Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 19 Ақпан, 2010

Өзегімді өртеген өз өкініш, мұңым бар

Роза ӘлқожаАқмарал ЛеубаеваЕкі өнер иесінің СМС хаты Екеуара жазысқан бұл СМС хаттың авторларын оқырман қауым жақсы біледі. Оның бірі – жұртшылыққа о баста сөзі мірдің оғындай, аңдығаның алмай қоймайтын, алысқанын алып та, шалып та жығатын адуынды айтыскерлігімен танылған Оңтүстік Қазақстан облысының аруы Ақмарал Леубаева. Екіншісі – мамандығы журналист бола тұра өнер сүйер қауымға сазгерлігімен, әншілігімен жақсы таныс, жас та болса төрт құрсақ көтеріп көп балалы аналардың қатарын толықтырған Роза Әлқожа қарындасымыз.

Роза: – Көргені көлдей, берері бітпес, Биіктігі бар Қазығұрт тектес. Еркектігі бар, ойланбай серттес, Ханымдығына 40 қыз жетпес. Көркі бар айдай, кербез ақмаңдай, Көрінген пенде көз салмай өтпес. Сөзі бар балдай, салмағы нардай, Лебізі қандай көңілден кетпес! Ақ жүзіңменен атқан бір таңдай Ақ әже болсаң артықтық етпес! 29. 12. 2008ж.

Ақмарал: – Жұрт үшін ақылдың керегі жоқ екен. Өз қалауыңмен жүре алмасаң, ақылдың атасына нәлет! Ақылдың берер азабы көп... Ақылды таңдасаң ешкімді кешірмейсің. Жүрегінді тыңдашы! Сонда өзім үшін не істедім деген жауап табасың әрі өкінбейсің.

Роза: – Ақсұңқар! Шарықта жаным, жалықпа! Жалғызбын деме, үмітіңді үзбе, қамықпа! Төмендей қалсаң төбесінде ойнар қарғалар, Тек биігіңде қалықта, – деп ән жаздым.

Ақмарал: – И-и, иттің қызы-ай! 28. 03. 2009ж. Роза: – Тарығып біттім, күйініп, Талады көп ит жиылып. Бәріне қолды сілтедім Аллаға жалғыз сиынып. Еңсемді күнде езеді, Әлемнің мұңы жиылып... 6. 04. 2009ж.

Ақмарал: – Ей, ақынды білетіндер, Тірісінде үндемесін. Сыртынан күлетіндер, Ішінен күндемесін. Қолы жетпей жүретіндер, Жеткен соң тілдемесін. Тырнағым бар деп бүретіндер, Жоғалтар бірден есін. Өмірінің өзі аңыз, Өлген соң-ақ айтып үлгересің. 6. 04. 2009ж. Ақмарал: – Алланың бергенін күттім, Кісі ақысын ұрламадым. Қателігімді енді ұқтым, Жүрегімді тыңдамадым. Жаттың қолында «өлдім» Жақынымнан дұшпан жасаған. «Көзім ашылғанда» көрдім, Қаңырап кеудем босаған. Бәрі де өтті... сені жолықтырдым – Ғұмырымдағы сәйкесім. Теңселіп тұрсың, анық білдім, Маңдайға жазса қайтесің... 16. 05. 2009ж.

Роза: – Жан көп қой жолдастыққа жарамайтын, Дұшпан көп сылтау іздеп табалайтын. Олардан өлігіміз мың артық қой, Жанынан өлеңді артық бағалайтын. Құзғындарда ісім жоқ боқты аңдыған, Қыранмын өлексеге қарамайтын. Жаным мен тәнім күйреп жоқ болса да, Әніммен тау көтерген толағаймын 16. 05. 2009ж.

Роза: – Тірлігімде мағына бар жоқ демен, Әлі күнге біреулерге кектенем...

Ақмарал: – Көл толқыса жел соғып, Жағаға суы жайылар. Дауылы соқса теңіздің, Тау да құмдай шайылар. Байыбына кім барсын, Деп қызығар бағы бар. Табиғат тектес мінездім, Өмірдің қыры, сайы бар. Бұзылып барып жататын, Күннің де кейде райы бар. Құдай дегенге құл едік, Таптаймын деген талайдың, Маңдайын ұрып қайырар?

Роза: – Төрт баланың анасы болам, әлі есеймедім.

Ақмарал: – Балалығы басым адам бәлеліктен аулақ болар.

Роза: – Періштесің ғой!

Ақмарал: – Періні сүйіп, пенделерді аяйсың ба?!

Роза: – Жүрегімнің түгі бар, Ерекше бір үні бар. Арқасы бар, жыны бар, Сыңар еткен мұңы бар. Жаны сүйген жыры бар, Сөздерінің нұры бар. Әлеміңнен айналдым Жаурағандар жылынар! 1. 07. 2009ж.

Ақмарал: – Басыңды көтер, Басқалар таптамау үшін, Арлымен адас, Жаңылсаң ақтамау үшін! 1. 07. 2009ж.

Ақмарал: – Тірімде тілдегендер, Бағымды білмегендер, Мен өлген соң үндемеңдер. Айтылар тәтті өтірік, Барлығын шың демеңдер. Айдың да жарығы бар, Қараңғы түн демеңдер. Өздері жасай алмай, Өкінер күлкім түгілі, Күнәмді күндегендер... 1. 08. 2009ж.

Роза: – Амансыз ба әпкесі, Не істеп отырсыз сәтте осы? Мұнайтып отыр бір сіңлің, Өмірге зор боп өкпесі. Хал сұрайтындар көп емес, Ұмытып бізді кетпеші!

Ақмарал: – Беріле берме қайғыға, Оның түбі тым терең. Қызық жоқ дейді ойлыда, Күрсінбес мұңды білмеген. Тасқа түскен мүсіндей Арманың мүмкін шашылды? Кеудеңе салмақ түсірмей, Көтерші жаным басыңды! 8. 08. 2009ж.

Роза: – Мен әлі тірілемін – Бұрымды сілкіп тастап, Өкініш парақтарын Кеудемнен жыртып тастап. Сол сәтте дұшпандарым Сесімнен үркіп қашпақ. Мен әлі көрсетемін – Үміттің өлмейтінін, Бар жұлдыз сөнбейтінін, Бір Аллам берген қуат Бұғуға көнбейтінін. Мен әлі жарқ етемін, Ант етемін! 12.08. 2009ж.

Ақмарал: – Жейдеңе тамды көз жасым, Аққан суға шая сал, Қағазға сыймас хатымды Тауға іліп жая сал. Кіріп кетпе ішіме, Тек сыртымнан ая сәл. Іздей берсе жүрегің Екі көзін оя сал. Ұмыт бәрін, өтірік Өзің айтқан баяғы Қиялилау бір қыздың Қиялы деп қоя сал. Жаңа кітап бастап ем, Таста да отқа жоя сал. 17. 08. 2009ж.

Роза: – Адуынды мінезден, шалқыған шабыттан, әдемі сезімнен арылдым. Енді мені отқа жақса да бәрібір. Отын болуға да жарамаймын. Ақмарал: – Жынды қыз, менің халым ғой мынау. Роза: – Вакуум ба? Дауыс алдындағы тыныштық, мүмкін. 7. 10. 2009ж.

Ақмарал: – Еңсемді көтере алмай жүрмін...

Роза: – Алла сүйіп жаратқан алтын апам, Білгенге белгілі ғой нарқың апам. Қашанда өлеңге адал болсаң болды, «Күнәңді күндей берер» жалпы надан. Ақтығың алып шығар мың белесте, Тұрғанда жаның аман, халқың аман.

Ақмарал: – Толық шықпады.

Роза: – Е, апам, Ежелден орның тым бөлек, Жүре алмайсың жай пенде боп. Баққаны көптің дүние – боқ, Жаныңды кімдер емдемек? Әніңмен ләззат сыйлайсың, Тәніңе ләззат кім беред? Өнеріңе қарқ болған жұрт Өмірінді де тергемек. Ақылдың артар жері көп, Ақымақ кімді жөндемек? Тұңғиық ең сыры көп, Мұңыңа жалғыз түн көмек. Қиындау бабы бір гүлсіз, Батпақта балдыр күнде өнед... Елші ғып Аллам жаратқан , Әйтпесе біздер кімдер ек?! Сөзі мен ісі майдалар Іріні солай күндемек. Бақсылығымыз қысқанда Бізге ұқсас жалғыз жын-пері ед...

Ақмарал: – Соңы шықпады.

Роза: – Апатай! Жаратқан назар салмаса Дуалы ауыз бермес ед. Қаңғыртқан өлең болмаса, Қаңғыған сөз де ермес ед. Ерекше көзге түсеміз Жанымызды бір емдесек. Тып-тыныш жүріп қайтеміз, Қажет қой мынау елге өсек! Қиқар да қыңыр болмасаң, Қиындықты көп жеңбес ек. Әйел де бола аламыз, Мінезді сәл-пәл жөндесек. Ханымдығымызға саламыз, Қылығымызбен тербесек. Қазаннан аспас көп әйел, Қиын ба беру күңге есеп?! Өмірде күнде «өлеміз», Өнерде болды өлмесек. Артықтығымыз болмаса, Ауырлау тағдыр көрмес ек... 14. 10. 2009ж. Роза: – Алдамақшы болам, алданбақшы болам. Тыймақшы болам, тиылмақшы болам. Бәрі далбаса! Өзімді күйреткеннен өзге пайдасын көрмедім. Одан да соңына дейін кім болғым келсем, сол болайын!.. 21. 10. 2009ж.

Ақмарал: – Жаным аман, тәнім сау, Тұрса, алмас жаман жау. Қаралау – ісі қорқаудың, Қасқырдың серті адалдау. Өлексе асы қарғаның, Адал жемтік таңдадым. Түтінге шала тұңшығып, Өртене қоймас орманым. Ұшырса – аспан мекенім, Ақ бұлтыма кетемін. Ұстаса – ұлпа мақтамын, Уысыңа толып өтемін. Қақпанға түссем амал жоқ, Тірсегім – тірек, тірімде Тісіммен қиып кетемін. 29. 10. 2009ж.

Роза: – Өмірде де, өлеңде де халтура жасамайтын апам, қалайсың? Кісіні істеген ісімен бағалау керектігін ұқса барша жұрт! Зейнеп Ахметова: «Ата жайлы білетіндер пендешілігін тізіп жазудан не табады? Ол елдің алдында қаһарман қалпында қалуы керек» деп еді. Сол сияқты пендешілік кімде жоқ?! 30. 10. 2009ж. Роза: – Қалыпты тіршіліктен жалықтым... Құлдыққа сатылған күң сияқты, Сабаусыз қалған жүн сияқты, Поляр сызығына тәуелді түн сияқты, Бөтелкеге қамалған жын сияқты. Топырағын жатсынған гүл сияқты, Иықтасын іздейтін шың сияқты, Жауын күткен шөлдегі құм сияқты, Күлкілерден көрінбес мұң сияқты, Мен де өтермін өмірден.

Ақмарал: – Таң атқанда түн түнлігі түрілмей ме? Барына сенсең бақыттың, бәрі жақсы болады! 8. 12. 2009ж.

Ақмарал: – Ей, жаратқан Тәңірім, Сізден басқа кімім бар... «Ал, сүре ғой» деп берген Қу дүние, сының бар. Өзіңменен тек қана Өзіме аян мінім бар. Өсекке өзек болатын Өтірік пенен шыным бар. Өзегімді өртеген Өз өкініш, мұңым бар. Шыға келер жарқ етіп, Бұлттан шыққан күнім бар. Бақсыдай қозған арқасы, Ұстап та қалар жыным бар. Етегімді төмен еткен соң, Менде де нәзік бұрым бар. Сіз берген ана бақыты, Мейірімді үнім бар. Ибалы қыз, иманды Сіз иіп берген ұлым бар. Иығына сүйеп басымды Имендірген пірім бар. Анамның орнын толтырған, Асқар тау әке – шыңым бар. Бір тал бауыр гүлім мен Үш бәйтерек інім бар. Біреуге алтын, біреуге – Құм секілді құным бар. Тағдыр таңба маңдайға Жазған дейтін ұғым бар. 29.12.2009ж.

Ақмарал: – Құдіретті Алла тағалам, Шүкірлік еттім барыңа. Күдіксіз күттім үмітпен, Береріңді тағы да. Еншіме берген өнерің, Айналса дәулет бағыма. Деніме саулық бере гөр, – Деп тілеймін жалына. Құлшылық еткен пендемін, Сәджеге басын сан ұра Адалы болсам жалғыздың Алдамшыдан арыла . Сізден пана тіледім, Араша сұрап арыма. Абырой берсең болғаны, Басқаның бәрі адыра... 28. 12. 2009ж.

6365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз