Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Ақпан, 2016

Қолданыс аясын кеңейтуде қандай кедергі бар?

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл аясын кеңейту қашанда маңызды мәселе.  Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, БҚО әкімдігі «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының» бөлім басшысы, «Тіл жанашыры - 2015» құрмет белгісінің иегері Болат Жексенғалиевпен сұхбаттасқан едік. Бірқатар өзекті мәселелерге тұшымды жауап алдық. Сонымен...

– Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатының қазіргі ахуалы бойынша басты назар аударатын маңызды мәселе неде деп ойлайсыз? – Алдымен, мемлекеттік тіл мәселесі бірегей, біртекті мемлекет болуға ұмтылып отырған жас тәуелсіз еліміздің ішкі саясатының ең маңызды басым бағыт­тарының бірі ғана емес, бірегейі екенін айта кеткен жөн. Елбасымыз «Кез келген ұлт – мемлекет – бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі» деп тегін айтып отырған жоқ. Қазақстан сияқты кешегі тарихында ұлттық тілі мен ділінен айырылып қала жаздаған ел үшін мәселенің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан да тәуелсіздік алған­нан бері елімізде тіл саясатына, мемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейтуге қатысты қыруар іс атқарылды. Солай болса да бүгінде осы жылдар ішінде тіл саясатын жүргізуде мемлекеттік тілге қатысты шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Ақиқаты сол – қазақ тілі, заң жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанмен, іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесінде қолданылу деңгейіне көтерілген жоқ, тиісінше, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналған жоқ. Сондықтан да бізде тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылмауы басты мәселе ретінде қалып отыр. Мемлекеттік тіл мемлекеттік идеологияның қазығына айналмағандықтан да қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары 2,1 пайыз болса, қазақ балаларының 30%-ы немесе үштен бірі орыс тілінде білім алуда. Бұл мемлекеттік тілдің болашағына деген сенім қазақстандықтардың, оның қатарында, қазақ ұлтының бойында әлі толық қалыптаспағанын айғақтайды. Ал, тіл болашағы – мемлекеттің болаша­ғы деген сөз. Мемлекеттік тілдің жалпы­халықтық қолданыстағы тілге айнала алмай отырғанына бұдан артық қандай мысал керек. Бұл бағытта біздің атқарған істерімізден әлі алда атқаратын істеріміз ұшан-теңіз. – Тіл төңірегіндегі түйткілдердің шешілмеу себебі туралы айтсаңыз. – Бұл, біріншіден, осы тілдің, елдің, жердің иесі мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтының өзінің негізгі тарихи жауапкершілігін әлі күнге толық түсінбей отырғанымен тікелей байланыс­ты. Мәселенің бір ұшығы ұлттық сана мен намысқа келіп тіреледі. Ұлттық сана сергек болса, өз еліміз, өз жерімізде отырып туған тіліміздің, қасиетті қазақ сөзінің қадірін кетіріп, құнын түсіреміз бе? Бүгінгі мемлекеттік идеологияның басты мақсаты осы ұлттық санамызды сана сырқатынан арылту болса керек. Асқар Сүлейменовтің сөзімен жеткізсек, «отаршылдықтың тепкісін ғасырлар бойы үзбей көріп қатты мертіккен ұлттық сана мен ұлттық идея құр аттай дүр сілкінбейінше ұлттық қазынаны иелену де, иемдену де мүмкін емес». Қазіргі кезең – ұлт пен тіл тағдыры, болашағы үшін шешуші кезең. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен бірге қазақ тілі де даму мен өрістеуге жаңа мүмкіндік алды. Әсіресе, адамдардың санасында қалыптасып қалған көзқарас пен ділді өзгерту үшін бізге бұл бағытта жаңа, батыл қадамдар қажет. Сондықтан да елімізде іске асырылатын жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізі мемлекеттік тіл екендігін қоғамдық санаға жеткізу, мемлекеттік тілдің барлық өркениетті елдердегі сияқты конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына мүмкіндік беретін, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Және бұл жалпы халықтық іске айналғанда ғана түбегейлі нәтиже бермек. – Көпшілікті толғандырып отырған мәселелерге нақты тоқталсақ. Мемлекеттік басқару мен халыққа қызмет көрсету сала­сында ахуал қандай? Мемлекеттік қызмет­кер­лерге қойылатын талап күшейіп жатыр. Мемлекеттік тілді меңгертуге қаншалықты көңіл бөлінуде? – Әрине, мемлекеттік тіл, ең алдымен, мемлекеттік қызметте қолданылуы керек екендігі сөзсіз. Осы жағынан алғанда биліктің барлық тармақтары мемлекеттік тілді қолдануда өзгеге үлгі болуы тиіс деп есептейміз. Қазіргі біздің жағдайымызда билік тармақтары қазақша сөйлемей, қоғамның да қазақша сөйлеуі қиын. Ондай жағдайда сіз бен біздің есіл еңбегіміздің, төккен теріміздің бәрі зая болмақ. Оған көз жетті де. Тілдік ортаның болмауынан, тілді қолданбағандықтан кешегі меңгерген деңгейіне бүгін жете алмай жүрген тыңдаушы осыған дәлел. «Мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы қазақтар бола тұра олардың денінің осы күнге дейін мемлекеттік тілде сөйлемейтіндері түсініксіз-ақ» деп қынжылады М.Жолдасбеков ағамыз. Мәселе сол жоғарыда айтылған ұлттық сана мен намыста емес пе екен? Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерді «Қазтест» жүйесі бойынша сынақтан өткізу басталды. Енді осы жұмысты заңдылық жағынан реттеу үшін «ҚР Тіл туралы» Заңының 23-бап талабына сай мемлекеттік тілді білуі міндетті кәсіп пен мамандық иелері, лауазымдар мен қызмет түрлері тізімін арнайы қаулымен Үкіметте бекітетін кез келді. Бұл жағынан алғанда біздің облыс­тағы нақты ахуалға тоқталсақ. Қызмет­керлердің белгілі бір бөлігінің қазақ тілін тиісті деңгейде білмеуі, тіл мәдениетінің төмендеуі, іс жүргізудегі қиындықтар бізге де тән... Орталық жүргізген сарап­та­маға сүйенсек, мемлекеттік қызметші­лердің 49 пайызына деңгейлік тіл үйрету және қысқа мерзімді тіл біліктілігін арттыру курстары қажет. Әсіресе, мемле­кеттік қызметкерлер үшін тіл қолдану мәдениетін (сөйлеу мәдениеті мен шешендік өнер, жазылым мен стиль т.б) арттыратын біліктілік семинарларын ұйымдастыру – заман талабы. Елбасы айтқандай, «Мемлекеттік қызметші үшін мем­ле­кеттік тілді білу – парыз ғана емес, міндет» екенін ­ескерсек, мемлекеттік тілді тиісті деңгейде білу мемлекеттік қызметшіге қойылатын басты кәсіби біліктілік талаптардың бірі ретінде саналуы тиіс және бұл заңды да. Мемлекеттік қызметке талап күшейсе, мемлекеттік тілді қолдану деңгейі де сөзсіз көтеріледі деп ойлаймыз. Келесі мәселе тіл бағдарламасының іске асырылуына тікелей ықпал ететін субъективтік факторға байланысты. Түрлі деңгейдегі лауазым иелері, мекеме, кәсіпорын басшыларының, халық қалаулыларының тіл мәселесіндегі жеке жауапкершіліктерін жете сезінетін, мемлекеттік тілді құрметтеуде көпке үлгі болатын уақыты келді деп есептейміз. Қазақ тілін үйрету, тілді меңгеру, қарауындағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуіне қажетті жағдай жасауда басшылар өз міндеттерін толық түсінуі қажет. Былтыр Елбасымыз БҰҰ мінберінде қазақ тілінің абыройын асқақтатты. Осы жарқын үлгіден үлкен-кіші лауазым иелері, халық қалаулылары сабақ алса деймін. – Құжат тілінде қордаланған түйінді тарқатсаңыз? – Құжат тіліне байланысты мәселе жетерлік. Бір жағынан алғанда, бұл түсінікті де. Қазақ тілі кеңсе тілі ретінде енді қалыптаса бастады. Дегенмен, қоғам үшін, әрбір азамат үшін қажетті бір мәселеге нақты тоқталсақ. Ол – өзге тілдерге аударылмайтын атау сөздерді дұрыс жазу нормасы. Мысалы, «Тіл туралы» Заңда: «мемлекеттік тілдегі атаулар қазақ тілінің әдеби тіл нормасымен жазылуы керек, басқа тілдерде жазылған кезде транслитерация нормасына сәйкес жазылуы керек» деп көрсетілген. Транслитерация – бір тілдегі жалқы есімдерді екінші тіл жазуында әріппе-әріп беру. Мәселен, орыс тілінде бұрын «Боровой, Алма-Ата, Чимкент, Актюбинск, Джамбейта, Чингирлау» нұсқасында жазылып келген сөздерді қазір жоғарыдағы ережеге сәйкес «Бурабай, Алматы, Шымкент, Актобе, Жымпиты, Шыңгырлау» деп жазып жүрміз. Бұған қатысты түсінбеушіліктер нәтижесінде қате қолданулар әлі де жетерлік. Сөйтсе де, қазақ атау сөздерін орыс тілінде жазудың үлгілері қалыптаса бастады. Ал қазір атауларды латын нұсқасымен жазу қажеттілігі пайда болды. Жалқы есімдерді транслитерациялау нормалары латын жазуымен жазбайтын барлық елде қабылданған. Мысалы, Ресейде, Украинада, т.б. Ал бізде атаулар түрліше қолданылуда, өйткені ортақ стандарт жоқ. Айталық, «Қазақстан» деген атаудың өзі латынша түрлі басылымдарда әртүрлі (Kazakistan, Qazaqstan, Kazakhstan) жазылып жүр. Сондықтан да өзге елдердегідей қазақ атауларының қазақша, орысша және ағылшын әліпбиі негізінде латынша жазылымының бірыңғай жазу үлгілерін, транслитерация нормаларын қабылдау –уақыт талабы. – Мемлекеттік тілді оқыту курстары бойынша оң қорытындылар алуға қандай қадамдар жасалуда? – «Сана мен ниет болса, тіл үйрену қиын емес» (Мұрат Әуезов) екені белгілі. Ал біз мемлекеттік тілді балабақшадан бастап, ересектерге арналған курстарға дейін оқытып жатырмыз. Бірақ көңіл көншітерлік нәтиже бар деп айту қиын. 11 жыл мектепте (өзге тілде оқытатын) оқып шыққан түлектердің 7 пайызы ғана мемлекеттік тілді тиісті деңгейде білсе, түрлі курстарда оқыған тыңдаушылар тілді қолданбағандықтан кешегі оқығанын бүгін ұмытып қалып жатса ғана істі нәтижелі деп айта аламыз ба? Бұл – жалпы еліміз бойынша қалыптасқан ахуал. Тілді мәжбүрлеп үйрену, үйрету мүмкін емес. Бұл – ақиқат. Сонымен бірге қандай тілде болса да халық тек ол қажеттілік пен сұранысқа ие болғанда сөйлейтіні де рас. «Мемлекет сол қажеттілікті тудыру үшін қазақ тілінің кеңінен қолданылуын талап ететін тетіктерді пайдалану қажет» (У.Фиерман,«Ана тілі», №24, 2008). Оқыту нәтижелі болу үшін барлық деңгейдегі оқытуға деген талап күшеюі керек, жауапкершілік екі жақтан, оқы­тушы жағы мен оқушы жағынан, болуы шарт. Ең бастысы тілді білуге деген ынта-ықылас пен ниет болу керек. Ол үшін жоғарыда айтылғандай әрбір қазақ­стандыққа жететіндей қуатты идеология қалыптасуы шарт. Әрбір Қазақстан азаматы бұл істі өзімнің ісім, мемлекеттік тіл – менің тілім деп қабылдағанда ғана да бұл бағытта түбегейлі өзгерістер болатыны аян. Ал мемлекеттік қызметшілер мен түрлі дең­гейдегі халық қалаулылары, Ассамблея мүшелері осы үрдісте өзгеге үлгі болатын кез келген жоқ па? – Қазір балаларға шет тілін үйрету мектепке дейінгі ұйымдардан басталуда. Осыған байланысты пікіріңізді білдірсеңіз. – Әрине, жарқын болашаққа ұмтылған ел үшін «Үштілділік» – уақыт пен заман талабы. Бұл жағынан алғанда біздің жас ұрпаққа тамаша мүмкіндіктер туындайтыны сөзсіз. Жалпы әлемдік тәжірибеде қостілділік үйреншікті құбылыс болса, мемлекеттік саясат арқылы үштілділікті насихаттау тың үрдіс. Бұл бағытта тәжірибелік оқыту басталды, алғашқы нәтижелер туралы да айтыла бастады. Осы мәселеге қатысты ғылыми негіз­делген қадамнан гөрі әдеттегі науқан­шылдық басым болып кетті ме деп ойлаймын. Әңгіме оқыту кезеңіне байланысты болып отыр. Психолог мамандар мен педагогика саласының мамандарының бір бөлігі 6-7 жастан үш тілді қатар оқытудың кері әсері туралы айтуда. Тілші-маман ретінде айтарым, баланың өз ана тілінде тыңдау, сөйлеу, ойлау, жазу дағдылары әбден қалыптаспай, екінші, үшінші тілдерге оқыту ерте. Өзіміздің тәжірибемізді алайық, орыс тілінде оқыған бауырларымыз кейде орысша ойлап, оны қазақша жеткізе алмай қара тер болып жатады. Әлемдік тәжірибеде ана тілінің дағдыларын еркін меңгергендер екінші тілді керек, қажетті деңгейде ғана оқиды, меңгереді. Мысалы, Жапония мен Германияда шет тілін 12 жастан кейін оқытады. Сондықтан бұл мәселеге қатысты тиянақты әңгіме әлі де айтылады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы айтқандай, «үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы – мемлекеттік тіл, қазақ тілі» болса, тиісінше барлық оқыту жүйесінде де қазақ тіліне тап сондай көңіл бөлінгені дұрыс емес пе? Ұлттық рухани құндылықтар туралы айтқанда біз, ең алдымен, ұлттық тіл туралы, қасиетті қазақ сөзі туралы айтамыз. Сондықтан да қазақ тілін азат елдің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті, тәуелсіз тілі ету жолында барлық қазақстандықтардың жұмыла еңбек етуі, әр Алаш баласының «ұлт үшін деген ұлы іске» (А.Байтұрсынұлы) үн қосуы шарт. Еріне сүйеу болар еліміз, еліне тіреу болар еріміз аман болса, тәуелсіздік тұғыры туған тіліміз де мәңгі жасайтыны сөзсіз! Туған тілдің болашағын ойлаған М.Әуезовтің осы бір сөздері дәл бүгін айтылғандай. Мәңгілік Елдің мәңгілік тілін қадірлей білейік, ағайын! Ұлттық құндылықтарды қорғауға келгенде бірауыздылық, бірегейлік таныта алмай жүрсек, өзімізге сын. Алдымен өзімізді қамшылайық. –Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұртай АЛТАЙҰЛЫ Орал

1355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз