелі іс тындырып отыр деп айта алмас едім. Бізде қырық бес Академия институты бар. Олар қазір әр тарапта, әркімнің қолында. Біреуі жоғары оқу орнының құрамында, біреуі «Қазмұнайгазда»... Бірақ оларда ғылым бар. Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктеріне қарасты ғылыми-зерттеу институттары бар. Олар да ертеден келеді. Бұларда ғылым бар. Бәрін қосқанда жүзге жетер-жетпес. Қалғандары қайдан шыққан? Олар өңкей ЖШС. Бір күні ашылады, ертеңіне жабылып жатады. Ізін жоғалтады. Қаншама қаржыны қымқырып кетеді. Кім жауап береді осыған? Он-он бес жыл бойы осылай келе жатыр. Ғылыми тазалық сақталған жерде бір зертханадан бір-екі ғана грантқа ұсыныс түсуі керек. Ал қазір өзі отыратын столынан басқа ештеңесі жоқ доцент төрт-бес ұсыныс береді. Құрал-жабдығы жоқ, бірақ грант ұтып алады. Арғы жағы белгілі ғой... Қазақстаннан басқа ТМД-ның өзге елдерінде Ғылым академиясы мемлекеттік орган. Құқықтары министрліктермен бірдей. Оларда коррупция деген атымен жоқ. Өйткені конкурсқа түскен ғылыми жұ­мыстар ашық, жариялы түрде ҰҒА қарайды. Кешегі Кеңес Одағы кезінде Ғылым ака­демиясы кез келген министрліктен жоғары тұратын. Міне, ғылымға деген шынайы көзқарасты осыдан аңғаруға болады. – Жиі-жиі сөз болатын ҰБТ жөніндегі ойыңызды біле отырсақ... – Бірде Мәскеу университетінің ректоры, академик Виктор Антонович Садовничиймен осы жөнінде пікірлескенім бар. Ол мұндайға қарсымын деді. Мен де осындай пікірдемін. «Тест арқылы болашақ студенттің талабын, білімге құштарлығын аңғару қиын» деген ойын білдірді. «Менің профессорым абитуриенттен ауызша емтихан алып «Омскіден бір бала келіп тұр. Ол баладан бірдеңе шығады» десе, мен оны қабылдауым керек. Өйткені ол баладан ірі ғалым шығуы мүмкін. Ал тест болса Мәскеуде оқыған бала одан жоғары ұпай жинайды, себебі Сібірдегі мектеп төмен­деу» дегенді айтып еді ректор. Америкада оқытудың вальдорф жүйесі деген бар. Білім министрі болып тұрғанда Америкаға жолым түсіп, әлгі мектепте болдым. Ол мектептің ерекшелігі мынада. Бала таңертең мектепке барады, күні бойы оқиды. Сабақ біткесін сөмкесін сол жерге тастап, үйіне қайтады. Үйіне келгенде сабақ жөнінде бас қатырмайды. Демалады, ойнайды, әке-шешесімен сөйлеседі... Осының өзі даму емес пе? Азаннан кешке дейін шұқшиып отырса оның басында не қалады? Әлгі мектептің мұғалімі балаға үйде орындау үшін тапсырма бермейді екен. Шаршамасын дейді. Бойындағы күш-қуаты сақталғанын жөн көреді. Кейбіреулер оқытудың мұндай жүйесіне наразылық білдіріпті. «Баланы бос ұстайсыңдар. Басқа мектеп болса қатаң талап қойып жатады. Жөнді білім бермейсіндер» деп. Алайда кейін талдау жасағанда сол мектептің түлектері арасынан ең ірі ғалымдар, өндіріс жетекшілері, белгілі тұлғалар шыққан. – Қазақстан ғылымына қалай баға берер едіңіз? – Қазақстандағы білім мен ғылым жоғары деңгейде екендігі дау ­тудырмайды. Бірде Пәкістанда, Исламабадтағы университетте болдым. Менің өтінішім бойын­ша химия факультетінің жұмысымен таныс­тырды. Байқағаным, студенттер жаңа, бүгінгі заман талабына сай электронды құралдарды пайдаланады екен. Менің аспиранттарымның өзінде ондай жоқ. Ал істеп жатқан жұмыстары онша емес. Біздің теориялық деңгейімізден төмен. Сонда сездім, біздің ғылымымыз Азияда ең жоғары сатыларда екен. Біз осыны білуіміз керек. Өзімізді өзіміз бағалауымыз керек. Біздің ғылым – кешегі кеңес ғылымының бір бөлігі. Америкаға барған тағы бір сапар еске түсіп тұр. Сол елдің білім беру министрі маған мынандай сұрақ қойды: «Сіздердегі тұрғындардың қанша пайызының білімі бар?» деді. «Жүз пайыз» деп жауап бердім. Расында солай ғой. Сол кезде министр бір шындықты ақтарып салды. «Біздің халқымыздың сегіз пайызы хат танымайды» деді. Мұны естіп бойым­да туған еліме деген мақтаныш сезімі кернеді. КСРО Ғылым академиясының президенті Анатолий Пет­рович Александров Алматыға келген бір сапарында: «Қазақстан ғылымы Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында. Басқа республикалар Қазақстаннан кейін» дегені әлі есімде. Бұл үлкен баға. Ол кез Кеңес Одағының ғылымы Америка ғылымынан озықтау тұрған уақыт. Сол уақытта біздің деңгейіміз Еуропа елдерінің кейбірінен артық болмаса, кем емес еді. Әлі соған жақын. Осы деңгейден түсіріп алмауымыз керек. Ғылым инемен құдық қазғандай. Кейбіреулер ғылыми диссертациясын біреуге жаздыртып алады да сосын «ғылымыңыз оңай екен ғой» деп өзінше тон пішеді. Негізінен олай емес қой. Әлгілер нағыз ғалымның күндіз-түні еңбек етіп, тынымсыз ізденетінін, сосын барып нәтижеге қол жеткізетінін білмейді. Бірде Кеңес Одағы Ғылым академиясының президенті, атақты академик М.В.Келдышке Орталық Комитеттің жауапты қызметкері өтініш айтады: «Бізде осындай азамат бар. Ғылым академиясына мүшелікке қабылдасаңыздар» дейді ғой. Оған Келдыш былайша ­жауап қатады: «Үлкен адамдардың өтінішін орындап бір рет қабылдауға болады. Бірақ анау адам «мен өзі расында да шын ғалым екенмін» деп ойлап қалса қайтеміз? Солай ойлап қалуы мүмкін ғой. Осы қауіпті. Ертең ол ғылымды да, ғалымдарды да сыйламайтын болады». Ғылымсыз мемлекет дамымайды. Бұл – аксиома. Яғни дәлелдеудің керегі жоқ. Жұрт осылай қабылдау керек. Ғылымсыз қоғам да дамымайды. Елбасы индустрияландыру, ­инновация жөнінде жиі айтады. Инновацияны қарапайым тілде жеткізсек зауыт, фаб­рика деген сөз. Ленин Кеңес өкіметін құрған кезде ең алдымен зауыт салдыра бас­тады. Себебі Ресей аграрлық мемлекет болды да оны индустриалды мемлекет жасағысы келді. Мемлекетті байытатын тек индустрия. Әрине, ауылшаруашылығы керек. Бірақ ол елді байытпайды. Ауылшаруашылығы байы­татын болса мына Индия ең бай мемлекет болар еді. Олар бір жылда төрт рет өнім жинайды. Байығаны шамалы ғой. Себебі өндірісі көп емес, онша дамымаған. – Өндіріс дегеннен шығады, әлі күнге шикізат шылауынан толық арыла алмай жүрміз-ау... – Ең ауыр жұмыс кеннен металл алу. Миллион тонналап зиянды қалдық шығады. Өнімді шығаруын шығарамыз да металл күйінде сатып жібереміз. Осы дұрыс емес. Алюминий, мыс ... шығарамыз. Сол мыстан кабель шығару қиын ба? Кабельді Ресейден, Франциядан сатып аламыз. Алюминийден жасалған кабельдерді де шетелдерден сатып аламыз. Мен енді машиналарды, басқа да техникаларды айтпай-ақ қояйын. Сым шығаруға болады ғой. Есесіне оның бағасы үш есе өседі. Бізге кешегі жылдардағы Түркияның тәжірибесін қолдануға болады. Олар қайткен? Шетелден инвестор шақырады. Сосын айтады: «Мынау жер, су, электр... Осы жерден зауыт сал. Өнімнің сексен пайызы сенікі, жиырма пайызы ғана менікі». Инвестор қарсы болмайды. Өйткені қыруар пайда. Бұл осы ұсынысты айтып отырған елге де пайда. Себебі өнім шикізат күйінде сатылмайды. Өңделіп бұйым күйінде сатылады. Ол шикізаттан гөрі үш-бес есе қымбат. Арада біршама уақыт өтеді. Енді мынандай келісім жасалады. «Сен сексен емес, алпыс пайызын ал, бізге қырық пайызын бер» дейді. Содан келе-келе елуге, қырыққа, отызға түсіреді. Аяғында зауытты сатып алады. Нарық заманында шығарған затты сату қиын. Бұл үлкен мәселе. Ақырында зауыттың беделі, танымалдылығы арқылы шетелдермен қарым-қатынас жасалады. Тауар бұрынғыша сатыла береді. Міне, көрдіңіз бе, қалай ойластырылған. Бізге де осы әдісті қолдануға болады ғой. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі Қожа Ахмет Иасауи болып еді ғой. Сұхбатымызды да ұлы ғұлама жөніндегі пікірімізбен қорытайық. Қ.А.Иасауи хикметтерінің мәні, өзегі бұл – адам. Адам жоғарғы деңгейге жету үшін білімді игеру керектігі жөнінде айтады. Қ.А.Иасауи адам өзін-өзі тану арқылы Хақты таниды дейді. Ал Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталатынын ескертеді. Жалпы ұлы ойшылдың мұраларын оқып, ондағы ой-пайымдарды бойымызға сіңіре білсек адамдықтың, азаматтықтың талабынан көріне беретініміз анық. Ұлы бабамыз, ұлы дана, ойшыл Құл Қожа Ахмет Иасауи еңбектері осынысымен қымбат. – Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Нұрперзент ДОМБАЙ

1489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз